ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ БҮГІНГІ БАҒЫТЫ
Кеше халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесі, орны мен рөлі және отандық музей саласындағы өзекті мәселелерді сараптауды, талдауды көздеген шараға Түркия, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз елдері мен отандық ғалымдар және музей ісінің мамандары шақырылды.
Қонақтар конференция басталмас бұрын алдымен «Ұлы Жібек жолы мұралары» атты көрмені тамашалады. Мұнан соң конференцияны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұрлан Бықыбаев ашты. Жиын онлайн және офлайн форматта өрбіді.
– Ежелде Ұлы Жібек жолы бүкіл Еуразия құрлығындағы халықтардың экономикалық және мәдени байланысын дамытуда маңызды рөл атқарып келгені баршаға белгілі. Бұл сауданы дамытумен қатар, ғылымның қанат жаюына, технологиялар мен инновациялардың өркендеуіне, сондай-ақ мәдени байланыстардың нығаюына жол ашып берді. Ұлы Жібек жолы – тарихи мәні зор, қазіргі заманға сай жаңа есім мен жаңа рөлге ие болып отырған көлік магистралі. Бүгінгі шарада Ұлы Жібек жолы бойында оРналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесі, орны мен рөлі және отандық музей саласындағы өзекті мәселелерді сараптау әрі талдау көзделіп отыр. Сонымен қатар жиын барысында халықаралық қарым-қатынасты дамыту, бейбітшілік, келісім және тұрақтылықты сақтау, Ұлы Жібек жолы бойындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштердің насихатталуы жайлы тақырыптар қозғалады, – деді Нұрлан Дүйсеналыұлы.
Ары қарай конференцияға қатысушыларды құттықтаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Тарихи-мәдени мұра басқармасының» бас сарапшысы Азамат Джолаев тақырыпқа қатысты ойын тұздықтай түсті. Бұдан кейін онлайн байланысқа шыққан Өзбекстан Республикасы «Шахрисабз» мемлекеттік музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Наби Хушваков «Соғдиана және оның Ұлы Жібек жолының дамуындағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, Соғдиананың тарихы және оның халықаралық сауда мен мәдени байланыстардың дамуына қосқан баға жетпес үлесі жөнінде тың оқиғалармен бөлісті.
ҚР Туризм саласына еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық музей кеңесінің мүшесі Бақыт Оразымбетова «Ұлы Жібек жолының қазіргі контекстегі жібегі және дәмдеуіштері» тақырыбында баяндама оқыды.
Жалпы, аталған конференцияда 20-ға жуық спикер баяндама жасады. Олар Ұлы Жібек жолының қалалардың пайда болуы мен дамуына қосқан үлесі бейбітшілік, келісім және тұрақтылықты, халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы рөлі мен орны, Ұлы Жібек жолы бойындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуы мен насихатталуы аясында мәселелерді талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала