ҚАЛАНЫҢ ҚАЛДЫҚ СУЛАРЫ ҚАШАНҒЫ ДАЛАҒА ТӨГІЛМЕК?
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласындағы кәріз имараттарының мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын барысында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев баяндама жасап, қаладағы кәріз жүйелерінің құрылысы өткен ғасырдың 50 жылдары басталғанын, кейбір елді мекендердің тұрғындары пайдаланып отырған құдықтарындағы су сапасы ешбір санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін жеткізді.
– Тараз – кәріз суларын тазалау қондырғысы жоқ еліміздегі жалғыз қала. Қаланың қалдық сулары Жамбыл ауданының Қостөбе ауылының маңында орналасқан көлемі 197,07 гектарды құрайтын сүзгі алқабына төгіледі. Қазіргі таңда қаладан алқапқа кәріз жүйелері арқылы қабылданып жатқан қалдық су көлемі тәулігіне 65-70 мың текше метр болса, көктемгі және күзгі жауын-шашын кезінде ағып келіп жатқан су көлемі тәулігіне 100-120 мың текше метрді құрап отыр. Аумақтағы Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе елді мекендерінде құдықтан алынған су сапасы ешбір санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Сондай-ақ соңғы жылдары сүзгі алқаптың маңындағы ауыл шаруашылығына пайдаланып отырған жерлерде жерасты суларының деңгейі көтеріліп, батпаққа айналуда, – деді Е.Жылқыбаев.
Шаһар басшысы өзекті мәселені шешу үшін өңірді шұғыл түрде техногендік апаттағы төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдап, апаттың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізу қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейін облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақов сөз алып, биыл Тараз қаласына кәріз суларын тазарту қондырғысын салу бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен Тараз қаласында кәріздік тазарту құрылысын салу жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, 2018 жылы дайындалған техникалық экономикалық негіздемені қайта қарап, жобалық-сметалық құжат әзірлеп, ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) Қазорталығымен келісу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу қажет. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжат дайындалған жағдайда жобаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім беру көзделген. Ал құрылыс жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланып отыр.
Жиын барысында ауызсумен қамтамасыз етілетін мекемелер, су нысандарын жекешелендіру секілді мәселелері де талқыға түсті. Басқосу соңында аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы ауа райының тосын мінез танытуынан апат болғанын күтіп отырудың қажеті жоқ екендігін, сол себепті төтенше жағдай жариялау үшін жауаптыларға негіздемеге сәйкес 1 апта ішінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
Келесі мақала