Бүгінде мұнда миллион түп гүл өсірілуде
Бұл да керек шығар, бірақ біздің түсінігімізде көне шаһардың бүгінгі келбеті, сәулеттік салтанаты, заманауи тұрғыда безендірілуі мен жаңаша дамуын тақырыпқа арқау етсек, бәрінен де сол ұтымды шығады. Ал оның ішінде Тараз қаласының тазалық талаптарына сай болуы, жаныңды жадырататын жасыл желек жамылуы мен көзтартар құлпырған гүлдермен көмкерілуінің өзі жеке тақырып болмақ. Дәл осы істің артында қандай еңбек жатқанын бұрын ойша шамалап көріп пе едіңіз? Асылында, биіктігі көк тіреген нысандарының қабырғалары таспен өріліп, темірмен құрсауланатын, айнала берік бетонға толы қала атаулыны табиғат берген сыйымен үйлестіру оңай шаруа емес. Сол үшін де шаһардың ажары көше бойын гүлзар баққа айналдыратын қарапайым еңбек адамдарының қажырлы қайраты арқылы ашыла түсуде десек, артық айтпаймыз. Мысалы, Тараз қаласының аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен «Жасыл ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысса, оның ішінде 362 адам жолдың тазалығына тер төгіп жүр. 122 жұмысшы демалыс орындары мен көше тазалығына жауапты болса, шаһардың «жасыл белдеуін» қалыптастырып, көгалдандыру мен көріктендіру ісіне 131 адам жұмылдырылуда. Одан бөлек 12 жұмысшы «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның жылыжайында гүл өсірумен айналысады. Міне, осы бағбандардың еңбегі ерен, бірақ олардың жұмысы негізінде көзге көріне бермейді. Қала ішіндегі саябақтарда, гүлзарларда немесе көше бойында жайқалып тұрған хош иісті гүлдерге тамсана қарағанымызбен, сол сұлулық аталған жылыжайдан бастау алатынын түйсіне бермейтіндер бар. Олардың да еңбегін елге дәріптеу сөкеттік болмауы тиіс. Осы мақсатта аталған жылыжайға арнайы ат басын бұрған едік.

Біз барғанда өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бағлан Қазиевті Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған жылыжай кешеніне бастап барып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып жүр екен. Қала ажарын айшықтайтын өсімдіктердің бапталу деңгейін өз көзімен көрген Бағлан Нұрланұлы жылыжай жұмысына оң бағасын беріп, «жасыл» экономиканы дамыту бағытындағы бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Жылыжай ішіндегі әрбір өсімдіктің жай күйіне жете қаныққан мемлекеттік инспектор жұмысшыларды да сөзге тартып, атқарылып жатқан ауқымды істердің нәтижесі қала көркінен де анық байқалатынын жеткізді. Орайлы сәт туғанда біз Бақытжан Әмірбекұлын сөзге тартып, пікір алған едік.

– Қала аумағын абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарын тікелей үйлестіретін «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары тек көше сыпырумен айналыспайды. Іргелі кәсіпорынның атқаратын қызметі орасан. Мысалы, өткен жылы біз қала іргесіндегі саяжайларды қалпына келтіру ісін қолға алдық. Қазіргі таңда жоспардағы он саяжайдың сегізін толық ретке келтіріп, халық игілігіне жараттық. Соның ішінде тек жылыжай жұмысын сөз етсек, қала аумағын көркейту мақсатында жалпы ауданы 10 500 шаршы метр гүлзарларға және 669 қазандыққа жаздық гүлдер егу және «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Барысхан» алқабында 5 мың түп көпжылдық раушан гүлін отырғызу көзделген. Наурыз айының соңына дейін қаладағы гүлзарлардың топырағын қопсыту және тыңайтқыш енгізу жұмыстары толық аяқталған болатын. Қала аумағында бұрын отырғызылған 35 мың түп көпжылдық раушан гүлін көктемгі ашу және күтіп-баптау жұмыстары да дер кезінде атқарылды. Қазіргі таңда «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жылыжайында өсіріліп жатқан осы 1 миллион түп жаздық гүлдер шетінен қала аумағындағы гүлзарларға отырғызылып жатыр. Жасыл желектерді отырғызу жұмыстары алдын ала суару жүйесімен қамтамасыз етіліп, Қазақстан Ботаника және фитоинтродукция институты мамандарының ғылыми қорытындылары негізінде, сондай-ақ бекітілген эскиздік жобаларға сәйкес жүзеге асырылуда. Осы мақсатта қала аумағында 40 тан астам ұңғыма (скважина) қазу жұмыстары ұйымдастырылуда. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осы сұлулықтың артында бағбандардың қысы-жазғы тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты тұр. Алдағы уақытта жылыжайлардың санын тағы да арттырып, гүлдердің түрін көбейту жоспарымызда бар. Мұндағы ең негізгі мәселе – бюджет қаражатын тиімді пайдалану. Есептеп көрейікші, дәл осы гүлдің қазір нарықтағы бағасы – 350 теңге. Егер біз гүлді бұрынғыдай сырттан сатып алатын болсақ, оған орасан зор қаражат жұмсар едік. Ал өзіміздің жылыжайда баптаған бір түп гүлдің өзіндік құны небәрі 60 теңгеден ғана айналады. Қазір біз қаланы гүлмен көмкеруде ешкімге тәуелді емеспіз. Бұрынғыдай жекеменшік компаниялардың тауарына телмірмейміз, өз қажетімізді өзіміз өтейміз. Жылыжайларды қалпына келтіру үшін былтыр тиісті қаражат жұмсап, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ондағы мақсатымыз – біздің де қолымыздан іс келетінін көрсете отырып, үнемделген қаражатты қаланың басқа да өзекті мәселелерін шешуге бағыттау. Нарықтан дайын дүниені сатып алу оңай, бірақ өз ісіңді дөңгелетіп, бюджеттің тиынын үнемдеу бөлек әңгіме, – деді Б.Орынбеков.
Жылыжай меңгерушісі Динара Шлееваның айтуынша, мұнда жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болатын 8 жылыжай бар. Ол осында 2014 жылы жұмысшы болып еңбекке араласқанда қараусыз қалған жылыжай ішін арамшөп басып кеткен екен. Қабырғасы таспен өріліп, қалған бөлігі әйнекпен жабылған жылыжайдың тозығы жетіп тұрған. Сол кезде ішіне құм тасталып, төбесі пленкамен қапталып, темір белдемшелер, тіреулер қойылған. КСРО дәуірінен қалған төрт жылыжай сол кезде іске қосылса, қалғаны 2017 жылдан бері пайдаланылып келеді. Былтыр 8 жылыжайға да жөндеу жұмысы жүргізіліп, жылу жүйесі жаңғыртылып, жаңадан пештер қойылып, ағашы, темірі, пленкасы ауыстырылып, киінетін бөлмеге дейін жаңадан салынған екен. Кейіпкеріміз 2015 жылы жылыжай шебері (мастер) қызметіне жоғарыласа, бір жылдан бері меңгеруші болып жұмыс істеуде.
– Гүлдің ұрығы қаңтар айының басында қолымызға тиеді, сол кезде ұрықты сеуіп, жылыжай ішін қажетті талаптарға сай ұстап, ылғалын қадағалап, екі жарым апта күтіп баптау ісімен айналысамыз. Ұрық көшетке айналғанда оны жеке-жеке кішкене пластик құтыға отырғызамыз. Сол кезден бастап сәуір айына дейін тағы да күтіп-баптап, осы айдың 10-ынан бастап қала көшелеріне, саябақтарға шетінен жөнелтіп отырамыз. Қазіргі таңда жылыжайда шыдамдылығы мен әсемдігі үйлескен сорттарға басымдық берілген. Мұнда барлығы 600-700 мың гүл өсірілуде. Миллион гүлдің қалғаны осы 600 гүлдің орнына шетінен егіледі. Қазір алдымен ұзақ бапталатын гүл егілсе, одан кейін жылдам жетілетін сортын мамыр айына дейін шетінен егеміз. Мұнда сәндік орамжапырақ наурызда егілсе, ол маусым айында қала ішіне жөнелтіледі де, ол өзінің нағыз гүлдейтін, түрленетін кезін қыркүйек айында көрсетеді. Жылыжайда гүлдің 11 түрі өсіріліп жатса, оның бір түрінің өзі ақ, қызыл, көк секілді 4-5 түске бөлінеді. Мысалы, айта берсек, гүлдердің оттай лаулаған салвия (маңқа), күздің суығына дейін өңін бермейтін тагатес (барқыт гүлі), күміс түстес цинерария (күлгіншөп), пішіні ерекше целозия (әтешгүл) мен циния (майгүл), петуния (шырмауық гүл) секілді түрі де, түсі де, сұрпы да көп. Бұл өсімдіктердің әрқайсысының өзіндік баптау тәртібі мен егу ерекшелігі бар. Жылыжайдың іші кемі +22 градустан түспеуі керек. Әр жылыжайда екі-үш пеш болса, бір ер- азамат соған жауапты болады, температураны бақылап, жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Осындай аптап ыстық пен қапырықта әр көшеттің тамыры бекігенше жұмысшылар өсімдіктерді барынша аялап өсіреді. Өсімдіктер негізінен Тараздың климатына бейімділігіне қарай таңдалып алынған. Жылыжайдағы өсімдікті күтіп-баптау тәулік бойы тоқтамайды, ол үшін түнгі ауысым қарастырылған. Таңертең 8.00-де іс басына келемін, жарты сағаттан кейін қыздар келіп, алдымен терезелерді тез-тез ашып шығады. Жылыжай іші осылай желдетіледі. Гүлді күтіп баптау жұмысы 12 адамға бірдей ортақ, «сен тек мына жұмысты атқарасың» деген жеке міндеттеме жоқ, барлығы бірдей арамшөп жұлады, күтіп-баптайды. Сонымен қатар көшеттің жауы саналатын ұлу, тышқан секілді зиянкестерден де қорғайды, – дейді Динара Сабыржанқызы.

Гүлдер күніне таңертең бір мәрте суарылады екен. Ол үшін арнайы қойылған 8 сусорғы жұмыс істейді. Д.Шлеева алдағы уақытта тағы да жылыжай іске қосылатын болса, оны да баптауға дайын екендерін жеткізді.
Мұндағы гүл өсірушінің бірі – Күнсұлу Сәтбергенова. Ол жылыжайда 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жұмысы таңғы сағат 8.30-да басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Күндізгі 12.30-да түскі үзіліске шығады, сол кездегі ас-суы мекеме есебінен тегін беріледі екен. Күндізгі 13.30-да жұмысқа қайта шығып, олар қыс бойы өздері баптаған гүлдердің ішінде саябақтар мен көшелерге егуге дайын болғанын далаға шығарумен айналысады.
– Гүлдерді далаға шығарудың да өзіндік тәртібі бар. Мысалы, бір картон қорапқа 54 немесе 72 түптен жинақтап саламыз. Күніне шамамен 10-12 мың түп гүлді сыртқа шығарып, тиеуге дайындап қоямыз. Оны көшеге гүл егетін бригада өздері келіп, арнайы көліктермен тиеп әкетеді. Таңертең жұмысқа келе сала іштегі температураға қараймыз, терезелерді міндетті түрде ашып, ауасын алмастырамыз. Одан кейін күні бойы гүлдердің астын қопсытып, арамшөбін жұлып, шөлдегенін суарып, балаша мәпелейміз. Шеберіміз қай жердің топырағы кеуіп тұрғанын, қай жерге күтім керектігін, қай жылыжайдың арамшөбін жұлу қажеттігін айтып тапсырма береді, біз соны мүлтіксіз орындауға тырысамыз. Өзім бес баланың анасымын. Жолдасым да осы мекемеде бірге еңбек етеді. Мен гүл баптасам, ол қаланың тал көшеттерін суарумен айналысады. Осылайша екеуміз де Тараздың көркеюіне, жасыл желекке бөленуіне бір кісідей үлес қосып жүрміз, – дейді Күнсұлу Серікқызы.
Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету де мәдениеттің бір белгісі. Адал еңбектің арқасында айналасына сыйлы болып жүрген жандар маңайымызда жетеді. Тек олардың еңбегін лайықты бағалай білуіміз керек. Соңғы уақытта қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарас біртіндеп болса да түзеліп келеді. Жылыжайда біз көрген бағбандар да құрметке лайық нағыз еңбек адамдары.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



