БИЫЛ ҚЫЗЫЛША БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАМАҚ
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің облыстағы іссапары барысында «Меркі қант зауыты» ЖШС өкілі осылай деп мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен облысымызда болды. Министрдің іссапары Шу ауданындағы «Химпарк Тараз» АЭА аумағында салынып жатқан «QYZYLSHA» ЖШС қант зауытының құрылысымен танысудан басталды.
Жоба директоры Заманбек Мирзояновтың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 148 800 тоннаны құрайды. Оған қажетті шикізат қоры – 1 миллион тонна. Зауыт іске қосылғандағы күндік қуаты 8 мың тонна қант қызылшасын өңдеу. Жоба құны 92,3 миллиард теңге. Жұмысшы саны – 260 адам. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, зауыт алаңы дайындалып, жол жабыны төселіп, құрылысшыларға арналып жатақхана мен құрылыс жабдықтарын сақтайтын қоймалар салынған. Жобаны аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Зауытқа қажетті шикізат қорын дайындау үшін 70 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу көзделген. Оның 30 мың гектарын серіктестік өз егістік алқаптарында өсірсе, 40 гектарын шаруа қожалықтармен келісімшарт жасасу арқылы дайындамақ. Серіктестік зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан, кейбір жабдықтарын Қытайдан алдыруда.
Сонымен бірге министр «Химпарк Тараз» АЭА аумағында жұмыс істеп жатқан каучук содасы мен хлор өндірісі цехының да жұмысымен танысып, оны жолға қою үшін инвестор тарту керектігін айтты.
Бұдан кейін министр «Шыған» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Шаруашылық негізінен көкөніс өсіруде. Қожалық агрономы Лугмар Сандуровтың айтуынша, 13 мың гектар алқапқа көкөніс орналастырылуда. Басым бөлігіне пияз себілуде. Оған тамшылатып суғару жүйесі енгізілген.
Өткен жылы қожалық əрбір гектарынан 80-100 тоннадан өнім алып, еліміздің солтүстік өңірлеріне және Ресей Федерациясының Омск, Томск, Новосибирск қалаларына өткерген.
Сондай-ақ ол «QYZYLSHA» ЖШС егістік алқабында болып, жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесі жобасымен танысты. Серіктестік директоры Мұқаш Үсенбаевтың айтуынша, қожалық 2018 жылы құрылған. Оның егістік көлемі 1562 гектарды құрайды. Шаруашылықта 72 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның екеуі қант қызылшасын жинайтын комбайн, бесеуі дəнсепкіш, 51-і ауыл шаруашылығы тіркемелері. Шаруашылық картопты – 150, қант қызылшасын – 960, мақсарыны – 400, жүгері мен бидайды 440 гектар алқапқа орналастырған. Ал қант қызылшасын 1000 гектарға себуде.
Министр Ербол Қарашөкеев егіс алқабын өңдеу, қант қызылшасын себу барысымен таныса келіп, отандық қант өндірісін дамытуға үлес қосып отырған шаруашылық жұмысына сəттілік тіледі.
Ербол Шырақпайұлының жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты. Мұнда министр аудандық ветеринариялық пункттің жұмысымен танысты. Ветеринария бөлімінің басшысы Ғалым Сабыралы жұмыс барысын баяндай келіп, ауру ошақтарын залалсыздандыру кезінде пайдаланылатын техника мен автокөліктердің жайын айтты.
Келесі кезекте Қордай ауылындағы «GreenWill» ЖШС өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Серіктестік 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Жылыжайдағы қызанақ пен қиярдың әрбір гектарынан жылына 300-500 тонна, салат жапырағынан 60 тонна өнім жиналуда. Өндірілген өнім ішкі нарыққа өткерілуде.
Серіктестік директоры бүгінде тыңайтқыш бағасының көтеріліп кеткенін айтып, мəселені шешіп беруді сұрады.
Министр тыңайтқыш бағасын төмендету бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Министрлік тарапынан аммиак селитрасының бағасын арзандатуға қол жеткізілгенін хабарлады. Ендігі кезекте аммофос бағасын төмендету бойынша «Қазфосфат» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Министр жұмыс сапарын Меркі ауданында түйіндеді. Ербол Шырақпайұлы «Трансфер» шаруа қожалығының су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егілген қант қызылшасы алқабын көрді. Қожалық жетекшісі Владимир Бондаренконың айтуынша, арғы жылы әр гектардан түскен орташа өнім 700 центнерді құраған.
Қожалық жетекшісі қант зауыты балтамырды қабылдау бағасын жоғарылатса, қызылша егуге қызығып отырған шаруашылықтардың көптігін жеткізді.
Осыдан кейін министр өңірдегі мал шаруашылығымен айналысып жүрген «Ар-Ас» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық мал азығын дайындау үшін жоңышқа алқабына жаңбырлатып суғару қондырғысын орнатуда. Қожалық жетекшісі Мақсұт Несіпбаев су ұңғымасын қазып, 250 метр тереңдіктен су шығарғалы жатқанын, тағы да екі жаңбырлатып суғару қондырғысын алғалы отырғанын баяндады.
Ербол Қарашөкеев келесі кезекте «Меркі қант зауыты» ЖШС-ында болды. Серіктестіктің бас директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, өткен жылы зауыт 80257 тонна қант қызылшасын қабылдап, 7387,2 тонна қант өндіріпті. Ал биыл зауыт 190 мың тонна тəтті түбір қабылдап, 60 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт базасында Ербол Шырақпайұлы облыстың қант қызылшасын өсірушілер қауымдастығы мүшелерімен кездесті. Шаруалар кездесуде өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Олардың тарапынан су ұңғымасын қазуға, жаңбырлатып суғару қондырғысын алуға, тыңайтқыш пен қант қызылшасына жəне мал басын асылдандыру үшін Үкіметтен субсидия қарастыру мəселелері көтерілді. Жиында «Меркі қант зауыты» ЖШС өкілі биыл қабылданатын тəтті түбір бағасының килосын 24 теңгеден 30 теңгеге қымбаттататынын айтты.
Шаруалар бұл хабарды қол соға қабылдады.Министрдің іссапары барысында облыс əкімінің орынбасары Нұржан Календеров те бірге болып, осы салада атқарылып жатқан шаруаларды қысқаша баяндап берді.
Жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеев Тастөбе ауылындағы Нуритдин Бегманов басшылық ететін «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің мүмкіншілігімен етене танысты. Егістік басына арнайы барып, жаңбырлатып суғару жүйесімен, кооперативтің техникалық құрылымдарын көрді.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 1998 жылы құрылған егін шаруашылығы бағытындағы кооперативте 50 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.
– Кооперативтің жалпы жер көлемі 2412 гектарды құраса, ауыл шаруашылықта 2282 гектар бар. Бүгінде өңіріміздегі әлеуеті жоғары кооперативтердің қатарында, – деді аудан басшысы.
Жұмысын жүйелеп, қамбаны астыққа толтыруды көздеген Н.Бегмановтың іскерлігіне Ербол Шырақпайұлы оң бағасын берді.
Осы тұста Ерлан Қыдыралыұлы ауылдық шаруалардың жұмысын оңтайландыруға бағытталған ұсынысы бар екенін айтты.
– Өңірде саны 250-300-ден асқан төрт-түлікті Көделідегі жайылымға немесе ауылдан алшақ алқапқа шығару қажеттігі бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Сонда ғана ауылдық жердегі жайылымның тапшылығын алдын алуға болады. Тұрғындар бұл ұсынысты қолдап отыр.
Сонымен қатар тағы бір айта кететін жайт – ұңғыма қазу. Ауылдық шаруалардың төрт-түлігі судан тапшылық көрмеу үшін құдық қаздырып, оны ауылдық округтің балансына беру қажеттігін қолға алмақшымыз. Шаруа жайылымнан алыстағанымен құдық сол жерде екінші шаруаның малына қолданыста қалады. Осы жайттардың жүзеге асуына қолдау білдірсеңіз, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Министр Қарашөкеев өңір басшысының айтқан ұсыныстарын аймақтарда қолданысқа енгізу қажеттігін назарға алатынын алға тартты.
Ал «Аса даму» құс фабрикасының басшысы Үсен Құрманбеков шикізат тапшылығы бар екенін де жасырмады. Фабрика директорының көтеріп отырған мәселесін реттеу үшін министр тиімді ұсыныстар қолға алынатын алға тартты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ Шу, Қордай, Меркі, Жамбыл аудандары
Келесі мақала