Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана тілегі – әулет жүрегі

Ана тілегі – әулет жүрегі
Автор
Анамды еске алсам, етжүрегім езіліп, опырылып түскен жардай еңсем түсіп кетеді. Қандай жақсы көлікке мінсем де, қандай жақсы ортада жүрсем де кеудемде орны толмайтын алапат сағыныштың табы бар сияқты. Кейде қандай да бір мәселенің шешімін таба алмай қиналсам, алдына барып кеңес сұрағым келеді. Кеудесіне басымды қойып, жылағым келеді. Ата атанып, ел ағасы жасына жетсем де анамның ғана бойынан шығатын жұпар иісті, «Айналайын, балам!» деген қасиетті сөзді естігім келеді де тұрады. «Ана мейіріміне қанбағаннан ғой» дегенге келмейді.

Мен дүниеге келгенде әкем 52 жаста, ал анам 45-те екен. Әке-шешемнің сүт кенжесімін. Үш жасымда әкем бақилық болып, анамның бауырында өсіп, бесінші сыныпқа дейін қойнында жаттым.

Анам 1929 жылы дүниеге келген. Яғни аласапыран уақыттың перзенті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, яғни 1941 жылы Қазақстанға келіпті. Негізі туған жері – Уфа қаласының маңындағы Туймазы қаласы. Отбасында 4 қыз, 1 ұл екен. Ер бала елінде қалып, Қазақстанға қыздар ғана келсе керек. Сол кезде анамның жасы 12-де екен. Ұлты – татар. Шынымды айтсам, анамның татар қызы екенін студент кезімде бір-ақ білдім.

Анам мақалдатып сөйлеп, айтқысы келген ойын тәмсілмен түсіндіретін. Бірде-бір татар сөзін аузынан естіген емеспіз. Сол себепті «Анам қазақ па, әлде басқа ұлт өкілі ме?» деген ой болған емес. 12 жасар қыздың ойында туған жері, елі жайлы естеліктер қалмады ма, әлде жан-тәнімен қазақ болып кеткендігі ме екен, ол жағы өзіне ғана аян.

Анамның қазақы салт-дәстүрлерді берік ұстанғаны соншалық, аптаның күндері аталарымыздың есімімен сәйкес келгендіктен өзгертіп айтатын. Ол қазақта «ат тергеу» деп аталады. Мысалы, сәрсенбі күнін «атам атты күн», бір атамыздың есімі Бейсенбі болғандықтан сол күнді «жәкем атты күн» деп атаушы еді. 

Алтын құрсақты анам 19 жасында Бектеміс еліне келін болып түскен соң әкеміздің ұрпағын көбейтіп, Құдай берген перзенттерді егіздетіп-сегіздетіп өмірге әкеледі. 2 нәрестесі шетінеп кетіп, қалған 7 баланы бағып-қағып, үйлі баранды етті.

Анамды абысындары «Күнтимес» деп атайтын. Адам көңіліне көлеңке түсіретін шаруалардан бойын аулақ ұстап, көңілі кіршіксіз таза болғандықтан солай атаған шығар деп топшылаймын.

Негізі анамның азан шақырып қойған есім-сойы – Жамал Ахметова Меңдіғалиқызы. Тұрмыс құрған әулетіне мәңгі сіңіп, атын да, затын да өзгертіп, Жамал Сұлтанбаева атанды.

Балалық шағымыз Луговой ауданындағы (қазіргі Т.Рысқұлов) атажұртымыз Тереңөзек ауылында өтті. Табиғаты тамылжыған, жері кең, адамдары ақжарқын мекен. Анам сол ауылдағы интернатта тәрбиеші болып еңбек етті.

48 жасында шиеттей бала-шағамен жесір қалған анам тіршілік тізгінін бос жібермей, сарыауыз балапандарды аш қалдырмаудың бар қамын жасаған екен. Үйімізде бір сиыр, отыз-қырық қой және көп тауығымыз болатын. «Шпал сарай» деп атап кеткен қоймамызда үш қап ұн, тамаққа қататын май, аз-кем сүр ет үнемі сақталып тұратын. Таусылуға таяса, орнын жылдам толтырып қоятын.

Отбасымыздың кенжесі болған соң ерке болып өстім. Анам да барлық еркелігімді көтерді. Бала кезімнен-ақ бас пиязды ұнатпайтынмын. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, менің көңілім үшін табақтың (сковорода) бір шетіне пияз қоспай, екінші жартысына пияз қосып картоп қуыратын. Қазір ойласам, анам сол кезде аспаздықтың ең биік шыңындағы тәсілді жасаған екен ғой. Мені дәл солай еркелеткен анамды қайтіп сағынбайын?

45 жасыма дейін «Анам бақилық болса, мен қалай өмір сүремін?» деп оңашада көзіме жас алатынмын. Анам 90-ға келгенде әрбір жұмыр басты пенденің мәңгілікке сапар шегуі хақ екеніне, оған менің сәбилік махаббатым еш қарсылық жасай алмайтынын ұғынғандай болдым. Ана жүрегі шексіз мейірім мекені екен ғой. Өмірден өтерінен бір жыл бұрын анамның алдында еркелеп жатқанымда көздерінің жасаурап тұрғанын байқап, мән-жайды сұрадым. Сол кезде анам: «Балам, маған да келместің кемесіне мінетін кезек жақындап келеді. Сендерді кімге тастап кетемін?» – деп кемсеңдеп қалды. Қайран ана, менің өзім немерелі болып, менен шөбере сүйіп отырса да перзенті үшін қам жеп отыр. Әкем дүниеден өткенде анам 48-де еді, анам өмірден озғанда мен де 48 жаста болдым.

Әлі есімде, анам қандай жағдай болса да сабақтан қалдырмайтын. Ойласам, сабақтан бір рет қана қалған сияқтымын. Бірде 7-сыныпта оқып жүргенімде ойыма бір қулық келіп, сабаққа бармау амалын жасағаным бар. Сабаққа бару уақыты таяғанда төсекке оранып жатқан күйі ботадай боздап жібердім. «Балам-ау, саған не болып қалды?» деген анама көрпенің астында өксіген күйі «Әкемді сағындым!» деппін. Анамның да көңілі босады ма деймін, үнсіз кете барды. Мен сол күні бірінші және соңғы рет сабақтан қалдым. Әдетте анамыздан «Көкем қайда?» деп сұрасақ, сыпайылап «Мәскеуде оқуда» деп жауап беретін. Сол сөз бізге әжептәуір қуат, жанымызға шуақ болып тиетін.

Анам кітапқұмар еді, мен де сондаймын. Ауылдан қалаға қыдырып келсе, үйге кіре салысымен «Жаңа кітабың бар ма, Әбіш?» дейтін. Мені еркелетіп Әбіш деп атайтын. Өзім оқу үшін әрі анамның алдында ұятқа қалмайын деп ай сайын айлық алғанда Шерхан Мұртаза атындағы кітап дүкенінен 1-2 кітап сатып алуды әдетке айналдырғанмын. Анамның кітап оқудағы бір ерекшелігі – тек қана күндіз, терезеден түскен жарықпен оқитын. Содан шығар, 93 жасына дейін көзілдірік кимей кітап оқып өтті.

Өмірінің соңғы бір аптасы қалғанша анам Құран кітапты қолынан тастамады. Сол сауапты сауатының салдарынан ба, шау тартқан шағында алжымақ түгіл, сәл де болсын ауытқыған емес. Анамның Құран кітабы мұрагерлікпен маған бұйырып, қазір үйімнің төрінде мақтанышым болып тұр.

2021 жылдың қазан айында коронавирус індеті ауыздықтала бастаған шақта өкпесінің 60 пайызы зақымданып, ауруханаға жатты. Ауруханаға түскеннен кейін сегізінші күні мейірбике қоңырау шалып: «Анаңыз балама айтыңдар, мені алып кетсін деп жатыр», – деді. 14 күн емделу курсын толық алсын, құлантаза айықсын деген оймен үндемедім. Ертесіне мейірбике қайта қоңырау шалып, анамның жылап жатқанын айтқанда шаруаларымды тастай сала құстай ұштым. Ауруханаға барғандағы анамның қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Дәлізден көре салысымен баладай қалбалақтап жүгірді. Мен де жүгіріп барып, анамды көтеріп алдым. Ол кісі мойнымнан қатты қысып құшақтап, үйге қайтатынына шексіз қуанып тұрды.

Соғыс тауқыметін көрген, 7 баламен жесір қалып, бел шешпестен тіршіліктің тасын өрге домалатқан, өзегінен 200-ге жуық ұрпақ тараған, бес шөпшегінің қолынан су ішкен ғасыр жасаған ұлы жүрек ақпанның сегізінде тоқтады. Құдайдың құдіреті, анамызды ақтық сапарға шығарып салатын күні айналаны ақ ұлпа қар басып қалды. Оған дейін қыс мезгілі болса да қар түспей, қара жер аяздан қарс-қарс айырылып жатқан болатын. «Аллаға сансыз шүкірлер болсын, анам аппақ арымен Жаратушысына аттанды» деп біз қала бердік.

Әкесіз қамкөңіл болып өскендіктен шығар, анамды қатты жақсы көрдім. Асыл анам, мөлдір бұлағым, жасыл құрағым, жаныңыз жаннатта болсын! Сізге деген өлшеусіз махаббатым мен сағынышым өзіммен бірге кететін шығар. Сіздей ананың перзенті болғаныма сансыз шүкір.

Зейнел-Нәби СҰЛТАНБАЕВ,
облыс әкімдігі денешынықтыру және
спорт басқармасы «Жекпе-жек»
кәсіпқой спорт клубының заңгері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар