Бүркіт баптаған Бақдәулет
Қазақ – бірнеше өнерді өн бойына сіңірген дара халық. Өр мінезді, қайсар рухты, жауға намысын таптатпаған, жауырыны жер «иіскемеген» батырларымыздың арқасында ежелгі дәстүріміз бүгін де жалғасын тауып келеді. Асыл дәстүріміздің діңгегіне айналған, еркіндік пен азаттықты паш ететін құсбегілік өнері – бабамыздан бастау алған насихаттың бірі. Қырағы көзді қыран мен бүркітті баптап, саятшылық жасау жүрегінде түгі бар азаматтардың ғана қолынан келетіні рас.
Сол сиректердің бірі – Меркі ауданы, Мыңқазан ауылының тумасы Бақдәулет Бабажан. Алмас қылыштай жалт-жұлт еткен жас жігіттің құс салудағы ерекшеліктерін жерлестері аса қызығушылықпен айтып жүреді. Құсбегілік өнерді, атқа міну, жамбы ату мәдениетін дамытып жүрген нағыз қазақ жақында ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан «Алтын тұғыр» дәстүрлі марапаттауында «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша көш бастап, «Алтын тұғыр-2022» сыйлығының иегері атанды. Бекзат өнерді дәріптеген жас бүркітші жігітпен әңгімелесуді жөн көрдік.
Құсбегілік – бүркітші жігітке қанмен берілген қасиет. Әкесі Жалғасқа бұл қасиет нағашыларынан қонған екен. Кейіпкеріміздің әкесі құсбегілік атакәсіпті 2009 жылы қолға алыпты. Ол кезде Бақдаулеттің өзі де, інілері де жас бала. Құс тани білетін жақындарынан сұрастыра келе үйге құс алып келіп, күтіп-баптауға кіріседі. Бір жыл өткен соң Бақдәулетке де қаршыға алып беріп, құс баптауды үйретіп, жастайынан саятшылық өнерді бойына сіңіре бастайды.
Саятшы жігіт құсбегі ретінде алғаш жарысқа шыққан кезін мақтанышпен әңгімелеп берді. Алматы облысында өткен «Сонар -
2011» құсбегілік турниріне әкесі Жалғас бүркітімен, бұл жасы кіші болғандықтан әкесі ұстап берген өз қаршығасымен қатысып, бақтарын сынайды. Мына қызықты қараңыз. Сол турнирде әкесінің «Қоңыр дауыл» деген бүркіті жүлдеге ілінбей қалады. Бірақ бұйыртқаны –
Бақдәулет қаршығасымен ІІІ орынға ие болады. Ең алғаш қатысқан турнирінде бірден жүлдегерлер қатарынан көрінгендігі жас құсбегінің талпынысын арттыра түседі. Бір жыл дайындығы нәтиже бере бастағанын сезген Бақдәулет бұл істі әрі қарай жалғастырамын деп шешкен. Жыл өткен сайын әкесінің де, үлкен ұлдың да қанжығасы майлана түседі. Қызылордада өткен додада әкесі бүркіт салып жеңіске жетсе, ұлы қаршыға ұшырып топ жарған. Содан кейін құсбегіліктен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 3 жыл қатарынан бүркіт ұшырудан жеңіске жетеді.
– 2009 жылы әкем алғаш рет құс алып келіп, баптап, аңға шығып жүрді. Уақыт өте келе бізге де үйретті. Бір жыл өткен соң маған қаршыға әперді. Араға тағы бір жыл салып жарысқа қатыса бастадым. Сол жылы «Сонар-2011» жарысында ІІІ орын алдым. Ержетіп, жігіт болған соң қаршығадан бүркітке ауыстым. Әкеміздің артынан еріп, отбасындағы ұлдардың бәрі құсбегі болып кеттік. Қазір екі інім де осы іспен айналысады. 2017 жылдан бастап құсбегілікпен қатар жамбы атуға келдім. Жамбы атудан 2018 жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен соң, ұлттық құрама сапына қосылдым. Сол құраммен Оңтүстік Кореяға барып, ІІІ орынды қанжығаладық, – деді ол.
Негізінде бұл отбасын «Бүркітшілер әулеті» деуге келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әкесі Жалғас Әкімбеков – құсбегіліктен облыстық «Әулиеата» спорт клубының аға жаттықтырушысы, «Алтын тұғыр» жүлдесінің иегері. Бақдәулеттің артынан ерген қос інісі Серікболсын мен Берікболсын да осал емес. Олар да ит жүгіртіп, құс салған кәсіби құсбегілер. Берікболсын өзінің «Қанжар» атты қаршығасымен, ителгі құстарымен жарыстарда топ жарып жүрген спортшы. Бес жылдан бері ұлттық спорттың ортасында жүрген баланы ел «Қара маржан» деп таниды. Азия чемпионы болып, Қазақстанның бірнеше қаласында да жеңіске жеткен. «Алтын тұғыр» жүлдесінің екі дүркін иегері. Ал Серікболсын – құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпионы, «Жамбы ату» ұлттық спорт түрінен спорт шебері.
Өткен жылдың қараша айында Абай облысының Үржар ауданында құсбегіліктен өткен әлем чемпионатына әлемнің жеті елінен 100-ден аса спортшы келген. Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Қытайдан 61 бүркіт, 20 қаршыға, 15 ителгі қатысқан әлем біріншілігіне Серікболсын өзінің «Жанқияр» атты бүркітімен қатысқан. Қыран құстардың осы бәсекесінде бағы жанып, бас жүлдені қанжығасына байлайды. Әке жолымен келе жатқан ағайындылар осылай алдымен қаршыға баптайды, өсе келе бүркітке ауысады.
Кейіпкеріміз жас та болса ұлттық өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Талай рет республикалық, халықаралық чемпионаттарға қатысып, бақ сынаған жігіттің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Тарқатып айтсақ, ол құсбегілік бойынша Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы. Ұлттық спорттың үздіктері марапатталатын «Алтын тұғыр» жүлдесінің төрт дүркін иегері. Кейінгі жылдары Бақдәулет жамбы атудан жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Жаттықтырушысы жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрама командасының белді мүшесі, еліміздегі үздік сұрмергеннің бірі Елдос Бадашевтің тәлімін алып, түрлі елдерге барып, әлем чемпионаттарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр. жамбы атудан Азия чемпионы, спорт шебері атағын алған.
Облыстың атын әлемге танытқан саятшы жігіт алдыңғы буын Бауыржан Ешметов, Данияр Нарбек, Жапар Сатылғанов секілді бүркітші ағаларын үлгі тұтады. Аға-іні болып сыйласып, білмегенін үйреніп, білгендерін ол кісілердің шәкірттеріне ақыл ретінде айтып, жақсы қарым-қатынаста жүреді.
Манадан бері ағайынды Бабажановтардың құсбегілер сайысында қамшы салдырмай келе жатқандығын айтып жатырмыз. Ендеше бүркіттерді баптаудың қыр-сырына, құсбегілер сайысының қалай өтетіндігіне аз-кем тоқталып өтсек. Бақдәулеттің сөзінше, сайыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 500 метр жерден бүркітті қолға шақырады. Екінші кезең – еркін ұшыру. Қолына қонып тұрған бүркітті ұшырып жібереді. Мұндай жағдайда бүркіт жерге қонбай, құсбегінің қолына айналып келуі керек. Үшіншісі – шырға салу. Түлкінің терісін ішін толтырып, атпен сүйрейді. Бұл кезеңде бүркіт басқалардан оза ұшып, жемтікті бірінші болып алуы керек. Ал төрешілер бүркіттің жемтікке жету уақытын секундпен өлшейді.
– Бүркітімнің аты – Қапсалған. Бала күннен баптап, бірге өсіп келе жатырмыз. 8 жаста. Үйде 4
бүркіт, 2 қаршыға,
1 ителгі бар. Үйде төрт ер адам баптап, күтімін жасаймыз. Құстың тамағын беріп, астын тазалаймыз. Бастапқыда әкем маған бүркіт сыйлады, бір ініме қаршыға, кенже балаға ителгі әперді. Қазір кенже інім ителгі емес, қаршыға баптап, додаларда топ жарып жүр. Ал ортаншы інім бүркітке ауысты. Құсқа қарауға бір адам керек. Оны қолға алмаса, торда отырып ашуланып, мінезі өзгеріп кетеді. Бүркітті бағу өте қиын. Жарысқа қосқан кезде қорапқа салып апаруға болмайды. Жолда бүркітті тек қолда ұстап отырамыз. Пойызға мінгенде жанымызда отырады. Егер ашуландырып алсақ, жарысқа барғанда ұшпай қояды. Құстың ашуы қатты болады. Егер оны ұрып, құс кек сақтап қалса, ол адамның қолынан екінші рет ұшпайды. Әр құстың бабын иесі ғана біледі. Күнделікті тамағын шақтап беріп, күтімін жасаудан бөлек еркелетіп, өзіңе жақын етудің жолдары бар. Өйткені қыран құс та адам сияқты есті. Бәрін сезіп, біліп тұрады. Ең маңыздысы, құс баптаған адам барлық жағынан таза болуы керек. Жанының тазалығы бір бөлек, арақ-шарап ішіп, темекі шегу секілді зиянды әдеттерден аулақ болу керек, – дейді Бақдәулет Бабажанов.
Бабажановтардың ауыл маңында фазендасы бар. Үйі де көпшіліктен тысқары ауыл сыртында орналасқан. Сол жерде құс ұшырып, жамбы атуға дайындалады. Жаз келсе, туристерге ұлттық спорт түрлерін көрсетеді.
– Жамбы атуға алғаш дайындалып жүргенде қиын болды. Атқа мініп, көкпар шауып жүрген баламыз ғой. Бірақ алғашында аттың үстінде отырып атқан оғымыз бірден дәл тимейді. Барлық әдісін бір жыл бойы үйрендік, – дейді ол.
Бақдәулет бүгінде өзі оқыған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ізінен келе жатқан 15 ауыл баласын құсбегілікке баулып жүр.
Байқағанымыздай, құсбегілік жеңіл өнер емес. Бүркітті таудан тор құрып ұстайды. Кейде қияға өрлеп барып, балапанын ұядан алады. Атасы қыран емес пе, бүркіттің қолға үйренуі өте қиын. Ашуланып, шоқып, бүріп, абайламаса адамды жарадар етуі де мүмкін. Ал осындай қиындыққа төзіп көр. Бүркітті аңға салған кезде де өте қырағылық керек. Түлкі ретін тауып бүркітті теуіп жібермей тұрғанда жылдам жетіп, тез ажыратып алу қажет. Түлкі теуіп үлгерсе, құстың беті қайтып қалатын көрінеді.
– Құсбегілік – қазаққа етене жақын өнердің бір түрі. Аталарымыз бүркітті «бала» күнінен баптап, аң аулауға үйретіп, кейін жыртқыш аңдарды алаңсыз қақпанға түсіретін жағдайға дейін баулыған. Қанша жерден көк тағысы дегенімізбен бүркіт те адамға бауыр басқыш келеді. Адамның ниеті таза болса, достық пейілді бүркіт те тез аңғарады. Содан да болар, бүркіт иесіне адал, шөл далада айнымас серігіне айналған қасиетті құс, – дейді құсбегі.
Кейіпкеріміз бір бойына бірнеше өнерді ұштастырған мәрт жігіт екен. Асқар таудай әкесінің қасында шаруасының бір жағынан шығып, көмектесіп жүреді. Сол ерінбегеннен бала жігерлі, рухты саятшы болып жетілді. Анасының ақ сүтімен, әкесінің қанымен бойына дарыған дара қасиетінің арқасында Бақдәулеттің жүрегі қазақилықты, әдет-ғұрпымызға деген сыйластығын шексіз білдіргендей. Бүркіттің ата-тегін, түр-түсін тоқтаусыз сипаттай алатын жас жігіттің тұла бойынан қазақ даласының иісі аңқиды. «Білгенге – маржан» демекші, саятшылық, аңшылық кәсіптің қыр-сырын жетік меңгерген қазақ баласын бейне бір шежіре ме деп қаларсыз. Бақдәулеттің бойынан саятшылық өнермен қатар, туған тіліне деген шексіз махаббатын, салт-санаға, дәстүрімізге деген өлшеусіз құрметін көруге болады. Еліміздің ертеңі үшін елеңдейтін, салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа дәріптеуден жалықпайтын саятшы бауырымызға алдағы уақытта тек сәттілік, табыс тілейміз!
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала