Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«BAGDAR» баршаға бағыт береді

«BAGDAR» баршаға бағыт береді
Автор
Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өз жобасын жүзеге асырып, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жастар аз емес. Олар тек білім мен ғылымда ғана емес, әлеуметтік, экологиялық және инновациялық бағыттарда да белсенділік танытуда.

Дарынымен дараланып жүрген жастың бірі – Рауана Альсерикова. Бала күнінен білімге құштар, ізденімпаз жас туған өңірі Байзақ ауданына қарасты Жеңіс ауылындағы М.Мәметова атындағы мектепте 9 жыл білім алып, Қызыл аттестатпен үздік аяқтаған. Мектепте жүргенде информатика, математика және ағылшын тілі пәндеріне ерекше қызығушылық танытқан екен. Осы бағыттарда түрлі ғылыми жобалар мен олимпиадаларға қатысқан. Сонымен қатар Рауананың бойында шығармашылыққа, әсіресе поэзияға деген қызығушылық та бар. Оқушы күнінде аудандық және облыстық деңгейдегі мүшайраларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғаны да жан-жақтылығын танытады.

Бүгінде Рауана Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 4-курс студенті. «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алып жүр.

Жақында дарынды өрен мамандық таңдауға кәсіби бағдар беру бағытында жас түлектерге пайдасы мол «BAGDAR» атты қосымша әзірлеп шығарды.

– Бағдарламалауға деген қызығушылығым мектеп кезінде алғаш рет компьютер мен түрлі бағдарламалармен танысқан кезімнен басталды. Кейін интернет арқылы код жазу, веб-дизайн және жасанды интеллект туралы оқи бастадым. Сол уақыттан бастап IT-саласын өмірлік бағытым ретінде таңдадым. «BAGDAR» – алғашқы толыққанды, практикалық мәні бар мобильді жобам. Бұған дейін шағын оқу жобалары, тесттік қосымшалар мен «UI» интерфейстер жасағанмын. Мысалы, «Telegram» бот, шағын веб-қосымшалар, оқу мақсатындағы бірнеше «landing-page» және мини-қызметтер тәжірибемде болған. Десе де, «BAGDAR» өмірімдегі орны бөлек, нақты мақсатқа бағытталған, пайдаланушы үшін пайдалы мобильді бағдарлама болды. Өзімнің жеке жобаларымнан бөлек, колледжде бірге оқитын достарыммен бірігіп үлкен жобалар дайындап, IT стартаптарға қатысып тұрамыз. Қазіргі уақытта тәжірибемді арттыру мақсатында кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жобалар жасаудамын, – деген Рауана Нұрланқызы жоба идеясының туу тарихына дтоқталды.

Қосымшаны жасау жөніндегі ойды жас ғалымның жетекшісі, Гүлжан Исмаилова ұсынған екен. Сол кездері Рауана ұстазымен бірге «Бизнес Ару» атты облыстық жарысқа қатысқалы жатады. Алайда осы сайысқа тың, жаңашыл леп беретін бизнес жоба ұсыну керек болады. Сөйтіп бұл ұсыныс студентке ерекше ұнап, жүзеге асыруға бірден кірісіп кетеді. Нәтижесінде пайдалы қосымшасын сәтті таныстырып, облыстық байқауда бірінші орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алады.

– Жоба «Flutter» фреймворкінде жасалды. Фреймворк дегеніміз – бір кодтық базаны пайдалана отырып Android, iOS, Windows және macOS сияқты әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істей алатын қолданбаларды жасауға арналған құралдар мен кітапханалар жиынтығы. Сондықтан осы тәсілді қолдануды жөн санадым. Сондай-ақ қосымшаны әзірлеу барысында «Dart» бағдарламалау тілі, деректерді сақтау үшін «Firebase» дерекқоры қолданылды. Қолданбаның интерфейсі «Figma» арқылы жобаланып, қосымшаны басқару мен нұсқаларды бақылау үшін «Git» және «GitHub» технологиялары пайдаланылды. Қолданушыларға ыңғайлы әрі пайдалы өнім жасау үшін жобаның әрбір кезеңіне кәсіби көзқараспен қарадым деуге болады.

Қосымшаның басты бетінде қолданушы өз бағытын анықтап, тесттерден өтіп, ұсыныстар ала алатын болса, мамандықтар бөлімінде әр мамандық туралы нақты және пайдалы ақпарат көрсетіледі. Оқу орындары тізімі бөлімінде университеттер мен колледждер жайлы толық мәлімет пен грант мүмкіндіктері ұсынылады. Сондай-ақ жүйеге тіркеліп, жеке нәтижелер мен мәліметтерді сақтауға мүмкіндік беретін авторизациясы да қарастырылған. Тест нәтижесін түсіндіріп, сұрақтарға 24/7 жауап беретін чат-ботты да енгіздік. Ең маңыздысы онлайн кеңес алу және жеке бағыт бойынша кеңесшімен сөйлесуге, профориентологтармен байланыс орнатуға жағдай жасайтын бөлімдерді де назардан тыс қалдырмадық. Алдағы уақытта одан да бөлек пайдалы бөлімдер қосатын боламыз, – деген жоба авторы мобильді қосымшадағы базаны жинауға жетекшісі Гүлжан Исмаилова көмектескенін жеткізді.

Қосымшаны әзірлеуге бастамашы болған ұстазы жобаның жүзеге асырылуына да атсалысып, тікелей білім беру мекемелерімен, арнайы мамандармен сөйлесіп, қажет ақпараттарды жинақтаған екен.

– Бір жиналыс барысында біздің директорымыз оқушылардың мамандық таңдау кезінде көп қиналатынын атап өтті. Сол сәтте біз осы мәселені шешуге бағытталған жоба жасауды ойластыра бастадық. Алғашында бірнеше идея қарастырылғанымен, нәтижесінде дәл осы мамандық таңдау мен өзін-өзі тануға бағытталған мобильдік бағдарлама жасауға тоқтадық. Өйткені мамандық таңдау әр адамның өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Адам өз қабілетін, бейімін, қызығушылығын дұрыс тани білсе ғана өмірде өз орнын табады. Біздің жоба түлектерге, колледж студенттеріне, тіпті жұмыс істеп жүрген ересектерге де өз болмысын тануға, мамандық таңдауда немесе қайта мамандану кезінде дұрыс бағыт алуға көмектеседі. Көптеген адам өзіне ұнамайтын, жандүниесіне сай келмейтін мамандық бойынша жұмыс істеп жатады. Мұндай жағдайда адамда мотивация, шабыт, даму болмайды. Ал адам өз сүйікті ісімен айналысқанда ғана нәтижелі жұмыс істейді және қоғамға да көп пайда әкеледі. Сондықтан біз бұл жобаны кез келген жастағы адамға арналған мамандықты анықтау және өзін-өзі дамытуға бағытталған цифрлық көмекші ретінде көреміз. Қуантарлығы, үлкен жауапкершілікті арқалаған осы ойды шәкіртім жүзеге асыра біліп, сенімімізді ақтады. Рауана – болашақ IT маманы ретінде теориялық білім мен практикалық дағдыларды шебер ұштастыра білетін өте қабілетті студент. Қазіргі таңда ол түрлі жобалар бойынша Астана және Алматы қалаларында іссапарларда болып, біздің жобамызды түрлі мекемелер мен ұйымдар алдында, тіпті министрлік деңгейінде де таныстырды, – дейді Г.Исмаилова.

Жоба авторы бағдарламаның алғашқы тест нұсқасын мектеп оқушыларына сынақтан өткізген. Олардан алынған кері байланыс негізінде дизайн, тест құрылымы және кеңес беру жүйесі жетілдіріліпті. Қазіргі сәтте жоба белсенді түрде дамып, жаңа мүмкіндіктер қосылып жатыр.

– «BAGDAR» жобасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке таныстыру мүмкіндігіне ие болғанмын. Өңір басшысы жобаның маңыздылығын атап өтіп, жастарға бағыт-бағдар берудегі рөлін жоғары бағалады. Сол секілді облыс атынан Астанаға жобаны Оқу-ағарту министрлігіне таныстыруға барған болатынмын. Қосымшаны сол кездегі министр Ғани Бейсембаев ұнатып, жылы лебізін айтқан еді, – деді Рауана Альсеитова.

Жоба авторы қолданушыларға пайдалы бола түсу үшін бағдарламаға бірнеше мүмкіндіктер енгізуді көздеп отыр. Тарқатып айтқанда, жасанды интеллектке негізделген жеке ұсыныс жүйесін енгізу арқылы әр қолданушыға жеке бағыт ұсыну, мамандықтар картасын кеңейтіп, жаңа салалар мен еңбек нарығындағы өзекті деректермен толықтыру секілді мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Сонымен бірге онлайн курстар мен гранттарды іздеу жүйесін қосу арқылы білімге қолжетімділікті арттыру, пайдаланушылар қауымдастығын құрып, тәжірибе алмасу мен пікір бөлісу алаңын жасау да білімді жастың назарында.

Пайдалы кеңестер мен кәсіби бағдар беру материалдарын жүйелі түрде жариялап отыру, ағылшын тілі немесе басқа пәндерді оқыту кезінде қолданушыға ыңғайлы болу үшін жүйеге хабарламалар мен ескертпелер жүйесін енгізу де алда тұрған мақсаттардың бірі. Мысалы, «Сіз соңғы екі сағатта платформаға кірмедіңіз, осы уақытта мынадай жаңалықтар мен өзгерістер болды» деген секілді жеке хабарламалар мен жаңалықтар беті арқылы оқушылардың оқу процесіне белсенді қатысуын арттыруға болады.

Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ресми тест орталықтарымен келісімге келіп, ұлттық тестілеу орталықтарының ресми тест сұрақтарын платформаға енгізу көзделіп отыр. Бұл оқушыларға нақты және сапалы база арқылы ҰБТ-ға толыққанды дайындалуға мүмкіндік береді.

Бұл жоспарлар «BAGDAR»-дың дамуына жаңа серпін беріп, оны жастар үшін тиімді әрі заманауи кәсіби бағдар құралына айналдырарына сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар