Жаза емес — көмек: Жамбыл облысында қиын жасөспірімдермен жұмыс күшейтілді
- author AR-AY
- Бүгін, 12:37
- 28
Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері мектеп пен колледж оқушылары арасындағы «бейресми лидерлерді» анықтау жұмыстарын күшейтті. Биылдың өзінде құқыққа қарсы әрекет жасауға бейім 207 жасөспірім анықталған.
Бұл балалармен мақсатты түрде жұмыс жүргізіліп, оларды қылмыстық ортаға тартудың алдын алу, теріс топтардан алшақтату және қызығушылықтарын оң бағытқа бұру шаралары жүзеге асырылуда. Ерекше назар мотивациялық әңгімелерге, құқық бұзушылықтың салдарын түсіндіруге және әлеуметтік пайдалы іс-шараларға тартуға аударылуда.
— Біздің жұмысымыздың басты мақсаты — жазалау емес, алдын алу. Маңыздысы — жасөспірімге дер кезінде көмек көрсету, оны қалыпты әлеуметтік ортаға қайтару және отбасына қолдау білдіру, — деді Жамбыл облысы ПД ҚҚБ бастығының орынбасары Әлішер Қалышев.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде 415 жасөспірім және өздерінің кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамай жүрген 279 ата-ана бар.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасаған, алкоголь тұтынатын, мектепке бармайтын, сондай-ақ қаңғыбастық пен өзге де девиантты мінез-құлыққа бейім кәмелетке толмағандармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Отбасыларға барып, тұрмыс жағдайы мен тәрбиелеу шарттары бағаланады, балалармен жеке профилактика жоспары жасалады. Бұл жоспарға пайдалы бос уақытты ұйымдастыру және шығармашылық үйірмелерге қатыстыру кіреді.
Есептегі жасөспірімдердің мінез-құлқын бақылау мақсатында сот немесе кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия белгілеген шектеулердің сақталуы тексеріледі. Сондай-ақ, олардың тұрмыста, оқу орнында және бос уақытында өзін ұстауы қадағаланады. Бұл ретте жасөспірімнің психологиялық ерекшеліктері мен отбасы жағдайына ерекше көңіл бөлінеді.




