Осы күрделі мәселені шешуге тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында Тараз қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалының бір топ студенті фосфогипсті зерттеу ісін қолға алғалы отыр.
Жалпы саны 7-8 студенттен құралған топтың құрамындағы жас ғалымның бірі – Айзат Тұрдықұлова. Бір айта кетерлігі, Айзат 2023 жылдан бері «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде химиялық талдау зертханашысы болып еңбек етеді.
Кейіпкеріміз өзі туып-өскен Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қайыңды ауылындағы Райымбек Смайылов атындағы орта мектептің 9-сыныбын тәмамдаған соң 2017 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Техник-технолог» мамандығы бойынша оқуға түседі.
Қазіргі таңда Айзат Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалында «Химиялық технология неорганикалық заттар» мамандығы бойынша білім алуда.
– Мектептегі ең сүйікті пәнім ағылшын тілі болатын. Сол кезде химия пәніне аса қызығушылығым болмаған. Алайда колледжге түскеннен кейін химия саласына қызығушылығым оянды. Сөйтіп уақыт өте келе бұл пән менің ең сүйікті және ерекше жақын пәніме айналды. Тіпті өмірімнің бір бөлігіне айналған қызықты ғылым саласы деп айта аламын. Жоғары оқу орнында біліп ала жүріп «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зертханасында да осы бағыт, яғни неорганикалық химия саласында жұмыс істеймін. Тарқатып айтқанда, минералды тыңайтқыштардың сапасын бақылап, олардың химиялық құрамының стандартқа сай болуын қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ зертханашының негізгі міндетіне өндірістік процестің әр кезеңінен сынама алу, оны талдауға дайындау және химиялық талдау жүргізу кіреді. Яғни, біз фосфат шикізаты, күкірт қышқылы, аммиак сияқты бастапқы материалдардың құрамын анықтаймыз. Сонымен қатар дайын өнімнің құрамындағы азот, фосфор және басқа элементтердің мөлшерін өлшейміз. Талдау жұмыстарын титриметриялық, гравиметриялық, фотоколориметриялық және басқа да физика-химиялық әдістер арқылы орындаймыз. Талдау нәтижелерін арнайы журналға немесе электрондық жүйеге тіркеп, өнім сапасының стандартқа сәйкестігін анықтайды. Егер нормадан ауытқу байқалса, ол туралы технологтарға немесе жауапты тұлғаларға хабарлаймыз. Сол себепті жоғары оқу орнына түскенде осы бағытты ерекше қызығушылықпен таңдадым. Химияның маған ұнайтын тұсы – оның адам ойына әсер ететін сиқыры. Химия жайлы айтқанда бірден түрлі реакциялар, түстердің өзгеруі, заттардың жаңа күйге өтуі сияқты қызықты процестер көз алдыма елестейді. Алғашында дәл осы ерекше құбылыстар мені баурап алған болатын. Қазір сол құбылыстарды тек бақылап қана қоймай, өз қолыммен тәжірибе жүзінде жүзеге асырып жүрмін. Маған реактивтермен жұмыс істеу, талдау жүргізу, химиялық формулалармен есеп шығару өте ұнайды. Әр элементтің өз қасиетін, құрамын, реакциядағы мінез-құлқын зерттеу ерекше әсер қалдырады. Егер химияны тереңінен түсініп, оның мәнін аша білсең, бұл өте қызықты әрі шабыт беретін мамандық екенін түсінесің. Оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, өзімді кәсіби тұрғыдан дамытуға, алға ұмтылуға талпынып келемін. Себебі білім де, тәжірибе де – табысқа бастайтын жол. Ең бастысы, өз ісіңді сүйіп, үздіксіз ізденісте болу керек, – дейді жас маман.
Дәл қазіргі сәтте Айзат қатарластарымен бірге фосфогипсті зерттеу жобасына дайындықты бастап кеткен. Жобаны қолға алудағы негізгі себеп – экологиялық проблеманың ушығып бара жатқаны.
– Әсіресе, өзім еңбек етіп жүрген «Қазфосфат» зауытында фосфор өндірісінің нәтижесінде пайда болған фосфогипс үйінділері көп жылдан бері табиғатқа зиянын тигізіп келе жатқанын жақсы білемін. Осы жағдай бізге «неге бұл қалдықты кәдеге жаратпасқа?» деген ой салды. Фосфогипс өндірістік қалдық болғанымен, оның құрамында фосфор, кальций, сульфат секілді пайдалы элементтер бар. Сондықтан біз бұл затты жай ғана қалдық ретінде емес, экологияға пайдасы тиетін құнды ресурс ретінде қарастырып, оны қайта өңдеп, тиімді пайдаланудың жолдарын іздеп жатырмыз. Қазіргі таңда осы бағытта зерттеу жүргізіп, жобаны жүзеге асыруды қолға алдық. Біздің жобада студенттер мен салалық мамандар бірігіп жұмыс істейді. Бізде халықаралық кітапханаға қолжетімділік бар. Сол арқылы түрлі елдерде фосфогипстің қалай және қандай мақсатта пайдаланылатыны жөнінде кеңінен зерттеу жүргіздік. Әлемнің әр түкпірінде бұл қалдықты құрылыс материалдарына, тыңайтқыштарға немесе басқа да пайдалы өнімдерге айналдырып отырған мысалдар бар. Сол тәжірибелерді зерделей отырып, біз де Қазақстан аумағында фосфогипсті тиімді және экологияға пайдалы жолмен қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынғымыз келді. Сондықтан дәл осы тақырыпты таңдау біздің ортақ мақсатымызға айналды, – дейді Айзат Бақытжанқызы.
Зерттеу жобасының ұзақтығы шамамен екі жыл деп жоспарланып отыр екен. Бұл мерзім ішінде жас ғалымдар алдымен фосфогипстің сынамаларын алып, олардың құрамын зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізетін болады. Содан кейін алынған деректер негізінде лабораториялық анализдер жасалып, нәтижелері салыстырылып, ғылыми тұрғыда өңделеді. Барлық зерттеу кезеңдері мұқият жүргізіліп, соңында қорытынды дайындалады және зерттеу нәтижелері тәжірибе жүзінде қолдануға ұсынылады.
Жобаның негізгі кезеңдері бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші кезеңде зерттеушілер Тараз қаласындағы өндірістік аймақтағы фосфогипс үйінділеріне барып, сол жерден сынама үлгілерін алады. Екінші кезеңде алынған сынамалар лаборатория жағдайында талданады және химиялық құрамына зерттеу жасалады. Үшінші кезеңде зерттеу нәтижелері салыстырылып, статистикалық өңдеуден өткізіледі. Соңғы кезеңде барлық талдау нәтижелері мен қорытындылар жинақталып, ғылыми тұрғыда негізделген ұсыныстар дайындалады. Сол ұсыныстар экологиялық жағдайды жақсартуға және өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалануға бағытталады.
Айта кетерлігі, Айзат осы уақытқа дейін ешқандай ғылыми жобаға қатысып көрмеген екен. Биыл университетке түскен соң алғаш рет жобаға қатысып, ғылым жолын бастағалы отыр. Сондықтан қазіргі ғылыми жоба – Айзаттың алғашқы тәжірибесі.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



