Аңшылық та – атакәсіп
Ит жүгіртіп, құс салу, қақпан құру, қару асынып, аң аулау әу баста халқымыздың жан бағу жолындағы адал кәсібі болғаны анық. Тек малмен күнелткен көшпенді халқымыз төрт түлігін жабайы ит-құстан сақтау үшін де көп еңбектенді, сан түрлі амал ойлап тапты. Бастапқыда кәсіп болған аңшылық, саятшылық құру ісі ата-бабаларымыз үшін бертін келе бекзат өнерге айналды.
Саятшылық
Ілгеріде жабайы жыртқышқа толы қазақ даласында саятшылық жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Жолбарыс, қасқыр, аю, қабан сынды жыртқыш аулау қарапайым адамға оңайға соқпаған. Бес қаруды қолдануды еркін меңгерген, жүрегінде түгі бар жігіттің сұлтаны жылқының тұлпарын мініп, иттің сырттанын қасына ілестіріп, құстың сұңқарын көкте қалықтатып, ірі жыртқыштарды аулайтын-ды. Жазушы Сәкен Жүністің «Ақан сері» романында серінің аңшылық қыры шебер суреттелген. Бұл эпизодта ауыл малын қынадай қырып, елге көптен бері тыныштық бермей жүрген «Бірішек» атты айлакер арлан қасқырды талай аңшылар тұзаққа түсіре алмай әуреленген. Аң қулығын білетін сері Ақан сол арланға бір күні тұзақ құрады. Қырған малдың өлексесіне қайтып оралатынын болжаған сері «Бірішектің» қаншығымен бірге жемтікке ауыз салған сәтінде үстінен түседі. «Бірішек» деп атын ел қойған алып арланды алу Ақандай аңшыға да оңайға түспеді. «Басараладай» иттің сырттанымен, «Құлагердей» аттың тұлпарымен қуып жетіп, орман ішіндегі ит пен қасқырдың жан алысып, жан беріскен айқасы, бірін-бірі ала алмай азу тістерімен шайнасқан қанды шайқасы әншінің шабытына шабыт қоса түскендей көрініс тудырады. Шын мықтылардың арпалысында «Басарала» басым түсіп, «Бірішекті» өлтіреді. «Мұндай бөрінің сырттанын Ақан ағайдай жігіттің сұңқары, кер дөнендей жылқының тұлпары ғана соға алады», деген жазушының мадақ сөзі оның нағыз талантты әншіден бөлек, кәсіби аңшы екенін де білдіреді. Демек, аңшылық өнер нағыз ердің ісі екенін аңғарамыз. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шахан шері» романын да мысалға келтіре кетейік. Шаханның отбасы үшін кек алу жолында жолбарыс аулау ісі де асқан ержүректікті, мың түрлі айланы қажет ететін шаруа. Бірбеткей қайсарлығымен талай шерінің терісін сыпырып, тон етіп киген кейіпкер де нағыз аңшылықтың үлгісін көрсетеді. Қансонарда қыран бүркіті мен құмай тазысын сайлап кең далаға саяхат жасайтын аңшылар халық ішінде баршылық. Талай түз тағыларына тұзақ салып, небір жабайы жыртқыштарды қанжығаға байлаған саяткердің бірі – меркілік Науатбек Бердалыұлы. Ол кісінің тірі кезінде талай әңгімесіне ел куә болған. Ақындығы мен аңшылығы Мыңқазан ауылына ертеден мәлім. Қарусыз, яғни тек ат пен тазы иттің және бір басы ашаланып өрілген он екі метрлік сымның көмегімен мәлін, қасқыр, шибөрі, борсық, түлкі, қарсақ тағы басқа аңдарды інінен талай суырып алған екен.Арланмен айқас
Ел аузындағы бір әңгімесіне зер салсақ, Науатбек аңшы қасына Сарғау деген інісін ертіп, таң алдында аңға аттаныпты. Бұл шамамен 2000 жылдары болса керек. Ауылға тақау тұстағы асфальт жолдан өте бере алдарынан қарайған аң қашады. Таңалагеуімде қандай аң екені белгісіз болғандықтан жан-жақтан иттерді айтақтап қуа жөнеледі. Алыстан қараңдап көзге түскен түз тағысын құмартып қуа жөнелген аңшылар сәлден соң барып оның қасқыр екенін байқайды. Ауылдан құйрығы қайқайып, ырылы күшейіп шыққан алты иттің үшеуі үрейлене үріп, ат шабысына ғана еріп отырыпты. Қасқырға жақын барған тек қара тазы екен. Жекпе-жекте алысса шамасы келмейтінін білгендей қара тазы құйғыта жөнеліп, бар екпінімен келген бойда оның тірсегін тістелеп, қиып жіберген екен. Тазының азуынан артқы аяғы жарақаттанған арлан төбе басында шоқиып отырып қалады. Жаралы қасқырдың айбатынан иттер жақын беттей алмайды. Әр жерінен бір тістелеп азуын батыра алмаған соң ит иесі жақын маңда өсіп тұрған талдан үлкен ағаш сындырып алып келіп, өзі шабуыл жасайды. Қолындағы шоқпардай тал бұтасымен қақ маңдайдан бір ұрғанда арлан қасқыр отырған жерінде жантәсілім етіпті. Талай қасқырдың қарсылығына бетбе-бет келген Науатбек аңшыға бұл үйреншікті жағдай көрінеді.Төрт бөлтірік
Аңшының бүкіл ауылды дүрліктіре шулатқан тағы бір әңгімесі бар. Өткен жылдардың наурыз-мамыр айларында болса керек. Аңға шығатын кез емес. Бірақ сонда да иттерін жүгіртіп қайтайын деп дала жортуылына шығады. Біраз жерді аралап жүріп, қамыс басқан сай қабағындағы қасқырлардың апанына тап болады. Оған жақын барып, жан-жағын барлап, апан ішіне үңіледі. Ақырын құлақ салып тыңдаса, қыңсылаған бөлтіріктердің дауысы шығады. Енесінің жоқ екеніне әбден көз жеткізгеннен кейін тас қараңғы апан ішіне етпеттей жылжи кіріп, көздері жылтыраған төрт бөлтірікті алып шығады. Көзсіз батырлық па, әлде аңшының шын батылдығы ма, бұған біз сырттай баға бере алмаймыз. Бір білетініміз, аңшы әлгі бөлтіріктерді қоржынға салып, апанның алдынан қозғала бере екі қасқыр алдынан шығады. Бір топ иттің жабыла үрген дауысынан қаймыққан олар бір шетке жылыстап кетеді. Науатбек аңшы төрт бөлтірікті асырау ниетінде үйіне әкеледі. Төбе шашы тік тұрған ауыл тұрғындары «Мына бәленің көзін құрт!» деп шу шығарған соң қолға үйретіп, ит төбелесіне машықтандырамыз деген өзге ауылдың тұрғындарына беріп жібереді. Расында да ауылды шошытқан бұл жағдайға себеп – топ қасқыр түнде жақын маңдардан ұлып, қорадан тыс жерде бос жүрген есектерді жепті. Бір аптадай ауыл маңынан шықпай ұлыған дауысымен елдің үрейін алса керек.Есекпен төрт түлкі ұстаған епті жігіт
Бұл оқиға мыңқазандықтарға аңыз әрі қызықты хикая. Астына мінер жалғыз атын сатып жіберіп, Науатбек аңшы үйінде отырып қалады. Қыс мезгілінің аңға шығар нағыз тамаша сәті. Осы ауылда өзінен басқа да ит жүгіртіп, саят құратын әріптестерінің ұстаған аңы жайлы әсерлі әңгімелеріне желіккен ол ит ертіп, тіпті жаяу шығып кетуге оқталып жүреді. Ақырында аң құмарлығы шыдатпай, үйде шаруаға пайдаланып жүрген есекті ерттеп, таң атпай түзге тартады. Табынға сиырын қосқалы тұрған ауыл тұрғыны қасында төрт иті бар, есекпен аңға бара жатқан аңшыны көріп күлкі қылады. «Сіз мына түріңізбен ит-құсқа жем боласыз, бұл қылығыңыз барып тұрған Қожанасырлық қой», деп әжуаласа керек. Күлкіден түлкіні қымбат санаған аңшы құр қылжақты құлаққа ілсін бе, қанды жорыққа бет түзеп есегімен тепеңдей беріпті. Кетіп бара жатып ол: «Қыр астына байлап кеткен үш-төрт түлкім бар еді, соны алып келуге бара жатырмын», десе керек. Ауылдан шыққан бойда аң ұстауға әбден ашыққан жүйрік тазылар бірден түлкі ізіне түседі. Бір белден аспай-ақ иттер екі түз айлакерін алқымынан алады. Иесі келгенше тамақтан тістеп өлтірген қырдың қуларын иттер терісін жыртпай астына басып отырады. Ә дегенше қанжығаға қос түлкі байланады. Осы олжаны қанағат тұтып, қайтуға бет алғанда алдынан тағы да бір қызыл түлкі қылаң береді. Бұл қашқан қулардың іні жақын жерде екен, тазылар жетем дегенше інге лып береді. Есекпен аяңдап басып, інге жеткен аңшы басы ашаланған он екі метрлік бұралқы сымды бұралаңдатып еппен түлкі ініне бойлатып жібереді. Басы аша сым түлкі терісіне тірелгенде оны үш бұрап бір тартып, тағы да бес бұрап бір тартып, осындай тәсілмен тірідей суырып алады. Дәл солай тағы бір түлкіні інінен шығарып, тазыға талатады. Есек мініп-ақ қанжығаға төрт түлкіні бөктерген аңшы ауылға оралады. Өрістен қайтқан малын табыннан тосып тұрған көрші мұны көріп таңғалып, Қожанасырға теңеген қылжақ сөзін қайтып алыпты. Айласы түлкіден асқан аңшы мен желдей жүйрік тазының осындай оқиғалы сәттері ауыл тарихында сақталып, ел аузында әлі де аңыз болып айтылып жүр. Бүгінгі таңда түрлі қарумен қабан атып, қасқыр аулап, жол талғамайтын көлікпен саятшылық жасап, аңшымыз деп жүргендерге Науатбек серінің аңшылығы сабақ болса игі.
Келесі мақала