Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақ періште (әңгіме)

Ақ періште (әңгіме)
ашық дереккөз
Ақ періште (әңгіме)
Қарашаның қара суық кешінде жауын астында келе жатқан екі адамның бейнесі сұрықсызданып кеткен көшеге жарық пен жылу сыйлағандай-ақ. Күлкісі тым тәтті сылқым бикештің сұлу кескіні көше жарықтарынан еміс-еміс көрінеді. Жанындағы жігіт сүйіктісі болса керек. Қос ғашық Шым қаланың тар көшесін жарқын дауыстарымен жаңғыртып келеді... ...Көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы ас бөлменің терезесінен ер адам төңірекке көз тастап, темекі шегіп тұр. Оның осылай тұрғанына он бес минутқа жуықтады. Бұл кісі – менің көршім Жанғали аға. Пәтерлеріміздің терезелері бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Сол себепті де бір-бірімізді жиі көріп тұрамыз. Тіпті жақын таныс-білістей болып кеткенбіз. «Ағайынның аты озғанша, көршіңнің тайы озсын» деп қазақ босқа айтпаса керек, іштей тілекші болып жүремін. Өйткені көзіміз түйісе кетсе болды, оның жанарының арғы түпкірінен өткен тағдырының оңай болмағанынан хабар беретін бір сыр байқалады. Таңертең ерте жұмысқа аттанып, кешкісін келетін ағаның өмірі бастапқыда маған қызық әрі мағыналы сияқты көрінетін. Алайда уақыт өте келе көзінен бір сәтке болсын қуанышты көре алмайтынымды аңғардым. Жанғали аға әкімшілікте жұмыс істейтін. Әлі отбасы құрмаған, бойдақ. Үйінде сүйкімді ақ мысығы бар. Оны терезеден үнемі байқайтынмын. Өмірінің барлық қызығы сол ақ мысығы сынды. Жұмыстан келгенде иығына секіріп шығып, құйрығын бұлғаңдата еркелейтін ақ мысықты ол кісі де шын ниетімен жақсы көріп, жас балаша еркелететін. Таңертең жұмысқа шығарда Жанғали аға да менімен қатар жұмысына жиналып жататын. Бір-бірімізді көргенде алыстан бас изеп амандасып қоямыз. Қанша дегенмен ағайыннан жақын болып кеткен көршім емес пе?.. Бүгін мына қос ғашық армансыз сырлассын дегендей біздің көше құлаққа ұрған танадай тыншыды да қалды. Әдетте гитарамен әндетіп отыратын Сағи мен Әсет те көзге ілінбейді. Мүмкін «Мына жаңбырда көшеде не бар?» деп анасы Ғайша жібермеген болар. Көшеде өткен көліктерге жол бермей, өзінің сатып алған көшесіндей көретін Камил мен Амир де көрінбейді. Тек бір-бірімізге Жанғали аға екеуміз қарсы қарап, мына қос ғашықтың үніне құлақ түріп үнсіздікте тұрмыз. Мен өз кофеммен әлекпін, ал көрші аға таусылған темекісін жаңалаумен әуре. Осылайша қос ғашық үні Жанғали аға екеуміздің үнсіздігімізге үн бітіргендей болып тұрды. Толассыз жауған жауын қос ғашық біздің көшенің соңына жеткенде басыла қалды. Манадан бері жаңбырдың тоқтағанын күткендей Жанғали ағаның ақ мысығы терезеге секіріп шығып, иесіне еркелей тамақ сұрады. Олардың бұл әрекеті қос ғашықтың бейнесінен де сүйкімді көрінетін. Осындай көріністердің куәсі болып біраз отырған соң бөлмеме қарай өлең жазуға беттеген едім, бүгіндікке сұлулықтың түр-түрін көрген менің ақын жаным «демалшы» дегендей үнсіз қалды. Азанда «будильниктен» бұрын атып тұрып, ұйқылы-ояу, мең-зең күйдегі мен оған «Неге оятпағансың?!» деп өкпелей бергенімде бүгін демалыс екені есіме түсіп, өз қылығыма біраз күліп алдым. Кешегі жаңбырдан соң әбден ластанған балкондағы гүлдерімнің жапырақтарын көріп, бүгінгі шаруамның тым көп екенін түсіндім. Демалыс күнім әдеттегідей бөлмелерді жинап, бір апта бойы жиналып қалған киімдерді жуып, өзіме арналған дәмді тағамдардың түр-түрін әзірлеумен өтіп жатты. Әрине, балкондағы гүлдерді де ұмытқаным жоқ. Кешкісін таза ауа жұтып қайтайын деп сыртқа шықтым. Кешегі қос ғашық жүріп өткен жолдарға қарадым. «Менің де жолымнан біреу осылай қарай ала ма екен?» деген ой бір сәтке ойландырып жіберді. Серуенді ары қарай жалғастырып, Абай саябағына келдім. Тағы да қол ұстасқан ғашықтар мен иттерін жетектеген орыстың «қалалық әжелері» жүр. Бұл көрініс Шымкенттің күнделікті өміріне айналып қалған. Басқа қалаларда қар борап, жолдар жабылып жатса, біздің қала жайбарақат шуақты күндерімен қысты асықпай күтіп алады. Таза ауамен біраз жерді жаяулатып жүріп, үйге қайта келдім. Жанғали аға өз подъезінің алдында мысығымен отыр екен. Әдеттегідей бір-бірімізге бас изесіп, мен ары қарай кеттім. Жанғали ағаны подъезд алдынан көрген сайын онымен алғаш рет кездескен күніміз есіме түседі. Қалаға, осы қазіргі үйіме алғаш көшіп келгенде жұмыс орныма қарай баратын автобустың жолдың қай бетіндегі аялдамаға келіп тоқтайтынын білмей, өткен-кеткен барлық автобус жүргізушілерінен жол сұрап тұрғам. «Бұл жолмен сіздің автобусыңыз жүрмейді, келесі көшеден мінесіз», деп сол кезде Жанғали аға жол сілтеген болатын. Екеуміздің баратын аялдамамыз бен мінетін автобусымыз бір екен. Сол күні аялдамаға дейін жол-жөнекей танысып, автобустың келгенін бірге күтіп тұрдық. Ағаның ол кезде көлігі жоқ еді. Жұмысқа орналасқанына жеті-сегіз-ақ ай болған жас жігіт еді. Қолында қара портфелі бар, қара костюм киген. Ұзын бойлы, қасы қиылған, кірпіктері ұзын, тік сөзді, дауысы ырғақты. Естір құлаққа осыдан жағымды дауыстың болмасы анық. Осындай бір тұлғалы ағаның алғаш студенттік өмірден үлкен өмірге қадам басқан маған берген көмегінен ол кісінің жүрегінің де жұмсақ екенін байқаған едім. * * * Қаланың күйбең тіршілігі әдеттегідей жылжып, оңтүстіктің қысының аязсыз күндері өтіп жатты... Желтоқсан айының соңғы аптасы. Қаланың бәрі жаңа жылға дайындалып, қала орталығындағы барлық мекемелер мен ойын-сауық орталықтарында жаңажылдық «атмосфера» қалыптасып жатқан кез еді. Жұмыстан кештетіп шығып, құрбыларыммен болатын жаңажылдық кешкі асқа асығып бара жатқан едім. Жол бойында орналасқан кондитер дүкеніне кіріп бара жатқанымда алдымнан қолында торты бар Жанғали аға кездесіп қалды. Әдеттегідей бас изеп амандасқан күйі ішке асығыс кіріп кеттім. Өйткені дүкен бес минуттан соң жабылады. Дүкен ішіндегі сөрелерде бірде-бір торт қалмаған екен. Ең соңғы тортты Жанғали аға алып кеткен көрінеді. Бір түрлі қатты жылағым келді. Келесі дүкен 20 минуттық жерде. Ал мен болсам кездесуге кешігіп бара жатырмын. «Тортсыз баратын болдым ғой» деп еңсем түскен бойы сыртқа шығып едім, сыртта Жанғали аға күтіп тұр екен. – Мына тортты сіз алыңыз, – деді. – Жоға-а, аға. Ол сіздікі ғой, мен келесі дүкеннен ала саламын, ниетіңізге рақмет! – дедім торттан бірден бас тартып. – Ол да қазір жабылды, – деді аға сағатына қарап. – Сіз ала беріңіз, мен қала сыртындағы дүкенге барып қайтамын. Асығыс көрінесіз ғой, – деді. Алмайын десем де қолқалап, қолыма тортты ұстатты. Іштей ұялып қалдым. Аға менен қайда баратынымды сұрап, тоңып қалмасын деп құрбыларыммен кездесетін мекенжайға көлігімен жеткізіп тастады. Бір жол бойы екеуміз де үнсіз отырдық. Ағаның осы бір маған деген қамқорлығы өзімнің ағаларымнан ала алмаған махаббат сынды көрінетін. Адам баласынан жылу іздеп кеткенде осы кісінің өмірімде бар екені есіме түсіп, жаным тынышталып қалушы еді. Жаңа жылда бірден күн суытып, қала мен ауыл арасындағы жол жабылып қалды. Ауылға шыға алмаған соң мерекені Шым қаланың қақ ортасында орналасқан өзімнің кішкентай ғана үйімде қарсы алатын болдым. Жаңажылдық дастарқанды өзіме арнап дайындадым. Кино қарап жатып, терезеден Жанғали ағаның үйіне көзім түсті. Ол да ақ мысығын құшақтап, сыртқа қарап тұр екен. Терезенің тұсына мен де бардым. Аға мені көріп, қызыл сусын құйылған бокалын «алып қойыңыз» дегендей жоғары көтерді. Мен де дереу асүйден бокал алып, ауылдан әкелген компотты құйып, «алып қояйық» деп ағаның іс-әрекетін қайталадым. Екеуміз бір-бірімізге терезеден қарап, біраз күліп алдық. Сағат түнгі он екіден асқанда көрші аға тортын алып менің үйіме келді. Әрине, ақ мысығымен бірге. Үйге кіруге ол кісі ыңғайсызданғанымен, алайда аппақ үй жануарының қысылатын түрі жоқ. Жайбарақат адымдап басып, табалдырықтан аттай кетті. Аға да амалсыз мысығының артынан ішке кірді. – Мынау сіз ұнататын торт емес пе? – Иә, оны қайдан біліп қойғансыз? – дедім ұялып отырсам да қолындағы торттың менің сүйіп жейтін тәтті тағамым екенін көріп, таңғалған күйі. – Үнемі үйге оралғанда осы тортты алып қайтатыныңызды байқағанмын, – деді аға қолыма тортты ұстатып жатып. – Жаңа дүкенде көріп қалып, есіме түсе кеткен соң ала салғаным ғой. Жаңа жылыңызбен! – деді. – Бірге болсын, – деп, ағаның менің қарапайым ғана ұнататын тортыма дейін байқағанына іштей риза болып отырдым. Ағаның әңгіме саптауының өзі де бір ерекше еді. Алайда қыз баласының үйінде отырғаным ұятты болар деп көп кідірмей, өз үйіне қайта кетті. Неге екенін, Жанғали ағаға деген сыйластығымыздың артуына үнемі осы бір торт себепкер болатын да тұратын. Уақыт өткен сайын ағаның терезесіне қарап, оны көруге біртүрлі асығып тұратын болдым. Ақпан айы еді. Далада күннің көзі сынып, арқыраған аяз басылған жаймашуақ күндердің бірі. Жанғали ағаның бір шоқ гүл алып, көлігіне асыға отырып кетіп бара жатқанын байқадым. Бұл кісінің жүзінен мұндай қуаныштың белгісін бір жылдан бері көрші болсам да енді байқап тұрмын. Еріксіз жымиған мен ағаның терезесіне кешке дейін қараумен болдым. Ол соншалықты кеш оралған болды-ау шамасы, өйткені менің көзім ілініп, ұйықтап кетіппін. Осы көріністен соң зымырап біраз уақыт өте шықты. Бір күні жұмыстан келсем, есік алдында бір қағаз жатыр. «Кешкі 18:00-де «Кәусар» кафесіне келіңізші. Жанғали» деген хабар қалдырыпты. Шынтуайтында, алыстан ғана амандасатын адамның ойда жоқта кешкі шайға шақырғаны біртүрлі ыңғайсыз екен. Сонда да бармауға ұялып, тездетіп жиналып, «Кәусарға» қарай аттандым. Кафеде Жанғали аға жалғыз отыр екен. Үстел үстінде бір букет алқызыл раушан гүлі жатыр. Өзімді манағыдан да ыңғайсыз сезініп қалдым. «Бұл ағаның мына ісі қай сасқаны» деген оймен өзімді іштей жеп жатырмын. «Мүмкін босқа келген шығармын, маған не айтайын деп жатыр екен? Сезімін айтса қайтем? Бірақ маған сезім білдіретін адам болса, осы уақытқа дейін бір рет болсын байқайтын едім ғой» деген ойларыммен арпалысып жүріп, аға отырған үстелге әрең жеттім. Орнынан тұрған ол маған қолын ұсынып: – Қайырлы кеш, өтінішімді жерге қалдырмай келгеніңізге алғысым шексіз! – деді. Менің тілім күрмеліп, не айтарымды білмей үнсіз қолын алып, басымды изедім. – Сізді мүлдем ыңғайсыз жағдайға қалдырған сындымын ғой, – деді менің орындыққа отыруымды өтініп жатып. – Кешіріңіз, аға. Расында, кенеттен мені кешкі асқа шақыруыңыздың себебін әлі де түсіне алмай отырмын. Әдетте бас изеп амандасудан басқа жақындығымыз жоқ еді, мұныңыз маған тіптен күтпеген жағдай болды. – Ренжімеңіз, қарындас. Сізден басқа қуанышымды бөлісетін адам таппадым. Күнделікті өмірімнен хабарыңыз бар. Бір сарындағы қызықсыз көрініске толып, өзгеріссіз өмір сүріп келемін. Сол өміріме өзінің жарық бейнесімен сұлулық алып келген бір жанды жолықтырдым, сенесіз бе!? – «Ол – сіз» деп айтпайтын шығарсыз деп үміттенемін, – деп бір ысып, бір суыдым. Жанғали аға еріксіз күліп жіберді. Ол кісінің күлкісі де бір ерекше болатын. Алдымен екі көзі күліп, содан соң барып езуі екі құлағына жететін. Аппақ маржандай тізілген түзу тістері өте тартымды болатын. Әрі төмен қарап күлімсірегенде мұрнының үсті кішкене жиналып, жүзі ерекше нұрланып кететін. «Тағы біраз осылай күлсе ғой» деген ойымнан өзім шошып кетіп, тез-ақ есімді жинап алдым. – Жоға-а, қарындасым. Олай емес. Мына жағдайлардың барлығы, әсіресе тосыннан шақырылып, үстел үстіндегі мына раушан гүлдердің тұруы да солай ойлауыңызға себеп болып жатқанын түсінемін. Бірақ ол сіз емес. Шынында да ыңғайсыз жағдай болып қалғанын қараңызшы. Менің тосыннан айтылған сөзіме аға өзін қатты ыңғайсыз сезініп қалғанын бірден түсіндім. – Қалжың ғой, аға, бірақ ол бақытты жан кім екен? – Ол бақытты жан ба? Қазір келуі керек. Сіздерді таныстырғым келген. Сізді қарындасым деп едім, өзіңізден сұрап алмай таныстырғаныма ренжімеңіз. Бірақ шынында да қарындасымдай болып кеткенсіз. Бүгін сізді сол жеңешеңізбен таныстырғым келген. – Өте керемет, аға. Мен де сізді ағамдай көріп кеткенмін, ағамдай... Неге екенін білмеймін, «ағамдай» сөзі құлағыма біртүрлі түрпідей тиді. Күнделікті тереземнен көріп жүрген ақ мысықтың иесі шын мәнінде «ағам» емес, өзге бір тұлға болып қалыптасқандай сезіліп кетті. Бір сәтке өз ойларымнан қорқайын дедім. Өз ойыммен арпалысып отырғанда ағаның айтқан ақ періштесі кафеге кіріп келді. Орнынан атып тұрған аға гүлін қолына алып, «жеңешемнің» жанына өзінің ақ мысығы сияқты еркелей адымдап барды. Екеуі әнеукүнгі қос ғашықтай біз отырған орынға жеткенше бір-біріне еркелеп келді. Жанғали ағаның «ақ періштесі» расында да жүзі жылы, дауысы жағымды, келбеті келіскен сұлу бойжеткен екен. Сөз саптауы да сондай көркем, өзін өзгелердің алдында ұстау мәдениеті де жоғары. Ішімнен өзіме «саған мұндай болу қайда» дедім. Әдетте осындай «мәдениетті» отырыстан соң өзімді керемет сезініп, өмірге ғашық болып қайтушы едім. Ал бұл жолы өзіме беймәлім сезіммен үйіме көңілсіз оралдым. Жанғали аға өзінің ақ «Мерседесімен» «ақ періштесін» шығарып салуға аттанған болатын. Үйге дейінгі жолда да, тіптен үйге келген сәтте де «Жақында үйленсек пе деп отырмыз» деген Жанғали аға мен «жеңешемнің» сөзі құлағымда қайталана берді. Жұмыстан келгенде өте жағымды әсер беретін бөлмемдегі жарықтар да бүгін маған ерекше ұсқынсыз болып көрініп кетті. Мүмкін шаршағаннан болар деген оймен шай қойып едім, ана электр шәйнектің дауысы мазамды одан бетер қашырды. Салқын кофе дайындап, өзімнің сүйікті тереземнің жанына келіп, көктемнің салқын кешінен лаззат алуды ойладым. Кенеттен бұл терезе неге маған сонша ұнайды деген сұрақ мазалады да, бірден Жанғали ағаны іздей бастадым. Ол кісінің «ақ періштесін» үйіне шығарып салуға кеткені есіме түсті. Бірнеше сағаттан соң аға үйіне оралып, мысығына назар аудармастан төсекке телефонын құшақтай жата кетті. Мұның бәрі маған ап-айқын көрініп тұрған еді. Ол өзінің ғашығымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп жатып ұйықтап кетті. Тіпті киімін де ауыстырмады. Аппақ мысығын да тамақтандырған жоқ. Ол шын мәнінде де «жеңешеме» деген махаббатымен ауырайын деді. Ал маған «ағамның» бұл «ауруы» ұнап жатқан жоқ. Сол күннен бастап менің мазам кетті. Соншалықты ауыр болмаса да жұмысымнан шаршайын дедім, жанымның дәруі деген кітаптарымды да оқуды қойдым. Үнемі байланыста жүретін достарымнан да қол үздім. Өзіммен-өзім түсініксіз ойларыммен арпалысып кеттім. «Қаланың күйбең тіршілігі шаршатқан болар, үйге келіп кет», деген анамның сөзінен кейін ауылға жиналып, жолға шықтым. Ауылда бір-екі апта шамасындай болып, ағайын-туыстың бәрін аралап, түгендеп шықтым. Көзі тірі ауыл әжелерімен рахаттана әңгіме-дүкен құрып, анамнан өткен-кеткеннің бәрін сұрадым. Тұрмысқа шыққан әпкемнің үйіне барып, ыстық шай ішіп, шерімді тарқаттым. Ауылда жүргенде қаладағы қарбалас өмір туралы ой бір сәтке болсын мазаламады. Ал қайта қалаға келгенде жанымды отқа орайтын жаңалық болып жатты. Жанғали ағаның «ақ періштесіне» үйленетін күні тым жақын қалған екен. Маусымның маужыраған кешінде ауылдан енді келген бетім болатын, жеңешем» екеуі мені подъезд алдында күтіп тұр екен. Маған деген тойларының арнайы шақырту қағазын алып келіпті. Екеуін көріп, орнымнан қозғала алмай ұзақ тұрып қалдым. Алыстан мені бірден таныған Жанғали аға маған қарай қолын бұлғап жатты. Менің орнымнан тапжылмай тұрып қалғанымды қайдан білсін ол кісі. Аяғыма маған олардан бұрын жеткен ағамның ақ мысығы еркелей оралғанда ғана есімді жинадым. Ол кезде аға мен жеңеше маған екі адым жердей ғана жақындап қалған екен. Сасқанымнан мысықты көтеріп алып, еркелете кеттім. – Ауырып қалғансыз ба? – деген ағаның дауысына елең еттім. – Жоқ, аға, бәрі дұрыс, – дедім де жеңешемнің жүзіне қарадым. Маған алаңдап тұрғаны көрініп тұр. Жанғали ағаның жүзіне қарауға сол күйі жүрегім дауаламады. Екеуі тойға дайындалып жатқанын айтып, мені ерекше қонақ етіп тойға шақыруға келгендерін жеткізді. Мен тек үнсіз басымды изеумен болдым. Шақыруды алып, қолымдағы ақ мысықты құшақтаған күйі үйіме қарай беттедім. Неге екенін, олар мысықты қайда әкетіп бара жатқанымды сұрамады да. Қанша ай бойы санамды жеген сан сауалдан демалып келдім бе дегенде мына тар бөлме тынысымды тарылтып, терезе жанына қайта бардым. Ақ мысық та менің үйімді бөтенсімей үйреніп алды. Қанша уақыттан бері қараусыз қалғаны көрініп тұр. Өзімнің ауылдан алып келген сарқытыма ақ мысықты тойдырып, төменгі қабатта орналасқан дүкеннен мысықтарға арналған сабын алып, оны ақ көбікке малып алдым. Ол да алғысын айтқандай үсті-басын жалап, менің таза төсегіме жайғасып ұйықтап кетті. 25 маусым күні Жанғали аға мен жеңешемнің үйлену тойы болды. Қаламасам да барып қайттым. Сол күннен бастап ағам мен жеңешемді қарама-қарсы асүйдің терезесінен бірге көретін болдым. Іштей ағаны қатты қызғанып жүрдім. Сонша уақыт бойы жанымды жаралап жатқан, өзіме маза бермей жүргендегі сезімім ағама деген алып махаббатым екенін уақыт өте келе түсіндім. Бірақ бұл махаббатты дауыстап айтуға тым кеш екенін түсіндім. Қарашаның ызғары басым жаңбырлы кешінде ақ мысықпен бірге екеуміздің де жауапсыз махаббаттымызға айналған Жанғали ағаның бақытты отбасына қарап, еріксіз тамсанумен отыратын болдық. Мен сол баяғы ыстық кофемді ішіп отырмын, ал ақ мысық «мені қараусыз қалдырмашы» дегендей аяғыма ыңғайлана жатып, пырылдап, сипаланып жатты. Іштей өзіме ренжіп, сезімдерімді тым кеш байқағаныма әрі дауыстап айта алмай тек іштей ғана тұншығатыным үшін өзіме өкпелейтінмін. Алайда бір күні бұл сезімдердің де өшетініне сенімді болдым. Мүмкін уақыт өте келе біз де өзіміздің өмірімізге жарық сыйлай алатын ақ періштені кездестіретін шығармыз, кім білсін? Не дегенмен әркімнің өміріне мән кіргізер бір ақ періште бар емес пе?!. Жасмин КАМАЛ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар