– «Қазір мысалы мен пәтерді 2024 жылы сатып алып, 2025 жылы сатсам, ол менің атымда бір жылдан аз уақыт болған. Егер сату бағасы сатып алу бағасынан жоғары болса, сол айырма 10 пайыз мөлшерлемемен салық салынады. Ал жаңа Салық кодексінде бұл мерзім екі жылға дейін ұлғайтылады. Яғни, мүлік екі жыл немесе одан аз уақыт иелікте болса, оның құн өсімінен ЖТС төленуі тиіс», – деп түсіндірді Аббасова.
Ол ЖТС тек мүліктің қымбаттаған бөлігіне ғана салынатынын еске салды.
– «Құн өсімі дегеніміз – мүлікті сатып алған бағадан қымбат бағаға сату. Мысалы, пәтерді 10 миллион теңгеге сатып алып, 15 миллион теңгеге саттым делік. Сонда айырма – 5 миллион теңге және осы сомадан 10 пайыз ЖТС төленеді», – деді ол.
Мәселен, егер пәтер 2025 жылдың ақпанында сатып алынып, қарашада сатылса, яғни бір жылдан аз уақыт иелікте болса, онда сатушы құн өсімінен 10 пайыз ЖТС төлеуі керек. Ал 2026 жылдан бастап, салық төлемеу үшін мүлік екі жылдан кем емес мерзімде иелікте болуы тиіс.
Алайда бұл талап тек 2026 жылдан кейін сатып алынған жылжымайтын мүлікке ғана қолданылады.
– «Егер мүлік 2025 жылы сатып алынған болса, жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін де бір жылдық мерзім қолданылады. Яғни, 2025 жылы сатып алып, 2026 жылы сатсаңыз, екі жыл өтпесе де салық төлемейсіз. Өйткені өтпелі норма бар – 2026 жылға дейін алынған мүлікке бұрынғы бір жылдық ереже сақталады», – деп нақтылады МКК өкілі.
Ал 2026 жылдан кейін сатып алынған барлық мүлік – пәтерлер, жер учаскелері, саяжайлар, жеке қосалқы шаруашылық нысандары, автотұрақ орындары – екі жылдан астам уақыт иелікте болуы керек, сонда ғана салық төленбейді.
Бұдан бөлек, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендеріндегі үлес (долевое участие) сатылған жағдайда құн өсімінен салық салу мерзімі үш жыл болады.
– «Себебі мұндай жағдайда азамат дайын пәтер емес, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алады. Ал баға жыл сайын өсіп отырады. Сондықтан жаңа Кодексте үлес сату немесе қайта тапсыру мерзімі үш жыл деп бекітілді», – деді А.Аббасова.
Қазақстанда жеке табыс салығының мөлшерлемесі – 10 пайыз. Алайда 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді, оған сәйкес прогрессивті салық жүйесі енгізіледі. Жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі (2025 жылы шамамен 33,4 миллион теңге) азаматтар үшін мөлшерлеме 10 пайыз, ал осы сомадан жоғары табысқа 15 пайыз салық салынады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



