«ДАМУ» ҚОРЫ – БИЗНЕС ТІРЕГІ
Аталған қор Қазақстанның барлық өңірінде шағын және орта бизнестің сапалы дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2010 жылдан 2024 жылға дейін мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 4 386 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 339,7 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Қордың басты құралдарының бірі – банк несиелерін субсидиялау және кепілдендіру. Бұл жүйе кәсіпкерлерге қолжетімді пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді. Мысалы, мемлекет несиенің бір бөлігін субсидиялау арқылы кәсіп иелерінің қаржылық жүктемесін жеңілдетеді. Ал кепілдендіру тетігі бизнесі бар, бірақ кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге үлкен көмек. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын нығайтып, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік беріп отыр.
Аталған қордың облыстық филиалында мемлекеттік қолдауға ие болған бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Филиал директоры Мұғазан Қаңлыбаевтың айтуынша, қор «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналады. Даму қоры мемлекеттік қолдау бағдарламаларын үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Атап айтқанда, олар – жеңілдетілген қаржыландыру, кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге кепілдік беру және несие пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау.
– Биыл «Даму» қорының жұмысында ауқымды трансформация басталды. Өзгерістердің негізгі мақсаты – қолданыстағы жобалардың тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету рәсімдерін жеделдету. Бұл ретте бұрыннан бар ереже-талаптар сақталып, олардың ішкі құрылымы жетілдірілді, нәтижесінде олар жылдамырақ жұмыс істеп, экономикалық әсері күшейе түсті. Қор осылайша кәсіпкерлікті тұрақты және ұзақмерзімді дамытуды қамтамасыз ететін жаңа кезеңге бет бұрды. «Даму» қорының бағдарламаларының арқасында көптеген кәсіпорын микробизнестен шағын және орта бизнес санатына өтіп, ал кейбірі ірі компания деңгейіне дейін өсе алды, – деді М.Қаңлыбаев.
Сұхбаттасушының айтуынша, биыл маусым айында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігіне балама ретінде «Өрлеу» атты жаңа жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жылдық 12,6 пайыздық тұрақты мөлшерлеме және 10 жылға дейінгі несие мерзімін қарастырады, осылайша бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасайды. Өңірімізде «Өрлеу» бағдарламасы аясында жалпы несие сомасы 8,4 миллиард теңгені құрайтын 37 жоба қолдау тапты. Бұдан бөлек биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен екі жаңа кепілдік беру тетігі іске қосылды, яғни құны жеті миллиард теңгеге дейінгі және жеті миллиард теңгеден жоғары жобалар кепілдендіріледі. Енді жеткілікті кепілзаты жоқ кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілдігін небәрі екі жұмыс күні ішінде портфельдік кепілдендіру механизмі арқылы ала алады.
– Кепілдік несиелермен қатар, лизингтік мәмілелер мен келісімшарттардың орындалуына да қолданылады. Ол несие сомасының 85 пайызына дейінгі бөлігін қамтиды, бірақ 3,5 миллиард теңгеден аспайды. Облыста осы жылдың тоғыз айында кепілдік беру тетігі аясында жалпы несие көлемі 8,2 миллиард теңгені құрайтын 109 жобаға қолдау көрсетілді. Кепілдік сомасының жалпы көлемі 3,7 миллиард теңгені құрады, оның ішінде алғашқы кепілдік қоры аясында жалпы несие сомасы 6,4 миллиард теңге болатын 76 жоба іске асырылып, 2,9 миллиард теңге кепілдік берілді, – деді Мұғазан Нұрмаханұлы.
Қолдау тапқан жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы және қызмет көрсету салаларына тиесілі. Бұл бағыттар өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Ал пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі бойынша биылғы жылдың басынан бері «Даму» қоры аймақта 68 жаңа жобаға қолдау көрсетті. Несие портфелінің жалпы көлемі 11,1 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдегі бірнеше кәсіпорын өз өндірісін кеңейтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртуға мүмкіндік алды. Солардың бірі – Қазақстандағы тамақ өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорын «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын өнімдері «Арзу» сауда белгісімен кеңінен танымал. Компания 2006 жылдан бері жайма, кеспе, манпар, лағман секілді макарон өнімдерін шығарып, қазақ асханасының дәстүрі мен сапасына негізделген өндірісті табысты дамытып келеді.
– Бүгінде «Та-Мак» кәсіпорны ай сайын орта есеппен 80-100 тонна өнім шығарып, дәл осындай көлемде ұн өңдейді. Өндірістік қуаттылығы өнім көлемін 300 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, ал екінші желі іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш айына 600 тоннаға дейін жетпек. Игі бастама өнім түрлерін кеңейтіп қана қоймай, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға да жол ашады, – деді компания директоры Ернар Отаров.

Кәсіпорында ондаған білікті маман еңбек етеді, ал жаңа цехтың ашылуына байланысты қосымша қырық адамды жұмысқа алу жоспарланып отыр. Компания басшылығы еңбек жағдайының қолайлылығына және жалақының тұрақтылығына ерекше мән береді. Соның нәтижесінде ұжым бірлігімен, кәсіби ынтымағымен және жоғары еңбек мотивациясымен ерекшеленеді.
– Биыл «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» акцонерлік қоғамы арқылы жылдық 12,6 пайыз мөлшерлемемен қаржыландыру алды. Алынған қаражат айналым капиталын толықтыруға, жаңа жабдық сатып алуға және қыс маусымына дайындық шараларын жүзеге асыруға бағытталды. Өндірісте тек отандық шикізат қолданылады. Атап айтқанда, ұн Қостанайдан жеткізіледі, ал қаптама өнімдері Алматыдағы үш ірі компаниямен бірлесіп дайындалады. Мұндай ынтымақтастық жеткізілімдердің тұрақтылығын және өнім сапасының барлық кезеңде бақылауда болуын қамтамасыз етеді. Біздің басты қағидамыз – сапа және тағы да сапа. Әрбір қазақстандық отбасы «Арзу» өнімдерін күнделікті ас мәзіріне енгізе алатындай, сапалы әрі қолжетімді тағам өндіруге тырысамыз, – деп қосып өтті Ернар Амангелдіұлы.
«Арзу» бренді ұсынған өнімдер алуан түрлі және тұтынушының ыңғайын барынша ескеріп жасалған. Мысалы, үш келілік «Арзу жаймасы» шағын чемодан түрінде қапталып, көтерме бағамен сатып алуды жөн көретін отбасыларға арналған. Ал 300 грамдық нұсқасы – өнім сапасын сыртынан көріп бағалауға мүмкіндік беретін мөлдір қаптамада шығарылады. Жайманың жұқа әрі толқынды пішіні пісірген кезде өз формасын сақтап қалады. Ал 980 грамдық «Астау жайма» жеңіл, мөлдір қабықшаға оралып, ұқыпты көрінісімен ерекшеленеді. Маркетингтік зерттеулерге сүйенсек, көпшілік үй шаруасындағы әйелдер ет асуға арналған жайманың төртбұрышты пішінін жоғары бағалайды, себебі ол пісіруге де, дастарқанға сәндеп қоюға да өте қолайлы.
Бүгінде «Арзу» өнімдері Қазақстанның барлық өңірінде, Атырау мен Ақтаудан бастап, Астана мен Алматыға дейін сатылады. Компания ұзақмерзімді келісімшарттар негізінде жұмыс істейтін ресми дистрибьюторлар желісін қалыптастырған. Олар фабрикадан тікелей өнім алып, макарон бұйымдарының дүкендер мен сауда желілеріне үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ішкі нарықпен қатар, кәсіпорын экспорт бағытын да белсенді дамытып келеді. Тарқатып айтқанда, кәсіпорын өнімдері Өзбекстанға, Ресейдің Орынбор, Хвалынск және Астрахань қалаларына жөнелтіледі. Алдағы уақытта компания Қырғызстан нарығына шығуды жоспарлап отыр.
Компания өз брендін қорғауға да ерекше мән береді. «Арзу» сауда белгісі патенттелген және жақында оның мерзімі тағы 10 жылға ұзартылды. Кәсіпорын санитарлық және технологиялық талаптарды қатаң сақтайды, өнім сапасын жүйелі түрде тексеріп, өндірістік жабдықтарын үнемі жаңартып отырады. Қазір «Та-Мак» жаңа өндірістік цехтың құрылысын аяқтап жатыр, бұл өз кезегінде өнім көлемін арттырып, өндіріс тиімділігін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік береді. Кәсіпкермен әңгімелескеннен кейін біз өндіріс орнын аралап көрдік. Нысанның кіреберісінен-ақ тазалық пен тәртіптің ерекше сақталатыны байқалды. Үстімізге ақ халат пен аяғымызға бахила кидік. Цехқа енген сәтте көзге бірінші болып қолдан жасалған диірмен мен кептіру қондырғылары түсті. Таңғаларлығы, мұндағы барлық құрал-жабдықтарды кәсіпкер мен жұмысшылар қолдан құрастырыпты. Кәсіп иесі әңгіме барысында: «Бәрін нөлден бастадық. Кей жылдары 2-3 ай бойы айлық бере алмаған кездеріміз де болды. Бірақ тауымыз шағылмады, қиындыққа төтеп бердік», – деді.
Расында да сол табандылықтың арқасында бүгінде олардың кәсіпорны өңірдегі ең мықты өндіріс ошақтарының біріне айналған. Қазір мұндағы жұмысшылардың еңбекақысы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған қоса ай сайын әр қызметкерге 5 келі күріш пен сұйық май секілді азық-түлік өнімдері үлестіріледі екен.
– Әрбір жұмысшымыз біз үшін қадірлі. Әркімнің еңбегін әділ бағалауға тырысамыз, – дейді кәсіпкер.
Өнімдердің сыртқы қораптары да көзтартарлық ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген. «Та-Мак» ЖШС – дәстүр мен жаңашылдықты және жоғары сапаны үйлестіре білген, қарқынды дамып келе жатқан әулиеаталық кәсіпорын. Мемлекеттік қолдау, тиімді басқару және тұтынушылар алдындағы жауапкершіліктің арқасында компания еліміздің тамақ өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық дербестікті нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
ӨНДІРІС АССОРТИМЕНТІНДЕГІ ОРТОПЕДИЯЛЫҚ БҰЙЫМДАР
«Даму» қоры жүзеге асырып жатқан «Өрлеу» жобасының игілігін көрген кәсіпорындардың бірі – «Повстянко Г.О.» жеке кәсіпкерлігі. Өндіріс «AVERO» сауда белгісімен ортопедиялық матрастар шығарумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда өндіріс ассортиментінде серіппелі және серіппесіз, мақтадан, поролоннан, сондай-ақ тәуелсіз серіппе блогымен жасалатын 30-дан астам матрас түрі бар.
Көпшілік арасында ең сапалы жиһазды Беларусь пен Италияда, ал фурнитураны Аустрия мен Германияда шығарады деген пікір кең таралған. Текстиль өнімдері көбіне Түркия мен Кореядан келеді, ал ең төзімді матрастар Ресейде өндіріледі деп саналады. Алайда соңғы жылдары көпжылдық тәжірибесі бар ірі қазақстандық өндірушілер шетелдік импорттаушылармен табысты бәсекелесіп келеді. Отандық кәсіпорындар сапалы өнім ұсынып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.
Жамбылдық «Avero» фабрикасы осындай импортты алмастыратын өндірісті табысты жүзеге асырып, ортопедиялық матрастар, жастықтар және су өткізбейтін төсеніштер шығарып жүр.
– «Повстянко» жеке кәсіпкерлігі 2015 жылы ресми тіркеуден өтіп, «Avero» сауда белгісімен ұйқыға арналған ортопедиялық бұйымдар өндірісін бастады. Бүгінде бұл фабрика Қазақстандағы матрас өндіруші жетекші компаниялардың бірі саналады және алдағы уақытта өз өнімін шетел нарығында да танымал брендке айналдыруды мақсат етіп отыр. Өндірістік қуатты арттыру мақсатында компания айналым қаражатын толықтыру үшін үнемі мемлекеттік қолдау тетіктерін, яғни жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын пайдаланады. Өндірісті іске қосуға 25 миллион теңге жеке қаражат және 120 миллион теңге заемдік қаражат жұмсалды. «Даму» қорының субсидиялау бағдарламасының арқасында несие мөлшерлемесі жеті пайыз деңгейінде бекітілді. Фабриканың негізін қалаушы Григорий Повстянконың айтуынша, өндірісте қолданылатын шикізат Ресей, Қытай, Түркия және Еуропаның бірнеше елінен жеткізіледі. «Матрас жасауда ұсақ-түйек болмайды. Поролонның тығыздығы, серіппенің түрі, олардың саны – бәрі де сапаға әсер етеді. Мәселен цехтың ең сәтті тауарларының бірі – «Relax» матрасының сапасы құрамындағы тоғыз қабаттан астам материалдан тұратын құрылымында жатыр. Тарқатып айтсақ, матрас әуелі жұмсақ мата, астында холлофайбер және полиуретан қабаты, одан кейін спанбонд материалымен қорғалады. Келесі қабаттарда жоғары серпімділікке ие көбік, кокос койрасының талшықтары, термовойлок, тәуелсіз пружиналық блок және тағы да қорғаушы қабаттар бар. Әр қабаттың қалыңдығы мен тығыздығы – матрастың қаттылығын анықтайтын басты фактор. Осылайша тұтынушы қалауы бойынша жұмсақ, орташа немесе қатты үлгіні таңдай алады. Материалдар әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінеді. Мәселен латекс Бельгия, Тайландтан жеткізіледі. Барлығы халықаралық сапа сертификатына ие. Матрастардың құны 20 мың теңгеден басталып, 300 мың теңгеге дейін барады. Баға оның құрамына, материал сапасына және көлеміне байланысты. Мысалы, орташа санаттағы матрас шамамен 150 мың теңге тұрады. Бұл модельге 5 жылдық кепілдік беріледі, бірақ дұрыс күтім жасалған жағдайда қызмет ету мерзімі 30 жылға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, дәрігерлер матрасты 10 жылдан артық пайдаланбауға кеңес береді – бұл ең алдымен гигиеналық себептерге байланысты. Ал секіру үшін емес, ұйықтау үшін жасалған затты дұрыс қолдансаңыз, ол сізге ұзақ жылдар бойы қызмет етеді», – дейді Григорий Юрьевич күлімсіреп.

«Avera» компаниясы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда 30-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Оның 15-і – тікелей өндіріс бөлімінде, ал қалғандары әкімшілік және сату саласында. Бір қызметкердің орташа жалақысы 200 мың теңге шамасында, біліктілігіне қарай жоғары болуы да мүмкін.
Зауыт тігіншісі Фарух Мухидинов фабрикада екі жылдан бері еңбек етеді.
«Жұмысқа хабарландыру арқылы келдім. Алғашқы екі-үш күн стажировкадан өттім де, толыққанды жұмысқа кірістім. Коллектив өте жақсы, жалақы уақытылы беріледі», – дейді ол.
Фарухтың айтуынша, бұл цехта матрасқа арналған мата кесіледі. Әр тапсырыс нақты өлшеммен орындалып, стандартты және ерекше көлемдегі матрастар да тігіледі. Қызметкерлер арнайы үлгі бойынша маталарды дайындап, кейін олар тігу бөліміне жөнелтіледі.
«Avera» өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізіледі, сонымен қатар Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталады. Компания «Kaspi», «Halyk Market» сияқты маркетплейстер арқылы да өнім сатады. Тараз қаласы аумағында жеткізу тегін.
Бастапқыда фабрикада шамамен 3 мың дана өнім өндірілсе, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш бірнеше есе өсті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 7 650 матрас сатылды. Пандемия кезінде көптеген өндірушілер жабылғанда «Avero» тек өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, оны арттырды. Қазіргі таңда жылына шамамен 12 мыңнан астам дана өнім шығарылады және сатылуда. Фабриканың жұмыс процесінің шамамен барлығы автоматтандырылған.
– Мемлекет шағын және орта бизнеске, импорт алмастыратын кәсіпорындарға әрқашан қолдау көрсетіп жатқаны қуантады. Осы арқылы кәсіпкерлер дамып, ел экономикасын нығайтуға үлес қосады. Тоғыз жылдық жұмыс барысында компаниямыз Жамбыл облысында ғана емес, Қазақстан бойынша ұйқыға арналған өнім өндірісінде жетекші орынға ие болды. Біз қарыз қаражаттарын бюрократиялық қиындықсыз алып, заманауи жабдық сатып алдық. Қазіргі уақытта заманауи технологияларды пайдаланып, персоналдың біліктілігін тұрақты түрде арттырамыз. Сол арқылы өнім көлемі жыл сайын өсіп келеді. Әр шығарылған өнім жоғары сапалы, практикалық және ұзақмерзімді болып табылады. Көптеген отандасымыз импорттық өнімдерден бас тартып, отандық өндіріс өнімдерін таңдайды, – дейді Г.Повстянко.
Григорий Повстянко қазақстандық өнім әлемдік аналогтарымен еш қиындықсыз бәсекелесе алатынына сенеді.
– Біз матрастарды өндірудің өз технологияларын жасап шығарамыз, олар клиенттердің қажеттіліктеріне толық сәйкес келеді. Айына орта есеппен кемінде 700 матрас сатамыз. Олардың қолдану мерзімі бес жылдан асады. Қазіргі уақытта «Ортопедиялық матрастар, дивандар және отырғыш-ұйықтағыш жиһазға арналған тәуелсіз ауа жасушалары және оларды өндіру әдісі» және «Матрастың периметрін күшейту жүйесі» атты өнертабыстарға авторлық құқықтарды бекіту жұмыстары жүргізілуде. ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институты біздің әзірлемелерімізге сараптама жасап, оң қорытынды берді. Қазіргі таңда екі инновациялық патентке өтініштің қаралу нәтижесі күтілуде, олар матрас өндірісін жақсарту технологиясы мен жаңа материалдарды қолдануға бағытталған, – дейді кәсіпкер.
Барлық өнімдерді көрме залдарында сынап көруге болады. Мұнда әрбір сатып алушыға кәсіби менеджерлер кеңес береді, жеке қажеттіліктеріне сай модель таңдауға көмектеседі.
Инустрияландыру бағытына бойлай алған кәсіпорын
«Даму» қорының қолдауын көрген зауыттардың бірі – «Super-pharm» ЖШС. 2011 жылдың желтоқсанында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған компания бірреттік қолдануға арналған тоқыма емес материалдардан жасалған медициналық киімдер мен төсек-жабдықтар, сондай-ақ таңу құралдарын өндіреді.
Өндіріс басшысы Қанағат Көпеновтің айтуынша, зауыт негізгі он және қосалқы екі цехтан тұрады. Жыл сайын акушерия, гинекология және хирургия саласында қолданылатын 300 миллионға дейін бұйым шығарылады. Ассортиментке медициналық баскиім, бетперде, бахил, қалпақ, жаялық, халат, дәке және 16 түрлі өнім кіреді.
2025 жылдың шілде айында кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы арқылы жылына 12,6 пайыз мөлшерлемемен инвестициялық жеңіл несие алған.
– Зауытта медициналық өнімдер ғана емес, тоқыма, пластик, пакет және түрлі жүйелер де өндіріледі. Айша бибі ауылы тұрғындарының 80 пайызын осы зауыт жұмыспен қамтыған. Қазіргі уақытта мұнда 600-ге жуық адам жұмыс істейді. 2010 жылдан бастап «Даму» қорымен жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынға 6,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл қаражат толық көлемде кәсіпорынды дамытуға, жаңа құрылыс салуға, өндірісті кеңейтуге және шикізат алуға жұмсалды. Зауыттың жалпы жер аумағы 12,77 гектарды құрайды. Өндірістік үй-жайлардың көлемі 12 470 шаршы метрді, шикізат пен дайын өнім қоймалары 10 000 шаршы метрді, ал қосалқы үй-жайлар 5 000 шаршы метрді алып жатыр. Қолжетімді 37 000 шаршы метр жер өндірістік қуатты кеңейту және жаңа құрылыс салу мақсаттарына пайдалануға дайын. Жалпы өндірістік қуаттылық жылына 350 миллионнан астам бұйым шығаруға мүмкіндік береді. Бірреттік медициналық бұйымдарға деген елдің жалпы қажеттілігінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл Қазақстанның импортқа тәуелділігін төмендетуге және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға септігін тигізеді, – дейді Қ.Көпенов.
Зауыттың өндірістік бағыттары бес негізгі блоктан тұрады. Бірінші бағыт – тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі. Қазіргі таңда 272 атаулы бұйым шығарылады, жылдық өндіріс көлемі 46 миллионнан астам бірлікті құрайды. Бұл бағыт зауыт өнімдерінің 67 пайызын алады. Қазақстандағы медициналық мекемелердің осы өнім түріне деген қажеттілігінің 70 пайызынан астамын қамтамасыз етеді. Шикізаттың 90 пайызы зауыттың өз өндірісінен алынады, қалған 10 пайызы Ресей мен Қытайдан сатып алынады. Екінші бағыт – пластмассадан жасалған медициналық бұйымдар. Қазіргі уақытта 43 түрлі пластмасса бұйымдары шығарылады, жылдық өндіріс көлемі 84 миллионнан астам бірлікті құрайды. Бұл топ зауыт өндірісінің 17,5 пайызын құрайды және медициналық мекемелердің қажеттілігінің 70 пайызынан астамын қамтамасыз етеді. Шикізаттың 20 пайызы отандық полипропилен өндірушіден алынады, ал қалған 80 пайызы Ресей мен Қытайдан жеткізіледі.
Үшінші бағыт – пластырь типтес бұйымдар мен спирттік сулықтар өндірісі. Зауыт 40 түрлі пластырь типтес бұйымдар шығарады, соның ішінде операциядан кейінгі таңғыштар мен катетерлерді бекітуге арналған таңғыштар, сондай-ақ спирттік сулықтар да бар. Бұл топ зауыт өндірісінің 15 пайызын құрайды және медициналық мекемелердің қажеттілігінің 90 пайызынан астамын қамтамасыз етеді. Шикізаттың 5 пайызы Қазақстаннан алынады, қалған 95 пайызы Ресей мен Қытайдан сатып алынады. Төртінші бағыт – бірреттік шприцтер өндірісі. 2023 жылдан бастап зауыт 5 түрлі бірреттік шприц шығарады, жылдық қуаты 215 миллионнан астам бірлікті құрайды. Сонымен қатар бірреттік шприцтерге арналған инелер, инфузиялық ерітінділер мен қан құюға арналған жүйелер де өндіріледі. 2026 жылдан бастап бұл өнімдер еліміздегі емдеу мекемелеріне жеткізіле бастайды. Қуаттылығы медициналық мекемелердің барлық қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті. Бесінші бағыт – медицинада қолданылатын материалдар өндірісі. Тоқыма емес материал өндірісі жылына 6 900 тонна өнім шығаруға қабілетті, әртүрлі тығыздықтағы 4 түрлі материал өндіріледі. «Таза» үй-жайлар мен құрылысқа арналған сэндвич-панельдер өндірісі тәулігіне 800 шаршы метр өнім шығарады, панельдер хирургиялық бөлімдер мен «таза» үй-жайлар салуға арналған, герметикалық, берік және химиялық төзімділігі халықаралық стандарттарға сай.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




