Жуырда Парламент Мәжілісінде өткен пленарлық отырыста 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық, облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалардың, астана бюджеттерінің арасындағы осы жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы заңдардың жобалары қаралды. Заң жобалары Бюджет кодексінің талаптарына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленді.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Солардың бірі – Берік Бейсенғалиев. Ол 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасы туралы, алдағы 3 жылда Үкімет экономиканы нығайта түсу үшін қандай нақты шараларды көздеп отырғанын сұрады.
– Расында да бюджеттік жоспарлау кезінде біз консервативтік тәсілді қолданамыз. Соңғы 3 жылда экономикамыз тұрақты өсіп келе жатыр. 2023 жылы 5,1 пайыз болды. Былтыр 5 пайызға өстік. Биыл өсу қарқыны жоғары болып тұр. Жалпы әлемдегі ахуалды қарасақ, әлемдік экономиканың орташа өсімі – 3 пайыз. Біздің ірі көршілерімізді және бізге маңызды елдерді қарайтын болсақ, олардың экономикалары да баяулап жатыр. Сондықтан Үкімет тарапынан тұрақты, қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, «Бәйтерек» холдингі арқылы ауқымды бағдарлама іске қосылды. Оның жалпы мөлшері – 8 триллион теңге. Ол маңызды инфрақұрылымдық, индустриалды жобаларды іске қосуға бағытталады. Біздің қоржынымызда басқа да кешенді іс-шаралар бар. Оның бәрін қабылдап, тиісті даму қарқынын қамтамасыз етеміз деп ойлаймыз. Биыл жалпы 190 индустриялық жоба іске қосылады. Олардың жалпы құны 1,5 триллион теңгеден асады. Ал барлық саланы айтатын болсақ, қазіргі таңда 1 681 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалардың шеңберінде 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Алайда өсіммен қатар, бізге макроэкономикалық тұрақтылық өте маңызды. Бірінші кезекте инфляцияны тежеу керек. Қыркүйектің қорытындысы бойынша, инфляцияның деңгейі 12,9 пайызды құрады. Біздің пікірімізше, бұл – тым жоғары көрсеткіш. Оны төмендету керек және осы бағытта біз Ұлттық банкпен бірге тиісті шаралар жоспарын дайындап жатырмыз. Дайын болған кезде оны жақын арада халыққа жариялаймыз. Осы барлық факторды есепке ала отырып, біздің пікірімізше, жоспарланған даму қарқынының көрсеткіштері дұрыс теңгерімде деп санаймыз, – деп жауап берді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық компаниялардан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтерді қысқарту туралы қойған депутат сауалына жауап берген Премьер-министр ұлттық компаниялар өңірлерде ірі инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөліп жатқанын айтты. Ал бұл қаражаттардың жұмсалуының ашықтығы бүгінде қолданыстағы заңнамамен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
– Ұлттық компаниялар жұмсайтын, яғни экономикаға құйылатын қаражаттың ашықтығы туралы мәселе барлық жағынан заңнамамен қамтамасыз етілген деп ойлаймыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл қабылданған жаңа Бюджет кодексіне дивиденд төлеуден алынатын үлес әрбір ұлттық компаниядан кемінде 50 және 70 пайызға дейін болуы тиіс деген норма енгізілген. Бұрын бұл норма жоқ еді. Бұл шектік меже Үкіметтің қаулысымен белгіленді. Біз мұны ашықтыққа, есеп беруге, ұлттық компаниялардың қаражатын жұмсауға Парламент тарапынан қадағалауды арттыруға жасалған елеулі қадам деп санаймыз. Ұлттық компаниялардың иелігінде қалатын қаражаттар да заңда белгіленген рәсімдерге сәйкес ашық түрде жұмсалады – сатып алу ережелері және бұл ақпарат Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке қоса беріледі. Мәжіліс депутаттары мен жұртшылықтың бұл ақпаратты зерделеуге, бақылауға, сауалдар қоюға және түзетулер енгізуге мүмкіндігі бар. Сіз айтып отырған нақты сомаларға келсек, шын мәнінде, бұл сома – мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтердегі айырмашылық, ол «Самұрық-Қазына» қоры есебінен қалыптасып отыр. Мен бұл ретте бірқатар цифр келтіргім келеді. Қор негізгі мемлекеттік даму институты ретінде 53 триллион теңгеге бағаланатын өте ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл – үлкен сома. Әрине, қор осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсап қана қоймай, нарықтан да қарыз алуға мәжбүр, бұл қалыпты жағдай деп санаймыз. «Самұрық-Қазына» қоры инвестициялық бағдарламадан бөлек, еліміздің әр өңірінде бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, өңірлерде тек денсаулық сақтау нысандарын салудың өзіне 550 миллиард теңге бағытталып отыр, ал еліміздің барлық өңірінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 миллиард теңге бөлінген. Бұл дегеніміз – өте маңызды инвестициялар, сондықтан да мен айтқан факторларды ескере отырып, «Самұрық-Қазына» қорының дивидендтері бойынша қабылданған шешімдер бір негізге сүйенген және жан-жақты қарастырылған деп есептейміз, – деді Үкімет басшысы.
Алқалы жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың қарауына елдің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын енгізді.
Премьер-министрдің орынбасары базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайызды, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3 пайызды құрайтынын атап өтті. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 триллион теңгеден 2028 жылы 229,8 триллион теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаятыны болжанып отыр.
Үш жылдағы орташа өсім тау-кен өнеркәсібінде 2,8, ауылшаруашылығында – 3,9 құрылыста – 11, көлік қызметтерінде – 10,1, саудада 6,7 пайызды құрайды. Экспорт 2026 жылғы 77,1 миллиард АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 миллиард долларға дейін, импорт 67,7 миллиард доллардан 75,2 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда.
Бұл ретте инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайыз, 2027-2028 жылдары орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026-2028 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қаржы параметрлерінің жай-күйі туралы баяндады. Қазақстанның салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделген.
– Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,7 триллион 770 миллиард теңге мөлшерінде айқындалды. 2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7-109,3 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 триллион теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 15,1 пайызды, 2027 жылы 28,8 триллион теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 14,0 пайызды, 2028 жылы 29,8 триллион теңгені немесе бюджеттік ережелерде белгіленген лимиттер сақталған кезде жалпы ішкі өнімге 13,0 пайызды құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдерінде Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тарту қажет етілмейді, бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың мәндері 2026 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5 пайыз және 4,9 пайыз деңгейінде айқындалғаны, кейіннен 2028 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,9 пайызға және 2,7 пайызға дейін төмендеуі болжанып отырғаны атап өтілді. Осыны ескере отырып, Үкіметтің қарызы 2026 жылы жалпы ішкі өнімге 21,4 пайыз деңгейінде болады, 2028 жылы 19,6 пайызға дейін төмендейді, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды.
Басқосуда Қаржы министрі Мәди Такиев «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасай отырып, құжаттың 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде Бюджет кодексіне сәйкес дайындалғанын атап өтті.
Ведомство басшысы биылғы бюджетті қалыптастыру ең жауапты және күрделі процестердің бірі болғанын айтты. Оның айтуынша, бұл – нәтиже мен тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексінің қолданылу аясында қалыптастырылған алғашқы бюджет.
Сондай-ақ Мәди Такиев 2026 жылға арналған бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндады.
Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты осы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 триллион теңгеге артып отыр. Бұл мемлекеттік қаржының тұрақтылығына алып келеді. Бюджет шығыстары 27,8 триллион теңгені құрады.
Министр Үкіметтің басты міндеті – құрылымдық реформалар және шығындардың тиімділігін күшейту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін жеткізді. Негізгі шешімдердің бірі – әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамытуды бастау және проактивті форматқа көшу. Бұл адами факторды азайтады, бюрократияны төмендетіп және көмек көрсетуді тездетеді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласына 2,7 триллион теңге қарастырылған. Биылмен салыстырғанда бұл қаражат 107 миллиард теңгеге артық. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Білім және ғылым саласына 901,7 миллиард теңге жоспарлануда. Білім беру процесінің сапасын жақсарту, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамыту бойынша басымдықтар сақталуда.
2026 жылы мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263,5 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларына кешенді талдау жүргізілді.
Бұдан бөлек 2026 жылы экономиканы ынталандыруға баса назар аударылуда. Нақты секторды дамытуға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 540 миллиард теңгеге артып, 3,7 триллион теңгені құрайды. Бұл шаралар жаңа салалық өсу драйверлерін іске қосуға және елдің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Негізгі басымдықтардың бірі өңірлерді дамыту болып қала береді. Өңірлерді дамытуға 2026-2028 жылдарға 581 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде 2026 жылы 300 миллиард теңге бөлінеді. Бұл жобалар аса маңызды және жалпыхалықтық маңызға ие. Әкімдіктердің дербестігін арттыру мақсатында 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 триллион теңге бағытталады.
Күштік құрылым блогына келесі жылы 3 триллион теңге бөлінеді, бұл биылмен салыстырғанда 335 миллиард теңгеге артық. Осылайша 2026 жылы қорғаныс шығындары жалпы ішкі өсімнің 1 пайызын құрайды.
Қаражат тек жауынгерлік дайындықты қолдауға ғана емес, сонымен қатар жүйелік инновацияларды жүзеге асыруға да жұмсалады.
2023 жылдың қазан айында Арнаулы мемлекеттік қор құрылғаны атап өтілді. Биыл қазан айында қорға жалпы түсімдер 490 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 459 миллиард теңгеге еліміздің барлық өңірінде сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы 452 әлеуметтік жобалар қаржыландырылды.
Көп ұзамай Мәжіліс депутаттары Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңдарды қабылдады. Құжаттар Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен қаралды.
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы кірістер биылғы болжаммен салыстырғанда 4,7 триллион теңгеге артып, 19,2 триллион теңгені құрайтынын мәлімдеді. Жоспарлы кезеңде олардың көлемі 2028 жылға қарай 23,2 триллион теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Республикалық бюджет шығындары 2026 жылы 27,7 триллион теңгені, 2027 жылы 28,8 триллион теңгені, 2028 жылы 29,8 триллион теңгені құрамақ.
Қаржы министрі Мәди Такиев бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отырғанын атап өтті. 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 триллион теңге, оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 триллион теңге, адами капиталға салынатын инвестицияларға 3,9 триллион теңге бөлінеді. Сонымен қатар экономиканы ынталандыруға 1,2 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр, бұл салалық өсудің жаңа драйверлерін ашуға мүмкіндік береді.
Негізгі басымдықтардың бірі болып өңірлерді дамыту қала береді. Бұл мақсаттарға 2026-2028 жылдары 581 миллиард теңге бөлінбек, соның ішінде 2026 жылға 300 миллиард теңге қарастырылған. Бұл жобалар аса маңызды және республикалық маңызы бар жобалар болып белгіленді. Әкімдіктердің өз бетінше жұмыс жүргізу мүмкіндіктерін арттыру үшін 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 триллион теңге бөлінеді.
Заң жобасын қарау нәтижесінде депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету енгізуді ұсынды.
Соның ішінде 2026 жылы өңірлерді дамытуға Үкімет резерві есебінен қосымша 30 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасына, газбен, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, жағалауларды нығайтуға және басқа да басым бағыттарға жұмсалады.
Сондай-ақ ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу бойынша түзетулер енгізілді. Ол отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық секторды технологиялық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.
Республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы құжатты түсіндіре отырып, Серік Жұманғарин 2026 жылға субвенциялар 5,1 триллион теңге, ал алып қою 879,9 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Жалпы сипаттағы трансфеттердің көлемдерін айқындау кезінде қазіргі нысаналы трансферттерден басқа агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, үнемді суару технологияларын енгізуге, жаңадан іске қосылатын нысандарды күтіп ұстауға арналған және басқа да шығыстар ескерілген.
Депутаттар мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар көлемін 16,5 миллиард теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Бұл қаражат елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін қолданыстағы және жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтауға, сондай-ақ ауылдардағы кәсіпкерлік субъектілерінің агроқұзыреттерін арттыруға, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмсалады деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, министрліктің бағалауы бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді. Бұл тұрғыда 2028 жылға қарай Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін болады, ал Маңғыстау облысы қайтадан донорға айналады.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелерінен алдағы үш жылда экономика өсімінің баяулау себептерін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту деңгейін сақтау, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты жою және тағы да басқа жоспарлары жөнінде сұрады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



