Шалдың баласы
Бас редакторымыздан белгілі журналист, сатирик жазушы Болат Жаппарұлы туралы мақала жазуға тапсырма алдық. 45 жыл өмірін журналистикаға арнаған, әлі де қалам қуаты қайтпаған журналист 26 тамызда мерейлі жетпіс жасқа толып отыр. Сондықтан да Жамбыл журналистикасының бүгінгі ақсақалы, газетіміздің тұрақты авторы жемісті жастың желкенін керіп жатқанда үндемей қалғанымыз жарамас деп жаны жайсаң ағамен жүздесуге асықтық.
Жалпы Болат Жаппарұлының есімін көңілі ояу, көзіқарақты газет оқырмандары жақсы біледі. Бірақ кейіпкеріміздің ел қатарлы 6 емес, 8 жасында мектеп табалдырығын аттағанын, оқушы кезінде Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың, кейін даңқты қолбасшы, ел ардақ тұтқан Бауыржан Момышұлының батасын алғанын , ХХ ғасырдағы қазақ әншілік өнерінің қайталанбас хас таланттарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовпен айырылмас дос болғанын, ән мен саз өнерінің классигі Жүсіпбек Елебеков «сенен Халық әртісін шығарамын» дегенде ұсынысынан бас тартқанын екінің бірі біле бермейтіні анық. Тіпті әкесі Жаппардың өмірден озатын жасына дейін тура болжағаны да өз алдына бөлек әңгіме. Ендеше мақаламызға тұздық етіп алып отырған кейіпкеріміздің көпшілікке мәлім де беймәлім өмір жолын, қырларын өз аузынан естісек...
«ВРАТАРЬ МАНГА»
Жалпы Болат Жаппарұлының есімін көңілі ояу, көзіқарақты газет оқырмандары жақсы біледі. Бірақ кейіпкеріміздің ел қатарлы 6 емес, 8 жасында мектеп табалдырығын аттағанын, оқушы кезінде Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың, кейін даңқты қолбасшы, ел ардақ тұтқан Бауыржан Момышұлының батасын алғанын, ХХ ғасырдағы қазақ әншілік өнерінің қайталанбас хас таланттарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовпен айырылмас дос болғанын, ән мен саз өнерінің классигі Жүсіпбек Елебеков «сенен Халық әртісін шығарамын» дегенде ұсынысынан бас тартқанын екінің бірі біле бермейтіні анық. Тіпті әкесі Жаппардың өмірден озатын жасына дейін тура болжағаны да өз алдына бөлек әңгіме. Ендеше мақаламызға тұздық етіп алып отырған кейіпкеріміздің көпшілікке мәлім де беймәлім өмір жолын, қырларын өз аузынан естісек... – Әкем Жаппардың мойнына бұршақ салып тілеп алған баласы болғандықтан тым ерке болып, не киемін, не ішемін демей, шалқып өстім десем болады. Әкем марқұм бетімнен қаққан емес, – деп бастады әңгімесін Болат Жаппарұлы. – Жапекең жаман тәрбие берген жоқ. Адалдыққа, еңбекқорлыққа, білімдарлыққа, бауырмалдыққа баулыды. Егер бойымда жылт еткен жақсы қасиет болса, бәрі-бәрі әкемнен дарыған. Жапекең сөзге ұста, әңгімешіл, темірден түйін түйіп, жанқаға жан бітірген қолөнер шебері еді. Біркісідей домбыра шертіп, өлең де шығаратын. Жапекеңнің алғашқы Құдай қосқан қосағы Ұлсары анам 17 жасында бір қыз туған екен. Өкінішке қарай кейінірек шетінеп кетіпті. Ұлсары анам одан кейін бала көтермепті. Құдай етегіне бермесе де, пейіліне берген Ұлсары анам ерінің тоқал алуына рұқсат беріп, бір перзентке зар болып отырған әкем Қызжан анамды жар етіп алады. Сөйтіп Жаппардың кіндігінен 4 перзент дүниеге келіппіз. Тағдырдың жазуы ғой, кенжеміз Қаржаубай 8 жасында қайтыс болды. Оңлагүл қарындасымның өмірден озғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ал Балагүл қарындасым бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты ана. Қызжан анам тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, жарық дүниеге әкелгеннен кейін Ұлсары анам бауырына алған. Ұлсары анам емшегін аузыма салғанда сүт шығып, иіп сала берген екен. Сондықтан да болса керек: «Қырық бір жасқа келгенде 62 тамырымды иітіп, қурап қалған емшегімнен сүт шығарған Болатым» деп отыратын. Ақ сүтін еміп, өмірлік тәрбиесін көрген Ұлсары туған анам. Екі анамды да бөліп-жара алмаймын. Ұлсары анам да бөлген жоқ, – деп тебірене, толқи сөйледі. Осылайша бір әке, екі ананың тәрбиесін қатар алып, еркелеп өскен бала Болат алты жасында бірінші сыныпқа қабылданады. Бірақ оқушы Болаттың есіл-дерті далаға, ойынға ауады да тұрады. Жалғыз ұлының жолында жанын қиюға дайын әке жүрегі бұған қалай шыдасын?! «Миы ашып кетеді» деп мектептен шығарып алады. Сонымен араға екі жыл салып, сегіз жасында кейіпкеріміз Түгіскен орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданады. Дастарқан басындағы әңгімеміз қызып, тіл енді-енді шешіле бастағанда кейіпкеріміз бір мезет үнсіз қалды. Әрі әке, әрі құрдас, әрі бауырындай болған әкесі Жаппар, қыр астында қол бұлғап қалған балалық, жастық шағы есіне түсіп кетті ме, арадағы аз-кем үзілістен кейін тебірене әңгімесін қайта жалғастырды. – Жапекең бетімнен қақпай өсіргендіктен тентектеу болғаным рас. Бірақ мектепке кеш барғандығымнан да шығар, оқу үлгерімім жақсы болды (күліп). Өнерге де құмар едім. Қазіргілерше айтсақ, мектебіміздің «жұлдызы» едім. Талай ән байқауына қатыстым. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезім. Күз айында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов ауылымызға келіп, мектепте кездесу өтті. Өнерпаз оқушылардың концерттік бағдарламасында Шәмші ағаның «Ана туралы жыр» әнін орындадым. Сонда қатты тебіренген Шәмші аға көзіне жас алып, маңдайымнан сүйіп, батасын берген еді. Егер әкем «шайтанның оқуы» деп қарсылық білдірмегенде әншілік жолға түсіп, Халық әртісі де болып кетуім мүмкін еді. Тіпті менен мықты қақпашы да шығатын еді, – деп риясыз бір күліп алды. – Қақпашы дейсіз бе? – дедік сұраулы жүзбен аңтарыла қарап. – Иә, кәдімгі қақпашы, – деп ойын әрмен қарай сабақтады. – Жас кезімде мықты қақпашы болдым. Ауылдастарымның барлығы «Вратарь Манга» дейтін. Әлемде Манга есімді үздік қақпашы болған шығар, сірә! Қақпада тұрғанда оңайлықпен доп өткізбейтінмін. Қарсы команданың ойыншыларының маған гол соға алмай діңкесі құритын. Ауданаралық жарыстарда үнемі бірінші орын алатынбыз. Командамыз кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей футболшы жастардан жасақталған еді. Сол бір жылдары қазіргі «Тараз» футбол клубында Анатолий Башкатов есімді қақпашы болды. Күндердің күнінде Башкатов темекі шегеді екен деп әңгіме тарады. Сонымен не дейсің, Башкатовқа еліктеп темекі де шектік қой. Қайран балалық-ай десеңізші. Біз не істемедік?! – деп әңгімені бір қайырып алды.Пайдалы өтірік
1970 жылы Түгіскен орта мектебін бітірген он сегіз жасар Болат екі жыл құрылыс отрядында жұмыс істейді. Еңбектің майданында қайнап, шар болаттай шыңдалған бозбала жиырма жасқа толғанда Алатаудай асқақ арманына қол созып, Алматы қаласына аттанады. Сонда жалғыз ұлын алып шаһарға шығарып салып тұрғанда әкесі Жаппардың «Болатым болашақта мықты педагог болады» деп армандап тұрғаны анық еді. Бірақ олай болмады. – Жүрегім қалаған мамандыққа түсу үшін әкеме өтірік айтуға тура келді. Сөйтіп ауылдан «Мұғалімнің оқуына түсемін» деп аттанып, араға апта салып қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті болып оралдым. Сөйтсем, әкем оқуға түскеніме сенбейді. Тамыр-таныс, алыс-беріс арқылы оқуға түсудің өршіп тұрған кезі. Не тоқпағы мықты танысы жоқ, не баласының «қалтасын қалыңдатып» жібермеген Жапекең қайдан сенсін. Әзер дегенде сенді ғой. Ауылда бірнеше күн демалғаннан кейін Алматыға жолға шығатын да кез келді. Ауылдан қалаға жалғыз автобус қатынайды. Әкем марқұм автобусқа шығарып салып тұрып: – Екі жыл өкіметтің әскеріне қимап едім. Оқуың бес жыл екен. Сен аман-есен оқуыңды бітіріп келгенше бармын ба, жоқпын ба? – деп жылағанда сақалын жас жуып кетті. «Әскерге қимап едім» дегені ауылда жүргенде ауатком төрағасы Қырықбай Асанов марқұмға «асыраушым жоқ, жалғыз баланың қолына қарап отырмын» деп сан мәрте барып жүріп, әскерден алып қалған болатын. Сол кезде бұрын әзілдесе бермейтін әкемнің арқасынан қағып тұрып: – Жапеке, әскерге әлемнің кез келген түкпіріне алып кетуі мүмкін. Ал Алматы ары кетсе бір тәуліктік жол. Басың ауырып, балтырың сыздаса зыр етіп жетіп келемін, – деп жұбатқандай болдым. – Қай-д-а-а-м, жас болса келіп қалды дегенім ғой, – деп жеңіл күрсінді әкем. Күрсінісінен аңғардым, перзентінің бір уыс топырағы бұйырмай қала ма деп қорыққан екен ғой, жарықтық. Сол кезде әкем 78 жаста еді. Бірақ тың болатын. Үй шаруасын өзі реттейтін. Малға да қарайтын. Сондықтан да ғой, оқуға кетіп бара жатқаным. Автобустың да келетін уақыты таяп қалды. Батылданып кетіп: – Жапеке, тоқсанға келмей өлуге рұқсат жоқ. Алматыда бес-алты жыл оқимын. Одан кейін бес-алты жыл балаңның нанын жейсің. Тоқсаннан кейін өзің көре жатарсың, – дедім сөзді әзілге бұрып. Құдай аузыма салды ма, сол кезде айтқаным тура келіп, әкем тура тоқсан жасында өмірден озды. Академиялық демалысымды қосқанда жоғары оқу орнында алты жыл оқыдым. Университетті бітіргеннен кейін Жапекең алты жыл қолымда тұрып, нанымды жеді, – деп ойын түйіндеді Болат Жаппарұлы.ХАЛЫҚ ӘРТІСІ АТАҒЫНАН «БАС ТАРТҚАН» АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ
– Ал алып шаһар Алматы ерке баланы қалай қабылдады? Ауылда еркелеп өскен шалдың баласы шетқақпай көрген жоқ па? – деп енді студенттік жылдардан сыр тарттық. – Ауылдағы «шалдың баласы» деген атағым университетте де сақталып қалды. Достарым, ұстаздарым, тіпті деканымыз, атақты ғалым, ұлағатты ұстаз Темірбек Қожекеев те шалдың баласы дейтін. Шалдың баласы болып шалқып жүрдік қой (күліп). Әрине, Алматы «әй, бұл шалдың баласы ғой» деп қателігіңе көз жұма қарайтын Түгіскенім емес. Жоғары оқу орны ауылдас туған-туыстарың қызмет ететін мектеп те емес. Еркелігіңді кешіре бермейді. Сондықтан сапалы білім, саналы тәрбие алуға көп көңіл бөлуге тырыстым. Әншілік өнерімнің арқасында университетте абыройлы болдым. Жалпы студенттік жылдар жайлы сөз қозғағанда, дүлдүл әнші, телегей талант иесі, қазақтың маңдайына сыймай ерте ағып түскен жарық жұлдыз Жәнібек Кәрменовпен бірге өткен қимас күндер ойға орала береді. Жәнібекпен 1972 жылы журналистика факультетіне оқуға бірге түстік. Бірақ кейіндеу таныстық. Қыркүйек айының басында студенттерді Шелек ауданына ауыл шаруашылығы жұмысына алып барды. Жәнібек бізбен бірге бір апта жұмыс істеді де, Алматыға қайтып кетті. Сонда темекі алқабына барғанша, қайтқанша қасындағыларды әңгімеге қарық қылып, өзі талдан кесіп алған оқтау «домбырасымен» ән салып береді екен. Алайда маған Жәнібектің әндерін тыңдаудың сәті түскен жоқ. Бірақ қыз-жігіттердің әңгімесінен Жәнібектің өнеріне қанықпын. Оқуымыз қазан айының ортасына таяу басталды. Үш жұп сабақтан кейін аудиториядан шығып бара жатқанбыз. Жәнібек жанына шақырып: «Әй, Болат бері кел. Өзің бір көрім жігіт екенсің. Жүр, біздің үйге барып шәй ішіп қайтайық», деді. «Жәкең шынымен шақырып тұр ма?» деп өз құлағыма өзім сенбедім. Сол күні Жәкеңнің үйінде шәй үстінде көп әңгімелестік. Анасы Мағрипа апамен, жұбайы Тотымен, қарындасы Кенжекүлмен, балдызы Тұрсынмен таныстырды. Әңгімеміз ән жайына ауысқанда Жәкең маған мақтау айта отырып, көптеген ескертулер жасады. Ескертулеріне талассыз келістім. Жәнібектей сөз өнерінің дүлдүлі, ән өнерінің бұлбұлы орынсыз ескерту жасамаса керек-ті. Кейін Жәкең көп әндердің орындау мәнерін, дауыс ырғағын келтіруді, сахнада өзіңді қалай ұстауды үйретті. Егер бүгінде әнді нақышына келтіре орындар болсам, мұның барлығы Жәкеңнен алған тәлім-тәрбием мен сабағымның жемісі. Туған бауырымдай болған Жәнібекпен бірге өткізген әрбір сәт есімде мәңгі сақталды десем, артық айтқаным емес. Осы сәтте кейіпкеріміздің сөзін бөліп: – Ендеше, есте қалған естеліктердің бірін айта отырсаңыз, – деп қолқа салғанымызда жөткірініп алып әңгімесін қайта жалғады. – Бірінші курста оқып жүргенбіз. Жәкең түскі асқа шақырды. Жамбыл облысына гастрольдік сапармен бара жатқанын, сәті түссе біздің ауылға да соғып қалатындарын айтты. Сөйтіп әке-шешемнің атын, үйдің мекенжайын толық жазып алды. Сонымен не керек, Жәнібек Түгіскенге де барған. Біздің үйдегілердің бәрін концертке арнайы өзі шақырып, Жапекеңнен басқасының бәрі барыпты. Кейін Ұлсары анам жарықтық: «Мәнібектің салған әні-ай!» деп тамсанып айтып отыратын. Ұлы бабамның аты – Жәнібек болатын. Анамның атамның атын атамай, Мәнібек деп жүргені содан ғой. Қайран, ата салтын сақтаған біздің аналарымыз-ай! Ал Жәнібек концертке келе алмай қалған көкеме өзі арнайы барып сәлем беріп, шәй үстінде келіп қалған ауылдың қарияларына ән де салып беріпті. Бұдан асқан құрмет, одан асқан адамгершілік болар ма?! Осылайша асыл азамат Түгіскенге менің де атымды шығарып, абыройымды асқақтатып кеткен. Әйтпесе сонау бір қиырдағы шағын ауылдағы Жаппар шалды кім ескеріп жатыр. Сол жолы Жапекең Жәнібекке өз қолымен жасаған ер-тоқымын сыйлаған екен. Тағы бірде Жәнібек өзінің өнердегі пірі Жүсіпбек Елебековке ертіп апарды. Аққұба, атжақты Жүсіпбек ағаның жүзі жылы көрінгенімен көзі кісінің өңменінен өтердей өткір екен. Қол беріп амандастық. Қолы өте жұмсақ екен. Саусақтары салалы. Ұстазы мен шәкірті біршама уақыт өзара әңгімелесіп отырды. Кенет Жүсіпбек аға маған қарата «мынауың кім?» деп сұраулы жүзбен Жәнібекке қарады. Жәнібек Жамбыл жақтың жігіті екенімді, бірге оқитынымызды, әнге әуестігім барын айтып, шұбыртып ала жөнелді. – Жә, әнге әуестерді әуейі дейді. Өмірде әуейілер көп. Мұның солардың сортынан ба, әлде әншілігі бар ма? Ашығын айт, айналшықтамай. Мынауың..., – деп түр-тұлғама көңілі толмағандай сыңай танытты Жүсекең. – Ойбай, Жүсеке-ау, әжептәуір әншілігі бар. Тыңдап көресіз бе? Қане, шалдың баласы, шырқап жібер! Жәнібек ұстазына мені тыңдатуға әкелгендей соғып жіберді. Шегінетін жол жоқ. Сонымен сәл кібіртіктеп тұрдым да «Аққұм» әнін шырқай жөнелдім. Жүсіпбек аға терезенің алдында далаға қарап тұрған. Бірден жалт қарады. Әнді ойдағыдай орындап шыққан секілдімін. – Бірдеңе бар сияқты. Бірақ білім жоқ. Оқыту керек. Әй, сен ана университетті таста да маған кел. Сенен Халық әртісін шығарамын. Жазғыш болсаң, журналистиканы бітірмей-ақ жаза бересің. Ал ән әркімге қона бермейді, – деді жай ғана. Жүсіпбектей ұлы әншінің аузынан «бірдеңе бар сияқты» деген сөзді естудің өзі үлкен мәртебе ғой. Шынымды айтсам талай байқауға қатысып алған диплом, грамоталар қазақ әнінің корифейі Жүсекеңнің бірауыз сөзіне татымай қалды. Бірақ «университетті таста» дегені ұнай қойған жоқ. Домбыра тарта алмайтынымды сылтау етіп, кібіжіктей бердім. – Үйренесің! Үйретеміз! Төбеңді тесіп тұрып үйретемін! Жүсекең тура осылай деді. Бірақ Жүсекеңнің ұсынысынан бас тарттым. Таңғалғаннан шығар, сөзінің аяғын күтпей «Неге бас тарттыңыз?», «Кейін өкінген жоқсыз ба?» деп сұрақты үсті-үстіне бастырмалата жөнелдік. – Шынымды айтсам, Жүсекең тап қазір оқудан шығарып алып домбыра үйретіп, ән салғызғалы жатқандай көрінді. Ал сол кездің өзінде атағы жер жарған университетімді Қазақ эстрадалық студиясына айырбастау дегеніңіз масқара ғой. Тірі айырбастаймын ба! Кейін Жүсекеңмен жолығып қалғанда: «Бала, бекер істедің, әжептәуір дауысты қор қылғаның-ай!» деп кейігені бар. Жәнібектің арқасында қазақтың талай игі жақсыларымен араласып, жора-жолдас болдым. Бірде өнер майталманы, дарынды тұлға, Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев те консерваторияға оқуға шақырды. Әлібектің ұсынысынан да бас тарттым. «Сөйлеп тұрған Қазақ Советтік Социалистік республикасының астанасы – Алматы! Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген жүрекке жылы тиер, қоңыр үн мен әуезді дауыс біздің замандастардың әлі де есінде болар. Осы жолдардың авторы, дәуір үнінің дүлдүлі, әйгілі диктор Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевпен дос болдым. Бірде Әнуарбек ағамызбен бір дастарқан басында отырғанда: «Сенің даусың жақсы екен. Келсейші дикторлыққа», деді. Жүсекең Халық әртісі жасаймын деп тұрғанда бармаған Болат радиоға бара қойсын ба?! Әнуарбек ағамыздың да ұсынысынан бас тарттым. «Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев диктор болған. Сендер дикторлықты менсінбейсіңдер. Біле білсеңдер, дикторлық ең құдіретті жұмыс. Гитлердің үрейін алып, зәресін ұшырған даусы жер жарған диктор Юрий Левитан еді» деп, қапаланғандай болған Әнуарбек ағамыз. Пендеміз ғой, Жүсіпбек, Әлібек, Әнуарбек ағаларымыздың ұсыныстарына келісім бермегеніме өкінетін кездерім де болады. Дегенмен шүкір, журналистиканы маңдайыма жазып, несібемді қаламның ұшына қыстырған екен, – деп тәтті естеліктермен студенттік жылдардың нүктесін қойды.ҚАЛАМЫНА АДАЛ ЖУРНАЛИСТ
Осылайша талантты тани білген халқымыздың марғасқа тұлғаларының ықыласы ауғанына қарамастан мамандығына адал болуды мақсат тұтқан Болат Жаппарұлы 1978 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде еңбек жолын бастайды. Санаулы күндерден кейін 100 жылдық мерейтойын атап өтетін қара шаңырақ басылымға жұмысқа орналасуға өзі білім алатын Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің доценті, «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Абдул-Хамид Мархабаев ықпалын тигізіпті. – Фантаст-жазушы Абдул-Хамид Мархабаев дипломдық жұмысымның жетекшісі болды. Бірде: «Шалдың баласы, Алматыда қаласың ба?» деді. Ауылда әке-шешем күтіп отырғанын, жалғыз баласы екенімді айттым. Жағдайға қаныққан ұстазым менімен бірге ілесіп Таразға арнайы келді. Оқуды бітіруге санаулы айлар қалып, «Еңбек туы» газетінде дипломалды тәжірибеден өтіп жатқанмын. Ұстазыммен бірге «Еңбек туы» газетінің редакциясына келсек, бас редактор Баттал Жаңабайұлы ағамыз іссапармен Мәскеуге кетіпті. Орынбасары Анарбек Айтбаевқа алып кірді. «Болат, шалдың баласы. Алматыда қал деп едім, қалмады. Реті болса жұмысқа алсаңыздар» деді. Сонымен не керек, жоғары оқу орнын бітірмей жатып 1978 жылдың 1 сәуірінде облыстық газетке жұмысқа орналастым. Алайда қуанышым ұзаққа созылмады. Бір күні қызметтік куәлігімді жоғалтып алдым. Жоғалған куәлігім беті әбден шимайланған күйі облыстық партия комитетіне бір-ақ жетіпті. Сөйтіп бас редактор Баттал Жаңабайұлы жұмыстан шығаруға мәжбүр болды. Осылайша бес айдан кейін «Еңбек туы» газетінен жұмыстан шығып қалдым, – деген кейіпкеріміз әрмен қарай журналистикадағы еңбек жолына қысқаша тоқталып өтті. Айтуынша, 1978 жылдың қыркүйегінде Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне жұмысқа қабылданып, онда 1989 жылдың наурызына дейін жемісті еңбек етеді. Араға он бір жыл салып, яғни 1989 жылдың 1 сәуірінде «Еңбек туы» газетіне қайта жұмысқа қабылданады. 1994 жылдың көктемінде редакцияда қысқарту жүріп, айдың-күннің аманында Болат Жаппарұлы тағы да жұмыссыз қалады. Сөйтіп газеттің сол кездегі бас редакторы Әлдихан Қалдыбаевтың, Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы Елен Әлімжанның қамқорлығының арқасында облыстық радиоға редакторлық қызметке тағайындалады. Кейін облыстық «Жеті жарғы» газетінің бас редакторы Мейрамбай Сатыбалдиевпен бірге біршама уақыт қызмет атқарады. Қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналист 1994 жылдың күзінде «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Базарбай Қилыбаевтың шақыртуымен Жамбыл ауданына оралады. Тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалған Болат Жаппарұлы 1997 жылы Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. Сындарлы сынақтан сүрінбей өтіп, қандай жағдай болмасын ақ парақ пен қаламына адал бола білген кейіпкеріміз 11 жыл бас редактор қызметін абыроймен атқарып, сенім үдесінен шыға білді. Кейін бірнеше жыл Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Білім нұры» газетінің бас редакторы, республикалық «Салық тәртібі», Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі болған Болат Жаппарұлы 2011-2015 жылдар аралығында еңбек жолын бастаған «Aq jol» газетінде жемісті еңбек етеді. Жарты жылға жуық халықаралық «Қазақстаны заманы» газетінің (қазіргі «Qazaqstan Dauiri») Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып, 2016 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Зейнет демалысына шықса да қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. 2016 жылдан бері облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің тілшісі ретінде қолынан қаламын тастамай келеді. Осылайша әр жылдары түрлі басылымдарда еңбек еткен ардагер журналист әрдайым өзінің шығармашылық ұстанымына берік болды. Журналист ретінде қолға қалам алғаннан бергі кезеңде талай толғақты тақырыпты тамырынан тарта қозғай білді. Қоғамдағы өткір мәселелерді шығармашылығына арқау етті. – Баяғыда әкем жарықтық әншілікті «шайтанның оқуы» деп жақтырмайтын еді. Оқу бітіріп келгеннен кейін әкемді қолыма алып, облыстық басылымдарда еңбек етіп жүрдім. Аудандарға іссапарлатып кетіп немесе басқа да себептермен үйде көп бола бермейтін болуым керек. Бірде әкем: «шайтанның оқуы» деп әншінің оқуына жібермеп едім, мына журналист дегенің одан да жаман шайтан ба, қаңғыбас қой әйтеуір. Үйде көп болмайды» деп, бәрімізді еріксіз күлдіргені бар. Шүкір, өмірімнің 45 жылын журналистикаға арнап, жаман болған жоқпын. Біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатырмыз. Көптеген қиындықтарды бастан кешкеніміз де рас. Бірақ ешқашан мамандығыма сатқындық жасамадым. Мадақ пен марапатқа қызықпадым. Дана халқымызда «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген аталы сөз бар. Үлкендердің батасымен көгеріп, көктеп келеміз. Өмірімдегі естен кетпес оқиғалардың бірі – Бауыржан Момышұлымен кездесіп, батасын алғаным. 1977 жыл. Тараз қаласындағы теміржол бекетінде пойыз күтіп тұрғанбыз. Мақсатым – шаңырақ көтеруге уәделесіп қойған Күләйді Алматыдан алып қайту. Қасымда Сейдуан дейтін ағамыз бар. Кенет пойыздан түсіп келе жатқан Баукеңді көріп қалдым. Сейдуанға Баукеңе сәлем берейік десем: «боқтайды, ұрсады дейді ғой» деп басын алып-қашты. Әйтеуір көндіріп, орындықта отырған Баукеңе жақындап барып: – Ассаламағалейкум, Жаке! – деп қолымызды ұсындық. Жүзімізге тесіле қараған Баукең: – Танып сәлем бердіңдер ме, сыйлап сәлем бердіңдер ме? – деп гүр ете түсті. Танып та, сыйлап та сәлем бергенімізді айтып, ағымыздан ақтарылып жатырмыз. Сол жолы Баукеңмен сүт пісірім уақыт әңгімелестік. Тойға кетіп бара жатыр екен. Ақырында не керек, Баукеңе қатты ұнап қалсам керек, өзімен бірге тойға алып кеткісі келеді. Барғым-ақ келді. Бірақ отбасын құру ниетінде жол жүргелі тұрғандықтан Баукеңнің де ұсынысынан бас тарттым (күліп). Сөйтіп батыр ағамыз ағынан жарылып батасын беріп, қадамымызға құт тілеген. Үлкендердің батасы қабыл болған шығар, Құдайға шүкір өсіп-өніп, бақытты ата-әже болып отырмыз. Күләй екеуміздің отау құрғанымызға биыл 45 жыл болды. 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірдік. 13 немереміз бар. Ұл-қыздарымыздың барлығы жоғары білімді. Еліміздің бір кетігіне кірпіш болып қаланып, сан түрлі салада адал қызмет етіп жүр. Ал енді өзің айтшы, бұдан артық қандай бақыт керек?! – деп сөзін түйіндеді риза пейілмен Болат Жаппарұлы. Біздіңше де бұдан артық бақыт жоқ.Талғат НҰРХАНОВ
... Мақала дайындалып бітіп, бет қатталып жатқанда Болат Жаппарұлы редакциямызға кіріп келді. Әдетінше жайдары қалпында жарасымды әзіл- қалжыңын айтып, ұжымдастардың көңілін бір серпілтіп тастады. Суретке түсіп, келгендегі негізгі шаруасын бітіргеннен кейін бізге АҚШ-тан алып келген қаламсабын сыйға тартып, асығып шығып кете барды. Сыртында Америка Құрама Штаттарының туы бейнеленген қаламсапқа қарап отырып, бір сәт ойға шомып кеттік. Ғұмырын журналистикаға арнап келе жатқан, өз бақытының ұстасы өзі бола білген Болат Жаппарұлындай қаламымызға адал бола алар ма екенбіз... Шаттығыңыз ортаймасын, қаламыңыздан нұр сауласын, шалдың баласы!
Келесі мақала