Кезінде «сатираның сайыпқыраны» атанған сатирик-ақын Көпен Әмірбек Жамбыл облыстық «Аq jol» газетіне (26.03.2010 жыл) берген сұбхатында: «Асқаржан Сәрсеков – менің курстасым. Мектеп қабырғасында «Балдырған» деген журналға мен Шымкенттен, ол Жамбыл қаласынан жазып жүргенде біз бір-бірімізді сырттан жақсы білдік... Нағыз талант – сол Асқаржан. Жылына бір өлең жаза ма, жазбай ма, бар болса екі-үш өлең жазар, болды. Себебі, талғампаздығы сұмдық еді ғой. Мысалы,
Журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы да 2004 жылы Асқаржан туралы «Сәбилердің Сәрсегі» деп тұшымды мақала жазған болатын. Ал, сол Асқаржан өмір бойы сабырлылығынан, қарапайымдылығынан бір айнымай, «мен ақынмын» деп басқалардай төсін кермей, кекіреймей, пәлсініп ешкімге салмақ салмай ортамызда қоңыр тіршілік етті.
Асқаржан Сәрсек Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының жанындағы Ақбұлымда 1950 жылы 21 қазанда дүниеге келіп, осында мектеп есігін қақты. Ол жастайынан өлең жазуға әуестеніп, республикалық «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарында, Жамбыл облыстық «Еңбек жолы» (қазіргі «Аq jol») газетінің бетінде балаларға арналған көптеген өлеңдері жарық көрді. Оның балаларға ұсынған алғашқы «Мереке» атты өлеңдер жинағы 1976 жылы белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың алғысөзімен Алматыдан шықты. Ал 1981 жылы Асқаржанның «Қарға мен қарлығаш» атты кітабы, кейінірек «Жаман ойын» деген атпен бір топ өлеңдер жинағы жарық көрді.
Республикалық «Балдырған», «Жыл он екі ай» журналдарында арасы суымай мезгіл-мезгіл А.Сәрсектің балаларға арналған сырлы жырлары жарияланып жатты. Кейбір таңдаулы өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Бірде-бір балалар мерекесі мен балабақшадағы кештер Асқаржанның өлеңінсіз өтпейтін болды. Дегенмен Асқаржан кейбіреулердей даңдайсып, «мен керемет ақынмын» деп масайрамады. Баяғы үйренген «Аq jol» газетінің секретариатында моп-момақан күйі барын қанағат-береке тұтып, қоңыр тіршіліктің соңында жүре берді. Бірақ қандай жағдай болмасын ол қаламын қолынан тастамады. Тәтті бал тілімен балаларға арнап жыр маржандарын төге берді. Тіпті, шығармаларының араларында орыс тілінде жазған өлеңдері де кездеседі. Кеңес дәуірінде Мәскеудегі «Просвещение» баспасы «Хрестоматия всемироной детской литературы для старшего дошкольного возраста» деген оқулық шығарды. Соған өлеңдері енген екі қазақ ақыны болса, оның бірі Асқаржан Сәрсек болғанын біреу білсе, біреу білмес.
Ертеректе бір данышпан кісі: «Адам баласы небір ғажайыптарды жасай алады. Тек өлең ғана Құдайдың құдіретімен дүниеге келеді» – деген екен. Осы сөздің өзі өлең-жыр жазу жеңіл-желпі іс емес екенін, яғни, кейбіреулер ойлайтындай өлең жазу еріккеннің ермегі емес екенін мойындатады. Шынында ақындық пен жазушылық Тәңірдің сыйы. Асқаржан тұла бойы ақын болып дүниеге келген азамат. Оның мына «Көбелек» деген шағын да шымыр өлеңін оқылық:
Мен тимеймін жасқанба,
Дос болайық көбелек.
Жайнап тұрған бақшамда,
Гүлдерімді көре кет.
Тұтқиылдан састыра,
Жаңбыр жауса себелеп,
Тақиямның астына,
Тығыла ғой көбелек.
Баланың бал тілімен жеткізілген ойнақы, шыншыл, күнде көріп жүрген қарапайым дүние әсерлі, нанымды берілген. Оны әсем жырға айналдырып, дәл осылай шебер суреттеу әркімнің қолынан келе бере ме екен?
Ту сонау артта қалған балдәурен балалық шақтан есте қалған бір көрініс – атарбамен ауыл-ауылды аралап, сауда жасап, талайымыз қызықтай қараған әртүрлі шарлар мен ысқырықтар, бояулар мен ойыншықтыр, сырға мен моншақ, тарақ пен айна сататын шарабара туралы (неге екені белгісіз сол шарабара иелері көбіне татар ағайындар болатын) қазақ ақындары ішінде кім өлең-жыр жазды? Менің білуімше ол тақырыпқа Асқаржаннан басқа ешкім қалам тербей қойған жоқ сияқты. Ол өзінің «Шарабара» деген өлеңінде былай деп жырлайды:
Ауылымызға жаңа ғана,
келіп кетті шарабара.
Алдында дәу сандығы бар,
сандығында барлығы бар.
Түрлі-түсті қаламы бар,
моншағы бар, тарағы бар.
Қызыл-жасыл шарлары бар,
үлкен кіші қармағы бар.
Барлық бала қоршап алды,
қуанысып шапқылады.
Ауылымызға жаңа ғана,
келіп кетті шарабара, – деген жолдары кімді болса да бейтарап қалдыра алмайды.
Ақын ауыл балаларының ойын жазбай дәл таба алған, оларды өзінше жаңылмай ұғып, тани білген. Кейінірек Асқаржанның бұл өлеңіне жерлесіміз, әуесқой сазгер Қалия Сейітқалыққызы ән жазып, қазір ол анда-санда болса да радиодан, теледидарда орындалып жүр.
Балаларға өлең жазу үшін Асқаржан секілді айналамыздағы дүниені бала көзімен көріп, сәби жүрегімен шынайы сезіну керек. Өкінішке қарай, Асқаржан тәрізді жас балалардың ішкі жандүниесін, олардың сырлы әлемін жақсы ұғатын, балаларша ойлап, толғанып, жырлайтын нәзік жүректі ақындар ортамызда некен-саяқ.
Қаламгердің «Міне, қызық, керемет» деген өлеңдер жинағы 2001 жылы Тараз қаласындағы «Салық тәртібі» баспасынан жарық көрді. Ондағы балаларға арналған дүниелерді қызықпай оқымау мүмкін емес. Өйткені ақынның тілі жатық, сөзі көркем, өлеңдері жүрекке жақын. Мысалы бір ғана «Жаман ойын» деп аталатын өлеңін алайық. Жапақ пен Сапақ есімді ағайынды екі жас бала үлкендерге еліктеп «Pepsi» ішіп, өтірік мас болады. Ақын одан әрі екі баланың ойынын былай суреттейді.
Теңселемін дегенде,
Мастың салып қылығын.
Жапақ құлап еденге,
Бұзып алды мұрынын.
Сапақ келіп сүйреді
Құлап жатқан ағасын.
Үзіп барып түймесін,
Жұлып алды түймесін.
Анау көріп мұны шын,
Кетті түрі бұзылып.
Сасып қалған інісін,
Атып ұрды кіжініп.
Отыр, міне, ағасы,
Жағасынан айрылып.
Ұрсады ғой мамасы,
Отыр соған қайғырып.
Тұр кемсеңдеп інісі,
Жанарына жас толған.
– Ойнамаймын, құрысын,
Жаман екен мас болған!...
Жас балаға тән оймен ойланып, соларша толғанып, жіпке тізген маржандай әдемі тапқыр сөздері баланың мінезіндей ойнақы, жеңіл, қарапайым, түсінікті. Мысалы, балаларға «шылым шекпе», «арақ ішпе» деп Асқаржан ақыл айтпайды, оның зиянын, залалын еске салып, дұрыс бағытқа жөн сілтейді.
Жерде жатқан шылымды,
Есек келіп иіскеді,
Иіскеді, бірақ тиіспеді.
Жерде жатқан шылымды
Ит те келіп иіскеді,
Иіскеді, бірақ, ол да тиіспеді.
Сол шылымды алайда,
Тауып алды Балабек,
Алақ-жұлақ етеді,
Сіріңкеңіз бар ма? – деп оқушысына ой тастайды.
Асакеңнің мінезіне астарлы юмор, ойнақы, жеңіл, зілсіз әзіл, пейіл кеңдігі тән еді. Кездескен сайын әзіл-қалжың айтып, бір желпініп қалатынбыз. Өмірінің соңғы жылдарында ол науқастанып, өкпесі қабынып, денсаулығы сыр беріп, бірнеше рет ауруханаға жатып емделді. Біраз қиналды, тіпті тұрмыс тауқіметінен қажыды да. Кейде кездесе қалғанда оның жағдайын сұрамақ болып «Асеке, қайда жұмыс істеп жүрсіз?» десек:
– «ЖұмЖур» ЖШС-нің белді қызметкерімін, – дейтін жымиып.
– Оныңыз біз білмейтін қандай мекеме?
– «ЖұмЖур», яғни жұмыссыз журналист деген сөз ғой. Әзірше жұмыссызбын... – дейтін.
«Қайта құру жылдары» деген берекесіз кезеңде газеттегі штат қысқарып, Асқаржан бірер жыл жұмыссыз қалғанын естігенбіз.
Біраз уақыт өткенде Тараздан шығатын «Жамбыл» журналының редакторы, белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы Асқаржанның қиналып жүргенін біліп, өзіне қызметке шақырғанын, сонда біраз мезгіл корректор болып қызмет еткені жайлы білеміз. Оның ауыр жағдайда қиналып жүргенін біліп, қол ұшын берген Несағаға рақмет. Кейде талантты адамның тағдыр тәлкегіне түсіп кететіні неге екен?
Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, 2006 жылы «елу жас» деген еңселі белден аса бере «тал түс» мезгілінде Асқаржан Сәрсек бақилық болып, мына жарық дүниеден кете барды. Артында күміс қоңыраудай күмбірлеген сырлы жырлары қоңыр күздің салқын желіне жамырай ұшқан сары жапырақтарындай сусылдап, бей-берекесіз шашылып, түптелмей қала берді...
Асқаржан жыр сүйер қауымның құрметін, ой мен сырға толы жүрегімен жазылған бар шығармаларының басын біріктірген, түптеген көлемді жыр кітабын көре алмай өмірден озды. Мына сайқымазақ, мың құбылған тіршілікте елдің көзіне түсуге ұмтылып, орынды-орынсыз атақ, марапат алуға жақын жүретін жандардың қылықтарына қарап қарапайым болуды Асқаржаннан үйрену керек-ау деген ой келеді.
Өкініштісі, өмірдің ауыр жүгін арқалаған табиғи талант иесі, балалардың кіршіксіз таза жүрегінен орын алған дегдар ақын, замандасымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған Асқаржан Сәрсектің есімі жыл өткен сайын көмескеленіп, көлеңкеленіп, уақыт ағыны, тепеңдеген күнделікті тіршілік оны ұмыттырып бара ма қалай? Тіпті оның есімі неге екені белгісіз, 2003 жылы баспадан шыққан «Жамбыл облысы – Тараз» энциклопедиясына да базбір себептермен кірмей қалыпты. Соңғы жылдары жарық көрген басқа да жыр анталогияларынан, кітаптардан оны кездестіре алмадық. Кезінде қатар жүрген үзеңгілес қаламдастары да уақыт көшінің күнделікті бір бітпейтін күйбең тіршіліктерімен Асқаржанды бірте-бірте ойдан шығара бастаған секілді. Естеріне түсіргенде ғана «Е, несін айтасыз, Асқаржан сәбилердің нағыз жыршысы, балалар әлемінің шебер сүйреткері еді ғой» деп күмілжиді.
Қазақта «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөз бар. Қаламы жүйрік Асқаржан Сәрсекті көзі тірісінде ақын ретінде бағаламадық, құрметтемедік, тіпті, қадіріне жетпедік. Көптің, елдің ортасында жүріп ол жалғыздықтың тауқіметін көп тартты, шарасыздықтан қанаты қайырылды. Оның тұғырсыз тағдырына, ауыр өміріне үңіліп, көңіл аудармадық, зер салмадық, қиналған кезде демеу болып, қол да созбадық.
Біздің ойымызша, замандас-қаламдастары «сәбилердің Сәрсегі» деп орынды атаған балалар ақыны А.Сәрсектің творчествосы ең болмаса жерлестері – жамбылдықтар арасында дәріптеліп, есімі елдің жадында сақталуы тиіс. Биыл облысымиыздың әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» бастамасын бастап берді. Өңір басшысының қолдауымен жергілікті ақын-жазушылардың озық шығармалары баспалардан шығарылып жатыр. Бірақ, өмірден озған талантты ақындарымыз бен жазушыларымыздың шығармаларының жинақтарын да шығарсақ артық болмас еді. Сондай-ақ, биыл көзі тірі болғанда 75 жасқа келетін Асқаржан Сәрсектің артында қалған дәмді, тұшымды, тамаша жырларының басын қосып жыр жинағын шығарсақ, мектеп оқушылары арасында ақынның күндерін өткізіп, еске алып тұрсақ, артық болмас еді-ау.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі




