Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҮШ КӨКШЕНІҢ ҚҰМЫ ҚАЛАЙ МОЙЫНҚҰМ АТАНДЫ?

ҮШ КӨКШЕНІҢ ҚҰМЫ ҚАЛАЙ МОЙЫНҚҰМ АТАНДЫ?
ашық дереккөз
ҮШ КӨКШЕНІҢ ҚҰМЫ ҚАЛАЙ МОЙЫНҚҰМ АТАНДЫ?
Атадан қалған жер жауһарының бірі – «Үш көкшенің» құмы. Қазір «Мойынқұм» аталып кеткен іркес-тіркес қызыл құмды өңір қойнауы төрт түліктің қысқы өрісі. Құм аталғанымен оның қатпар-қатпар шағылдары, жалдары тұнып тұрған байлыққа толы. Құм қатпарларының астын қайдам, үсті толған төрт түлікке азық боларлық шөптің сан түріне бай. Біздің бала кезімізде қырық-елу жылдық сексеуіл тоғайларын «түлей» деп атайтынбыз. Сексеуілдің шырпысы түйе мен жылқының жеңсік оты. Одан бөлек қалың қараған, жүзген, ақтаспа, қоянсүйек сияқты қау бұталарының әр түбі мап-майда, шүйгін шөпке толы. Күзде күн суытқанда жеуге жарайтын ащы от–торғай оты, балық көзін қой сүйсіне жейді. Қалың сексеуіл мен топ-топ бұта қыста малға азық, әрі ықтасын. Мұнда қар қалың түспейді. Шағылдардың күнгей беттерінің қары тез ериді. Онда мал тек қыс айларында жайылады. Әрі түз малшылары әр он бес-жиырма күнде жер жаңалап, қонысын өткен жылдардан қалған қи орнына ауыстырып отырған. Ескі қи уақ малға дап-дайын жайлы, әрі жылы орын. Асты қыста да қатпайды. Әдетте,малға іш тастататын қыстағы жердің тоңы мен бауырын қыздыратын қалың көң. Суық тоң да, ыстық көң де жатырдағы төлге зиян. Қотан ауыстырған малшылар бір-екі күн ішінде оның айналасына қамзау боларлық сексеуілден қада қағып жүзген, қараған, ақтаспа шауып, арасына дымқыл құм сеуіп кісінің кеудесіне жететін шомқора тұрғызады. Ертеде жабық қора деген оңтүстіктің мал баққан қазағында болған емес. Жазда Қаратаудың қыр арқасындағы Көсегенің көк Жонында теріскей мен күнгейдің жұрты тоқайласса, қыста «Үш көкшенің» құмында үш жүздің қазақтары жапсарлас отырған. Оңтүстіктен үйсіндер терең құмға сұғынып отырады. Ал Арқадағы Орта жүз бен Кіші жүздің біраз ру-тайпалары Шудың бойын мекендейді. Өзеннің аяқ жағын жағалбайлы, алшын, жаппас, тама жайлайды. Ал құмның арғы бел ортасын арғындар қыстайды. Қыстың күні құмда тоқайласқан үш жүздің баласы бір-бірін ерулікке, соғым басыға шақырысып, қазы-қартаны ортаға қойып, қысырдың қымызын бөліседі. Ежелден қыз алысып, қыз беріскен құдандалы елдің жастары бас қосып, киіз үйдің ішінде сауық-сайран құрады. Бозбала мен бойжеткен танысып, мың жылдық құдалық жалғасады. Қазақтың асыл қаны осылайша тазаланып отырған. Көктем шыға құм мен Шу бойын қыстаған ел бір-бірімен келесі қысқа дейін қоштасып, ата-бабаларының еншілеген көктеу, жайлауларына қарай бет түзеген. «Үш көкшенің» құмы аталуына келер болсақ біздің қолымызда пәлендей дерек жоқ. Десек те кең-байтақ құмды өңірдің Қазақстанның оңтүстігіндегі үш өзеннің бір тұста тоғысуына қатысты шыққан-ау деп топшылауға негіз де жоқ емес. Олардың ең үлкені–Шу. Ол біз әңгімелеп отырған құмды өңірдің әуелі–оңтүстік бетімен кемерлей ағып, одан кейін солға кілт бұрылып шығысын орайды, бірте-бірте иілген доға тәрізді солтүстік қапталына ойысып, біржолата батысқа қарай бет бұрады. Бара-бара сонау Телікөлге жете «Су аяғы құрдымға» сіңген Сарысу өзенінің кебін Шу да кешеді. Телікөлге жетер-жетпес маңға барғанда жерге жұтылып жоқ болады. Ұзындығы мен суының молдығы жөнінен екінші өзен –Талас. Ол Қырғыз Алатауынан бастау алып,Тараз қаласына келгенде бетін солтүстік-шығысқа бұрады да, аталмыш құмды алыстан жағалай отырып, солтүстікке қарай ағады. Талас ауданына жеткенде өзен арнасы сәл оңтүстік-батысқа қарай қиялап, Үшарал ауылы тұсына жеткенде теріскейді бетке алып құмға сұғына кіреді. Мол сулы өзеннің бірі – Аса. Оның бір ұшы қарт Қаратаудың жоғарғы жағындағы Ақсу-Жабағылы маңынан басталып Теріс аталады да күннің шығысына қарай құлдилап, Әулиеатаның түстігінде қырғыздың Күркіреу өзенінен басталатын Ақсай-Көксаймен тоғысқанда «Аса» аталады. Ол солтүстікті бетке алып Билікөл, одан Ақкөл көлдерінің айдынын толтырғаннан кейін сол күйі Үшарал, Түгіскен ауылдарынан өткенде құмға тұмсық тірейді. Бұл өңірдің «Түгіскен» деп аталуының астарында «Судың түгесілген тұсы» деген ұғымның жатқандығы дау туғызбайды. Сол маңға жеткенде Талас пен Аса өзенінің суы біржолата құмға сіңіп майда-майда айдын, көлшіктерге айналады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда осы жерде ертеде екі өзеннің басы бұғалықтанбай тұрғанда 60 көл болған екен. Төңірегі ну құрақ, көкорай шалғын шөп болған. Қалың масасы мен сонасы маза бермейтіндіктен жергіліктіжұрт жазда Көсегенің көк Жонына көтерілген. Шаруа күйттеген жергілікті жұрт бұл маңға тек күзге қарай, күннің ыстығы қайтқан кезде бет бұрған. «Үш көкшенің» құмына осы үш өзеннен басқа да құятын кішігірім, ұсақ-түйек өзендер өте көп. Олардың негізгі көзі–көктемгі еріген қар мен жауын-шашын сулары. Жазда тартылып қалады. Сондықтан да атамыз қазақ осы құмды өңірге нәр беретін – көгілдір айдында Шу, Талас және Аса өзендерінің тоғысатынын ескертіп, орасан үлкен сусыма құмды өңірді – «Үш көкшенің» құмы атаса керек. Бүгінде «Мойынқұм» деп аталып кеткен құмды өңірді біздің облысымыздың Талас, Сарысу және Түркістан облысына қарасты Созақ аудандарының жергілікті тұрғындары әлі күнге «Үш көкшенің» құмы деп атайды. Әсіресе Созақ төңірегінен шыққан жазушылар Сәуірбек Бақбергенов,Тәкен Әл імқұл ов және басқал ары өз шығармаларында «Үш көкшенің» құмын аузынан суы құри әңгімелейді. Мәселен, Тәкен Әлімқұловтың «Жазушы» баспасынан 1976 жылы шыққан «Шежірелі сахара» атты кітабында: «Үш көкше» құмның аты. Көлденең тұрқы ұзын құмның үш шоқтығы бар. Самолетпен қарағанда үшеуі де көкпеңбек болып тұрады. «Мойынқұм» сол шоқтықтардың басы, түйе мойнағындай иіліп келгендіктен солай атанған» деген түсінік береді. Табиғаттағы жер-судың басы, аяғы болады. Сол сияқты аталмыш құмның мойыны Шу өзенінің оңтүстікті жағалап, күншығысында Балқашқа соқпай үлкен доғаланып, батысқа кілт бұрылған тұсы Тәкен Әлімқұлов айтпақшы түйенің мойнағынан аумайды. Қазақта мұндай жерді «мойын» атайды. Ал ата-бабамыз жер-суға ат қойғанда оның орналасуына ерекше ден қойған. Мысалы, құмның даламен шектесетін тұсын, шетін әдетте «жиек»дейді. Құмның шеті әлі күнге «жиек» аталады. Әрі қарай ішкерілеген сайын «Терең құмға» ұласады. Ертеректе қалың сексеуіл өскен тұсты «Түлей құм» дейтін. Жерге ат қойғыш аталарымыз «Үш көкшенің» құмын осылайша неше түрлі аймаққа бөлген. ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстігіне мысықтабандап ене бастаған орыс патшасының экспедициялық әскерлері құрамындағы топографтар мен картографтар жергілікті тұрғындардан Балқаш көлінің батыс жағында жатқан құмды өлкенің атауын сұрағанда «Үш көкше құмының мойыны» деп жауап берген шығар. Ұзыннан-ұзақ шұбатылып жатқан поэтикалық, әсем атаудың мән-мағынасына терең бойламаған «аудармашы-толмачтар» (қазақтың «тілмәш» сөзінен шыққан) жер атауы мен бедерін қағазға түсіріп жүрген арнайы мамандарға келтесінен қайырып «Мойынқұм» деп түсіндірген тәрізді. Сол атпен картаға іліккен. Әйтпесе,төрт түлік малы қыс бойы қатар қыстайтын қазақтардың бір географиялық нысанды екі бөлек атпен атауы мүмкін емес. Бұл бір елдің арғы-бергі тарихында кезікпеген жайт. Орыстардың сүзгісіне алғаш іліккен үкілі «Үш көкшенің» құмы осылайша бастапқы халық айдар таққан өзінің әсем есімінен айырылып, можантомпай «Мойынқұм» аталып кетті. Кейінірек, өткен ғасырдың екінші жартысында киелі Қаратаудың шоқтығы биік «Көсегенің көк Жоны» да соның кебін құшты. Аз жылда «Жонға». «Көкжонға» айналып, күлтеленген әдемі ат құйрық-жалынан ажырап, демде сымпиып шыға келді. Кеңес өкіметінің жергілікті халыққа күштеп енгізген тәртібі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдеттегі тұрмыс-тіршілігінің, шаруашылық бағытының бұзылуына әкеліп соқты. Соның салдарынан Қаратаудың теріскей бетіндегі ұзыннан-ұзақ көлбеп, сонау Жаңатас қаласына дейін қапталдасып жаңа түскен келіншектің шымылдығындай көкжиекті көлегейлеп жатқан көгілдір жотаның «Шымылдықтау» атауы әлдеқашан жұрт жадынан өшті, біржолата жоғалып тынды. Аталуының өзі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жеткен «Келіншектау» ше, бұл әсем атауды да бүгінгілер сирек айтатын болып бара жатқан жоқ па?! Осы орайда, «О баста ата-бабамыздың үкілеген жер атауларын кейінгі ұрпаққа қайтару үшін не істеу керек?» деген заңды сауал туады. Ол үшін ономастикамен айналысатын тілші ғалымдар мен байырғы жер атауларын зерттеп, зерделеп жүрген географтар бас қосып, ойласып ортақ ұйғарымға келуі ләзім. Өйткені жер-судың жауһар атауы –халқымыздың баға жетпес қазынасы. Аталарымыз айдар таққан аягөз аттарды бүгінгі иесіне сол қалпы кері қайтарып, еліміздің географиялық картасына ежелгі аталымға сәйкес түсіру– өткен тарих пен кейінгі ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Шалдың баласы
Алдыңғы мақала
Шалдың баласы

Ұқсас жаңалықтар