 
                                        Кездесу барысында театр жетекшісі Айгүл Қабиева облыс әкімінің орынбасарын ұжымның шығармашылық жұмысы мен алдағы жоспарларымен таныстырды. Ол сахналық қойылымдардың мазмұны, актерлік шеберлікті арттыру бағытындағы ізденістер, жастардың шығармашылыққа деген ынтасы жайлы жан-жақты баяндады. Әрі қарай Серік Жақсылықұлы жас өнерпаздардың «Қиянат» атты жаңа қойылымының дайындығын тамашалап, олардың сахнадағы шеберлігі мен ізденісін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде жастар театрының қоғамдағы тәрбиелік рөліне ерекше тоқталып, болашақта тәрбиелік маңызы бар, әлеуметтік және моральдық мәні терең спектакльдерді көбейту қажеттігін айтты.
– Өнер – ұлттың рухани тірегі. Театр сол руханияттың биік шыңы. Жастардың осы бағыттағы еңбегін қолдау біздің басты міндетіміз. Әр қойылым көрерменге ой салуы, ізгілікке жетелеуі тиіс. Сондықтан тәрбиелік бағыттағы спектакльдерді көбейтіп, ел ішіне насихаттау қажет, – деді Серік Сәлемов.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта облыстағы аудан орталықтарында гастрольдік сапарлар ұйымдастыру керектігін алға тартып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мұндай шаралар жас актерлердің тәжірибе алмасуына, жаңа аудиториямен байланыс орнатуына және өңір тұрғындарының мәдени өмірін байытуға зор мүмкіндік бермек.
Кездесуге арнайы келген елімізге белгілі актер, «Назар» театрының негізін қалаған Сәбит Әбдіхалықов, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жас өнерпаздарға табыс тіледі.
Жиын соңында қонақтар жастармен естелік суретке түсіп, тарқасты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ







