Ауылдардың ажары артуда
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «Ауыл – ел бесігі» және
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары бойынша осы жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады.
2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде ауылға жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар мен кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне екі бағытта мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Оның бірінші бағыты бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Бұл биылғы АЕК (3063 теңге) бойынша 306 300 теңге болды. Екінші бағытпен, яғни қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу немесе салуға 0,01 пайыздық үстемемен 15 жылға дейін 1500 АЕК көлемінде жеңілдетілген бюджеттік несие беріледі. Бұл биылғы айлық есептік көрсеткішпен 4 594 500 теңгені құрады.
Осы тұста әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған мамандар ауылдық елді мекенде үш жылдан кем емес мерзімде жұмыс істеуге міндеттеме алатынын айта кеткен жөн.
– Биыл мамандарға арналған әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 290 маман үшін 1 332,5 миллион теңге қарастырылып, осы жылдың 1 қарашасына дейін 254 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 159,9 миллион теңге несие берілді. Жергілікті (аудандық) бюджет есебінен 500 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 153,1 миллион теңге қарастырылып, есепті кезеңде 450 маманға 138,2 миллион теңге берілді. Осы жылдың 1 желтоқсанынан 283 маманға 1 293, 2 миллион теңге несие берілуде. 2023 жылға мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін 204 маманға 1 055,7 миллион теңге бюджеттік несие алдын ала қарастырылып жатыр, – деді басқарма басшысы.
Мұнан соң «Ауыл – ел бесігі» жобасына тоқталған спикер жоба ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында бірқатар міндеттерді шешуді көздейтінін атап өтті.
– Жамбыл облысы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы 82 елді мекенде (38 тіректі, 43 спутникті, 1 стратегиялық) 149 жобаны іске асыруға 14,2 миллиард теңге (ҚР Ұлттық қорынан 12,4 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 1,8 миллиард теңге) бөлінді. Бөлінген қаржыға 1 мектепке жапсарлас ғимараттың, 16 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, 15 денсаулық сақтау нысанының және 10 мәдениет үйінің құрылысы жүргізілсе, 8 білім нысанының жылу қазандықтары газға алмастырылатын болады. Бұған қоса 11 мектеп, 8 денсаулық нысаны, 6 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. 172,7 шақырымға жуық ауылішілік көшелердің 98,8 шақырымы орташа жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 816 жұмыс орнын құру көзделуде, оның 75-і тұрақты және 741-і уақытша. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына жоспарға сәйкес 11,2 миллиард теңге игерілсе, (ҚР Ұлттық қорынан – 10,1, жергілікті бюджеттен – 1,1 миллиард теңге), 1 желтоқсанға 13,4 миллиард теңге (ҚР Ұлттық қорынан – 12, жергілікті бюджеттен – 1,4 миллиард теңге) игеру жоспарлануда.
Бүгінге 149 жобаның 92 жобасында жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 39 жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. 18 жобаның құрылысы келесі жылы аяқталатын болады, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Аталмыш жоба бойынша, бүгінгі күні Байзақ ауданының Үлгілі ауылындағы 1 орта мектепке жапсарлас ғимараттың, Талас ауданының Үшарал, Жамбыл ауданының Қаракемер, Меркі ауданының Гранитогорск, Т.Рысқұлов ауданының Жақсылық, Жаңатұрмыс, Сарысу ауданының Әбілда, Жуалы ауданының Күреңбел және Мойынқұм ауданының Биназар ауылдарында 8 денсаулық сақтау нысанының, Талас ауданының Ақкөл ауылында
1 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Шу ауданының Д.Қонаев ауылында 180 көрерменге арналған 1 мәдениет үйінің құрылыстары толық аяқталды. Сондай-ақ Байзақ ауданының Ақжар ауылында 2 білім нысанын, Шу ауданының Сауытбек, Төле би, Қонаев ауылдарында 6 білім нысанын газбен қамту, 7 мектептің, 4 мәдениет нысанының және 5 денсаулық сақтау нысанының күрделі жөндеу жұмыстары мен 57 ауылішілік жолдарының орташа жөндеу жұмыстары аяқталып тұр.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ