Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мен мұңайдым жасымас кездерімде»

«Мен мұңайдым жасымас кездерімде»
ашық дереккөз
«Мен мұңайдым жасымас кездерімде»
М.Әуезов атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ақын, ҚР Жазушылар одағының, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызының «Мен арнаймын жырымды туған жерге» атты шығармашылық кеші өтті. Өмірін журналистикаға арнаған ақынның шығармашылығы кеш қонақтарына кеңінен таныстырылып, ұйымдастырушылар LED экраннан Ғайни Әлімбекқызының өмірінен мәлімет беретін бейнесюжет көрсетті. Ақша бұлттар арасынан арман іздеп, қарлығаштар мекенін мәңгілік махаббат пен адал достыққа балаған бала жүректі, ер мінезді елінің ерке қызы көрермен алдында ерекше толқып, көзіне жас алды. Қиындық пен қызыққа толы ақын тағдырын арқалап жүру, адам маңдайына жазылған бақ пен сордың, ақынға кейде бақытты, кейде бақытсыз күн кешу оңай еместігінің бұл да бір белгісі шығар. Бұған «Ақын болып ғұмыр кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп келетін Төлеген ақынның жыр жолдары дәлел. Келелі кеште ақын жырларын жаттап келген мектеп оқушылары мен суденттер көрермен қауымға өлеңнің мән-маңызын ашып жеткізе білді. Кеш барысында сөз алған Жамбыл ауданының тұрғыны, облысқа белгілі ақын, Ғайни Әлімбекқызының рухани інісі Қуаныш Ауғанбаев кеш иесінің шығармашылығы мен оның ақындық болмысы туралы танымдық пікірін білдіріп, өз өлеңдерін оқыды. Әдебиетсүйер ел аузында «Ғайни ғазал – Ғайни жыр – Ғайни ақын» аталып кеткен Әлімбекқызының әлемін әнге, жырға қоспаған ақын, сазгерлер аз емес. Әдебиеттегі әпкесі, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған Ғайни ақынға арналған әнді облыстық кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жазира Базарбаева нақышына келтіре орындап, көпшілік көңілін бір толқытып тастады. Шығармашылық кештің арнайы қонағы облыстық «Педагог тәлімі» журналының редакторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Гүлнар Есмаханова да жылы лебізін арнап, мектеп оқушылары мен білімгерлер арасында облыстық, қалалық «Ғайни оқулары» көркемсөз оқу шеберлері байқауын ұйымдастыру керектігін айтты. Ол осы іс-шараны өзі қолға алатындығын жеткізді. Шығармашылық кештің шарықтау шағында ақын авторлық өлеңдерін оқып, көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға тебірене жауап берді. – Бес күндік мына жалғанда жер басып жүрсе де арманын аспаннан, ақша бұлттардан іздейтін ақындардың бірімін. Италияға бардым, Испания, Францияға сапарладым, Рим қаласында да болдым. Шетел аралап, елге қайтатын сәттердің бірінде ұшақ ішінде: «Самолетім көкке ұшып көтерілді, Ақша бұлт көрдім сенің мекеніңді. Жерден ғана қарау саған бақыт екен, Кім білген сені қуып жетерімді», деп те жыр жазыппын бір кездері. Сөйтсем, мен тек мына қазақтың жерінде, қазақтың қасиетті топырағында ғана бақытты екенмін. Жерден ғана ақша бұлттар арманыңа жетелейді екен. Қаншама шетелді көрсең де, қаншама мемлекеттерді араласаң да өз Отанымызға, Қазақстанға жететін жер жаннаты жоқ екен. Біз, әсіресе қазіргі жастар халыққа, елге, Отанға адал қызмет етуіміз керек. Ақын гүлден де нәзік, көңіліне бәрі әсер етеді. Біреудің көзіндегі жас та, үзіліп қураған гүл де, әр қазақтың көңіліндегі мұң-қайғы, бәрі-бәрі ақынның тағдыры, – дейді Ғ.Әлімбекқызы. «Жас та көрдім жетімнің жанарынан, Гүлді көрдім үзілген сабағынан. Мен мұңайдым жасымас кездерімде, Күзгі талдай айырылған ажарынан», деп жырлаған Ғайни ақынның ойы тереңде. Өлең сонысымен өміршең. Кеш барысында орталықтан-дырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сайлаубаева сөз алып, ақжарма тілегін арнады. Кеш соңында Ғайни Әлімбекқызының кітаптарына библиографиялық шолу жасалды.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар