Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ӘН СЫРЫНАН – АНАЖАРҒА ДЕЙІН» студент жастар жазушы Елен Әлімжанмен кездесті

«ӘН СЫРЫНАН – АНАЖАРҒА ДЕЙІН» студент жастар жазушы Елен Әлімжанмен кездесті
ашық дереккөз
«ӘН СЫРЫНАН – АНАЖАРҒА ДЕЙІН» студент жастар жазушы Елен Әлімжанмен кездесті
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Жасын» әдеби шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ән сырынан – Анажарға дейін» тақырынба жазушы, драматург Елен Әлімжанның шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Дулати университеті «Ұстаз» институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы ұйымдастырған кешке жазушының өзі және қаламдас достары келіп қатысты. Кеш барысында Елен Әлімжанның спектакльдері студенттердің қатысуымен сахнада қойылып, ән айтылып, жазушы шығармашылығынан үзінділер оқылды. Осы кештің мақсаты да сол студент жастарды жақсылыққа, махаббатқа, адалдыққа баулу, жазушы шығармасы арқылы олардың ойларына сілкініс тудыру екенін айтады ұйымдастырушылар. – Қай заман, қай қоғам болмасын, көркем шығарма адам баласын тәрбиелейді. Адам кейде өз ішкі жандүниесіне үңіліп, қоғамды, өзін танығысы келгенде әдебиет әлеміне назар аудара бастайды. Әрі әр заманның өзінің жазушысы және шығармасы болады. Бұл әр кезең сайын қайталанып отырады. Сол арқылы жастар өзін-өзі тәрбиелейді. Әсіресе осы егемендігімізді алған 30 жылдың ішінде елімізде түрлі жанрда жазылған көркем шығармалар болды. Бірақ біз үшін өз облысымыздан шыққан жазушы Елен Әлімжанның шығармашылығы қашанда биік. Ал ол кісінің соңғы кезде көп талқыланып жатқан «Анажар» романы нағыз өз заманының әлеуметтік жағдайын айқындап көрсеткен, халықтың ішкі айқайын сөзге айналдырған ұлы шығарма деуге болады. Бұл шығарманы оқу арқылы жастар өз тарихына өзі үңіледі, мейірімділігі оянады, жанашырлық сезімі серпіледі. Сол арқылы олар қоғамды таниды. Өз-өздерін қалыптастырады. Міне, біздің мақсат – «Анажар» романы арқылы жастарға ой салу, олардың санасындағы әлдебір адамилық қасиеттерді ояту, – дейді «Жасын» әдеби шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Сейсекүл Исматова. Шынымен де «Анажар» романы әлі талай жастың көңілін толқытатыны анық. Кешке жиналған студент жастар сұрақ кезеңіне келгенде бірінен кейін бірі толассыз сауалдар жаудырып, роман кейіпкерлері туралы автордың ойын білді. Ал замандастары Оңласын Есіркепов, Сағындық Ордабеков, Көсемәлі Сәттібайұлы, Асқарбек Сейілхан, Ғайни Әлімбекқызы сияқты жергілікті зиялы қауым өкілдері автор туралы өздерінің жылы естеліктерімен бөлісіп, шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында студенттер жазушымен фотоға түсіп, естелік қалдырды.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар