– Жыл басынан бері облыс аумағында 104 өрт оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 оқиғаға кем. Орын алған өрттердің салдарынан екі адам әртүрлі дене жарақатын алып, бір адам қаза тапты. Өрттен келген материалдық шығын шамамен 10 миллион теңгені құрады. Тілсіз жаудың шығуына басты себеп – электр қондырғыларына шамадан тыс жүктеме түсуі немесе электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Сондай-ақ тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне абайсыз болуы да себеп болып отыр. Облыс бойынша аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар 2 980 тұрғын үйдің тізімі нақтыланып, аталған баспаналардың барлығында 100 пайыз улы және табиғи газды анықтау датчиктері орнатылды. Сонымен қатар жылыту маусымы басталғалы бері үш өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Айлық барысында тұрғын үй секторында өрттің алдын алу және газдан уланудың қаупін сейілту мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Д.Өскенбайұлы.
Спикердің айтуынша, мамандар өрт қауіпсіздігі айлығында 12 мыңнан аса тұрғын үйді аралаған. Жылыту маусымы кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін 65 600 азаматқа нұсқаулық берілген. Сонымен бірге пештер мен электр қондырғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 62 000 адамды қамтыған 697 жиын ұйымдастырылған екен. Мамандар бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатынын айтты.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




