Айтқазы Дәулетқұлұлының айтуынша, былтыр жоспардан тыс 237 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 160 нұсқама беріліп, 504 әкімшілік іс қозғалған. Сондай-ақ бақылау жұмыстарының нәтижесінде 9 авторлық және 17 техникалық қадағалаушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салумен қатар сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылған.
А.Қарабалаевтың сөзінше, бұдан өзге құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындап, құрылыс нормалары мен ережелерінен ауытқыған ұйымдарға қатысты да шара қолданылған. Мәселен, 6 мердігер ұйым мен жобалау қызметін жүзеге асыратын 11 ұйым және 2 геологиялық зерттеу ұйымы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.
– Бұдан бөлек, сараптама және жобалаушы ұйымдар аккредиттеу туралы куәліктерінен айырылып, оларға 4 325 200 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Тексеру қорытындысы бойынша 10 нысан бұзылды. 2025 жылы жалпы 116 іс сотта қаралды. Нысанды бұзу туралы 4 талап қою арызы сотқа жолданып, 1 іс бойынша сот шешімі заңды күшіне енді, ал 3 іс сот қарауында. Облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сапасына қатысты тапсырыс берушілердің ұсынымдарына сәйкес құрылыс нысандарына жалпы 150 профилактикалық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы құрылыстың барлық қатысушыларына ескертілді, – деген Айтқазы Дәулетқұлұлы 2025 жылы 26 лицензия берілгенін жеткізді.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




