Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"Дала өртінің дені табиғи жағдайдан туындамайды"

"Дала өртінің дені табиғи жағдайдан туындамайды"
ашық дереккөз
"Дала өртінің дені табиғи жағдайдан туындамайды"
«Апат айтып келмейді» дейді халық даналығы. Апаттың кез келген түрі, мысалы ол табиғи немесе техногендік сипаттағы апат болсын, оның алдын алу аса маңызды. Әсіресе адам өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны, ғимарат, мекеме, тұрғын үй секілді тағы да басқа материалдық құндылықтарды сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндет. Ал өңірдегі қандай да бір апаттың алдын алу, жою жұмыстарын үйлестіретін мекеме облыстық төтенше жағдай департаменті. Аталған салада бүгінде қандай шаруалар атқарылуда? Осы сұраққа жауап алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал Ермек Момбаевпен сұхбаттасқан едік! – Ермек Жамбылұлы, алғашқы сұрақты дала өртінен бастасақ, оның алдын алуда қандай да бір жаңашылдық немесе шешімін таппай жүрген түйткілдер бар ма? – Далалық өрттің алдын алу бойынша әр жылдың басында, яғни ақпан айында арнайы комиссия отырысы өтеді. Саладағы жұмыстың жүйелі жүруіне кедергі келтіретін қандай да бір мәселе болса, сол жиында қаралады. Биылғы комиссия отырысы 25 ақпанда өткен. Аталған басқосуда әрбір аудан, әрбір ауылдық округ әкіміне арнайы тапсырма берілді. Ол – ерікті өрт сөндіру жасақтарын құру. Оның құрамына жергілікті атқарушы орган қызметкерлері енеді. Бұл жасақ сәуір-қазан айы аралығында далалық өрттерді болдырмау, өрт пайда болғанда оны ауыздықтау ісімен айналысады. Одан бөлек облыста 10 аудан болса, оның әрқайсысында бір-бір өрт сөндіру бөлімі бар. Олардың басты мақсаты – ауылдық жерлердегі балабақша, мектеп, клуб, медициналық пункт іспетті әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын үйлерді өрттен қорғау. Сонымен қатар қазіргі таңда 2025 жылға дейін тұрғындары 5000-ға жуықтаған елді мекендерде өрт сөндіру бекетін құру, оның санын 36-ға жеткізу жол картасына енген. Бұл бойынша арнайы талдау жасалып, арасы қашық екі-үш ауылға бір өрт сөндіру бекетін құру ұйғарылған. Биыл мұндай бекеттің үшеуі, нақты айтқанда Жуалы, Талас, Шу аудандарында құрылды. Өрт сөндіру бекеттерінің қазіргі саны – 15. Ол бекеттерде жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылған өрт сөндіру жасақтары жұмыс істесе, біздің міндетіміз – оларды техникамен қамтамасыз ету. Бұл бекеттердің пайдасы өте көп. Мәселен, аудан орталығынан 100 шақырым қашықтықта өрт шықса, оған біздің бөлімнің өрт сөндірушілері жетем дегенше арада айтарлықтай уақыт жоғалады. Ал өрт сөндіру бекетіндегі екі-үш өрт сөндіруші жаңа атап өткен ерікті жасақтарды өрттің алдын алуға жұмылдырады. Оларға айлықты жергілікті әкімдік төлейді. Олар негізгі күш келгенше өрттің кең ауқымда таралуына жол бермейді. Өрт пайда болған жағдайда қандай қимыл жасау керек екенін ондағы мамандар жақсы біледі. Өрт сөндіру бекеттерінің жұмысы нәтижелі екеніне жергілікті атқарушы органның да көзі жетіп отыр. Далалық өрттің дені табиғи жағдайлардан емес, көбіне адамдардың қатысуынан пайда болады. Мысалы, биыл облыста шөп шүйгін шықты. Ол пісіп-жетіліп, сарғайғанда жол жиегіндегі қураған шөпке автокөлікте кетіп бара жатқан біреу темекі тұқылын тастаса, өрт осы жағдайда да немесе сусын ішіп келе жатқан шыны ыдысын далаға лақтыра салса, күннің қызуы шиша арқылы күшейіп, дала өрті пайда болуы мүмкін. Дала өртінің алдын алудағы негізгі проблема – тұрғындардың осындай жайттарды ескермеуі. Өрт сөндіру бекеттерін құру арқылы бүгінде орман өртінің саны да, өртенген алқап көлемі де азайып отыр. Мәселен, былтыр 3 орман өрті орын алса, биыл екі жағдай тіркелді. Ол өрт сөндіру бекеті және ерікті жасақтың арқасында дер кезінде ауыздықталды. Дала өртінің алдын алуда шешілмей жатқан преблемалар жетерлік десек, соның ішінде өрттің кең ауқымда таралмай, уақытында сөндірілуі осы тетік арқылы жүзеге асып отыр. Бір айта кетер жайт, алдағы уақытта далалық өртті сөндіруде ерікті жасақтарды арнайы киіммен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Өйткені олар өрт пайда болғанда жай уақытта киіп жүрген киіммен шығып кетпеуі керек. Биыл далалық өрттің алдын алуда Жамбыл ауданындағы Жасөркен және Меркі ауданының Шалдавар ауылы маңы секілді Қырғыз Республикасымен шектесетін елді мекендерде трансшекаралық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Өйткені кейде таудың өртенуі болады. Ол Қырғыз жерінен бастау алса, оның залалы бізге де тимей қоймайды. Сондықтан екі елдің өрт сөндіру мамандары, жасақтары бірлесіп мұндай мәселеге жол бермеуді жолға қоюдамыз. Осының және жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында қазір орман өрті айтарлықтай азайып отыр. – Жұрт арасындағы төтенше жағдай департаменті, шындап келгенде, халықтың техникасына тәуелді. Нақты айтқанда, техника жеткіліксіз, сондықтан департаменттің шаруа қожалық, кәсіпорын секілді тағы да басқа мекемелердің техникасын пайдаланудан басқа амалы жоқ деген әңгіме қаншалықты рас? – Айтып отырған сөзіңіздің жаны бар. Егемен еліміз еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиып, кем-кетікті бүтіндеп, жоқ-жітікті түгендеуде қыруар тірлік атқарды. Олқылықтар әлі де болса бар екені рас. Техника мүлде жетіспейді деген сөз шындыққа жанаспайды. Бірақ ескі. Бүгінде өрт сөндіру машинасы, биік ғимаратқа шығатын автосаты және сүңгуірге қажетті техникалар мен аппараттарды, адамдарды таситын көлік секілді қолда бар техниканың 74 пайызы жаңа. 2025 жылға дейін барлық техниканы 100 пайыз жаңартсақ деген меже бар. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Облыс әкімдігіне рақмет! Техника, жеке құрамның ыстыққа төзімді киімін, басқа да қажетті құрал-жабдықтарды шетінен сатып алып беріп, осы межеге қол жеткізуге үлес қосып келеді. Мәселен, биыл 4 жаңа өрт сөндіру машинасы мен 2 шұғыл шығуға арналған «УАЗ», «КамАЗ» автокөлігін алдық. Техниканы жаңартуда тек қана ТЖ министрлігі ғана емес, жергілікті атқарушы орган да өз септігін тигізіп жатыр. Осы салада еңбек етіп жүргеніме 25 жыл болды, осы аралықта техниканы 74 пайыз жаңарту оңай болған жоқ. Уақыт өткен сайын бұрынғы техника ескіреді. Соның ішінде өрт сөндіру машинасы жеткілікті болғанымен, бірақ оны үнемі жаңартып отыру басты мәселе. Ал халықтың техникасына қай кезде иек артамыз деген сауалға келсек, егер қандай да бір көлемі ауқымды өрт пайда болса, сол кезде шаруалардың, мекемелердің көлігі пайдаланылады. Ол бойынша әр аудан әкімімен бекітілген «Күш құралдарын бекіту» жоспары бар. Кімде қандай техника бар, сол алдын ала есепке алынады, оған тиісті тарап қол қойып, келісімін береді. Мәселен, Тараз қаласында «Жасыл ел – Тараз» мекемесімен, автопарктермен осындай келісім жасалған. Оның бірінің көлігі апатты жоюға пайдаланылса, тағы бірі тұрғындарды эвакуациялауға қажет. Сол секілді бір шаруа қожалықтың тракторы мен соқасы немесе су мен сүт таситын көлігі қажет кезде пайдаланылады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, дамыған елдерде өрт саны аз. Өйткені ондай мемлекеттің кішігірім ауданының өзінде 2-3 өрт сөндіру бөлімі бар. Ал бізде бір ауданда бір ғана өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Біз біртіндеп болса да осы жүйеге келе жатырмыз. Жоғарыда атап өткен өрт сөндіру бекеттерінің көрінісі осыған негіз бола алады. Аталған бекеттер саны көбейіп, олар көлікпен және басқа да қажетті құралдармен толық жабдықталса, өрттің алдын алу жұмыстары да нәтижелі болады. – Авариялық-құтқару қызметінің түрлері көп. Оның ішінде облыста қанша судан құтқару бекеттері бар, олар қайда орналасқан және жеткілікті ме? Мәселен, кейбір өзен-көлдердің жағасында құтқарушылар болмайды. Салдарынан бір адам суға кетсе, дер кезінде құтқару қызметінің болмауынан адам өмірімен қоштасуы мүмкін ғой. – Судан құтқару жасағы Тараз қаласындағы «Аса» ықшамауданында, «Зербұлақ» каналының маңында, Талас ауданындағы Қаратау қаласы маңындағы «Жартас» суайдынында, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында орналасқан. Сіздің сұрағыңыз, меніңше, мысалға айтар болсақ, «Талас өзенінің кез келген жеріне адам шомылуға болмайды, бірақ базбіреулер сол өзенге шомылып, суға батқан жағдайда оларды қалай құтқарып қаласыздар?» деген сарында болып тұр. Ондай жерге суға түсуге болмайтыны жөнінде ескертпе стенд орнатылған. Мысалы, биыл осындай 310 тыйым салынған белгі, 42 билборд және бірқатар ақпараттық стендтер орнатылды. Бәріміз де бала болдық. Бала ондай ескертпеге қарамауы мүмкін. Алайда мамыр айының бірінен бастап, қыркүйек айының біріне дейін 6 мобильдік топ таң атқаннан күн батқанға дейін Тараз қаласының маңы, аудан деп бөлмей Талас, Аса, Теріс өзендері мен басқа да суайдындарын аралап тұрады. Ол мобильдік топтың құрамында судан құтқару жасағымен бірге құқық қорғау секілді өзге де орган қызметкерлері болады. Мәселен, біреу суға батып, жатқан жағдайда судан құтқару жасағының қызметкері (водолаз) оны құтқаруға барын салады. Дегенмен әлдебір су айдындарында суға түсуге тыйым салынса да ыстық күнде серуендеп, бір сәт көңіл сергітуді ойлаған кейбір тұрғындар өздерінше демалып жатады. Ондай жерге барып, мұның қауіпті екенін ескертіп немесе судан шығаруға әрекет еткенде олар қарсы шығатын жағдайлар болады. Кейбірі тіпті жаға жыртысуға дейін баруы мүмкін. Осы сәтте мобильдік топ құрамындағы полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуімізге тура келеді. Негізінде ондай демалыс ұйымдастырған тұрғындардың дені бізді тыңдағысы келмейді, ішімдік ішіп алып, «Маған не істейсің?» дейтіндер де бар. Сондай сәтте полиция қызметкері ескерту береді, кейбіріне айыппұл салады. Сондай-ақ өңірде жаппай суда демалатын орындар, яғни жеке жағажайлар мен демалыс аймақтары, сондай-ақ табиғи жағажайлар қоғамдық құтқарушылар бақылауына алынады. Мысалға, биыл осындай орындарды 55 қоғамдық құтқарушы бақылауда ұстады. Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілмеген суайдындарында облыс әкімдігі білім басқармасының мамандарымен бірлесіп, жазғы демалыс мезгілінде аудандар мен Тараз қаласында орналасқан түрлі демалыс орындары, оның ішінде жекеменшік демалыс нысандары мен бассейн иелерімен 15 келісімшарт жасасып, ол жерге шомылуға келген балаларға жүзу дағдыларын үйреттік. Адам суға батқанда оларды құтқару, оларға алғашқы көмек көрсету іс-шаралары да тұрақты ұйымдастырылып тұрды. Соның арқасында өткен жылдың 5 қыркүйегіне дейін 7 адам суға батса, биыл бұл сәл де болса азайды. Анығы, осы жылы 4 оқиға тіркелді. Негізінде адамның суға батып кету оқиғасы көбіне оның ішкілік ішуімен байланысты болып жатады. Нақты айтқанда, талдау нәтижесі он адам суға кетсе оның жетеуі ішімдік ішкендер, ал үш пайызы балалар болса, қалғаны абайсызда суға батқандар екенін көрсетіп отыр. Шу ауданында жол апаты болған жағдайда шұғыл көмекке келетін станса бар. Соның жанынан судан құтқару жасағын құрсақ деген жоспарымыз болған. Бірақ оған қаражат жағы мүмкіндік бермей жатыр. Егер осы жасақ құрылса, бұл да қоғамға өзіндік пайдасын тигізер еді. – Әншейінде өрт сөндірушілерді қауіпті мамандық иесі деп жатамыз. Алдағы жылы өрт сөндірушілердің жалақысы өсетінін Президент те, министр де айтты. Сонда өрт сөндірушілердің осы уақытқа дейін айлықақысы төмен болғаны ма? – Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге рақмет! Соңғы екі жылдан бері осы мәселені көтерумен келеді. Мәселен, 2020 жылы өрт сөндірушілердің айлықақысы 68-69 мың теңге болған. Қазіргі таңда ең төменгі еңбекақы 105-110 мың теңге. Негізінде елдің аузына қақпақ бола алмайсың ғой. Өйткені жұрт арасында «Өрт сөндірушілердің еңбекақысы 70 пайызға өседі екен, ал олардың басшылары ше? Олар төмен айлық алмайды, сонда олардың да айлығы 70 пайызға өсе ме?» деген сұраққа негізделген сөз бар. Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап өрт сөндірушілердің еңбекақысы 70 пайызға өсетіні рас. Бұл 70 пайыз деген өсім тек оттың ортасында жүретін мамандарға тиесілі. Қызметті енді бастаған қатардағы құрамның жалақысы максималды түрде 70 пайызға дейін өссе, өрт сөндіру қызметінің бастықтарының жалақысы 10 пайызға көтеріледі. Ал бізге бір тиын да қосылмайды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, министрдің жалынмен арпалысатын нағыз жеке құрамға деген қолдауы деп білемін. Себебі өрт сөндірушілердің мойнына артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Күнделікті кезекшілік болғаннан кейін өрт сөндірушінің басынан қандай жағдай өтетінін жай адам біле бермейді. Жақында Астана қаласында бір тұрғын үй өртеніп, ондағы тұрғындарды құтқару барысында екі адам ауыр халде ауруханаға түскен еді. Соның бірі – өрт сөндіруші Асқар Забикулин. Ол өртенген үйдің пәтеріне терезе арқылы кіру үшін 12-қабаттан 11-қабатқа дейін құтқару арқанымен түскен. Артынша жанып жатқан, бөлмелерді аралап, өрт ішінен үш адамды алып шыққан. Дәрігерлер денесінің 80 пайызын күйік шалған оның өмірін сақтап қалу үшін барын салып күрескенімен, өкінішке қарай қаза тапты. Оның көпқабатты тұрғын үйдегі адамдарды құтқарып жатқан ерлікке толы әрекеті, жұмыстағы, спорттағы жетістікке толы сәттері әлеуметтік желіде де тарады. Әлеуметтік желідегі сол бейнажазба астында оның отбасына көңіл айтқан, ерлігіне тағзым еткен елде есеп жоқ. Сонымен қатар Байзақ ауданындағы бір әскери бөлімде жарылыс болған кезде де бірінші кезекте әскери өрт сөндірушілер, одан кейін аудандық өрт сөндіру мамандары қаза тапқаны көптің есінде. Өмірден қыршын кеткен сондай жастардың болмашы еңбекақы үшін оттың, ажалдың ортасында жүруі расында да әділетсіз. Сондай қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, өз қызметіне адалдық танытатын өрт сөндірушілердің лайықты еңбекақы алғанын біз ғана емес қоғам да құптайды, қолдайды деп білемін. – Қандай да бір қауіптен аман қалған адам стресс алуы мүмкін. Оның апатқа неліктен тап болғанын зерделеу, психологиялық көмек көрсету жұмыстары жүргізіле ме? – Біздің өзіміздің арнайы психолог мамандарымыз бар. Негізінде мұндай көмек түрімен департамент басқармаларына қарасты шұғыл жағдайда психологиялық көмек көрсету бөлімінің қызметкері айналысады. Мысалы, үлкен ауқымда өрт оқиғасы орын алса немесе бір тұрғын үйде газ баллоны жарылса, жолдағы автокөлік, елді мекендегі тұрғын үй өртенсе де ол мамандар өрт сөндірушілермен бірге жүреді. Мәселен, үй түгелімен өртеніп кетсе, оның иесі дене жарақатын алмағанымен, дүние-мүлкі күлге айналғанда шок болуы мүмкін. Міне, психологтың жұмысы осы кезден басталады. Оның қасында өзіміздің бір фельдшер де бірге жүреді. Бірі: «Болған іске бекем болыңыз», деп арқасынан қағып, жұбату сөзін айтса, фельдшер медициналық алғашқы көмек ұсынады. Психологтың міндеті – төтенше жағдайдан зардап шеккен адамға шұғыл психологиялық көмек көрсету. Зардап шегушінің отбасы мен жақындарына қолдау көрсету. Өйткені төтенше жағдайға тап болған адамның жағдайы қалыпты болмауы, оның күйзеліске ұшырауы, жүйкесінің сыр беруі өмірде болатын жайт. Сондай сәтте төтенше жағдайдан зардап шеккен адам тілге келсе, сөзге тарту, оның жүйкесі қалыпты жағдайда екеніне көз жеткізу осы мамандардың жұмысымен анықталады. Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданындағы өрт сөндіру бөлімінде психологиялық тұрғыда жеңілдету бөлмесі жұмыс істейді. Олар өрт сөндірушілердің өзіне психологиялық көмек көрсетеді. Өйткені төтенше жағдайда жұмыс істейтін мамандардың өзі де әртүрлі жағдаймен бетпе-бет келгендіктен күйзеліске ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайда оларға көмек көрсетілмесе, соңы келеңсіздікке ұрындыруы ықтимал. Ал мамандар арасында, әсіресе жұмысқа жаңадан тұрған немесе жас мамандармен осындай жұмыс жүргізудің арқасында олар қандай да бір жағдайға тап болғанда сындарлы сәтте оңтайлы шешімдерді тез қабылдау қажеттілігіне септігін тигізеді. Олар апаттан адамдарды құтқаратын мамандардың жеке психофизиологиялық ерекшеліктерін, күйзеліске төзімділік қабілетін, жұмыс тәжірибесінің деңгейін де талдайды. Өз кезегінде мамандар апаттық аймақта құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде пихолог мамандардан алған білімі мен дағдыларын, меңгерген әдістері мен тәсілдерін іс жүзінде қолданады. Одан бөлек жеке құрам және халық арасында психикалық тренингтер өткізіліп тұрады. Мүмкін суға батып бара жатып құтқарылған адам осыған өзі саналы түрде барған шығар. Отбасындағы жанжал немесе біреудің қысымынан кейін осындай жолды таңдайтын адамдар да кездеседі. Сол кезде психологтар күйзелістегі адаммен жұмыс жүргізе отырып, талдау жасау арқылы қорытынды шығарып, ары қарай ол адам бақылауға алынады. Ол адам қалыпты жағдайға түскенше бақылауда болады. – «Қазгидромет» мекемесімен байланыстарыңыз бар ма, олардың қолайсыз ауа райына қатысты берген ескертпелері қаншалықты шындыққа жанасады? – «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бізге айлық, апталық, үш күндік, бір күндік ауа райына қатысты болжамдарын тұрақты түрде жіберіп отырады. Олар жедел, кейде түнде «ертең боран немесе көктайғақ» деген секілді мәліметті жібереді. Біздің кезекшілік бөлімдегі мамандар «Beeline», «Tele2» іспетті ұялы байланыс операторларына сол мәліметті жібереді. Олар әр тұтынушының ұялы байланыс нөміріне оны СМС ретінде жолдайды. «Қазгидромедтің» болжамы қазір 100 пайыз тура келіп жатыр. Бұл соңғы екі-үш жылдан бергі байқағаным. Қазір технологияның барлығы заманауи, бұл соның жемісі деп ойлаймын. – Тұрғындардың сіздер ескерткен дауылға қарамастан жолға шығып кететін жағдайы болып тұра ма, мұндай жағдайда не істейсіздер? – Әрдайым ауа райы болжамына назар аударып, қадағалауды ұмытпауды брифингтерде айтып, жергілікті телеарналарда беріп жатқан хабарды тоқтатып, боран, дауыл жайлы ескертіп, «Қолайсыз ауа райы кезінде жолға шығуды кейінге қалдырыңыздар!» деп қанша өтініп жатсақ та тұрғындардың жолға шығып кететін жағдайы жиі болып тұрады. Ал біз не істейміз? Амал жоқ, жолда қалғандарды құтқаруға аттанамыз. Мәселен, биылғы 15 қарашада облыстық ТЖ департаментіне Жуалы ауданы, Шымбұлақ ауылының үш тұрғыны (екеуі 1974 жылы туған және біреуі 1983 жылы туған) 18 сағат 05 минутта Шымбұлақ ауылынан 15 шақырым қашықтықта тау бөктеріндегі аумақтан трактормен мақсары оруға шығып, жолдың бойы дым көрінбегендіктен адасып кеткендігі жөнінде хабарлама келіп түсті. Осы жағдай да уақытында ескертілді. Жоғалған адамдарды іздестіруге төрт өрт сөндіруші-құтқарушы, учаскелік полиция және бір жергілікті тұрғын жол талғамайтын «ТРЕКОЛ» көлігімен шықты. Мезгілдің қою қараңғылығы мен боранның басталуы себепті ешнәрсе көрінбейтін жағдай туындағандықтан іздеу жұмыстары келесі күнгі таңертеңгі мезгілге шегерілді. Ал 16 қараша күні таңертең жарықта іздестіру жұмыстары қайта басталып, 10 сағат 35 минутта Шымбұлақ ауылынан қырық шақырым қашықтықта жоғалған адамдар табылды. Олар аман-есен, денсаулығы қалыпты еді. 16 қарашада сағат кешкі 17:00-де, Жуалы ауданы, «Алматы – Термез – Ташкент» республикалық маңызы бар автокөлік жолы (Айша бибі ауылы, Түркістан облысы шекарасы 534-593-шақырымы) бөлігінде ауа райының нашарлауына байланысты (қар, бұрқасын жел, айналаның түк көрінбеуі) жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылған-ды. Сол кезде жолға шыққан адамдарға көмек керек болып, оқиға орнына мен де бардым. Көлік бір тоқтаса, қайта қозғалуы қиын. Жолда қалып қойғандардың арасында қариялар мен емізулі балаға дейін бар. Мән-жайды сұрасақ, олардың бірі бір ауылдан келесі ауылға қонаққа шақырып, соған бара жатса, тағы бір жағдай да сондай болмайтын нәрсе. Олар ауа райы болжамын естіген, бірақ «нартәуекел!» деп пендешілікпен жолға шығып кеткендер. Сол күні 21 сағат 45 минутта Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің «101» телефонына Алматы – Ташкент тасжолының «Күйік» асуының жанында «Хюндай» жеңіл автокөлігімен 2 адам қалып қойғаны туралы да хабарлама түскен. Хабар түсе салысымен оқиға орнына Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінен «Нива» автокөлігімен 2 қызметкер шықты. Расында, Алматы – Ташкент тасжолының 931-шақырымында Мустафа Шымшилов есімді азаматтың «Хюндай» жеңіл автокөлігі бұзылып, өздері суыққа қатты тоңып қалған. Аталған азаматтар Бауыржан Момышұлы ауылының №29 орта мектебіндегі жылыту орнына жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Осы жерде бір жағдайды халық ескеруі керек. Тұрғындар «қатты жел болғанымен, қар жауып тұрған жоқ қой, көлік жүре алады» деген оймен үйден шығып кетеді. Қар жаусын, жаумасын «Күйік», «Шақпақ» асуларында сол маңдағы таудағы, сай-саладағы қарды қатты жел үйіріп әкеліп жолға ұрады. Автожол осыдан кейін қарға көміліп, омбы қарда көлік жүре алмай тоқтап қалады. Қысқасы, жол жабылды ма, оны әркім ескеруі керек. Құтқару қызметі барғанымен, қандай да бір оқыс жағдай орын алса, адам өмірі қиылуы мүмкін. Сондықтан мұндай көзсіз батырлыққа жол берілмеуі көлік керек. Қазір жұртшылық үшін «Darmen» мобильді қосымшасы іске қосылған. Қай жерде қандай ауа райы, көктайғақ, дауыл болуы мүмкін деген сұрақтарға осы қосымшаны пайдаланған адам жауап таба алады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар