Жамбыл облысында ірі көлемдегі есірткі тасымалының жолы кесілді
- author AR-AY
- Бүгін, 16:10
- 22

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Қарасора-2025» іс-шарасы кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583-шақырымында «Ауди-100» маркалы көлік тоқтатылған. Автокөлікте көрші облыстардың екі тұрғыны – жүргізуші мен жолаушы отырған.
Қызметтік ит Баронның көмегімен көлікті тексеру кезінде артқы орындықтан 3 қап, ал жүк салғыштан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған тағы 9 қап табылды.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген заттың жалпы салмағы 66 келі болып, оның «кептірілген марихуана» екені анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті екі ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Операция облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді. Құқық қорғау органдары есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастырып, азаматтарды мұндай қылмыстарға қатыспауға шақырады.