БАЛАМАЛЫ ҚУАТ КӨЗДЕРІ
Жуырда Мысырда Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммиті өтіп, мемлекеттер мен үкіметтер басшылары климаттың өзгеруінің ең өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің ұстанымдарын білдіретін «ұлттық үндеулер» жасады. Алқалы басқосуда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттары мен міндеттерін берік ұстанатынын атап өтті.
«Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы барынша биік мақсаттарды қойып отыр. Осының аясында жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Орталық Азиядағы елдің алғаш болып осындай маңызды құжатты қабылдауы тарихи сәтке айналмақ», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалпы өндірістегі «жасыл» энергияның үлесі шамамен
3 пайызды құрайды. Бұл ретте оны өндіру көлемін 15 пайызға дейін, яғни 2030 жылға қарай қосымша 7 ГВт-қа ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар биыл көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15 пайызға төмендету көзделген.
«Қазақстанның «жасыл энергетиканың» әлемдік орталықтарының бірі болуға әлеуеті зор. Сондықтан біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудың аймақтық орталығына айналуға және жалпы Орталық Азияны «жасыл» технологияларға көшуге ынталандыруға дайынбыз.
Технологиялық жаңғыртудың маңыздылығын, оның ішінде Париж келісімі шеңберінде білім алмасуды енгізу және «таза» технологияларды беру қажеттігін ерекше атап өткім келеді», деген Әлихан Смайылов Қазақстан климаттық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша барлық халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Әлихан Асханұлы айтқандай, бүгінгі таңда еліміз жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында жаңғыртылатын энергияға қоса, сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіс екенімізді, Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болатынын айтты. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасына сәйкес елімізде кешенді жұмыстар атқарылуда. Атап өтер болсақ, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.
Жуырда елдің электр энергетикасы саласын дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов саланың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы және аталған тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелерге жан-жақты тоқталып өтті.
«Министрлік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындады. Тұжырымдаманы іске асыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Біріншіден, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу арқылы электр энергиясы нарығын реформалау қажет», деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысында.
Айтуынша, ведомство мамандары энергетикалық ауысу шеңберінде «таза көмір» технологияларын, жаңартылатын энергетиканы, заманауи газ және атом генерациясын, Smart Grid зияткерлік жүйесін қолдана отырып, ESG қағидаттары негізінде дамыту шараларын әзірлеген.
«Бұл шаралар министрлік әзірлеген
ҚР электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы шеңберінде көзделген. Осы жобаны іске асырудың бірінші кезеңі ретінде министрлік заңнамалық түзетулер топтамасын дайындады. Ол қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр», деді Энергетика министрі.
Болат Оралұлының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7 пайызды құрайды. ЖЭК секторына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 триллион теңгеден астам.
«Биыл ЖЭК-тен алынған электр энергиясының көлемі 4,5 миллиард
кВт/сағ немесе өндірістің жалпы көлемінің 4 пайыз көлемінде болжанады. Бұл ретте қаржы-есеп айырысу орталығымен қол қойылған шарттар шеңберінде 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ЖЭК объектілерін салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруға бастама жасаған Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы елінің компанияларымен келіссөздер жалғасуда.
Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6 пайызға тең болуы тиіс, деді Б.Ақшолақов.
Егер Қазақстанда жалпы өндірістегі «жасыл» энергияның үлесі шамамен
3 пайызды құрайды десек, Жамбыл облысының үлесі зор екені айтпаса да белгілі. Жалпы облысымыз баламалы энергия көздерін дамытуда еліміз бойынша көшбасшылардың қатарында келеді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда облысымызда жаңартылатын энергия көздерінің жалпы белгіленген қуаты 437,8 МВт болатын 18 нысаны жұмыс істейді екен. Саралай айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 МВт 6 су электр стансасы, жалпы қуаты 162,15 МВт 6 жел электр стансасы, сондай-ақ қуаты 251,25 МВт 6 күн электр стансасы бар көрінеді.
Су электр стансасының бірі – Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылдық округіндегі «Қарақыстақ» стансасы. 2013 жылы іске қосылған, жобалық құны 1 миллиард 007,9 миллион теңге станса сағатына 2 300 кВт электр энергиясын өндіруде. Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, стансаның жобалық қуаты 2,3 МВт-ты құрайды.
– Табиғат көздері – жел, күн мен су энергиясынан алынатын қуат көзін пайдалану арқылы әлемнің дамыған елдері дербес экономиканы қалыптастыруға көшкен. Мәселен, Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің үш пайызын немесе 60 миллиард АҚШ долларын «жасыл» сектордың дамуына бөледі. Сонымен қатар АҚШ «жасыл» экономиканы дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергияны жетілдіру жолын таңдады. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бастап «жасыл» экономикаға өте бастады. «Қарақыстақ» су электр стансасы сол кездегі «жасыл» экономиканың алғашқы қарлығашы десе де болады.
Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес бүгінде облысымызда түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біздің алдымызда алдағы уақытта судан алынатын энергия көзін арттыру жоспары тұр. Біз тұжырымдама аясында жүктелген міндеттерді орындау арқылы экологиялық өнімнің үлесін арттыратын боламыз, – деген Нұрдос Мұханұлы бүгінде стансада 15 адам жұмыс істейтінін, судан өндірілген өнім «КЕGОG»-тың біртұтас энергия жүйесіне беріліп жатқанын жеткізді.
Жаңартылған және баламалы энергия көздерін өндіру бағытында Шу ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, аудандағы «Тасөткел» су электр стансасы осы жылдың бірінші жартыжылдығында сағатына 23113681 кВт қуат өндіріпті. Жобаның инвесторы – «Компания A&Т-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік директоры Саид Ахаевтың сөзіне сүйенсек, стансаның жылына 45,6 миллион кВт/сағат электр қуатын өндіруге мүмкіндігі бар.
– «Тасөткел» су электр стансасын салу 2013 жылы басталып, құрылысы бірнеше жыл жүргізілді. Жобаның құны 1 миллиард 362,4 миллион теңге. Қазір стансада 12 адам жұмыс істейді. Жоба 2018 жылы іске қосылып, судан электр қуаты алынуда. Атап айтсақ, 2018 жылы 560 395 706 теңгенің, 2019 жылы 463 589 587 теңгенің, 2020 жылы
494 356 842 теңгенің өнімін өндірсе, былтыр 549 370 092 теңгенің өнімі өндірілді. Осылайша өндіріс көлемі жыл санап ұлғаюда, – дейді серіктестік директоры.
Сонымен қатар Шу ауданындағы құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған «M-Kat Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «ШУ-100 МВт» жобасының да өз жұмысын бастағанына көп болған жоқ. Француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» ЖШС-ның бас директоры Илья Чернодаровтың сөзіне сүйенсек, инвестициялық жобаның жалпы құны 36 миллиард теңгеден асады.
– Стансада орнатылған панельдер 25 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істейді. Сонымен қатар жобаны Шу ауданының аумағында жүзеге асыруымыздың екі себебі бар. Алғашқысы – ауданның күн сәулесінің белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жатуы болса, екіншісі – аймақта «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының соғылуы. Әлбетте, 500 гектардан аса жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген тапшылық әжептәуір сезілетін болады. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді болып отыр, – дейді Илья Чернодаров.
Мұнан бөлек ауданға қарасты Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мВт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жетекшісі саналатын «WINDHAN» серіктестігі тарифтеу мен қаржыландыруға қатысты мәселелер түбегейлі шешімін тапса, құрылыс жұмыстары бірден басталатынын айтуда. Жобалық құны 70 миллионнан асатын станса өз жұмысын бастағанда шамамен 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп беріпті.
Сөз басында облысымызда 18 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейтінін тілге тиек еттік. Қазіргі таңда қосымша жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын 3 жел электр стансасының құрылысы басталған. Үш жобаның құрылысын да биыл аяқтау жоспарлануда. Жобалар іске қосылғаннан кейін облыстың жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 451,3 МВт-ты құрайтын болады. Осылайша облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасы тиянақты орындалып, баламалы энергия үлесі жыл санап артып келеді.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала