Жаңа Қазақстанның жасампаз мұраты
Күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мініп, күркіреп күн астында жортқан бабаларымыздың арманы бүгін Жаңа Қазақстанда жалғасын тауып жатыр. Мұны шын мәнінде біздің тәуелсіз тарихымыздағы екінші рет қайта түлеуге деген құлшынысымыздың нәтижесі деуге болады. Өйткені Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген бастамасы арқылы «Екінші республика» кезеңіне аяқ бастық.
Ұлытауда өткен ұлы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының пәрменімен 1992 жылдан бастап 2009 жылға дейін тойланып келген «Республика күні» қайтадан ұлттық мереке болып бекітіліп, өшкеніміз қайта жанғандай болды. Шын мәнінде, халықтың да қалауы сол екен. Ұлттық рухымыз оянып, көптен күткен ұлы тойымызды тойлап да үлгердік. Міне, бұл біздің республикамыздың жаңару кезеңі деуге болады.
Бұл уақыт пен тарихтың әділеттілігін қайта қалпына келтірумен бірдей. Өйткені 1990 жылы 25 қазанда XII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Сол кездегі небәрі 17 тармақтан тұратын құжат біздің егемендігіміздің алғашқы есігі, тәуелсіздігіміздің тұңғыш бесігі болып бағалануы керек.
«Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен,
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз» деген алғашқы Әнұранның екпініндей өрекпіп тұрған рухты сезімді сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Кешегі «Ақ орда», «Көк орда», «Алтын орда» атауларының бүгінгі Республика, Тәуелсіздік, Егемен ел, Мемлекет деген ұлы ұғымдармен ұштасуы адамның бойын шымырлатып, жігерін шыңдайтыны анық. Қазақ тарихындағы аласапыран жылдардың аузына жұтылмай аман қалған ұлтымыздың ең ұлы үміті тәуелсіздік еді. Сол үміттің сәулесі бүгінде қазақ даласына жарық болып таралып, нұр шашып тұр. Өз мемлекетіңнің тәуелсіз болғанынан артық не бар дейсің бұл жалғанда.
Егемендігі бар халықтың еркін, ерке болатыны екібастан белгілі. Ел аузынан «Қазақ республикасы» деп естігеннің өзі жығылғанды тұрғызғандай, кедейді бай қылғандай, қараны хан қылғандай сезім сыйлайды емес пе адамға?!
«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген», деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, қазақтың басынан не өтіп, не кетпеді?
Жалпы Ұлытаудағы құрылтай қазақтың рухын серпілтті десек, артық емес. Өйткені құрылтай кешегі ата дәстүріміздің сабақтастығы. Бұл ұлт тағдырын талқыға салған маңызды кезең. Тарихтан белгілі осы секілді маңызды жиындарды атасақ, Алтын орданың құрылуына әсер еткен Талас құрылтайы, одан кейінгі Қарақұм мен Ордабасыда өткен ұлы жиын, Алаш партиясының құрылуына әсер еткен Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы деген сияқты алқалы жиындар қашаннан да халықтың болашағын белгілеп отырған. Міне, сол сияқты Ұлытауда өткен құрылтай біздің халқымыздың шын мәнінде «Екінші республика» құруға ұмтылуының ең бірінші қадамы деп бағалаған дұрыс.
117 адам қатысқан Ұлттық құрылтайда Президент бірнеше мәселеге нақты тоқталып, ұлт болып ұйысудың маңызын атап көрсетті.
Президент бірінші кезекте жалпыұлттық бірлікті нығайтуды, екінші жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалану сияқты маңызды мәлімдемелер жасады. Бұл біздің өз еліміздің, өз халқымыздың болашағын баянды ететін жол екеніне сеніміміз кәміл.
«Жаңа-Қазақстан» – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», демократиялы республика. Біздің еліміз қайта түлеу, жаңғыру кезеңіне өткенінің тағы бір айғағы –
алда келе жатқан кезектен тыс сайлау болмақ.
– Әділетті Қазақстан өздігінен құрылмайды. Дегенмен «Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады» дегендей, бұл бағытта байыпты бастамалар қолға алынып, лайықты істер атқарылуда. Мемлекет басшысы өзінің бастамалары арқылы осы қадамға бастау берді. Дейтұрғанмен де бұл сайлау біздің құрамыз деп отырған «Екінші республикамыздың» тағдырының кепілі әрі «Екінші республикамыздың» алғашқы қадамының тұсауын кеспек. Сондықтан еліміздің болашағының нұрға толуы да, мұңға толуы да халықтың өз алақанында. Бұйырса, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл кезеңнен де сүрінбей өтіп, алдағы жылдары мүлдем жаңа бағытта, жаңа көзқараста сапалы өмір сүретінімізге сенейік, – дейді "Жаңару" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры, облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев.
Әрине, ұлт болашағы, халық тағдыры сынға түсетін сәттен сүрінбей өту – тарихи қадам. Ал «Әділетті Қазақстанды» құру, мемлекетіміздің мүлдем жаңа бет-бейнесін қалыптастыру – ол біздің ұрпақ алдындағы бұлжымас борышымыз.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала