Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өрені дарынды, өнері жалынды

Өрені дарынды, өнері жалынды
ашық дереккөз
Өрені дарынды, өнері жалынды
Жуырда облыс әкімдігі білім басқармасының дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатында «Бейбітшілік символы» тақырыбында тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өтті.  Жиынға облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Сәуле Жұмалиева, «Дарын» лицей-интернатының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимов, облыс әкімдігі жастар саясаты басқармасының жастар ісі жөніндегі инспекторы Алтын Баймаханова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының магистрі Рахат Тобаджанов және 14157 әскери бөлімінің қызметкерлері Гүлмира Ақшалова мен Назгүл Мұсабекова қатысты. Бірінші кезең аясында «Егемендік – елдіктің белгісі» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» барысында қатысушылар егемендіктің қалай келгенін, елдігіміздің негізгі нышандары – Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, елімізді, жерімізді қорғау, көркейту үшін алда қандай қадамдар жасалу қажеттігі туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар Егемендік декларациясының қабылдануы, тәуелсіздіктің мән-маңызы туралы баяндалды. Екінші кезеңде кітапханашылар А.Умиралиева мен В.Акилованың ұйымдастыруымен өткен «Қазақтың қамал қорғаны, егемен елдің еңселі ері» атты Кенесары ханның 220 жылдығына арналған тарихи сағат барысында Кенесары Қасымұлының ерлік тұлғасы туралы әңгіме өрбіді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының өмірі мен өнегелі істерінің арқасында қазақ батырлары, ұлт-азаттық қозғалыстың бірнеше ұрпағы тәрбиеленіп шыққандығы, бүгінгі бейбіт өміріміз ата-бабамыздың елі үшін жасаған ерліктерінің нәтижесі екендігін жас ұрпаққа барынша түсіндірді. Ал іс-шараның үшінші кезеңі «Жаңа Қазақстан – жастарға жаңа мүмкіндік» тақырыбында өткен дебатпен жалғасын тапты. Дебат барысында спикерлер өскелең ұрпақтың мәселесін көтере отырып, жастарға арналған бағдарламалар, жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы пікір алмасып, күрделі мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ «Қазақстан – кең-байтақ туған өлкем» сурет байқауы, «Ұлттық қолөнер мәдениеті: ою-өрнектердің тұрмыстық заттарда бейнелену ерекшелігі» тақырыбында өткен шеберлік сағатының да маңызы зор болды. Күні бойы өткізілген іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты.

Бақыт Жалғас

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар