Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық жас сәулетшілердің талабы қуантады

Жамбылдық жас сәулетшілердің талабы қуантады
Автор
Уақыт ізін айшықтауға келгенде сәулет өнерінен асқан құдіретті дүние жоқ. Қара жерге қазық болып қағылып, тау болып тұрғызылған ғимараттар салынған дәуірінің тыныс-тіршілігі мен арман-мұратынан, қилы тағдырынан сыр мен шежіре шертер нағыз дерек. Сол дәуірдің ғимаратына қарап-ақ, уақыт сарыны мен тарих желісін, өркениет шыңын пайымдауға болады.

Әулиеата өңірінде де сәулет өнері айрықша маңызға ие. Облысымыздан еліміздің сәулет және құрылыс салаларының дамуына елеулі үлес қосып жүрген қаншама танымал архитектор мамандар түлеп ұшқан. Жалпы облысымызда сәулет мамандығы 2002 жылы техника ғылымдарының докторы, профессор Оңдасын Исақовтың бастауымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде ашылған. Оңдасын Әбдірашидұлы өз ынтасымен сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне өңіріміздегі іргелі оқу орнында сәулет өнері мамандығын ашудың қажеттілігін дәлелдеген. Сол жылы ол облыстық «Aq jol» газетіне «Сәулет өнері – бірегей мамандық», «Знамя труда» газетіне «Архитектура уникальная специальность» атты мақалалар жариялаған.

Осы мамандық алғаш ашылған 2002-2003 оқу жылында университеттің қабылдау комиссиясына 8 талапкер құжат тапсырып, бесеуі оқуға түскен. Сол жылы оқуға түскен студенттердің төртеуі университетті бітіріп шыққан. 23 жылдан бері сәулетшілердің ұстаханасына айналған кафедра қазір Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің құрамында.

Бүгінгі таңда мұнда 2 білім беру бағдарламасы бойынша бакалавр, 2 білім беру бағдарламасы бойынша магистрлер – сәулетшілер даярланады. Атап айтқанда, «Тұрғын және қоғамдық ғимараттар сәулеті» және «Қалалық орта сәулеті» білім бағдарламалары бойынша студенттер бакалавр-сәулетші дәрежесін алады.

Ал «Сәулет және қазіргі заманғы қалалық инфрақұрылым» магистратура бағдарламасы бойынша білім алған студенттерге техника ғылымдарының магистрі немесе бейіндік бағыттағы техника және технология магистрі дәрежесі беріледі.

Жалпы облыс бойынша жыл сайын сәулет мамандығына 100-150-ден аса студент қабылданады. Олардың 100-ден көбі мемлекеттік грант негізінде білім алады.

Университетіміздің сәулет мамандығын тәмамдаған түлектер бүгінде еліміздің сәулет және құрылыс салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Олардың қатарында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков, Тараз қаласындағы «Азия Тур Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Балғын Тұрлыбаева, Астана қаласындағы «BAI BARS» компаниясы директорының орынбасары Алтынай Төлешова, Шымкент қаласындағы «JerGroup» ЖШС-ның бас сәулетшісі Ольга Ашурова, ғылым магистрі, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының докторанты, Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетінде деканның орынбасары қызметін атқарып жүрген Бағдат Бекжігітов, ғылым магистрі, сондай-ақ Алматы қаласындағы «Tansu Construction» ЖШС-ның архитектор-дизайнері Асан Сәтпай бар.

Түлектеріміздің еңбектері тек отандық деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде де мойындалуда. Мәселен, IV сәулет және дизайн саласы бойынша «TANV Design Award» халықаралық тәуелсіз премиясының иегері атанған жоба біздің түлектің жұмысы екенін мақтанышпен сөз етеміз.

Студенттеріміз әртүрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Солардың ішінде Тараз қаласының жаңа логотипінің авторы Бақтыбай Көмекбаев та біздің студентіміз. Ал 4-курс студенті Гүлнәз Амангелдиева ғылыми-техникалық шығармашылықтағы жетістіктері үшін «2024 жылдың саңлақ білімгері» халықаралық конкурсының жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Қазіргі уақытта кафедрада 1 ғылым докторы, құрылыс және сәулет өнері профессорлары, 5 ғылым кандидаты мен доцент, 6 ғылым магистрі, сондай-ақ 2 аға оқытушы PhD докторантурасын аяқтап, диссертация қорғауға дайындалуда. Бұған қоса 3 аға оқытушы сәулет мамандығы бойынша PhD докторантурада білім алып жүр. Кафедрада Қазақстанның Құрметті құрылысшысы және Құрметті сәулетшісі атағына ие тәжірибелі мамандар қызмет етеді.

Біздің университеттің сәулет мамандығының студенттері экологиялық ойлау мен ұлттық идеяларды ұштастырған бірегей шығармашылық жобалар жасап келеді. Олардың жұмыстары заманауи архитектура мен дәстүрлі құндылықтардың үндестігін бейнелейді. Мәселен, экологиялық сананы қалыптастырумен қатар, ұлттық нақышты сақтауға бағытталған қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдарымызды ерекше жобалар қатарына жатқыза аламыз. Осындай жұмыстардың бірі – «Фабер жұмыртқасы» атты туынды. Ол «өмірдің бастауы» идеясын көркем түрде бейнелейді. Бұл жоба өзінің көркемдік ерекшелігі мен идеялық тереңдігі үшін жоғары бағаланып, Ташкентте өткен халықаралық жиында университет атынан сыйлық ретінде ұсынылды. Сонымен қатар студенттердің шығармашылық қабілеттері мен техникалық шеберлігін танытқан жобалардың бірі – Айша бибі кесенесіне арналған картон композициясы. Бұл туынды да қалдық материалдардан жасалған.

Сондай-ақ 4-курс студенттері Қуатбек Маржан, Мауланжан Сезім және Саттар Нұрсұлтан есімді студенттеріміз өткен оқу жылында Микеланджелоның атақты «Пьета» атты еңбегінен шабыт алып, сол жұмысты өз деңгейлерінде шеберлікпен салып, дайын маман екендіктерін дәлелдеді.

Сол секілді шәкірттеріміздің ғажап еңбектерінің бірі ретінде Гватемаладағы Тикаль қаласында орналасқан Хасав-Чан-Кавиль І патшаның пирамидасының макетін жоғары дәлдікпен жасап шыққан туындыны мақтанышпен айтуға болады. Тағы бір көрген жанның көзін қуантарлық ерекше жоба – Испанияның Таррагона қаласындағы ежелгі Рим су жеткізу жүйесінің бөлігі – Акведук Ферререс макеті. Одан бөлек, студенттер салған көптеген картина, макет және мүсіндер көркемдік деңгейі мен идеялық мазмұны жағынан жоғары бағаланып, университет көрмелерінде және халықаралық байқауларда лайықты орындар иеленіп келеді.

Манат НОҒАЙБЕКОВА,

Қазақ ұлттық су шаруашылығы жән ирригация университеті

«Сәулет» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар