Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАЗАЛЫҚ САҚТАҒАН ЖЕРДЕ БОЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ САҚТАҒАН ЖЕРДЕ БОЛАДЫ
ашық дереккөз
ТАЗАЛЫҚ САҚТАҒАН ЖЕРДЕ БОЛАДЫ
Жуалы ауданының табиғаты сұлу, ауасы таза, суы бастаулардан шығатын салқын әрі дәмді, жерінің топырағы құнарлы, таулары биік, сай-саласы шежіреге толы сыр шертеді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз Жуалы өңіріне тоқтап, «Шөбің – шүйгін, суың – бал, топырағың – май екен, қадіріңді егін салған ел білер» деп тамсанған екен. Ал бүгінде Жамбыл облысының тұрғындары біздің ауданды «Қазақстанның Швейцариясы» деп атап кеткен. Алайда өкінішке қарай, ашығын айтайық, заман өзгерген сайын адамның да табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп бара жатқандығы көңілге қаяу салады. Соңғы жылдары ауданымыздың әсем табиғатын қастерлемей, табиғатты былай қойғанда, өз аулаларын да ластап жатқан тұрғындар қатары жиіледі. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ көшеден өтіп бара жатсаң кейбір үйлердің сыртқы ауласында күл-қоқыстың тау болып үйіліп жатқанын көзіміз шалып қалады. Ауыл тұрғындарының осыған көңіл аудармауы қатты толғандырады. Шеткі ауылдарды былай қойғанда, аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын кейбір тұрғындар өз үйінің іргесіне немесе өздерінің үйінің артқы жағында орналасқан сай-салалардағы жерлерге қоқыстың түр-түрін тастап, табиғатты ластап жатыр. Оның ішінде шыны бөтелке, пластик ыдыстар, құрылыс заттары және тағы да басқа көптеген қоқыс қалдықтарын араластырып төгуде. Оған қоса Б.Момышұлы ауылының өзінде 10-15 жылқы, сиыр ұстайтын ауыл тұрғындары малдың көңдерін сол үйдің артында орналасқан сай-салаларға төгуде. Заңнамаларға сай «1 үй 10-15 жылқы малын ауылдың дәл орталығында ұстауға рұқсат беріле ме?» деген заңды сұрақ туындайды осындайда. Егер Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі және Жуалы ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының тарапынан аталған мәселеге көңіл бөлініп, шара қолданылса артық болмас еді. Мақаламыздың басында айтып кеткендей, осы бір тұмса табиғаты, саф таза ауасы бар қасиетті жерді мекен еткен әрбір азамат өзін бақытты сезінуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да ауасын жұтып, суын ішіп отырған өлкеге деген сүйіспеншілігіміз шексіз болу керек. Ал сол сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететін құндылық – тазалық. Әрбір жуалылық өскен ортасы мен тұрғылықты жерін өзінің үйіндей көрсе дейміз. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» дейді. Шындығында, тұрғылықты жерімізді шашып бүлдіретін де, жинайтын да өзіміз. Ал жұртшылықты сенбіліктерге жұмылдырсақ, әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса ауданымыз гүлденіп, ауылдарымыз көркейіп шыға келер еді. Өйткені халық өзі жинаған жерді өзі шашпайтыны анық.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар