Іс-шара барысында колледж студенттері театрландырылған қойылымдар ұсынып, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған өлеңдер оқып, көрермендерге айрықша әсер сыйлады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін музыкалық және хореографиялық нөмірлер орындалып, кештің мазмұнын байыта түсті.
– Бүгінгі мерекелік кеш ұлы тұлғаның рухын ұлықтап, ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтты. Сонымен қатар іс-шараның жастарға кәсіби бағдар берудегі маңызы зор. Бүгін сахнада 400 ге жуық студентіміз өз өнерін паш етті. Шәкірттеріміз залдағы 900-ге жуық оқушыға шабыт беріп, мамандық таңдауларына оң ықпал етті деп сенемін, – деді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеев.

Концерттік бағдарлама аясында колледждің білім беру бағыттары таныстырылып, қатысушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Мектеп оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңес беріліп, оқу орнының мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




