Қасиетті топырағымыздан от ауызды, орақ тілді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйреп айтар шешендер, көсемдер, билер өткенін тарихтан білеміз. Сол даналардың сара жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ал сол жолды жалғау – бүгінгі аға буынға аманат. Бүгінгі ақсақалдардың әрбір батасы – сол бабалар үнінің жалғасы, ұлт рухының жаңғырығы іспетті.
Осы тұста батаның құдіреті мен тәрбиелік мәнін айқындайтын тағылымды мысалдардың бірі – Бауыржан Момышұлына оның атасы Имаштың берген батасын айтып өтсек болады. Жаңадан ғана өмірге келген немересін қолына алып еміренген Имаш атасы Бауыржанға жас бұтақты ұстатып:
«Құрық деп берсем, құл болма,
Шыбық деп берсем, шіл болма.
Бәрінен де, шырағым,
Баяны жоқ ұл болма!» – деп ақ батасын берген екен.
Бұл туралы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында кеңінен айтылады. Бағамдап қарасақ, бұл жай ғана тілек емес, ұрпақтың болашағына бағытталған рухани бағдар, ерлік пен елдікке үндеген ұлы аманат еді. Осы шынайы ықыласпен берілген бата кейін немересінің тағдырына әсер етпей қоймады. Бауыржан Момышұлы елін қорғаған батыр, халқының рухын көтерген қайсар тұлға болып қалыптасты. Демек, батаның тек сөз емес, тағдырға әсер ететін, тұлға қалыптастыратын рухани күш екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Осы ұлағатты дәстүрді дәріптеу мақсатында күні кеше ғана Абай ауылындағы мәдениет үйінде Шу аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» атты батагөй ардагерлердің тағылымды байқауы өтіп, оған ел ішінде сыйлы, сөз қадірін білетін, бата өнерін бойына сіңірген 11 ардагер қатысты.
Атап айтсақ, байқауға қатысқан ардагерлер қатарында Болат Әбдірайымов (Далақайнар ауылдық округі), Бақтыбек Адамқұлов (Қорағаты ауылдық округі), Бөгет Әбдікәрімов (Өндіріс ауылдық округі), Төреқұл Әлханұлы (Ақсу ауылдық округі), Сәрсенбек Бахтияров (Қонаев ауылы), Әлдибай Садырбаев, Бейсенбай Қазанбаев (Балуан Шолақ ауылдық округі), Әмірхан Қабылбеков (Ақтөбе ауылдық округі), Тілеухан Кобелеков (Қорағаты ауылдық округі), Нұрлыбек Қасымов (Төле би ауылдық округі), Батырбек Рахманов (Шу қаласы) сынды ел ағалары өз өнерлерін ортаға салды.
Бұл байқауға аудандық ардагерлер кеңесінің құрамындағы мүшелердің барлығы дерлік қонақ ретінде қатысты.
Сайыс бойынша батагөй қарияларға үш сұрақтан берілді. Алғашқы сұрақ бойынша қатысушылар қазақтың салт-дәстүріне байланысты баталарды айтып берді. Тұсаукесер, сүндет той, жас жұбайларға арналған бата арқылы әр ата өз тәжірибесі мен өмірлік даналығын көрсетті. Әрбір айтылған бұл өнегелі сөз де ұлттың болмысы, тәрбиесі мен тәлім тәрбиелік мәні айқын сезілді.
Екінші сұрақ бойынша қатысушылар халқымыздың белгілі би-шешендері мен ақын-жазушыларының баталарын жатқа айтып, рухани мұраға деген құрметін танытты. Бұл жерде Төле бидің парасатты сөздері, Жамбыл Жабаевтың жырмен өрілген батасы, Бауыржан Момышұлының өр мінезді нақылдары, Сәбит Мұқановтың тағылымды тілектері кеңінен көрініс тапты.
Ал үшінші кезеңде салт-дәстүр мен жөн-жоралғыға қатысты сұрақтарға жауап беріліп, қатысушылардың білім деңгейі мен өмірлік тәжірибесі сыналды. Бұл кезеңде де ақсақалдарымыз ұлттық дәстүрлердің терең мағынасын ашып, кейінгі буынға үлгі боларлық жауаптарымен ерекшеленді.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, төл өнерімізді төрге оздыруға төбе көрсеткен батагөй ардагерлерімізге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Базарбай Асқартегі, аудандық билер кеңесінің төрағасы Жұмаділдә Бәйтерек, ҚР Мәдениет қайраткері, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Бақытжамал Қосыбаева, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мейірхан Балықбаев сынды елге сыйлы азаматтар төрелік етті.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Балуан Шолақ ауылдық округінен қатысқан батагөй қария Әлдибай Садырбаев қанжығасына байлады. Ал жүлделі бірінші орынды Төле би ауылдық округінің намысын қорғаған Нұрлыбек Қасымов, екінше орынды Ақсу ауылдық округі атынан сынға түскен Төреқұл Әлханұлы, үшінші орынды Қорағаты ауылдық округі атынан қатысқан Бақтыбек Адамқұлов иеленді. Сонымен қатар арнайы дипломдар табысталып, тұрмысқа қажетті мұздатқыш, теледидар, көпфункциялы ас пісіргіш сияқты бағалы сыйлықтарды еншіледі. Басқа қатысушыларға да арнайы марапаттар мен сый-сияпаттар табысталып, данагөй қариялардың еңбегі лайықты бағаланды.
Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист,
Шу ауданы
Отанды қорғау – ортақ парыз
Ұқсас жаңалықтар
«Жасыл ел-Тараз»-дың жылыжайы: Бүгінде мұнда миллион түп гүл өсіріледі
- авторAR-AY
- 17 сәуір, 2026



