Спикердің айтуынша, биыл фестиваль 25 сәуірде Талас ауданындағы Есейхан ауылының маңында өтеді. Фестивальға отандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ әлемнің 15-тен астам елінен келетін қонақтар қатысады деп күтілуде. Ал ауқымды іс-шараға қатысуға ниетті жандар taraztulip.kz арнайы ресми сайты арқылы тіркелуі қажет.
Биылғы фестивальдың басты ерекшелігі – Нидерланд Корольдігінің облысқа 40 мың дана қызғалдақ тұқымын сыйға тартуы.
– Фестиваль аясында 20 киіз үй тігіліп, 4 алтыбақан орнатылады. Сонымен қатар үлкен сахна алаңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Көрермен назарына «Қызғалдақтың шығу тарихы» тақырыбындағы театрландырылған қойылым ұсынылады. Мерекелік кеште эстрада жұлдыздары Серік Ибрагимов, сондай-ақ Тоқтар Серік пен Бейбіт Сейдуалиев өнер көрсетеді. Одан бөлек «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қолдауымен және демеушілігімен жүлде қоры 5 000 000 теңгені құрайтын ұлттық спорт ойындарының 8 түрінен жарыстар, оған қоса жүлде қоры 1 000 000 теңге болатын «Қымызмұрындық» іс-шарасы аясында байқаулар өтеді. Фестиваль алаңында қосымша фудкорт аймағы жұмыс істейді. Қызғалдақтар алқабына экскурсия ұйымдастырылып, арнайы 2 фотозона мен стела орнатылады. Киіз үйлерде жергілікті қолөнершілердің көрмесі, сондай-ақ қызғалдақтарға арналған фотосурет көрмесі өтеді. «Ауыл» партиясының бастамасымен «Бауырсақ Фест» алаңы құрылып, қонақтарға тегін бауырсақ пен ауызсу таратылады. Іс-шара соңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден аса еріктісі фестиваль алаңын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізеді, – деді Аспандияр Сейсебаев.
Басқарма басшысының сөзінше, қонақтар мен қатысушыларды тасымалдау үшін арнайы «Тараз қаласы – Фестиваль алаңы» бағыты құрылған. Енді 50 орындық 10 автобус облыс тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдамақ. Бұдан бөлек фестиваль алаңы мен қызғалдақтар алқабы арасындағы 10 шақырымдық қашықтыққа арнайы маршруттық схема әзірленген. Бұл бағытта 20 шағын автобус, сондай-ақ 40 «Niva» және 5 «UAZ» автокөліктері тегін қатынайтын болады.
Н.МҰСАТИЛЛАҰЛЫ




