Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітапханаларды дамытудың тиімді тетігі

Кітапханаларды дамытудың тиімді тетігі
Автор
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Ұлттық кітап және Кітапханашылар күніне орай «Академиялық кітапханаларды дамытудағы заманауи трендтер» тақырыбында XIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның мақсаты – академиялық кітапханаларды цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізу, сондай-ақ отандық және шетелдік мамандар арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.

Жиынға кітапхана саласының мамандары, ғылыми қауымдастық өкілдері және алыс-жақын шетелдерден келген сарапшылар қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы – ректор Ләззат Еркінбаева сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталды. Ректор өз сөзінде қазіргі таңда кітапханалардың тек ақпарат сақтау орны ғана емес, заманауи цифрлық білім орталығына айналып келе жатқанын атап өтті.

Конференция аясында экономист, дипломат Берлин Иришев қазақтан шыққан және әлемдік сән индустриясында өзіндік із қалдырған Алла Елшіннің 100 жылдығына арналған «QAZAQ FASHION» кітабын таныстырды. Бұл кітапта аты аңызға айналған «Christian Dior» сән үйінің музасы болған қазақ қызының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен баяндалады. Францияда ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген еңбектің тұсаукесер рәсімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Конференцияға Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелерінің халықаралық федерациясының президенті Лесли Уир селекторлық режим арқылы қосылып, кітапханалардың жаһандық дамуындағы негізгі трендтерге тоқталды. Сонымен қатар облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров сөз сөйлеп, өңірдегі цифрландыру үдерістерінің маңызын атап өтті.

Конференция жұмысы бірнеше маңызды пленарлық сессиялармен жалғасты. Атап айтқанда, «Кітапхананы автоматтандыру: цифрлық трансформация және технологиялық шешімдер», «Жасанды интеллект енгізу жағдайында кітапхана коллекциялары мен электрондық ресурстарға қолжетімділік және дамыту», сондай ақ «Университет кітапханаларының ағымдағы мәселелері: дамуға арналған қиындықтар мен стратегиялық бағыттар» тақырыптары кеңінен талқыланды. Сарапшылар кітапханалардың болашағы цифрлық платформалармен, деректерді интеллектуалды өңдеумен және пайдаланушыларға жекелендірілген қызмет көрсетумен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Екі күнге жалғасқан халықаралық конференция барысында қатысушылар үшін тәжірибелік бағыттағы іс-шаралар да ұйымдастырылды. Олардың қатарында «ИРБИС» автоматтандырылған кітапхана жүйесі бойынша арнайы мектеп, жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған шеберлік сағаты, сондай-ақ заманауи кітап көрмелері бар. Бұл алаңдарда кітапхана ісіндегі жаңа шешімдер, цифрлық сервистер мен инновациялық жобалар таныстырылды. 

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар