Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көңілге ой салған кездесу

Көңілге ой салған кездесу
Автор
Ұлттық кітап күніне орай Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кітап – ұлттың рухани тірегі» тақырыбында кездесу өтті.

Жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау және кітаптың қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат еткен кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков қонақ болды. Сонымен қатар басқосуға Тараз сервис және технология колледжінің, «ALEM» кәсіби білім беру колледжі мен «Астана» көпсалалы колледжінің студенттері қатысты.

Кеш барысында Махметғали Нұрғалиұлы өз өміріндегі кітаптың орны, білім мен ғылым жолындағы тәжірибесі туралы ой бөлісті.

– Қазіргі заманда, өкінішке қарай, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы бұрынғыдай емес. Түрлі іс-шараларда жастармен кездескен сайын әрдайым осы мәселе көтеріледі. Әңгіме барысында кітап оқудың пайдасын айтып, мысал келтіресің, бірақ көпшілігінің назары телефонға ауа береді. Жастарға кітапты ашып, тыныш отырып оқығаннан гөрі, экранға қарап уақыт өткізу жеңілірек сияқты көрінеді. Жасөспірімдер ақпаратты тез қабылдауға үйреніп қалған. Ал кітап, керісінше, уақыт сұрайды, назарды талап етеді. Кітап оқу – ой-өрісті кеңейтетін құрал. Ол сөздік қорды ғана емес, адамның көзқарасын қалыптастырады. Аз болса да, күн сайын оқыған 10 минуттың өзі уақыт өте келе нәтижеге алып келеді, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Іс-шара барысында кітапхана қорына арнайы кітаптар сыйға тартылды. Сонымен қатар кеште әсерлі әндер шырқалып, кітапханашылар өлең оқыды.

Сұрақ-жауап кезеңінде қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар