Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаннұр

Жаннұр
Автор
Жақында Алматы қаласында өткен әдеби жыл қорытындысында бір топ қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Олардың қатарында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, 30-ға жуық кітаптың авторы Бергентай-Байбол Нұрмаханұлы да бар. Біз қарымды қаламгерді жаңа жетістігімен құттықтай отырып, «Жаннұр» атты әңгімесін ықшамдап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 Редакциядан

 

Ауылдан Жаннұр кеше келген. Сабақты қимай, қаладағы әке-шешесіне қанша барғысы келмесе де апасы қоймайды:

– Құлыным-ау, әкең ауруханаға түсіпті. Қаладағы ақ үйге қамалып, тас кемірген шіркіндерде не бар дерсің. Атаң ерте туған қоңыр марқаны сойып қойды. Жеткізіп бер. Біздің жайымыз мынау, орнымыздан отырып тұруымыздың өзі биыл күш болып тұр. Оның үстіне салдыраған Сабырдың ескі автобусының өзі жеткенше діңкеңді құртады, екі өкпеңді соққылап. Сол жазғанның бір автобус алатын күні жетті. Сілені қатырған сілікпесін әкесінің көзін көргендей тастағысы келмейді. Мына көрші «Бірлестіктің» жүргізушісі екі жылда бір автобусын жаңалайды. Өзінен ақшасын аямайтын болымды азамат. «Жолаушыға қызметі де мақтаулы» деп, сондағы Сағымбек жиен келген сайын аузынан суы құрып мақтайды да отырады, – деген Жайна апасының әңгіме тақырыбын үзіп, сәл тыныстаған кезін пайдаланған текті немере жайлап сөзге араласып кетті.

...Бұлай апасының небір өткен-кеткенін әдемі тұздықтағанын күтіп отыра берсе, әңгімесі намаздан намазға дейін таусылмайтынын Жаннұр біледі. «Сонда, қартайғанда мен де осы кісідей болар ма екенмін...? Құрсын, уағында көрерміз». Бірақ несі бар, апасы өте мәдениетті, әңгімесінде бір артық ауыз сөз болмайды. Бәрі өмір шындығындай тізбектеліп, құстың қос қанатындай сызыла еліктіріп жатады. Байқап отырса, уақыты болса тыңдай бергісі келеді. Қара сөзбен өрбіген жанға жылы әуен дерсің. Оған Жаннұрдың уақыты қайда? Жаннұр тоғызды үздік бітіргеннен кейін әкесі Садық: «Мектепті ауылда бітір», – деп, қоярда-қоймай ауылдағы әке -шешесінің қолына жіберген. Біріншіден, ауылдық бітірушілерге елдің ең танымал университеттерінде конкурста грант жеңіп алуға жеңілдік бар, екіншіден, күннен-күнге кәрілік жеңіп бара жатқан шал-кемпірге қолғабыс тигізсін деген мақсат-жанашырлығы да жоқ емес тін...

– Апа, келер аптада барсам қайтеді? Ертең математикадан тест тапсырмақпыз. Қалып қаламын ғой. Бір оқу жылы аяқталуға жақын. Сынақ.

– Сол математик жетекшің Сәуленің өзінен сұрап алдым. Сөзді көбейтпе. Аурухананың тамағында қандай құнар бар дейсің. Басқа бермесін, вермишельді суға шайқап бере салады олар. Көргенбіз жатып. Дәрі ішіп жатқанға ол ем бола ма? Дәрі деген у ғой, қызым-ау. Шешең де ертелі-кеш жұмыстан бас көтермейді. Бірер күн сорпасын жасап апарып берші. Жүрек ауруымен ойнама. Үшінші рет ұстап жатыр. Құдай қайырын берсін. Түсімнен де шықпайды. Тіпә! Түс – түлкінің тезегі. Жақсылық болғай, – деп, қашанда Садығы сөз болғанда ана жүрегі елжіреп, күрсініп алып, жанын қоярға жер таба алмай әр сөзін дәлелдеп жататын әдеті...

Жаннұр сәл жымиды да, жауап қатпай ертеңгі автобусқа дайындығын бастап кеткен-ді...

...Автобустан түскен бойда ауруханаға барды. Апасының түйіншегін жеткізді. Әкесі бір жеті болса да жүдеңкіреп қалыпты. Жағы сопайып, көзі шүңірейіп, қоңырқай жүзінен қан қашып сұрланғандай... Әлемде ешкімге тең келтірмейтін әкесіне елжірей қарап:

– Папа, денсаулығың қалай? Мен сізді сағынып жүрмін, әке! Еңкейе түсіңізші, бетіңізден жай сүйіп, мейірімді қандырып кетейін, әкешім.

Әкесі бұл жолы жауап қатпастан Жаннұрға бетін тақай түсті. Қызы жай емес, құшырлана өбіп тұрып қалды.. Көзі жасаураған Садық бетін баяу босатып алып:

– Қызым-ау, жайың осы ма? – деп күлген болды.

– Папа, балалық шағым есіме түсіп кетті, кешіріңіз! Әкетайым, тамақ ішіп жүрсей! Жүдеп қалыпсың ғой.

– Ой, Жанка, бұл жерде тамақ деген жетеді. Мына төрт кісі бір палатадамыз. Табақ-табақ ет, басқа да сәлемдемелер кейде ішілмегендіктен мейірбикелер мен үй сыпырушыларға ұстатып жібереміз, ботам! – деді.

Әкенің жүзі жабырқау көрінген қыз жүрегі шаншып кетті.

– Енді неге жүдеусіз? Мына кейпіңізді апам мен атам көрсе, уайыммен ұйқыдан қалады ғой.

– Онда сен бар емеспісің? Сен уайымдатпа, ақылдым! Сені сол үшін қастарына жіберген жоқпын ба? Қатты тұмауратып түстім. Жөтел ұйқы бермейтін. Таң атқанша күркілдеп, ауыз жаппай өткізген түндер жүдетпей қоя ма? Кешелі бері саябырсыды. Сенің келетініңді сезіп, бұл шіркін де жасқанды-ау. Жарайды. Өздерің қалайсыңдар? Атаңды, апаңды шаршатпай көмектес. Сабағың ше? Дайындал. Болашақ білімдінің қолында, қызым!

– Оған сөз бар ма, папа. Түсінемін ғой. Кешкісін қызыл сиырды өзім сауатын болдым. Аяғын байламаймын да. Маған ала көзімен бір қарайды да, құйрығын екі жаққа кезек тастап, шыбындаса да тыр етпей тұра береді. Қасқа бұзауы тентек, папа. Тоймай ажырамайды, кейде атам екеуміз екі жақтап жүріп әрең ажыратамыз. Дегенмен көндігіп қалды. Сүтті де әжем үйреткендей сүзіп, өзім пісіремін. Қаймақтаймын.Сол қаймақты жинап, сізге қуат болсын деп беріп жіберді. Дәріден соң жалап тұрыңыз. Менің дайындаған балқаймағым. Ұйытқан қатығымнан да бір «баклашка» әкелдім. Одан да көп әкелуге болар еді, «күн ыстық, быршып, ашып кетеді» деп апам алдырмады...

– Ботам, мен енді жазыламын! Апаң мен сенің дайындаған құрт-ірімшік, айран, қаймағың маған ең шипалы дәрумен болмақ, – деп қызын құшақтап, жұпар шашқан майда қоңыр төбе шашынан рақаттана иіскеген.

***

Жаннұр әкесінің өзінің еңбегіне рақаттана мәз болғанына қуанып үйге қайтқан.

... Анасы бүгін кештеу оралды. Асын әзірлеп, өзі тамақтанып болғаннан кейін алып келген оқулықтарын ақтарып, әдетінше алдағы сабаққа дайындала бастады. Шаршағанын да байқап отыр. Көзі ілініп те кетеді.

Жаннұр жолсоқты болғандықтан ба, үстелге екі қолын жастанып ұйықтап кетіпті. Анасы артынан қапсыра құшақтап, бетінен сүйгенде оянып кетті. Ұялы телефонына қарады. Сағат он бірден асып кетіпті.

– Мама, амансыз ба? Осынша уақыт қайда жүрсіз? Жұмыс уақыты әлдеқашан біткен жоқ па?

– Жиналыс болды, Жанка.

– Тамағыңызды әзірлеп, орап қойғанмын. Мен ішіп алдым. Өзіңіз тамақтана беріңіз. Папама да соғып келдім. Төрт күннен бері соқпапсыз ғой. Жұмысыңызға аурухана тиіп тұрған жоқ па? Арасында кіріп шықпайсыз ба?

– Сен де ақыл айтатын дәрежеге жетіп қалғанбысың, қызым?! Мұның әбестік. Мен өзім білемін ғой.

– Білесіз ғой. Бірақ сіздің «білгеніңізден» гөрі, папам екеуіңіздің бір-біріңе мен үшін қамқорлығыңыз артық, мама, – деп жатын бөлмесіне беттеді қызы. Анасы сөзден ұтылып тұрып қалды... «Есейіп қалыпты» деді іштей күбірлеп.

***

... Қыз тосын дауыстан оянып кетті. Біреу «мамаңа қарашы» дегендей. Әкесінің дауысы. Көзін ашқан ол жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Есіне қаладағы өздерінің пәтерінде жатқаны түсті. Көңілі жайлана керіліп алды да, қабырғадағы үнемі тықылы бір толастамайтын мазасыз сағатқа қарады. Терезеден түскен ай сәулесінен сағат тілінің түнгі үшке тақалып қалғанын көрді. Әке-шешесінің жатын бөлмесінен баяу дауыс естілгендей болды. «Анам әлі ұйықтамаған екен ғой. Ертеңгі сабаққа дайындығы болар» деген оймен орнынан тұрды. Ақжелең жамылғысын жамылды да, «Бағана да қауыша алмадым, артынан байқатпай барып, құшақтап сүйейінші» деп олардың жатын бөлмесіне беттеді. Анасы ұялы телефонын оң құлағына баса ұстап жылап отыр. Әкесінен жайсыз хабар келіп қалды ма деп ойлаған қыз есікті ашқан күйі тұрып қалды. Шешесі:

– Ауруханада тыныш жатпай, біздің сұмырай ауылдан қызды шақырыпты. Енді болмайды. Кешегі отырыс бірер күнге жетер, Нұрбек. Көзге түсіп, масқара болып қалармыз. Шыда, қыздың сабағын сылтауратып ертең ауылға қайтарамын. Шыдасайшы! Кеше ғана еді ғой...

Ар жақтан біреу жалбарынғандай үздігіп тұрғаны белгілі болды.

– Жарайды, қызды байқап келейін. Одан соң есікті ашып қоямын. Жайлап кіре бересің ғой, – деді анасы кібіртіктеп.

Жаннұр бөлмесіне есі ауғандай күйде еніп кетті. Мына сұмдық сөздерден кейін өзін тез жинап алып, ұйықтаған болып жата қалды. Анасы қызының жанына келіп сәл тұрды да, төбесінен жайлап, мейірлене иіскеп алды. Көрпесін қымтап, бөлмесіне кіріп кетті.

Анасынан өмірінде бірінші рет жиіркенген қыз булығып жылап жіберді. Сүлгісін ұстап қайта шыққан әйел ваннаны бетке алды. Суға түсе бастады-ау деген мезгілде сәл ойланған Жаннұр кірер есікті қайта құлыптап алғысы келді де тосылып қалды. Болары болған сияқты. Қорқыныш билеген өжет қыз неде болса соңын өз көзімен көргісі келді...

Одан не ұтады? Жалпы бір жауының босағасында жатқандай. Келер «қонақты» есік алдында күтпекші болды.

Осы маңайдан болуы керек, подъезд баспалдағы тарсылдап біреу келе жатқандай. Сол! Жандүниесі алай-түлей қыз өзіне келіп бекінді.

Есік еппен ашылып келеді. Қаны басына тепкен қайсар бойжеткен дерттеніп жатқан әкесі есіне түсті де, буырқанып, қалшылдай жан-жағына жанталаса қарап еді, қаракөлеңкеде әкесінің киімілгіші жанында жатқан гантелін көрді. Ішке жайлап еніп, теріс қараған күйі қараңғыда ебедейсіз қимылмен есікті іштен құлыптай алмай жатқан бейсауат еркектің арқа тұсынан келіп, «мишығы осы тұста болар» деген болжаммен қарақұстан қос қолдап қатты соғып өткен ол тәлтіректеп асүйге ене берді...

Әлден уақыттан кейін ваннадан сөйлеп шыққан шешесінің есік алдында ыңқылдап, сұлап жатқан жігітті көре сала жедел басып келе жатқанын Жаннұр ашық есіктен байқап қалды. Жанұшыра үстел үстіндегі пышақты қалай алғаны есінде жоқ, сабын тістеніп ұстап, ессіз отырған опасыз анасының бүйірі тұсынан «Мама, мұның не?» деп шыңғырған бойы екі рет ұрып өтті. Жанұшыра үстел үстіндегі пышақты қалай алғаны есінде жоқ, сабын тістеніп ұстап, ессіз отырған опасыз анасының бүйірі тұсынан «Мама, мұның не?» деп шыңғырған бойы екі рет ұрып өтті.

...Қыз таң ата көше ортасында бүк түсіп отырған қалпында үздіксіз сигнал басып тұрған жеңіл машина жүргізушісінің балағаттаған айқайынан соң есін жиды.

Көлігінен асығыс, ашулы түскен жігіт беті айғыз-айғыз болып тасқа ұрылған қызға жақындап келіп, үңілді де райынан тез қайтты:

 – Қарындасым, бұл жатысың жарамас. Не болды? Тұрыңыз, көлік  қағып кетті ме? – деп бетіне қайта үңіле бастады.

– Сіз  полицеймісіз? Мені іздеп келдіңіз бе? Иә, мен екі адамды өлтіріп кеттім. Бүгін қамамай-ақ қойыңызшы, өтінемін. Папама жолығып қалайын, бір рет. Одан соң қамай беріңіз немесе өзім-ақ бара саламын. Рас! Мен алдамаймын, оллаһи, ағатай, алдамаймын. Тек сотталар алдында әкемді бір көріп қалсам болды. Ол ауру ғой.  Оны жақсы көретінімді айтып кетейінші. Жіберіңізші, өтінемін.

– Не айтып кеттің?  Мен полицей емеспін, жүргізушімін. Келіңіз, түн салқындау, былай жатуға болмас жол үстінде. Көлікке  мініңіз, үйіңізге апарып тастайын.

– Сіз мені алдап, қамап тастауға келіп отырсыз. Білемін. Мен бала емеспін. Әкеме барғым келеді, үйге бармаймын! Ол үй таза емес. Еш жаққа бармаймын!

–  Бұлай жол үстінде жата беруге болмайды. Көлік басып кетеді.

– Баса берсін! Мен өлгім келеді, полицей  аға!

– Қарындас, мен полицей емеспін. Қорықпа, полицейге апармаймын да. Тоңып қалыпсың ғой, қалшылдап барасың. Осылай іше беруге бола ма? Сандырақтап жатырсыз.

– Полицей болмасаңыз, өтінемін,  мына тротуарға жылжытып апарыңызшы. Әлім құрып кетіпті. Сәл ұйықтап  алсам,  азанда әкеме өзім-ақ барамын.

– Сен маған, қарындасым, сондықтан отырмын жаныңда. Жүр  онда біздікіне апарамын. Онда қорқынышты емес. Үйде кәрі анам бар. Сол кісінің жанына барып жатасың. Ертемен папаңды бірге іздейміз.

– Алдамайсыз ба? Еркектердің бәрі  алдайды дейді ғой.  Сөйтеміз бе, мен апалардан қорықпаймын.  Апалардың бәрі жақсы. Менің де апам бар. Бірақ  ауру баласын уайымдап қартайып кетті. Ол – ертегіші апам. Тек ауылда. Алыста... Есі ауып  қалған Жаннұр жүргізушінің дегеніне көнгендей.

Асқарбек  Жаннұрдың қолынан, иығынан демеп еді, қауқары қашып, әлсіреген қыз қарсыласуға шамасы келмей ілесе берді. Епті жігіт жеңіл көліктің артқы есігін ашып, қызды   орындыққа  ептеп жатқызды. Содан соң костюмін Жаннұрдың үстіне жауып, оталып тұрған машинаның  жылытқышын қосты да жүріп кетті.

Үй ауласына  жайлап енді.  Баласын  тағатсыздана күтіп отырған анасы  Жақсыгүл үй есігін асығыс  ашып, баласының дарбазаны  жауып жатқанын байқаған соң көңілі орныққандай болып:

 – Балам-ау, «Үйге келіп қалдым» дегеніңе бір сағаттай болды ғой.  Жаным-ау, сонша кешіктің. Кештікті түсіріп қойып, екі көзім төрт болып жол қараумен болдым. Гүр ете қалған дауыс шықса болды, сен шығар деп далаға тұра жүгірем деп әбден мұздыаяқ болдым.

 – Бәрі жақсы, апа. Үйге кірген соң айтамын. Есікті сәл ашып тұра тұрыңызшы. Мына қызды көтеріп кіргізбесем, сандырақтап жолда жатыр екен. Есін білмейді. Өзі ебіл-дебіл жылайды. «Қамамаңдар» дей ме, ұқпадым. Тойдан шыққан болу керек. Ішіп алғанға ұқсайды. «Адам өлдірдім» деп те қояды. Жігіттер жол үстіне итеріп тастап кеткендей, бет-аузы жырылған ба, түсінбедім.

– Балам-ау, не деп тұрсың?  «Бәлесін жаба алмай тұрғанға жолама»  деп қақсайтыным қайда? Өлмесе өмірем қапсын. Тыныш жүргеннің ұйқысы тәтті, жаным. Сен жасырып тұрғаннан саумысың? Өзің қағып кетіп, салаңдатып үйге әкеліп тұрған жоқпысың?  Сөзіңнің сыңайы қисық қой. Ойбай-ау, не бүлдірдің қас пен көздің арасында?

– Қойшы, апа, бірдеңе естісеңіз тек жаман жағына ұйғарып шыға келетініңіз не? Менің сізге жалған сөйлегенімді қашан көріп едіңіз? Дұрыс ырым емес қой. Құдай сақтасын. Енді далаға тастап кетейін бе? Жолда жатқан киім екен деп көлік басып кетсе ше?! Адам баласы ғой. Тез есікті айқара ашып, тіреп қойыңыз да, өзіңіздің бөлмеңізге төсек сала салыңыз. Анығын ертең білерміз... 

Бәрі Асқарбек айтқандай болды. Жақсыгүл өрімдей қызды төсекке жайлап болды да:

– Мынау ішкен бала емес қой, жаным.  Иісі жұпар шашып тұр. Кішкене тынықсын. Таң атып қалды. Тамағыңды  ішіп ал. Іздеушілер болса, полициялар жапатармағай  іздер. Құдай сақтар. Әкең байқұс та қаймана қазаққа осылай қол ұшын беріп жүруші еді, иманды болғыр. Қу жалған-ай! Екеумізді Жаратқанға тапсырып кете барған жоқ па, мәңгілігіне...

***

Қала таңы баяу борандатып, жайсыз басталды. Аялдамадан аялдамаға асыққан жүргіншілер бас сауғалап, ықтасын паналап  сабылуда. Мұндайда қас қылғандай автобустардың да кешіге беретіні әдетке айналған. Осы топтың ішінде Азамат та бар. Гаражға апарып қойған көлігіне бара салуға ерінді де,  «Тәйірі, күн жаз ғой, желден не  қауіп? «Жаяу жүрген жүрекке пайдалы» деп біздер жиі айтқанымызбен орындамаймыз. Тура бір көлікке мініп туғандаймыз» деп жымиып, аялдамаға жаяу аяңдаған.  Ерінгені  бар болсын, ықтап келе жатқаны мынау. Осыны күтіп тұрғандай жел де  құтырып кетті...

Лаждап жұмысқа  кештетіп жетіп,   ауруларды  аралап жүрген дәрігер Садықтың жанына  кідіріп, жағдайын саралап отырғанда екі полицей медбике қыздардың  қарсылығына қарамастан баса-көктеп кіріп келді. Дәрігер  ренжіп:

– Мен «обход» жасап жатыр едім, жігіттер. Кідіре тұруға болмас па еді?  Тәртіпті өздеріңіз бұзасыздар. Мұндай сәтте  ауруханаға ешкім баса- көктеп енуге құқық берілмеген.

– Кешіріңіз, бүгін бізге кіре беруге болады.  Науқас Садық Қабылбеков осы палатада көрінеді ғой?

Садық басын көтеріп алып:

– Иә, ол мен. Не болып қалды, жігіттер, жайшылық па?

– Қыз қайда? Түнде көршілерің қызың келгенін айтып түсінік берді.

– Жұмбақтамай түсіндіріп айтыңдаршы. Иә, келді. Маған соғып, үйге кеткен. Қазір тамақ әкелуге тиіс еді. Өзі аман ба?

– Ол түнде екі адамды өлтіріп қашып кетті. Жасырма! Қайда тықсаң да, жер астына жіберсең де табамыз.  Одан да өз қолыңмен өткіз қылмыскерді.

Түк ұқпаған Садық есеңгіреп, аңтарылып отырып қалды. Сәлден кейін жүрегі тоқтап, төсегіне сұлқ түсе құлап бара жатты. Сол сәтте Азамат  ұстай қалып, дікіңдеген  полицейлерді қуып шығып, жедел көмек шарасына кірісіп кетті. Бірақ кеш болыпты. Маңдайын қос қолдап ұстаған жас дәрігер дәрменсіздігіне лағнет айтып түнеріп, абыр-сабыр медбикелер мен кіріп келген бас дәрігер аңтарыла тұрып қалды.

***

Болған жайды саралап отырған бас дәрігердегі қаралы басқосу үстіне медбике рұқсат сұрап кіріп, қолындағы ұялы  телефонды көрсетіп Азаматқа беттеді.

 –   Садық  ағайдың телефоны ғой. Мәскеуден, ағайды сұрайды. Айттым. Сізге телефонды бер, – деп маған ұрысып берді.

Бас дәрігер иегін көтеріп, Азаматқа «сөйлес» деген ишара білдірді. Дәрігер телефонды ептеп ұстап құлағына тақады:

–   Иә, ағасы, қас пен көздің арасында солай болып қалды.

 – Сен өзі дәрігерсің бе, «пенсиядағы» қарауылмысың? Түнде ғана  сөйлесіп едім ғой. Саған «Бірер күнде үлкен ауруханаға алып кетемін, құжаттарын Мәскеуге дайында» дегенім қайда?! Алдарыңдағы емделушілерің  адам ба, мал ма сендерге? Жауапсыздар! – деп, арғы жақтағы кісі телефонды қоя салды.

Дәрігерлер қапалы түрде жұмыстарын жалғастыра берді.  Бас дәрігер полицейлердің жөнсіз іс-әрекетіне ренжіп, қалалық  ішкі істер бөлімінің бастығына хабарлап жатты. Бәрі кеш енді.

Сырттағы боран басылар емес.

– Күн райы күреңденіп басталып еді. Сәтсіздік сан соқтыра бастады, – деп күбірледі жас дәрігер.

***

...Талайды көрген Жақсыгүл Жаннұрдың  оқиғасын естігеннен кейін қатты ұйқыға кеткен қыздың бөлмесіне Асқарбекті шақырып:

– Балам, бұл бір сұмдық оқиға ғой. Не істейміз? Уыздай, он екіде бір  гүлі ашылмаған мына байғұс намысқой қызды полицияға ұстап береміз бе? Екі оттың ортасында қалдық, балам. Жаласы тимесін саған да.

– Білмеймін,  апа. Түнімен менің де басым қатты. Көшеге шығарып жібере салсақ, қаңғалақтап жүріп бір бәлеге ұрынып қалса қайтеміз?  Обал ғой, апа. Мұндайда тығырықтан шығатын ақылың бар еді ғой, анашым. Ойланыңызшы, бір жолын табайық. Полицияға өткізе салсақ, әрине, қол соғып алып кетеді. Қамайды. Олар не істейтінін Құдай білсін. Бала ғой әлі.

– Сөзді көбейтпелік, демалсын. Оянған соң әл жинатып, әкесінің жатқан ауруханасын біліп алайын. Сен осында күт. Мен таксимен барып келейін. Қызының хабарын айтып, ақылдасып көрейін. Жүрек дертімен ауырады деді ғой. Дәрігерлермен  ақылдасып, бір амалын  ойластырармыз, – деген анасы бір тоқтамға келді.

Бәрі Жақсыгүл айтқандай болатын болды. Жаннұрға жүректі жайландыратын дәрі ішкізіп, тамақтандырған ол:

– Қызым, осында отыра тұр. Біраздан соң әкеңе өзім алып барамын. Әзірге  мені күт. Бәрі жақсы болады балам, қорықпа! – деп аурухананы іздеп кетті.

Такси тез-ақ тауып берді. Оған «Күте тұр» деп өтінген ана ішке кіріп кетті де,  шамалыдан соң жылап, көзін сүрткілеген күйде таксиге мініп жатты.

***

Бітеу жара болған ана мен бала тура бір ет жақынының қайғысына ортақ болғандай естері ауып, тығырықтан шығатын жол таппай састы. Тұлдыр жетімек Жаннұрды не де болса ертең ауылдағы атасы мен әжесіне тапсырып қайту керек болды. Басқа лажы жоқ. Қалғанын ағайындарымен келісіп, өздері шешер. Болар іс болған екен. Басты ауыртып не істейді? Байғұс басқа салғанын көреді де. Кім түгел дерсің мына заманда. Ессіз шешенің ақылсыз әрекеті не бәлеге ұшыратты?! Шайтан шалып тұр да.

Дәріден соң сәл тамақтанып алған қыз күн батысымен теріс қарап жатып алды. Білеудей ісіп, қызарып кеткен көздерін қатты осып уқалады да:

– Апатай, бағанағы ұйқы мен  жүректің дәрісінен тағы беріңізші. Шаршап, жүрегім сұққылап барады, – деді.

– Қызым-ау, бағана іштің емес пе? «Жиі ішуге болмайды» деп еді аптекадағы әйел. Қоя тұршы, тамағың сіңсін. Демал. Таңертең ағаңның көлігімен атаң мен апаңа апарамыз. Қорықпа. Сен кінәлі емессің. Мектеп жасындағы қызға жеңілдік болады. Ауылың, мектебің қорғап қалады мұндайда.

– Алдаусыратпаңыз, апа. Мектепте құқықтану пәнінің ең үздігімін. Жасқа да, кәріге де бір жаза. Оның үстіне он алты жастан асып кеттім. Сотталудан қорықпаймын. Тек папамды көріп кетсем болды.

– Жаманға жорыма, қызым. «Жақсы айтсаң, жақсы болады» деген бұрынғылар.  Бүгінде   жаза тергеуші мен соттың қаламының ұшында. Алда қайырымды шешімгерлерге тап етсін сені. Мен түнімен дұғада болдым, Жаннұр!

 – Келістім, апа, айтқаныңыз  келер. Рақмет сіздерге, Алла разы болсын! Тек дәрі беріңізші, таң атқанша жақсылап ұйықтайын, – деп, кемпірден қоярда- қоймай дәрі сұрап алып, тағы теріс қарап жатып алды.

***

Апасы берген дәрілерді  алақанына қысқан  бойы Жаннұр ұйықтап кетті.  Күрсінген ана Жаннұрдың жанына жақындап келіп, жұқа көрпесін сәл қымтап, бетіне үңіле қарап отырды. Қабағы бірде түйіліп, бірде ашылып, өксіп қойып шырт ұйқыда жатқан балауса, көрікті қызға:

 – Байғұс балам-ай, тумай жатып осыншама қасіретке ұшырайтындай не жазығың бар еді Аллаға. Әкесін аузынан тастамайды. Оны естіртпегеніміз дұрыс болды. Ертең барған соң біле жатар қумаңдай. Дүниеге бақытсыздығын жетектей келген Жаннұр-ай! Еңіреумен еңсең түсіп бір күнің өтер енді. Алланың өзіне түзу шығар, не айтарсың Жаратқанның жазғанына. Маңдайына жазғанын көрер, – деп көзін сүртті.

Бірер күнде қызындай болып кеткен жұғымды, ақылды, ұстамды қыздың қайсарлығына тәнті болған ана ақша маңдайын ептеп өбіп, бір өзіне  мәлім дұғасын оқып бола бергенде қатты өксіген қыз: «Папатай, өтінемін, мені тастай көрме сұм жалғанға...!» – деп шыңғырып жіберді. Оны естіген келесі бөлмеде жатқан Асқарбек те ұшып тұрып, қыздың бөлмесіне жетіп келген еді. Баласына «жата бер» дегендей ымдап, қолын есікке қарай сілтеп:

– Жаннұр, жаным, сабыр ете гөр. Дамылдашы, бәрі жақсы болады. Жаратқанның жақсылығынан күдер үзбегей, ұйықтай ғой, қызым, – деп,  көзінен ыстық жасы төгілген ана үлкен мейіріммен Жаннұрдың тершіген иығынан қаға берді.

– Апа, қорқып жатырмын, қасыма жатшы. Сіз менің алтын әжеме сондай ұқсайсыз, – деп, еңкейе берген Жақсыкүлді нәзік саусақтарымен құшақтай берді ол. Қарт ана да оның көңілін қимай, жастыққа сондай мейіріммен жантайды. Мұңлықтың арқасынан қайта қағып, ескі бір  әуенді ыңылдай тербеткендей. Қыз кемпірді құшақтаған  бойы тағы  ұйықтап кетті.

– Тәңірім тәтті ұйқы  сыйласын саған. Шамалы дамылдашы, балам! – деп, қыздың ыстық құшағынан ажыраған ана ұлы жатқан бөлмеге  қарай мұңая ілбіп бара жатты...

...Түн ортасы ауа шошып оянған қыз есіне  бірдеңелер түсті ме,  ұялы телефонына асқан жылдамдықпен оншақты жол жазу жазып, ортадағы жазу үстеліне қойды.

                                                                          ***

Таң атты. Жолға шығуға ерте қамданған Асқарбектер Жаннұрдың бөлмесінің есігін қақты.

Тым-тырыс. Шырт ұйқыда тәрізді. Жақсыкүл жалма-жан есікке тақанып:

 – Қызым, шайға кел. Ауылдағы адресіңді ағаңа жазып бер. Күн ысымай жолға шығалық. Тұра ғой, қалқам.

Үн шығар емес. Екеуі асығыс бөлмеге енді. Төсегін мұнтаздай жинап, терезені ашып желдетіп қойыпты. Асқарбек үстел үстіндегі қыздың телефонын байқай сала еппен көтерді.

– Апа, қорықпа, ол  таза ауаға шығып, серуендеп кеткен ғой, телефонын қалдырыпты. Шайыңді демдемей тұра тұр. Күтелік.

Жақсыкүл   үстел ортасындағы  түнде өзі берген тыныштандыратын дәріге көзі түсіп:

– Ол оралмайды. Кетіп қалған, – деп кесіп айтты.

Асқарбек телефонды тез қосып, жазбаны асығыс оқи бастады:

«Апа, аға, сіздерге Алла разы болсын! Қиын кезде бауырымдай пана болып, бірер күн демедіңдер. Өмірлі болыңдар!  Жаламды тастамайын. Кешіре алсаңдар, кешіріңдер. Әкем де ауруханадан шыққандай. Түс көрдім. Мен үйге қайттым. Сіздердің бақыттарыңызды тілейтін боламын. Қош, Қош. Қ-о-ш, жақсы жандар!  Мен кетіп барамын, а-па-тай! Жаннұр.  04.07 мин.».

Жақсыгүл:

– Бақытты бол, айналайын. Ісің  жеңіл болғай! – деді.

***

Өмір өтіп жатты.  Жаннұр сол жолы пәтеріне  барып, полицейлер салған «пломбасын» жыртып, өзіндегі кілтпен ашып енген еді. Бір жетіден кейін бүкіл подъезд иістеніп,  демалуға мүмкін болмай қалғанда көршілер полиция, санэпидстанса мамандарын  шақыртты. Пәтер есігін бұзып, ашып қалғанда кіреберістегі жылу құбырында асылып тұрған қызды көргендер қарай алмай у-шу болып жатты...

...Бір  жаңылыстан  туған  жас өмірдің азапты ғұмыры осылай нүктеленді...

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар