Өңірдегі сөз тізгінін ұстаған ақын жазушыларды іздегенде ойымызға бірден қазақ әдебиетінің асыл қазынасына үлкен олжа салып кеткен Несіпбек Дәутайұлы, Нарша Қашағанов, Серік Томановтар оралады. Бүгінде жас қаламгерлерге үлгі болып отырған аға буын жазушылар Елен Әлімжан мен Көсемәлі Сәттібайұлы, Маралтай Райымбекұлы мен Ғайни Әлімбекқызы, Ерлан Жүніс, Хамит Есаман еске түседі. Ал кейінгі буыннан кімдерді білеміз?
Осы сауалға жауап іздегенде құлын кезінен таланты арқылы танылып, ағаның ақылын тыңдап, ұстаздың ұлағатын бойына сіңірген жасты есімізге түсіре алмай отырғанымыз жасырын емес. Менің ойыма түскен ақын – Шәміл Несіпбай. «TikTok»-та әжесіне арнаған өлеңімен көпшіліктің көзайымына айналған ол бүгінде Алматыда білім жолында жүр. Біз онымен хабарласып, тілдесуді жөн санадық.
– 2006 жылдың 3 желтоқсанында Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында дүниеге келдім. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студентімін. Өлең жазуға бастауыш сыныптан бастап әуестендім. Маған қағаздан оригами жасаған ұнайтын. 3-сынып оқып жүргенімде ағамның сынып жетекшісі «Ана» тақырыбында өлең жазу туралы тапсырма беріпті. Сонда ағам қағаздан конверт жасап, оның іші-сыртын бояп, жазған өлеңін салып қойды. Бар ойым сондай конвертті жасау болды. Бірақ оны жасау үшін ішінде өлең тұруы міндет болып көрінді. Атаға, әжеге, әкеге, анаға төрт бірдей өлең жазып, төрт конвертке тыға салдым. Ұйқасқа, өлеңге икемім бар екені сол шақта байқалған еді. Сол кездері Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтардың өлеңдерін мәнерлеп оқып жүретінмін. Әжем мен анам қыз күндерінде өлең жазған екен. Ақындық маған осы екі кісіден дарығанын айтады жасы үлкен ағайындар. Өлеңдерім өршіл, асқақ деп айта алмаймын, десе де бір кісідей жазып үйренуіме қазақ ақындарының тигізген көмегі зор. Кешегі Төлеген Айбергенов, Сағи Әшімов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев, Әділ Ботпанов аталарымыздан бастап, бүгінгі Ерлан Жүніс, Қуаныш Жазай ағаларымның өлеңдеріне дейін сүйсіне оқимын. Ал осы ақындардың ішіндегі ең сүйіктісі – Есенғали Раушанов атамыз. Сол кісідей алапат, арлан ақын болу – асқақ армандарымның бірі, – деді ол. Осы тұста облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасынан жергілікті қаламгерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар жөнінде сұраған едік. 2025 жылы облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының бастамасымен бастау алған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының бұл тұрғыда тың серпін бергенін айта кеткен жөн. Сөзімізге 127 автордың 328 кітабының электронды нұсқаларын топтастырған «Aulieata library» («Әулиеата кітапханасы») мобильді қосымшасы дәлел. Бұл қосымша арқылы жамбылдық ақын-жазушылардың шығармашылығымен танысуға болады. Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан «Ел болып оқимыз» жобасы аясында 2025 жылы 194 іс-шара өтіп, 6 800 оқырман қамтылған. Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай 112 іс-шара өтіп, 2 527 оқырман қатысқан. Бұл қатарда өткен жылдары 148 іс-шара ұйымдастырылып, 3 159 оқырман атсалысқан «Жазушымен бір күн» жобасы да бар. Биыл аталмыш бастама аясында 57 іс-шара ұйымдастырылып, 1 019 оқырман қамтылыпты. Кез келген ақын-жазушының асыл арманы – кітап шығару. Облысымызда қаламгерлерге бұл бағытта да қолдау көрсетіліп келеді. Сандарды сөйлетсек, 2025 жылы облыс бойынша 23 кітаптың тұсаукесері өткен екен. Ал биыл ақын Олжас Отардың «Ауырмайды жүрек», ақын, жазушы Сақыпжан Аймаханқызының.«Көзмоншақ» кітаптарының таныстырылымы болды. Жазушылардың жайын білмекке әдебиет пәнінің мұғалімі әрі жас қаламгер Ерлан Нұрлановпен де сұхбаттастық. Ол талапшыл жас үшін мүмкіндіктің мол екенін тілге тиек етті. – «Әдебиет – ардың ісі» деп бекер айтылмаған. Себебі адамгершілік те, рухани байлық та, шындық та – бәрі әдебиетте. Осы «ар ісіне» бүгінде біздің өңірімізде көңіл қалай бөлініп жатыр дегенге келер болсақ, жалпы соңғы жылдары жақсы дүниелер жасалуда. Шығармашылық адамы үшін ең бірінші керек нәрсе – орта. Ақын болсын, жазушы болсын сондай орта арқылы өседі, өзін көрсетеді, шығармашылығын дамытады. Біздің өңірде ақындық орта бұрыннан бар. Ал проза жазатын қаламгерлердің ортасы жоқ болатын. Қазақ прозасының «Қызыл жебесін» дүниеге келтірген бұл топырақта ондай ортаның болмауы үлкен сын еді. Алайда өткен жылы осы олқылықтың орны толды. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының жанынан «Шер» прозашылар клубы ашылды. Алғашқылардың бірі болып мен де мүшелікке өттім. Клуб құрылғаннан кейін арада 5-6 ай өткенде жас қаламгерлердің «Шер» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Осының бәрі өңіріміздегі әдебиет пен мәдениет төңірегіндегі жұмыстардың қалай жүріп жатқанын көрсетеді деп ойлаймын. Бұл жинаққа менің де төрт әңгімем енді. Бұл шығармаларды сұрыпталған деп айтуға болады. Ең алғашқы туындым «Тұман» әңгімесін оқып, өңдеп, тұсауын кескен – журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы. Біздің өңірімізде аға буынның жастарды қолдап, әрқашан көмек көрсетуге даяр тұратынының бір дәлелі осы шығар. Көсемәлі ағам оқып қана қоймай, жарыққа шығуына да көмектескен. Сондықтан жазуға қызығатын жастар болса, қолдайтын орта да, аға буын да бар деп айтуымызға болады. Қорыта айтар болсам, қоғам, адам санасы әдебиет арқылы тазарады. Сондықтан жазуға қызығатын жастар болса, мен өзім де жөн сілтеп, жол көрсетіп жіберуге дайынмын, – деді Ерлан Керімжанұлы.
Осы мақаланы жазу барысында ақын, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының облысымыздағы өкілі Хамит Есаманға да хабарласып, пікірін тыңдаған едік. Ол аймақтан талабы таудай, талантты жастар шықса екен деген ойымен бөлісті.
– Әдебиет деген ұғым адамзат санасында біреу-ақ. Оның ішінде әр елдің менталитетіне қарай ұлттық деңгейдегі әдебиет қалыптасады. Әрине, ақын болсын, жазушы болсын өзі үшін өмір сүруге, шығарма жазуға ыңғайлы жерде ғұмыр кешеді. Бірақ қайда жүрсе де ортақ міндет – үзбей шығармалар жазу, мүмкін болғанша жақсы жазу. Әрине, қазақ топырағында ұлы қаламгер деген атқа лайық шығармашылық иелері болған. Әлі де талантты, тамаша қаламгерлер бар. Өкінішке қарай, қазір қоғамда жазғаны бос сөз, болмайтын әңгіме дейтін жазармандар көбейіп кетті. Жеке баспалардан кітаптарын ақша төлеп шығарып алып, содан әркімді бір жағалап баспасөздерге ұсынып, қала берді әлеуметтік желілерге салып, әйтеуір бір әбігерге түсіп жүргені. Мұны айтып отырғанымыз, бұл шынайы әдебиеттің, шын таланттың бағасын түсіреді. Қоғам шын таланттың қадіріне жете алмайды. Оқырман да шатасады. Өйткені көркемдігі төмен, қуаты кем шығарманың бәрібір бір бүйірі олқы түсіп тұрады. Әулиеата топырағында қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет еткен талай тұлға туған. Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты алып таланттар – ұлт руханияты үшін абырой. Бүгінде Жамбыл жерінде Қазақстан Жазушылар одағына мүше жиырма жеті қаламгер тұрады. Өткен жылы көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова дүниеден өтіп кетті. Әрбір қаламгер өзінің шығармашылық әлеуетін мүмкіндігінше пайдаланып, жақсы шығармалар жазуда. Әрине, Жазушылар одағы ешкімге жақсы шығарма жазып бермейді. Одаққа мүшелікке өту қаламгер үшін басты миссия болмауы керек. Себебі жақсы шығармасы жоқ қаламгердің уақыт өте келе нақты кім екені де белгісіз болып қалады. Екінші жағынан, тек Жазушылар одағының мүшелерін ақын-жазушы деп қарау да дұрыс емес. Кездесулерге, түрлі жиын сияқты басқосуларға барғанда осындайды байқаймын. Өйткені одаққа мүше болмақ түгіл, мың түрлі марапат алса да жазғаны жасық болса, одан ешкімге де пайда жоқ.Жамбылдық қаламгерлердің жақсы аты жиі шығады. Кітаптары жарық көріп, түрлі байқаулардан орын алып келіп жүрген ақын жазушыларымыз да жетерлік. Енді ұрпақтар сабақтастығын сақтап, аға буынның қаламгерлік жолын жалғастыратын талантты жастар шықса екен деп ойлаймын, – деді Хамит Есаман.
Осы ретте талантты жас ақындардың бірі, 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Avangard» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылықтың да пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік.
– Файзулла Төлтай есімді ақын досым бар. Ол кезде оның Түркияда білім алып жүрген шағы. 2019 жылы елге келген демалысында бас қосып отырғанымызда «Таразда өзіміз үшін бір әдеби жоба, өлең оқитын алаң жасайық» деген ойға келдік. Негізгі идеяны Файзулла ортаға салды. «Неліктен кітапхана, театрдағы ресми іс-шаралар емес, қаладағы ресторандарда жаңа, еркін форматтағы кештер өткізбеске?» деп ойладық. Осылайша жобамыздың алғашқы кеші Абай даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысындағы кішкентай кофеханада өтті. Ол кезде марқұм Несіпбек көкенің көзі тірі болатын. Қатарымыздан табылып, тұсауымызды кескен еді. Әр кеште біз өзге қалалардан қонақ шақырамыз. «Avangard» – өз жандүниеміздің ләззаты үшін, өлеңге ынтық болмысымыздың сұранысы үшін. Сонымен қатар Тараздағы шығармашыл орта бас қосып, күйбең тірлікті ұмытып, бір мезгіл демалса, өлең тыңдаса екен дейміз. Одан бөлек жастар, ақындар не жазып жүр екен, қай бағытқа кетіп бара жатыр екен, сол туралы біліп, хабардар болса және ақындар да өздерінің ішкі жандүниесіне үңілсе, олардың әлемге айтқысы келетін үнін тыңдалса дейсің. Бізді бірнеше мәрте басқармалар, ұйымдар қолдады. Әлі де демеушілер көмектесіп келеді. Кейде кофеханалар залдарын бізге тегін беріп жатады. Анығында, эстетиканы сүйетін жандарға жайлы демалыс сыйлағымыз келеді. «Avangard» тың әр кешінде ақындардың деңгейін көрсетсек дейміз. Сондай-ақ өзге өңірлерден келетін ақындар арқылы біз шығармашылық байланыс орнатамыз. Бір қызығы, мұндай форматтағы кеш өткізуді еліміз бойынша біз бастадық деп сеніммен айта аламын. Осыдан жеті жыл бұрын тәуекел етіп бастаған ісіміз бүгінде брендке айналып келеді, – деді Арайлы Жақсылық.
Иә, заман өзгерер, мезгіл ауысар, бірақ адам жанының емі, байлығы болған әдебиет өлмек емес. Ал әдебиеттің форматы мен жанрының өзгеруі оның түрленуі болса керек. Осы жолда күйбең күндерден жалыққан жанын қалам қағазға сыр ашып, кең қазынаны байытып жүрген қаламгерлерге тек билік не бір топ емес, қарапайым халық азамат ретінде дем берсек, қолдау білдірсек дегіміз келеді. Себебі өнер тазалықты, мөлдірлікті сүйеді. Ал оны өмірге әкелу үшін адамға уақыт пен мүмкіндіктен бұрын сенім мен қолдау қажет деп білеміз. Сіз не айтасыз, ойы озық оқырман?
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ




