Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ киносының онкүндігі басталды

Қазақ киносының онкүндігі басталды
Автор
2025 жылдан бері Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еліміздің түкпір-түкпірінде «Қазақ киносының онкүндігі» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның мақсаты – отандық туындыларды кеңінен таныстырып, ауыл-аймақ тұрғындарына ұлттық киноның жаңарған келбетін көрсету.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жарқын жоба биыл да жалғасын табуда. Енді алдағы он күн бойы еліміздің әр өңірінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен мемлекет қаржысына түсірілген фильмдер көпшілік назарына ұсынылмақ. Маңызды іс-шара аймақтарда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармаларының атсалысуымен ұйымдастырылуда.

Облысымыздағы кино күндерінің ашылу салтанаты Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде өтті. Онкүндіктің алғашқы күні жұртшылық назарына «Капитан Байтасов» көркем фильмі ұсынылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген кинолардың онкүндігі еліміз бойынша бастау алды. Біздің облыс басшылығы да отандық киноны қолдауға және дамытуға, сондай-ақ өңір тұрғындарының мәдени деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Ұлттық өнерді дәріптеуге және рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Кино күндерінің өткізілуі көрермендердің қазақстандық кинематографияға деген қызығушылығын арттырады, – деді ол.

Алдағы он күн ішінде жамбылдықтар мемлекет қолдауымен түсірілген «Шулама», «Алтын адам», «ALGA» «От», «1941 жылдың жазы», «Бауырлар», «Жұмақтан күншығысқа», «Дала қасқыры», «Мама, я живая!» сынды фильмдерді тамашалай алады.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар