Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық режиссерлер жаһанды мойындатады

Жамбылдық режиссерлер жаһанды мойындатады
Автор
Қазақ киносы десе, жеңіл комедия, үнемі ене мен келін жанжалы, тұрмыстық мәселе және той тақырыбынан ары аса алмайтын арзанқол дүниелер елестейтіні рас. Бірақ осы таптаурын түсінікті жоққа шығарып, отандық фильмдерді әлемге танытып жүрген режиссерлер де жоқ емес. Оның ішінде нағыз «шедевр» деп атауға лайықты туындылар біздің жамбылдық режиссерлердің қиялынан шыққанын бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан да қазақ киноөнерін жаңа деңгейге көтеріп, салмақты туындыларымен көрерменді қуантып жүрген әулиеаталық таланттар жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.

«КАПИТАН БАЙТАСОВТЫ» ТАРИХТА ТАСПАЛАҒАН

Қазақ киноиндустриясында өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан есімдердің бірі – Дәурен Қамшыбаев. Тараздық талант 1987 жылы дүниеге келген. Жерлесіміз облыс орталығындағы №40, №3 мектептерде білім алған. Мектеп бітірген соң Дәурен тіл үйреніп әрі жат жердің мәдениетін зерттеу мақсатында АҚШ-қа аттанады. Режиссердің кино әлеміне келуіне кездейсоқ бір оқиға түрткі болған.

– АҚШ-та жүргенімде бір жолы атақты актер Филип Сеймур Хоффманның «Джек жүзуге аттанады» (2010) фильмінің түсірілім алаңына тап болып, онда дүкен сатушысының эпизодтық рөлін сомдадым. Жұмыс барысына қызыққаным соншалық, кейіннен сол фильмнің түсірілім тобына пицца тасушы болып орналасып, киноның ішкі жүйесімен жақынырақ таныстым. Сонда жүріп жүк тасушыдан бастап, режиссер мен продюсерге дейінгі барлық міндеттерді атқарып, үлкен тәжірибе жинақтадым. Кейін режиссер Филип Сеймур Хоффманның кеңесімен Калифорния университетінің «Жазушылар» бағдарламасында білім алып, сценарий жазудың қыр-сырын меңгердім. Оқу орнындағы кураторым «Оскар» номинациясын алған белгілі сценарист Ким Кризан болғандығы да болашақ мансабыма үлкен ықпалын тигізді, – дейді Д.Қамшыбаев.

Он жылдай шет елде жүріп, жан-жақты дамыған кино маманы 2015 жылы елге оралады. Туған жеріне қайта келген Дәурен жинаған білімін отандық киноны дамытуға жұмсауды ұйғарады. 2017 жылы ол Тараз қаласында облыстық кино орталығымен бірге тегін «Taraz Film School» мектебін ашқан. Өнер мектебі төрт жылдай жұмыс істеп, аймақ жастарына кино өнерінің қыр сырын үйреткен бірегей оқу орнына айналды. Болашақ актер, режиссер, сценаристер даярлайтын мектепте қазақстандық кино саласының мамандары дәріс оқыды. Сондай-ақ Дженнифер Арнольд секілді голливудтық мамандар шақырылып, шеберлік сағаттарын өткізді. Осы мектептің шәкірттерімен бірге Дәурен 2022 жылы өзінің дебюттік «Зере» фильмін түсірді. Басты рөлдерді қазақстандық танымал жас актерлер Сануржан Сүлейменов, Адина Бажан сомдады. Одан бөлек туындыға Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Дулыға Ақмолда, Ольга Ландина, Елжас Рахым секілді есімі елге етене таныс кино жұлдыздары түскен. Түсірілім жұмыстары Мойынқұмның бұйрат-бұйрат құмының арасында орналасқан Тайсойған балықшылар аралында өтті.

– Түсірілім жұмыстары басталар алдында локациям ретінде алыс аралды таңдағаныма таныстарым таңғалған еді. Бірақ шешімімнің өз себебі бар. Бірде маған «Жамбыл облысы қандай жер, онда не бар?» деген сұрақ қойылды. Сол кезде мен 30 жасқа келсем де Жамбыл облысынан тек «Тараз – Алматы» тасжолы бойын ғана білетінімді түсініп, ұяттан жерге кіре жаздадым. Осы кемшілігімді түзегім келіп, бүкіл өңірді зерттеуді және деректі фильм түсіруді мақсат еттім. Аудандарды аралап жүріп, Тараздан 6 сағаттық жерде кез келген адам біле бермейтін, өмір бойы назардан тыс қалған аралдар бар екенін көргенде қайран қалдым. Тіпті өңір тұрғындарының көбі осы ғажайып аралдар туралы білмейді. Түсірілім кезінде Тайсойған аралы бізді күн сайын жаңа қырынан таңғалдырып, ерекше көркімен көңілімізді баурап алып жатты, – дейді режиссер.

Д.Қамшыбаевтың тәуелсіз «Зере» фильмі халықаралық деңгейде мойындалған. Атап айтқанда, Бразилиялық «Mostra», Беларусьтің «Листопад», Ресейдің «Киношок» және Қазақстанның «Евразия» сияқты беделді фестивальдарында жүлделі орындарға ие болған.

Мансап жолын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылған режиссер Алматыға қоныс аударып, «Almaty Cinema School» атты жаңа білім беру платформасының негізін қалайды. Мұнда оқу процесі еуропалық және голливудтық стандарттарға негізделген. Студенттер алғашқы айдан бастап ірі түсірілім алаңдарында тәжірибеден өтеді. Мектепке «Моана» мультфильмінің сценарисі Памела Рибон және Билли Айлиш, The Weeknd секілді жұлдыздарға клип түсірген оператор Шао Лонг секілді әлемдік деңгейдегі мамандар қонаққа келген.

Бүгінде режиссердің ең көп талқыланған туындысы – Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігіне негізделген «Капитан Байтасов» фильмі. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Капитан Байтасов» фильмі отандық киноиндустриядағы айтулы жобалардың біріне айналды. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен соңғы сағаттарын баяндайтын бұл туындының дүниеге келуіне қарапайым ғана отбасылық басқосу себеп болған. Дастарқан басында інісінен «Өскенде кім боласың?» деп сұрағанда, баланың «Полиция боламын, өйткені оларда ақша көп, зәулім үй мен екі «Джипім» болғанын қалаймын» деген жауабы киногерге үлкен ой салған. Сол сәтте қоғамдағы құндылықтардың өзгергенін, өскелең ұрпақтың полиция формасын жауапкершілікпен емес, материалдық байлықпен байланыстыратынын аңғарған.

– Кино түсіру идеясы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы мақаланы оқығаннан кейін біржола бекіді. Кез келген арнайы киім – мейлі ол өрт сөндіруші, мейлі әскери болсын – ең алдымен, Отан алдындағы анттың нышаны. Голливудтық Бэтмен немесе Спайдер-Мэн кейіпкерлері секілді Ғазиз Байтасов та форма киген сәтте жеке басының мүддесін ұмытып, бүкіл халықтың, қала тұрғындарының қорғаушысына айналған нағыз қаһарман ретінде сипатталады. Аталған ауқымды жоба мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылып, бюджеті 500 миллион теңгені құрады. Іс жүзінде 2020 жылы басталған жобаны іске асыру жолы жеңіл болмады. Бастапқыда басты рөлге Дулыға Ақмолда жоспарланғанымен пандемия кедергі келтіріп, уақыт өте келе образға сырттай да, іштей де қатты ұқсайтын Азамат Сатыбалдыны бекіттік. Осылайша алғашқыда қолдау таппаған сценарий үш жыл бойы толықтырылып, әбден пісіп-жетілген соң ғана Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мақұлдауына ие болды. Сценарийді шынайы ету үшін ерекше амал қолдандым, облыстық полиция департаментінің қолдауымен өзім де полицей формасын киіп, тәртіп сақшыларының күнделікті тыныс-тіршілігін зерттедім. Сол кезде халықтың полицияға деген екіұдай көзқарасын, атап айтқанда, бірі қорқынышпен, тағы бірі жеккөрінішпен қарайтынын өз көзіммен көрдім. Сонымен қатар Байтасовтың образын ашу үшін оның қарамағында істеген әріптестерімен және Халық қаһарманының кенже ұлы Әділжанмен тығыз байланыста жұмыс жүргіздік. Түсірілім процесі екі айға созылып, негізінен Алматы қаласында өтті. Шығынды үнемдеу мақсатында 180 адамнан тұратын топты Таразға тасымалдамай, Алматыдағы локацияларды барынша Таразға ұқсатып, қолдан жасап шықтық. Фильмнің актерлік құрамында отандық киноның «жұлдызды шоғыры» жиналды. Байтасовтың жары Гүлжамалдың рөлін Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямова сомдаса, басты антагонист Кариевтің рөліне Еркебұлан Дайыров шақырылды. Самал Еслямова қаһарманның жары болудың ауыртпалығын, әйелдік қорқыныш пен адамдық мақтаныш арасындағы ішкі арпалысты шебер жеткізе білді. Түсірілім алаңындағы қиындықтар да аз болған жоқ. Жұмыс ортасында екінші режиссермен келіспеушілік туындап, оны жобадан шығаруға тура келген. Бұл қиын сәтте ассистент болып жүрген студент жігіттің жауапкершілікті өз мойнына алуымен процесс сәтті жалғасты. Сондай-ақ түсірілім барысында жаңбырдың сценарийге сай кенеттен жаууы, аруақтарға бағыштап Құран оқығаннан кейін жұмыстың оңала бастауы секілді тылсым жайттар да шығармашылық топты таңғалдырмай қоймады, – дейді Д.Қамшыбаев.

Дәурен Қамшыбаевтың режиссерлік қоржынында «Каникулы оффлайн 3», «Aool House. Однажды в ауле» секілді өзге де маңызды туындылар бар. Сонымен қатар ол түрік мифологиясынан шабыт алған «Jyndy» жобасының авторы ретінде де танымал.

 

ӘЛІШЕР УТЕВ –
ХИТ СЕРИАЛДАРДЫҢ АВТОРЫ

Ең кассалы фильмдер мен танымал сериалдардың авторы, режиссер әрі продюсер Әлішер Утевтің есімі бүгінде кино өнерінде кеңінен таныс. Өзіндік қолтаңбасы бар режиссердің әр жобасы көрермен сұранысына ие болып, отандық нарықта ерекше құбылысқа айналып келеді.

Әлішер 1988 жылы Қаратау қаласында дүниеге келген. Сүлеймен Демирель атындағы университетті тәмамдап, «Ағылшын және түрік тілдерінің аудармашысы» мамандығын алғанымен өмір жолы оны мүлде басқа бағытқа жетеледі. Бұл өзгерістің бастауында көңілді тапқырлар клубы тұрды. Осы ортада сценарий жазудың қыр-сырын меңгеріп, кез келген контенттің негізі сценарий екенін түсінді.

– Осы тәжірибе мені телевизия саласына алып келді. Әзіл жазуға бейімім бар екенін ұғынып, «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей «КВН»-нен кейін көп ұзамай скетчтер түсіре бастап, біртіндеп тележобаларға араластым. Бұл кезеңде Қазақстанда сериал форматы енді ғана қалыптасып жатқан еді. Соған қарамастан тырнақалды «Айналайын», «ВУЗеры» секілді телесериалдарымды түсіріп, бағымды сынап көрдім. Бір жағынан, салада тәжірибе жинақтадым. Кейін кино бағытына бет бұрып, комедия жанрындағы «Қазақша бизнес» франшизасы, «Брат или брак 2», «ТойХана», «Ва-Банк», «Вакцина от коррупций» секілді фильмдерді жарыққа шығардық. Біразы үлкен сұранысқа ие болып, касса жинау жағынан рекорд орнатты. Кез келген маманның өмірінде күніге қайталана беретін, өзгермейтін тірліктен жалығып, жаңа дүние жасап көргісі келетін шағы болады. Мен де жылдар өте әзілден алшақтап, басқа жанрда еңбек етуді ойлай бастадым. Көрерменге сапалы, жақсы туынды сыйлағым келді. Осы мақсатпен ауқымды жобаларға кірістім. Пандемия кезеңі сериал индустриясына айтарлықтай ықпал етті. Сол уақытта әлемдік тренд өзгеріп, көрермен сериал мен фильмдерде кейіпкерлердің ішкі дүниесі мен мінез-құлқына баса назар аудара бастады. Адамдар экраннан өздеріне ұқсайтын, шынайы әрі күрделі тұлғаларды көргісі келді. Көрермен талғамын ескере отырып, сол жылдары «5:32» және «Сержан братан» сериалдарын жарыққа шығардық. Бір айта кетерлігі, «5:32» сериалы өзімнің туған жерім Қаратауда түсірілді. Сериал қазақстандықтар тарапынан жақсы қабылданды. Десе де қан мен дөрекі көріністерге әлі де дайын емес көрермендер де табылып жатты, – дейді Ә.Утев.

Режиссер жобаларының үнемі алдыңғы қатардан көрінуінің себебін көпшілік талантпен байланыстырса, өзі бұл пікірмен келіспейді. Керісінше, табыстың басты құпиясы ретінде темірдей тәртіпке негізделген жауапкершілікті алға тартады. Әр жобаға бар күшін салып, міндетті түрде зерттеу жүргізетінін айтады. Мәселен, әр елдің кино өнеріндегі жаңалықтар мен өзгерістерді бақылап отырады. Ең бастысы, режиссер өзін қарапайым көрерменнің орнына қойып, «Бұл туынды маған ұнар ма еді?» деген сұраққа жауап беруді өмірлік ұстанымына айналдырған.

– Соңғы жылдарда мені қазақ кино өнерінің тағдыры қатты толғандырып жүр. «Канн», «Оскар» секілді ауқымы бөлек кинофестивальдарда мойындалатын туынды түсіргім келеді. Бұл мақсаттағы алғашқы қадамымды жасап, шетелдік прокатқа арналған фильм түсіруді қолға алдым. Мен отандық киноның болашағы жарқын екеніне сенемін. Қазақ көрермендері отандық туындылардың ана тілімізде түсірілмейтініне жиі сын айтып жатады. Осыған қатысты ойымды айтып өткім келеді. Уақыт өте келе сең қозғалып, қазақ тіліндегі контентке сұраныс артады деп сенемін. Сондықтан корей киноиндустриясының тәжірибесіне ұқсас, толықтай қазақ тілінде сапалы туындылар жасап, оларды қажет жағдайда шетелдік көрерменге субтитр немесе дубляж арқылы ұсыну маңызды. Бұл тәсіл отандық контенттің деңгейін халықаралық аренада танытуға мүмкіндік береді, – дейді режиссер.

Маман туындыларына актер таңдау бағытында да қалыптасқан стереотиптерден қашуға тырысады. Көп жағдайда продюсерлер тәуекелді азайту үшін актерді бұрынғы таныс образында қолдана береді. Алайда Әлішердің пайымынша, көрерменге жаңалық қажет. Мысалы, бандит рөлін ойнап жүрген актерді жылап отырған жалғызбасты әке ретінде басқа қырынан көрсетсе, көрерменге мүлде күтпеген әсер сыйлайды. Сондықтан ол актерлерді жаңа қырынан ашуды жөн көреді.

Тәжірибелі кино маманының жетістіктері көп, алайда олардың ішіндегі ең негізгілері ретінде «Сержан Братан» сериалымен Лос-Анджелестегі үздік режиссура үшін алған марапатын және «1286» жобасымен Пусандағы беделді халықаралық фестивальда жеңіске жеткенін атауға болады. Режиссердің бұл жетістігіне сценарист Сергей Литвеченкомен құрған тандемі айрықша ықпал еткенін айтпай өтуге болмас. Шығармашылық дуэт қазақ контентіне драматургиялық тереңдік пен батыстық сапаға жақын деңгей әкеліп, отандық сериал индустриясының жаңа бағытын айқындады. Бұл өзгерістің нақты көрінісі ретінде «1286» және «Мұнай» сериалдарын атауға болады. «1286» адам саудасы мен заманауи құлдық тақырыбын батыл көтеріп, қара, ақ визуал арқылы артхаус деңгейіндегі эстетика ұсынды. Ал «Мұнай» әлеуметтік теңсіздік пен билік үшін күресті бейнелеп, өткір сценарий мен күшті визуалдық шешімдердің үйлесімін көрсетті.

 

ӘЛЕУМЕТТІК «АУРУДЫ» ӨТКІР ҚОЗҒАҒАН

Өткен жылдың соңында қалың көрерменге жол тартқан «Ауру» фильмін қазақ кинематографиясына соны серпін, нағыз сенсация әкелген туынды десек, еш асыра айтқандық емес. Аз уақыттың ішінде прокатта рекордты касса жинап, бірнеше шетелде көрсетуге лицензия алған туынды авторларының тағы бірі – әулиеаталық дарын Қуаныш Бейсеков.

Тараз топырағының түлегі кино саласында ғана емес, музыка мен сатираны ұштастырған «Ирина Кайратовна» жобасы арқылы да елге кеңінен танылды. Ол бұл шоуды қалжың ғана емес, қоғамның өзекті мәселелерін дөп басатын өткір сатираға айналдыра білді.

Қуаныш 1995 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірде өскен жігіт 12 жасында отбасымен бірге Астанаға қоныс аударады. Осы сәттен бастап жасөспірім үшін жаңа белес басталды. Осы кезге дейін өзге тілде бірауыз сөйлеп көрмеген өрен мегаполистің тұрмыс салты талап етіп тұрған соң орыс тілін өз бетінше меңгеруге бел буады. Көмегі болар деп «Гарри Поттер» кітаптарының орысша аудармасын бас алмай оқып шығады. Орыс тіліндегі көркем теңеулерді, терең ойды түсініп, талдау оңайға соқпайды. Ақыры өзге де астаналықтар секілді ол да осы тілді меңгеріп алады.

Өз туындыларында қоғамдағы өткір мәселелерді көтеруге тырысатын режиссердің бұл бағытта баса назар аударуына балалық шағындағы ауыр естеліктер себеп болғандай. Қуаныштың балалық шағы тек жарқын естеліктерден құралмаған. Отбасындағы кикілжіңдер, әкесінің ішімдікке салынып, анасына көрсеткен қысымы балғын баланың жанына жара салады. Тек уақыт өте келе әкесінің иман жолына түсіп, өткен қателіктерін түзеуі шаңыраққа береке мен тыныштық сыйлаған. Осы бір өмірлік өткелдер Қуаныштың ішкі дүниесін рухани жағынан шыңдаған.

Мектеп бітірген соң Қуаныш математика факультетіне оқуға түседі. Алайда үш жылдан кейін бұл сала өзінің жүрек қалауы емес екенін түсінді.

– Бала кезден фото мен видео түсіруді ұнататынмын. Тіпті 10-сыныпта оқып жүргенде-ақ түрлі жиындарды суретке түсіріп, нәпақа тауып жүретінмін. Кейіннен телеарнада еңбек етіп, дизайн, монтаж және режиссураның қыр-сырын терең меңгердім. Көптеген медиа сала майталмандары секілді менің де жолым «Jaidarman» ойындарынан басталды. Бірақ ойыншы емес, жайдарманшылар сайысының түсіруші операторы қызметін атқардым. Болашақ әріптестеріммен осы ойында танысып, 2017 жылы бірігіп, «Ирина Кайратовна» жобасын қолға алдық, – дейді Қ.Бейсек.

Бұл топ қазақстандық «YouTube» кеңістігінде «жаңа дәуір» орнатты десек болады. Бейсеков жобаның режиссері әрі идеологі ретінде қоғамдағы ең ауыр, ең өзекті тақырыптарды батыл көтере бастады. «ИК» тобы музыка бағытына көшкенде де Қуаныш түсірген «5 000», «Беги», «Arriva» секілді бейнебаяндар үлкен әлеуметтік үндеуге айналды. Ол өз туындылары арқылы қазақ халқының ішкі еркіндігін оятуды, отандастарын өз құқығын білуге және еркін ойлауға үндеуді басты мақсаты санады. Жас талантты қазақ киносының жаңа толқыны деп атауға әбден болады. Себебі оның фильмдері мінсіз демесек те, отандық кино өнеріне мүлдем өзгеше леп әкелген туындылар қатарында. Жас режиссердің қоржынында «Отыздан асып барамын», «Дәстүр» секілді қоғамда үлкен талқыға түскен дүниелер бар.

Былтыр Қуаныш өзі жетекшілік ететін «Tartaria Films» кинокомпаниясымен «Ауру» фильміне продюсерлік етіп, туындының сапалы шығуына зор үлесін қосты. Әсіресе туынды үшін әлемге әйгілі «Gorillaz» тобының «Feeli Good» әнін арнайы сатып алғанын естігеннен-ақ жұрт бұл фильмді көргенше асықты. Жобаны ілгерілету үшін Қуаныш Бейсек авторлық киноны насихаттайтын франциялық «Loco Films» компаниясымен келісімшарт жасасқан болатын. Осы серіктестік «Аурудың» халықаралық деңгейге шығуына жол ашты. Фильмдегі қайырымдылықты желеу еткен алаяқтық тақырыбы бейне бір өмірдің өзінен алынғандай әсер қалдырды. Дәл сол кездері Перизат Қайрат пен «Biz Birgemiz» қорының айналасындағы шулы оқиға ел есінде еді.

Мазмұнына келсек, «Ауру» мінсіз болмаса да өте шынайы әрі батыл түсірілген дүние ретінде есте қалды. Отыз жастың айналасындағы жас киногерлер бүгінгі қоғамның ащы шындығына қарап: «Мұндай бассыздық қашан тоқтайды?», «Бұл неге біздің басымыздан өтіп жатыр?» деп айқайлап жатқандай әсер қалдырады.

Басты кейіпкерлер Азамат пен Таңшолпан – қазіргі қазақ қоғамындағы қарапайым жас отбасы. Танымал актер Аян Өтепберген сомдайтын Азамат – такси жүргізушісі, Таңшолпан – даяшы. Екеуінің басы қарызға белшесінен батқан. Тойды несиеге жасап, қалған ақшаны қалай қайтаратынын ойламастан оңды-солды шашып тастаған. Кино авторлары қоғамымыздың ең ауыр дертін дөп басқандай, себебі несиесін төлей алмай, шоттары жабылған талай адамның тағдыры бәрімізге таныс. Ақыры осы кейіпкерлер елді алдап, «қатерлі ісікке шалдықтық» деп өтірік айтып, жұрттан ақша жинауға дейін барды. Алаяқтықтың соңы қасіретке ұласады. Бұл келеңсіздіктің бәріне дұрыс тәрбиенің жоқтығы, «Жұрт не айтады?» деген жалтақтық пен қаржылық сауатсыздық себеп болғаны да әдемі көрсетілген.

Аталмыш туынды «The Hollywood Reporter» басылымының назарына ілігіп, Роттердам халықаралық кинофестиваліне таңдалды.

Әулиеата – мақаламызға арқау болған кейіпкерлерден бөлек, көптеген өнер өкілін тудырған өңір. Облысымыздан Елжан Жармұхамедов, қазіргі уақытта шетелде режиссерлік мансабын сәтті жалғастырып жүрген Арман Саят, сондай-ақ кезінде әлеуметтік тақырыптарды батыл қозғап, «Лифт», «Әкім», «Тараз» секілді сапалы дүниелерімен көрерменді қуантқан Нұртас Адамбай сынды тұлғалар шыққан. Қазақ киноиндустриясына өзіндік жаңалық енгізе білген жерлестеріміздің туындыларын күллі әлем тамашалап қана қоймай, мойындайтын күн де алыс емес.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар