Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде еңбек қоғамын қалыптастыру, жастарды кәсіптік бағытқа бейімдеу және білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеудің маңызды қадамына айналды. Осы бағытта орталық өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарыпты. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарына әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету, педагогтар мен басқарушы кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, инновациялық білім беру тәжірибелерін енгізу және тарату, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау сапасын жақсарту бағыттарында нақты іс-шаралар жүзеге асырылған.
– Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бойынша облыс әкімінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы №2 үкімімен штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға 6 бөлімнен тұратын 123 түрлі іс-шара енгізіліп, орындалды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында әлеуметтік серіктестердің қолдауымен колледждер базасында 2 құзыреттілік орталығы, 6 оқу-жаттығу кабинеті, 3 шеберхана және 1 зертхана пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 6 салалық кешен ашылды. Жалпы өткен жылы өңірде инвесторлар есебінен 120 миллион теңге, қамқоршылық қаражат есебінен 41 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 223 миллион теңге бөлініп, 10 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында ауылшаруашылығы, автокөлік қызметі және педагогика бағыттары бойынша бірқатар университетпен меморандумдар жасалды. Нәтижесінде кіріктірілген білім беру бағдарламалары енгізіліп, колледж түлектерінің ЖОО-да оқу мерзімін қысқарту бойынша жол картасы әзірленді. Халықаралық серіктестік шеңберінде Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Сингапур, Өзбекстан мемлекеттерінің оқу орындарымен байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу қолға алынды. Соның нәтижесінде Сингапур әдістері енгізіліп, Қытайда педагогтардың тағылымдамасы жоспарланды. Ресейлік колледжбен атом энергетикасы саласында бірлескен бағдарламалар әзірлеу келісілді. Сонымен қатар «Қос диплом» жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде, – деді Айбар Мэлсұлы.
Білім сапасы педагогтың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Осы ретте колледждердің инженер-педагогтарының біліктілігін арттыру мақсатында 2025 жылы 299 педагог, 17 басшылық құрам арнайы курстан өтіпті. Ал 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы 31 басшы және олардың орынбасарлары, сондай-ақ 321 педагог қызметкердің біліктілігін арттыру көзделуде.
Баяндамашының айтуынша, бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 28 864 студент білім алуда, оның 21 342-сі мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Биылғы оқу жылында 9 салаға сәйкес 65 мамандық бойынша 6 720 талапкер мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түсіпті. Ал мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 117 кәсіпорынның сұранысына сәйкес 570 талапкер оқуға қабылданған.
– Дуальді оқыту жүйесін дамыту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Осы жүйе негізінде облыстағы 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 59 мамандық бойынша 732 әлеуметтік серіктестікпен келісімшарт жасалып, 11 965 студент білім алуда. Студенттер кәсіпорындардың базасында өндірістік тәжірибеден өтіп, теорияда алған білімдерін нақты өндіріс жағдайында қолдануда. 2025 жылы колледждерді барлығы 7 170 түлек бітірсе, оның ішінде 4 941-і (69 пайыз) жұмыспен қамтылған. Ал мемлекеттік тапсырыс негізінде 3 764 түлек бітіріп, 2 869-ы (76,2 пайыз) жұмысқа орналасты. Өңірде колледждерді немесе олардағы мамандықтарды ірі бизнес пен кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа беру практикасы енгізілді. Бүгінгі күні 41 колледжді 220 кәсіпорын шефтік қамқорлыққа алу бойынша келісімдерге қол қойды, – деді Айбар Сапарғали.
Жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне енгізу – қазіргі заман талабы. Осыған орай өңір колледждерінде цифрлық құзыреттіліктерді дамыту, білім алушылардың IT және AI салаларына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ педагогтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру бағытында кешенді іс-шаралар дайындалыпты. Осы орайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер, білім басқармаларының бастамасымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында жасанды интеллект пен бағдарламалау мамандарын даярлауға арналған «Tomorrow School» заманауи зертханасын ашу жоспарланып отыр.
Орталық директорының сөзіне сүйенсек, бұл бастамалар болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, өңірдің цифрлық экономикасын дамытуға да өз үлесін қосады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




