Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды

Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды
РСК
1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау басталды. Академияға түсудің талабы мен тәртібі қандай? Осы және өзге де ақпараттарды өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Мәлік Асанов егжей-тегжейлі баяндады.

Мәлік Назымбекұлының айтуынша, оқу орнында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға құжаттарды қабылдау «admission. apa.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Биыл үміткерлер 1 сәуірден бастап 1 маусымға дейін тіркеліп, өтініш бере алады. Яғни құжат қабылдау үдерісі 2 ай ғана жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға 200-ге жуық талапкерді, докторантураға 12 адамды қабылдау жоспарланып отыр екен. Бұрын магистратураға тек 120 грант бөлінсе, осы жылы мемлекеттік грант саны артқан. Сондай-ақ үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін анықтау бойынша арнайы комиссия құрылмақ. Жаңа оқу жылына құжаттар 12 емес, 15 білім бағдарламасы бойынша қабылданады.

– Осы жылы жаңадан «ЕМВА – Іскерлік-әкімшілендіру», «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» білім бағдарламалары енгізілді. Білім беру бағдарламалары бойынша өзгерістерге тоқтала кетсем, жекелеген білім беру бағдарламаларын ғылыми-педагогикалық бағытқа ауыстыруға байланысты «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар», «Экономика» бағдарламаларының оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар 2 білім бағдарламасының оқу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Мемлекеттік басқару және саясат саласындағы білім беру бағдарламаларына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «Адами ресурстарды басқару» бағдарламасы енді «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» болып өзгертіліп, оның оқу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар «Мемлекеттік саясат» магистратурасына түсушілер үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификаттың болуы міндетті талапқа айналды. Оқу бағдарламаларының мерзімі мен бағыттарына келетін болсақ, бір жылдық мерзімде «Мемлекеттік басқару» (MPA) және «Цифрлық мемлекеттік басқару» (MDPA) бағдарламалары ұсынылса, «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» (MSHRM) мен «Өңірлік даму» (MRD) бағыттары бойынша оқу 1,5 жылды құрайды. Жұмыспен қатар оқығысы келетіндер үшін «Мемлекеттік басқару» (EMPA), «Өңірлік даму» (MRD) және «Іскерлік әкімшілендіру» (EMBA) бойынша бір жылдық модульдік бағдарламалар қарастырылған. Тереңдетілген екі жылдық магистратура аясында «Мемлекеттік саясат» (MPP), «Экономика» (ME) және «Халықаралық қатынастар» (MIR) мамандықтары бойынша білім алуға болады. Ал ғылым жолын таңдаушылар үшін үш жылдық докторантура бағдарламалары «Мемлекеттік басқару» (DPA), «Халықаралық қатынастар» (DIR), «Экономика» (DE) және «Цифрлық мемлекеттік басқару» (DDPA) бағыттарында қолжетімді, – деді спикер.

Баяндамашының айтуынша, академияға оқуға түсу үшін үміткерлер электрондық форматта мемлекеттік органның жолдамасын және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін дайындауы тиіс. Оған қоса жоғары білім туралы құжаттың сканерленген нұсқасы қосымшасымен бірге жүктеледі. Мемлекеттік тілді білу деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын «QAZAQ RESMI TEST» немесе «ҚАЗТЕСТ» сертификаты міндетті саналады екен. Докторантура мен «Халықаралық қатынастар» немесе «Мемлекеттік саясат» магистратурасына ниеттілер ағылшын тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификатты ұсынуы қажет. Мемлекеттік қызметшілер кадр қызметі растаған қызметтік тізімді өткізсе, өзге үміткерлер еңбек қызметін растайтын құжатты және басшылық лауазымдағы өтілін көрсетуі шарт. Функционалдық өтіл талап етілетін бағдарламалар үшін лауазымдық нұсқаулық пен құрылымдық бөлімше туралы ереже қоса беріледі. Докторантураға тапсырушылар зерттеу жұмысы жоспарының жобасын әзірлеуі керек. Барлық құжаттар электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған өтініш арқылы қабылданады.

– Конкурстық іріктеу 5 маусым мен 19 маусым арасында жоспарланған. Оның ішінде аналитикалық эссе жазу бесінші және жетінші маусым күндеріне белгіленсе, сұхбат кезеңі он тоғызыншы маусымға дейін жалғасады. Алдын ала қабылдау жиырма бесінші маусымда өтсе, қорытынды шешім оныншы шілдеде шығарылып, оқу бірінші қыркүйекте басталады. Іріктеудің бірінші кезеңінде үміткерлер кәсіби саладан хабардарлығын танытатын аналитикалық эссе жазады. Екінші кезеңдегі сұхбат барысында үміткердің құзыреттері мен мемлекеттік басқару жүйесінің заңнамаларын білу деңгейі үш тілде ауызша тексеріліп, үдеріс бейнежазбаға түсіріледі. Докторантураға түсушілер үшін үшінші кезеңде зерттеу жұмысы жоспарының жобасы бағаланып, онда тақырыптың өзектілігі мен әдістері қарастырылады, – деді Мәлік Назымбекұлы.

Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, өзге қаржы көздері бойынша оқуға түсушілер жинаған балдары мен комиссияның сараптамалық бағалауына сәйкес іріктелетінін айта кеткен жөн.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар