Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жадымызды алдаған «Мандела эффектісі»

Жадымызды алдаған «Мандела эффектісі»
www.reddit.com
Адам миы – әлі толық зерттелмеген жұмбаққа толы күрделі әлем. Санамыз қоршаған ортаны қабылдап қана қоймай, оны талдауға, логикалық қорытынды жасауға қабілетті. Эволюцияның арқасында адам баласы қиялдау, болашақты болжау, әлемнің құрылымын зерттеп, жаңа білімді игеру секілді қабілеттерге ие болды. Дегенмен адам жады мінсіз емес. Миымыз ақпаратты өңдеу барысында кейде қателіктер жіберіп, шындықты бұрмалап қабылдауы мүмкін.

Ғылымда мұндай құбылыстарды когнитивті бұрмаланулар деп атайды. Бұл – мидың ақпаратты тез өңдеуге тырысуынан туындайтын заңды қателіктер. Осындай таңғажайып әрі жұмбақ құбылыстардың бірі – «Мандела эффектісі».

Өміріңізде ешқашан болмаған оқиғаны нақты есте сақтаған немесе орын алған жайтты мүлдем басқаша қабылдаған кезіңіз болды ма? Мәселен, өзіңіз сүйіп оқитын, әрбір сөйлемі жадыңызда жатталған кітабыңызды қайта қолға алған сәтіңізді елестетіп көріңізші. Кезінде өзіңізге ерекше әсер еткен кейіпкердің аталы сөзін тапқыңыз келіп, сол бетті ашасыз. Бірақ таңғаларлығы, сіз жатқа білемін деген сөздер мүлдем басқаша өріліп, мағынасы өзгеріп кеткен. Тіпті қасыңыздағы досыңыздан сұрасаңыз, ол да сіз сияқты бұрынғы нұсқаны есіне түсіріп, таңырқап тұр. Мұндай қызық жағдайлар тек кітаптарда емес, танымал кинолардағы фразалардан, әлемдік брендтердің атауларынан немесе тарихи деректерден де жиі кездесіп жатады. 

Естеліктеріміздің осылайша «құбылуы» адамды еріксіз ойға қалдырады. Көптеген адамға таныс бұл сезім жай ғана кездейсоқтық емес. Жыл өткен сайын танымалдылығы артып келе жатқан бұл құбылыс ғылыми ортада «Мандела эффектісі» деп аталады. Қызығы сол, жадтың жаңылысуы бір-екі адамда емес, мыңдаған, тіпті миллиондаған адамда қатар байқалады. Олар шындыққа жанаспайтын деректерге кәміл сенеді, алайда ресми мәліметтер бұл естеліктермен сәйкес келмейді. Бұл құбылыс тарихи оқиғаларға ғана емес, танымал брендтердің логотиптеріне, фильмдегі фразаларға және кітап мұқабаларына да қатысты көрініс табады.

Осы бір таңғажайып психологиялық құбылыстың ғылыми түрде ашылуы белгілі саясаткер Нельсон Манделаның есімімен тығыз байланысты. «Мандела эффектісінің» өзі 2000 жылдардың соңында ғана зерттеле бастаған. Сол жылдары америкалық журналист әрі жазушы Фиона Брум таңғаларлық әлеуметтік құбылысты байқаған. Кезекті бір журналистік зерттеу барысында ол миллиондаған адамның Оңтүстік Африканың президенті Нельсон Манделаның 1980 жылдары түрмеде қайтыс болған деген жалған ақпаратқа кәміл сенгеніне көз жеткізеді. Бірақ мүлдем олай емес. Егер түп-тамырына үңілсек, барлығы африкалық саясаткер Патрис Лумумбаға келіп тіреледі. Олай болса, соның жай-жапсарын рет-ретімен баяндайық.

Африкалық революционер, аңызға айналған саясаткер, апартеидке қарсы күрескер Нельсон Манделаны білмейтін жан кемде кем. Ол Оңтүстік Африка Республикасының болашағы үшін, барлық адамдар бірдей құқықтар мен бостандықтарға ие болатын демократиялық ел болу үшін күрескен болатын. Өткен ғасырда Оңтүстік Африканы жаулап алған ақнәсілділердің «Апартеид» атты заңды қоғамы құрылған еді. Яғни нәсілдік теңсіздікке негізделген мемлекеттің халқы әлеуметтік экономикалық және саяси жүйе бойынша ақнәсілділер бір бөлек, қаранәсілділер бір бөлек оқшау өмір сүрді. Нельсон Мандела өз елінде өгейдің күйін кешкен қаранәсілділердің құқы үшін күресті.

Сол тұста әлемдік саяси аренада тағдыры талқыға түскен тағы бір танымал тұлға, антиколониалдық күрестің символына айналған Патрис Лумумбаның есімі де ел аузында еді. Ол 1960 жылы тәуелсіз Конгоның тұңғыш премьер министрі атанған. Алайда саяси көзқарасы мен белсенділігі үшін Лумумба арада жыл өтпей жатып биліктен тайдырылып, аяусыз өлтірілді. Бұл трагедия әлемде, әсіресе Лумумбаны антиколониалдық күрестің қаһарманы санаған Кеңес одағында кеңінен талқыланды. Ал 1962 жылы бостандық үшін күрескен тағы бір танымал тұлға Нельсон Мандела тұтқындалды. Ол да темір торға қамалып, ұзақ жылдар бойы жұрт көзінен таса болды. Қызықтың бәрі осы жерде басталады. Қос саясаткердің тағдыры ұқсас болғаннан соң болар, неге екені белгісіз, миллиондардың миында «сананың астасуы» орын алады. Лумумба өлтірілді, демек, Мандела да қаза тапты деген ұғым қалыптасты. Керек десеңіз, Манделаның ажалы туралы естігеніне, тіпті жерлеу рәсімінен арнайы дайындалған репортажды көргеніне бек сенімді адамдар да табылған. Анығында, саясаткер 27 жылдан соң түрмеден шығып, мансабын қайта жалғастырған. 1990 жылы түрмеден шыққан Мандела кейінгі бостандықтағы өмірінде Нобель сыйлығын алып, Оңтүстік Африка Республикасының президенті болып үлгерген. Бірқатар маңызды реформалар жүргізіп, әртүрлі елдерге ресми сапарлармен барып, тіпті «Қосылмау қозғалысының» бас хатшысы лауазымын атқарған. Саясаткер 2013 жылы 5 желтоқсанда 95 жасында Хоутондағы үйінде қайтыс болды.

Бұл құбылыс бүгінде мамандар арасында үлкен пікірталас тудыруда. Олар мұны әртүрлі теориялар мен көзқарастар тұрғысынан түсіндіруге тырысты. Түрлі теориялар болғанымен, оның не үшін пайда болатындығы нақты белгісіз. Ең көп таралған түсініктеме бұл адамның жадының жұмысына байланысты деп болжайды. Ал осы түсінікті психология мен неврологияны зерттеушілердің басым көпшілігі жоққа шығарады. Таңғалдырарлық құбылыстың табиғатын тереңірек түсіну мақсатында біз арнайы маман көмегіне жүгіндік. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы «Доктор Шуров» психиатриялық клиникасының дәрігері, 15 жылдан астам тәжірибесі бар білікті психиатр Екатерина Шурова адам жады біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі құрылым екенін жеткізді.

– Мандела әсері есте сақтаудың бұзылуына немесе бұрмалануына байланысты бірқатар психикалық процестен пайда болады. Бірақ бұл санада ақау бар деген сөз емес. Көбіне бұл жағдай бір-біріне ұқсас оқиғалардың өзара кірігіп, біртұтас бейнеге айналуынан туындайды. Әсіресе өткен шақтағы естеліктер немесе жат мәдениетке тән дүниелер жадымызда жаңғырғанда ми нақты бөлшектерді емес, тек жалпылама бейнені ғана сақтап қалады. Ең қызығы, біздің жадымыз оқиғаларды дайын видеофайл секілді сақтамайды. Ол әр кез сол ақпаратты қайта жаңғыртқан сайын оны басынан жинақтайды. Дәл осы «қайта құрастыру» сәтінде ми күтпеген қателіктерге бой алдырып, шындыққа жанаспайтын нәтиже шығаруы мүмкін. Мұндай мистикалық сипаттағы сәйкессіздіктер «Мандела эффектісін» барынша қызықты әрі жұмбақ ете түседі. «Мандела эффектісінің» көбеюінің тағы бір себебін әлеуметтік желімен байланыстыруға болады. Өйткені адамдар көбіне желіде оқығандарына сенеді және басқалармен де жалған ақпаратты көп бөліседі. Ақырында шындықтың ауылы алыстай түседі. Негізінен адамның миы «жалқау» болып келеді. Ол күрделі ақпараттардан гөрі адамның өзі жасап алған ақпаратқа бейім. Яғни интернеттің таралуына байланысты жалған ақпаратты тарату және оны көптеген адамның жад ұяшықтарына шынайы ақпарат секілді енгізу оңай болып кетті. Кейіннен ақиқат пен ойдан құралған жалған естелікті айыру қиынға соғады, – дейді Е.Шурова.

Осы мақаланы жазу барысында «Мандела эффектісі» көптеген адамға ортақ құбылыс екендігіне көз жеткізуді мақсат тұттық. Сол үшін де сауалнама жүргізіп көрдік. Бір қызығы, пікір алған жандардың бәрі де осы уақытқа дейін қате фактіні шындық деп есептеп келген сәттерінің аз болмағанын жеткізді. Тараз қаласындағы №1 Ә.Бөкейханов атындағы гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Бұралхиеваны да жадындағы жалған естеліктер бірнеше мәрте шатастырған.

– Адам санасының қаншалықты күрделі екенін осы феномен арқылы түсінгендей болдым. Бір кездері иманымдай сенген ақпараттың бәрі өтірік екенін білгенде түсініксіз күй кештім. Тіпті «Параллельді әлемге түсіп кетіп, сонда өмір сүріп жатырмын-ау» деген де ой келді. Өйткені жадымда сақталғандардың жүз пайыз шындық екеніне сенімді едім. Айталық, бәріміз кішкентай кезімізде «Қолтырауын Гена және Чебурашка» мультфильмін көрдік. «К сожалению день рождения только раз в году» немесе «Катится, катится голубой вагон...» деп әндетпедік десек өтірік болар. Осы мультфильмде басты кейіпкерлерге кедергі келтіріп жүретін Шапокляк есімді кейіпкер бар. Шапокляк көрермен санасына тез жатталып қалатын атрибуттарға ие. Мысалы, оның сөмкесі мен жанынан бір елі тастамайтын Лариска есімді егеуқұйрығын бәрі біледі. Бұл тізімге қолшатыр да жиі қосылады. Тіпті оның қолында осы аксессуармен бейнеленген ескерткіш бар. Бірақ Шапокляк ешқашан өзімен бірге қолшатыр алмаған. Сонымен қатар оның көзінде көзілдірігі де болғанына күмәнім жоқ еді. Эффект туралы зерттей келе Шапокляк мүлдем көзілдірік кимегенін анықтадым. Көпшіліктің жадындағы «Мандела эффектісімен» байланысты тағы бір қызық жайт «Монополия» ойынына қатысты. Егер сізден осы ойынның символына айналған кейіпкерді сипаттап беруді өтінсе, көз алдыңызға костюм киіп, көбелек-галстук (бабочка) таққан, цилиндр қалпақты және бір көзіне монокль (бір шынылы көзілдірік) таққан мұртты қария келуі әбден мүмкін. Шын мәнінде, Мистер Монополияның немесе Дәулетті Пеннибэгз ақсақалдың бейнесінде ешқашан оптикалық құрал болмаған. Осы ақпарат та адамдардың жаппай қателесуінен туған қызықты бір психологиялық құбылыс. Негізі мұндай мысалдар жетіп артылады, – дейді Ә.Бұралхиева.

Сөз болып жатқан феноменнің ауқымы сіз ойлағаннан да әлдеқайда кең екеніне нақты дәлелдер келтіріп көрелік. Бәлкім, төмендегі мысалдардың арасында өзіңіз осы уақытқа дейін бұлжымас шындық деп сеніп келген, бірақ іс жүзінде жалған болып шығатын фактілер кездесіп қалар.

Мәселен, Эдуард Назаровтың қасқыр мен иттің достығы туралы әйгілі «Жил-был пёс» деген мультфильмін көрмеген бала жоқ шығар. Сонда қасқырдың итке қарата айтқан «Ал сен, егер де жолың түссе, кір» (Ну ты это, заходи если чё) деген сөзін ғаламтордан тез-ақ тауып алуға болады. Тіпті осы бір сөзді көліктеріне, футболкасына жазып алғандарды да көргенбіз. Бірақ мультфильмнің түпнұсқасында бұл жай ғана «Заходи если что» деп қана айтылады.

Тағы бір мультфильмнен мысал келтірейік. «Мандела эффектісінің» тағы бір мысалы Пикачу кейіпкеріне байланысты. Эффектінің мәні кейіпкердің құйрығына тікелей қатысты. Көптеген көрермен Пикачудың құйрығының ұшында қара жолақ бар деп біледі. Шын мәнінде, Пикачудың құйрығы толығымен сары түсті болған. Тек құйрығының түбінде ғана кішкене қоңыр түсті бөлігі бар. Пикачудың бүкіл тарихында, алғашқы бейнеойындардан бастап бүгінгі мультфильмдерге дейін құйрығының ұшы ешқашан қара түспен боялған емес. Соның ең маңыздысы, интернеттегі көптеген фан-арт пен ресми емес суреттердегі қателер бұл мифті одан ары нығайта түскен.

Өткен ғасырда танымал болып, әлемге тараған «Only you» әнін бүгінгі аға буын өкілдері сүйіп тыңдағанына күмәніміз жоқ. Бірақ көп адам бұл әнді «рок-н-ролл патшасы» Элвис Преслидің орындағанына сенімді. Негізінде бұл әнді қаранәсілді «The Platters» тобы орындаған. Бірақ көпшілік бұл әнді Преслидің қалай сахнада орындағанына дейін көргеніне шүбә келтірмейді. Осыдан бес жыл бұрын еліміздің жарқын жұлдызы Димаш Құдайбергенов те осы әнмен аттас «Сен ғана» әнін орындағанда жергілікті бірнеше БАҚ «Димаш Элвис Преслидің әнімен аттас әнді орындап шықты» деп жазған болатын.

Мандела феномені қоғамның брендке деген көзқарасын да өзгерте алды. Мәселен, көп адам танымал «KitKat» шоколадының атауында қос сөздің арасында сызықша бар, яғни «Kit-Kat» деп жазылған деп ойлап келген. Бірақ бренд атауының арасында ешқашан таңба болмаған. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Егер қызықтырса, ғаламтордан оның сан үлгілерін көруге болады.

Бір қызығы, конспирологиялық түсінікке жақын адамдар тобы, басқаша айтқанда, айқын дәлелдері жоқ, ғылыми негізсіз сенімдерге сүйенетін жүйенің өкілдері бұл құбылысты кванттық физика арқылы түсіндіруге тырысып, «біздің әлем – матрицалық симуляция» деген ұғымның бір шындығы деп есептейді. Эффектті түсіндіре келе, олар мұны параллельді әлемдердің өзара қабат келуінен осындай құбылыстар пайда болады деген көзқарасын мысал етеді. Мысалы, біздің әлемімізде Нельсон Мандела 80-жылдары қайтыс болса, қосымша әлемде ол түрмеден бостандыққа шығып, ел басқарып, өз ажалынан дүние салады. Ақырында екі әлемнің қабаттасуынан оқиғалардың естеліктері де екі түрлі болады. Осылайша шынайы болған оқиға өзге әлемдегі оқиғамен ұштасып, адамдардың жадында өзгеше естеліктер тудырады. Яғни бұл құбылысты параллельді әлемдердің арасындағы порталдардың ашылу салдарынан деп есептейді.

Қалай десек те «Мандела эффектісі» біздің есте сақтау қабілетіміздің қаншалықты құбылмалы екенін көрсетеді. Жадымыз кейде болмаған нәрселерді өз сезімдеріміз бен ойымызға сай етіп, іштей «құрастырып» алатынының дәлелі – осы құбылыс. Ал сіз ше, осындай «жалған естеліктермен» кездесіп көрдіңіз бе?

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар