Мақала авторы орынды мәселе көтерген. Көптен көкейде жүрген мәселенің бірі еді.
2017 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдағаны бәрімізге мәлім. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде асығыстыққа жол бермеу керектігін бірнеше рет атап өтіп: «Жаңа әліпби бастамасы – бұл күрделі әрі шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз», – деген болатын.
Осылайша латын әліпбиіне көшу мәселесі кейінге қалдырылған еді. Бірақ соған қарамастан бүгінгі таңда атауы латын әліпбиімен жазылған ойын-сауық орталықтары, дүкендер, кафелер, басқа да түрлі демалыс орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.
Осы ретте ертеректе әлеуметтік желіде жарияланған мына бір шағын оқиға еріксіз еске түседі. Үлкен қалада көп жылдар бойы қызмет істейтін бір азамат алыстағы туған ауылына барғанда атажұртында болып жатқан көз қуантар өзгерістерге риза болыпты. Тіпті жаңадан салынған дүкеннің аты үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша жазылғанын көріп жерлестеріне: «Айналайындар-ау, қазақша, орысша жазғандарыңды түсінемін. Ал енді ағылшынша жазғандарыңа жол болсын?! Түкпірдегі, бір бұрыштағы біздің ауылға қандай ағылшын келеді? Кім үшін ағылшынша жазып әуре болып жүрсіңдер?!» – деп таңданысын білдіріпті.
Ал енді Тараз қаласындағы тойханалардың, дүкендердің атауларына назар аударыңызшы. Мәселен. «Arman hall», «Aisyltan grand hall», «Astrum», «JETISY COMPLEX», «Altyn Saqa», «Silver Hall», «Duman Hall», «Qobyz ballroom», «Maryam Hall», «Daria Hall», «Grand royal», «Marat Palace», «Taraz Hall», «Grammy», «Turan Hall», «Golden Hall», «Dubai hall», «Arai Hall», «Smal», «Firkan», «Okey», «Piton», «Magnum Super», «Maxim», «Magnum Express», «Ailin», «Qyzyl Dihan», «Onyx Mobile», «Candy mall», «Yqylas», «Safia» деп тізімді әрмен қарай да жалғастыра беруге болады. Атауларын есте сақтау былай тұрсын, кез келген адамның оқуға сауаты жете бермейді. Егер осының барлығын латын әліпбиімен емес, кириллицамен жазса, әлгі тойханаларға тойшыл халық бармай қоя ма? Оның ішінде кейбірінің мағынасын түсіну үшін атауды ағылшыншадан қазақшаға аударуыңа тура келеді. Соны бірден қазақша жасауға болмай ма, әлде қазақша атау таусылып қалды ма? Біз қай елде тұрып жатырмыз? Бұл не деген сорақылық? Өзге тілдерден енген кірме сөздерді, атауларды қойып жатқанда жергілікті ономастикалық комиссия мүшелері, басқа да жауапты мекемелер неге тып-тыныш көз жұмып отыра береді? Неге әлгі дүкендердің, тойханалардың, кафелердің қожайындарын «Тіл туралы» заңның талаптарын орындауға шақырып, тиісті жауапкершілікті талап етпейді? Бұл немқұрайдылық па, әлде жігерсіздік пе?
Тағы бір көңіл аударарлық мәселенің бірі – тіліміздің «арабтанып» бара жатқаны. Қазіргі имамдар мен молдалар өздерінің араб тілінен сауаттылығын көрсеткісі келіп, орынды-орынсыз араб сөздерін араластырып сөйлейтін әдет шығарды.
Ақылбек Шаяхмет есімді азамат: «Бір кездері орыс тілі мен әдебиетіне ден қойған зиялылар орыс тіліндегі сөздерді неғұрлым жиі қолданса, сауатты болып көрінетін. Сол үрдіс енді араб тілінен де бізге ауысқан сыңайлы. Өйткені мешіттегі имамдар сәресіні «сухур», бесінді «зухр», екінтіні «аср», ақшамды «мағриб», ауызашарды «ифтар», рамазанды «рамадан» деп айтады. Бұл сөздерді біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Керемет, құдірет деген сөздерді «мұғжиза» десе, Құдайға сенімді «ақида» дейді. «Мәһір» деген тағы бір сөз шықты. Атам заманнан қазақта болмаған бұл дәстүрді молдалар неке сыйы есебінде жариялап жүр. Осыған дейін ел ішіндегі кейбір кісілерді «орысқұлдар» деп айтып келсек, енді «арабқұлдар» деген сөздердің пайда болуы осындай сөз қолданыстарына байланысты секілді. Тіл байлығы мол қазаққа жат сөздерден келер пайда жоқ», – дейді «Оймақтай ойлар» атты жинағында.
Соңғы кездерде елімізде өткізіліп жатқан әртүрлі, әр тақырыптағы конференциялардың, форумдардың, саммиттердің тақырыптары да кірме сөздермен қойылатын болыпты. Мысалы, таяуда Шымкентте ұйымдастырылған халықаралық форум «Digital Qazaqstan» деген тақырыппен өтті. Қарапайым халық аталған жиынның қандай мәселеге арналғанын түсіне алмай дал болды. Сөйтсек, «Цифрлы Қазақстан» деген тақырыппен өткізілген жиын екен. Міне, осы сияқты шет тіліне «жүгіну» кейінгі кезде үрдіс алып барады. Бәлкім, бұл – бүгінгі күннің талабы шығар... Солай болсын делік, бірақ мемлекеттік тілімізді дүбәра етпесек деген тілек бар. Әр нәрсенің өз орны бар емес пе? Бұл ана тілімізді кірме сөздермен байытудың бір тәсілі ме? Одан біз не ұтамыз?
Иә, өткен кезеңдерге көз жүгіртсек, орыстардың графтары, ақсүйектері мен сауатты адамдары арасында француз тілі «модаға» айналған кезең болған. Мысалы, орыстың ойшыл жазушысы Лев Толстой өзінің шығармаларында («Соғыс пен бейбітшілік», «Анна Каренина» және де басқа роман эпопеяларында, повестерінде) француз сөздерін жиі пайдаланған. Уақыт солай болды. Ал бізге өз ана тілімізді терең, жатық білмей жатып, оны жат сөздермен «толықтыру» қаншалықты қажет?
Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлы: «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді», – деген екен.
Кеңестік кезеңде қалыптасқан кірме сөздерді орыс тіліндегідей айтып-жазып, тілімізге солай қабылдау дәстүрін, өкінішке қарай, бүгін де жалғастырып келеміз. Ол аз болғандай, енді ағылшын тіліндегі сөздерді көрінген жерге «жабыстырып» жатырмыз. Соған қарағанда біз әлі жасампаздық пен «көшірімпаздықтың» аражігін ажыратуға, өз тіліміздің табиғаты мен ішкі заңдылықтарын сақтауға аса құлықты емес те сияқтымыз. Неге олай болып барады? Бұл – көпшілік болып ойланатын мәселе.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі



