Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдағы әйелдің рөлі қандай?

Қоғамдағы әйелдің рөлі қандай?
Автор
Қазіргі таңда қоғамдағы әйелдердің рөлі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бір кездері әйел адамның негізгі міндеті тек ошақ қасы, бала тәрбиесімен шектелсе, қазіргі заман талабы басқаша. Нәзікжандылар бүгінде кәсіби ортада ерлермен иық тіресе қызмет етіп, түрлі салада биік белестерді бағындырып жүр. Алайда «Мансап пен отбасыны қатар алып жүру мүмкін бе?» деген сұрақ әлі де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Бұл мәселені бірнеше қырынан қарастыруға болады. Кей сарапшылардың пікірінше, бұл мәселе жеке таңдаумен қатар, қоғамдағы көзқарас пен қолдау деңгейіне де тікелей байланысты. Қазіргі заман әйелдері тек жақсы ана болып қоймай, өз ісінің кәсіби маманы болуға да ұмтылады. Дегенмен осы екі жауапты рөлді тең ұстап, қатар алып жүру оңайға соқпайды.

Тараз қаласының тұрғыны, екі баланың анасы, жас маман Айдана Жұмабекованың айтуынша, ана болу – үлкен жауапкершілік пен үнемі таңдау жасауды талап ететін күрделі жол.

– Баламен үйде отырған кезде өзімді кәсіби ортадан алшақтап, мансаптық өсу мүмкіндігім тоқтап қалғандай сезінемін. Қарқынды дамып жатқан заманда біліктілігімді жоғалтып алудан қорқамын. Ал жұмысқа шығып, мансабыма ден қойғанда, керісінше, балаларыма жеткілікті жылулық пен көңіл бөле алмай жүргендей іштей мазасызданамын. Осы екі жолда үнемі таңдау жасау қажеттілігі адамды эмоционалды түрде қажытады, – дейді ол.

Осындай ішкі қайшылықты көптеген ана бастан кешіреді. Психологтардың пікірінше, бұл – «кінә сезімі синдромы» деп аталатын құбылыс. Яғни әйел қай рөлді таңдаса да қанағаттанбайды. Сонымен бірге жұмыс берушілердің көзқарасы да маңызды рөл атқарады. Кейбір компанияларда декреттік демалыстан кейін жұмысқа қайта оралу қиын. Ал икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар ұйымдарда аналардың еңбекке араласуы әлдеқайда жеңіл.

Кәсіпкер Гүлмира Сәрсенбаеваның пікірінше, әйелдерге жағдай жасау – тек әлеуметтік емес, экономикалық қажеттілік.

– Әйелдер қауымы – бүгінгі еңбек нарығының қозғаушы күші әрі маңызды бөлігі. Егер олардың әлеуетін ашуға лайықты жағдай жасалса, бұл тек жекелеген бизнеске ғана емес, тұтас қоғамның дамуына серпін береді. Әсіресе бала күтімімен үйде отырған аналардың кәсіби дағдыларын жоғалтпай, мансабын қатар алып жүруіне мүмкіндік туғызу – уақыт талабы. Икемді жұмыс кестесі, қашықтан қызмет ету жүйесі немесе қайта даярлау курстары арқылы біз олардың экономикалық белсенділігін арттыра аламыз. Өз кезегінде әйелдердің кәсіби ортаға қайта оралуы жаңа идеялар мен тың шешімдердің келуіне жол ашады, – дейді ол.

Дегенмен бұл мәселенің екінші қыры да бар. Кейбір аналар үшін басты құндылық – бала тәрбиесі. Олар саналы түрде мансап жолынан уақытша бас тартып, отбасына басымдық береді. Бұл да – құрметке лайық таңдау. Сарапшылардың пайымдауы бойынша, бұл мәселедегі ең ұтымды шешім – алтын арқауды үзбей, тепе-теңдік сақтай білу.

Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар