Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған 26 команда, 300-ге жуық үздік үміткер қатысты. Турнир ұлттық спортты дамытуға және қызметкерлердің кәсіби әрі физикалық даярлығын арттыруға бағытталды.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақ күресі – халқымыздың рухы мен күшін айшықтайтын ұлттық спорт. Бұл дода – тек жеңіс үшін күрес қана емес, сонымен қатар әріптестер арасындағы бірлік пен бауырластықтың көрінісі. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Жарысқа халықаралық дәрежедегі төреші Руслан Мұхамедғалиев төрелік етті.
Турнирдің қорытындысы бойынша қарсылас шақ келтірмеген Астана қаласы полиция департаментінің балуаны Тәңірберген Тергеубеков үздік нәтиже көрсетіп, «Полиция барысы» атағы мен алтын белбеуді жеңіп алды. Ал күміс белбеу Алматы облыстық полиция департаментінің өкілі Жәнібек Дүйсембаевқа бұйырса, қола белбеуді Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкері Алмас Жұмағали еншіледі.
Ал ел біріншілігінде жамбылдық сақшылар топ жарды. Екінші орын Қызылорда облыстық полиция департаментінің командасына бұйырса, үшінші орынды Ақмола облыстық полиция департаментінің командасы иеленді.
Сонымен қатар жеңімпаздар 2025 жылдың сәуір айында Алматы қаласында өтетін «Әскер барысы» республикалық турниріне жолдама алды.
Іс-шара соңында жарысқа қатысушыларға көне Тараз өңірінің тарихи-мәдени орындарына экскурсия ұйымдастырылып, киелі мекендер таныстырылды.
Облыстық полиция басқармасының
баспасөз қызметі




