Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үрей тудырған елес

Үрей тудырған елес
zanmedia.kz
Ғылымда негізі жоқ, бірақ адамға бар сияқты көрінетін құбылыс галлюцинация (елес) деп аталады. Галлюцинация кезінде адам көзбен көрмесе де біреуді көргендей болады немесе дыбысын естиді. Бірақ сол сәтте жүрек оны шындық сияқты қабылдап қалады. Бір сәтке ғана көрінген бейне кейде адам жанын үрейге толтырып, толқытып, ұзақ ойға жетелейді. Өйткені бұл ақылға бағынбайтын құбылыс.

Ғалымдардың айтуынша, елес көбіне ми шаршағанда, күйзеліс кезінде немесе қатты эмоция әсерінен пайда болады. Мысалы, жақын адамыңды жоғалтқанда сағыныш сезімі миға қатты әсер етеді. Сол себепті адам марқұмды «көргендей» болуы мүмкін. Мұндайда көңіл өткен күндерді қайта тірілткендей күй кешеді. Естеліктер жандүниеде жаңғырып, бейнеге айналады. Адам сол сәтте шындық пен қиялдың арасын ажырата алмай қалады. Жүрек жоғалтқанын қайтарғысы келіп аласұрады.

Дәл осындай дүние өзімнің де басымнан өткен еді. Әкемнің дүниеден озғанына бір жеті ғана уақыт болған. Есім кіресілі-шығасылы. Қайғыны әлі де қабылдай қоймаған, мең-зең кезең. Жаныңның бір бөлігі болған жақыныңды қимай жан күйзелісіне түсесің. Сондай естен адастырардай халде жүріп Құдаймен сөйлесуге көштім.

– Бар екеніңді білемін, Құдай! Әкемді көзіме бір көрсетші, сонда ғана әкемнің жоқ екеніне сенер едім, – деймін таңда күбірлеп.

Түн ортасы ауған уақыт еді. Бірде есімді жиып болғанша алдымда жымиып тұрған әкемді көрдім. Бір-екі секундқа қана жарқ ете қалып, жоқ болып кетті. Қылаң берген бейнеге жалт қараған күйі тұрып қалдым.

– Сағынышымды басып үлгермедім. Бұдан ұзағырақ көрсетші, Құдай? Әке, бір сәт тоқтай тұршы. Маған жылылық қажет, жанымды тыныштандыруым керек! – деп тағы да Жаратқанға жалына бастадым. Тілегім көп күттірмеді, ақ жейде киген әкем күлімсіреп қарсы алдыма тағы да тұра қалды. Бірден есімді жиып, бажайлап қарай бастадым. Әкем! Дәл өзі! Күлімдеп тұр. Буындарым істен шыққандай, қимылсыз тұрып қалдым. Сәл кідірістен соң бар күшімді жиған мен тұра ұмтылып, құшақтауға оқталғаным сол, көз алдымда тұрған бейне әп-сәтте ғайып болды. Ауа қармап, құлап түстім. Жүрегім дірілдеп, қолдарым бос қалса да іштей бір жылылық сездім. 

Ғылым тұрғысынан қарасақ, бұл адамның миының саналық және бейсаналық қабаттарының тоғысуынан туындаған елес екен. Галлюцинация немесе көрініс ретінде сипатталатын бұл құбылыс көбіне күшті сағыныш, күйзеліс және эмоцияға шамадан тыс берілген соң туындайды екен. Ұйқының бұзылуы немесе эмоционалдық стресс осы құбылысты күшейте алады. Сол себепті кейде адам нақты әлемде жоқ нәрсені көргендей болады. Бұл – шындыққа қайшы емес, тек ми мен сезімнің үйлесімінен туындаған табиғи процесс. Адамның эмоциясы мен үміті бейнені шынайы сезуге итермелейді. Ал психологияда мұны сана мен жүректің байланысы ретінде түсіндіреді.

«Тылсым оқиғаға тап болдым», «түсімде көрген нәрсе өңімде орындалды», «ауырып жатқанда, ақ шапан киген ақ сақалды қарияны көрдім» деген сынды оқиғаларды жиі естиміз. Бір күні бейтаныс әйел жұмыс орныма іздеп келді. Отыз жаста екен. Аз-кем әңгімеден кейін ол өз басынан өткерген бір қорқынышты оқиғаны баяндап бергісі келетінін айтты. Мен мұқият тыңдауға дайын екенімді білдірдім.

– Кеше түнде кенеттен оянып кеттім. Бойымды түсініксіз үрей билеп, жүрегім дүрс-дүрс соқты. Артымда біреудің тыныстап жатқанын сездім, тіпті демінің дыбысын естідім. Алғашында түс шығар деп ойлап, мән бермеуге тырыстым. Бірақ демінің жылуы мен шынайылығынан жүрегім қатты дүрсілдеп кетті. Батылдығымды жинап, қолымды артыма созып едім, саусағымның ұшы біреудің кеудесіне тиді. Қорыққанымнан қолымды серпіп жібердім. Әлдекім тым дөрекі және қарлығыңқы жуан дауыспен: «Сен маған ұйқы бермедің ғой» деп баж ете қалды. Орнымнан атып тұрып, үйден далаға жүгіріп шықтым. Қараңғы түнге қарамастан мешітке бет алдым. Мешітке жеткенде имамдарға болған жағдайды айтып бердім. Олар сабырға шақырып, Құран аяттарын оқып, дем салды. Біртіндеп бойымдағы үрей сейіле бастады. Жүрегім жеңілдеп, тыныштық таптым. Сол күннен кейін сүре үйреніп, Аллаға сендім. Қорғаным бар екенін түсіндім, – деді үрейден бір уыс болып отырған келіншек.

Тағы бірде аяғы ауыр құрбым да өзінің басынан кешкен қорқынышты оқиғасын баяндап берген еді.

– Бірде күйеуімді жұмысқа шығарып салдым. «Есікті кілттеп ал» деді ол бірнеше рет. Бірақ ұйқы жеңіп, төсегіме барып жатып қалдым. Көздерімді жұмсам да, жүрегім толқып, есікті кілттемегенім көңілімде ауырлық қалдырды. Кенет күйеуім қайта кіріп келді. Көзімді жұмып жата қалдым. «Неге есікті кілттемедің, жаным?» деп сұрады ол. Сосын дәл қасыма келіп, ішімді сипады. Көзімді ашып, қолын ұстауға ұмтылған сәтте ғайып болды, – дейді құрбым.

Қазақы танымда мұндай құбылыс жын-перілердің әсері деп қабылданады. Ал ғылыми тұрғыдан бұл ұйқы параличі болуы мүмкін. Яғни адам ояу болғанымен, денесі қозғалмай, елес секілді сезімдерге тап болады. Бұл кезде біреудің жанында тұрғанын немесе жатқанын сезіну – қалыпты құбылыс. Сондықтан ең бастысы – қорқынышқа берілмеу. Мұндай оқиға орын алған жағдайда рухани тұрғыда дұға оқу, ал психологиялық тұрғыда тыныштық сақтау маңызды.

Ал тұрмысқа жаңадан шыққан бір жас келін күйеуін көргенде жүрегі айни беретінін, әрі жек көретінін жиі айтып жүрді. Кейін жас келінге түрлі қорқынышты дүниелер елестеп, аттаған босағасынан төркініне қашып кетіп, жолдасы екеуі айырылысып тынды. Соңыра жігіттің бұрынғы жүрген қызы қызғаныштан екі жастың суретіне дуа жасатқаны белгілі болды.

«Жалпы жыннан қорғану жолдары бар ма? Сиқыр қаншалықты қауіпті және оның соңы немен аяқталады?» деген сұрақтарды «Намаз ата» мешітінің имамы Сардор Абдухаликовқа қойған едік.

– Жындар түрлі кейіпке еніп, көрінеді. «Сенің арқаң бар, қасиетің бар екен, аталарың айтады» деп жатады ғой. Негізі көзге көрінетін – жын-шайтан. Егер біреу қасыңда жүргендей сезілетін болса, оны жоққа шығарып, елемей қоюға болмайды. Бұл сиқырдың бір белгісі. Сиқырмен кірген жындар көп жағдайда адам діннен, Алладан қанша алыс болса, сонша білдірмей ішінде отыра алатын қабілеті бар. Егер адам дәрет алып, Құран тыңдап жүрсе, ол пәлекеттің ішіне еніп кеткенін тезірек біліп қояды. Кейбіреулер оншақты жыл бұрын ішіне жын кіріп кеткенін білмей қалады. Ауруды қоздыру үшін келетін жындар, расымен, сол адамды ауру етеді. Оның белгілері медициналық тексерісте таза, дені сау болып шығатындығында. Сосын адам үрейлене берсе, өлім туралы көп ойланса ішіндегісі күшейе түседі. Бұл негізгі белгілерінің бірі. Ал дем салдырса, ондай жандардың мазасы кетеді. Намаз оқиын десе, қорқынышы күшейеді, бастырылады. Қазір қоғамда қосылған екі жасты ажырастыру, дертке душар ету мақсатында сиқыр көп жасалады. Бірде жаңа отбасы құрған ерлі-зайыпты ұрысып қалады. Анасы білместікпен келіні мен ұлын қосу үшін ішкиімін оқытып береді. Кейін жігіт жол апатына ұшырайды. Жол апатының әсерінен оның бойын үрей билеп, ішіндегі жыны қозады. Ол физикалық тұрғыдан мықты жігіт болғандықтан қайта оқытуға молдаға апара алмай қояды. Сөйтіп, психикалық ауытқуы бар жандарға арналған ауруханаға жатқызады. Ол жерде берілетін дәрілер, расымен, адамның жүйке жүйесін тыныштандырады. Бірақ уақытша ғана. Әлгі жігіт ақыры жіпке асылып, дүниеден өтті. Сиқырмен жасалатын дүниелер ешкімді қоспайтынын, соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін екенін осы оқиғадан кейін-ақ білуге болады, – дейді имам.

Бұл адам психикасының сезімге, әсіресе сағынышқа және қорқынышқа берілетін табиғи реакцияларының нәтижесі. Галлюцинация немесе елес – ғылыми тұрғыдан алып қарағанда адамның миы мен сезімінің өзара әрекетінің нәтижесі екенін ұғуға болады.

Елестің пайда болуы адамның өткен естеліктері мен жүрек толқынынан туындайды. Ислам тұрғысынан мұндай көріністер жанға демеу болып, сабыр мен дұға арқылы жеңілдік табуға мүмкіндік береді. Көрген бейне бір сәттік болса да жандүниеге терең әсер қалдырады. Жын немесе сиқыр сияқты нанымдар кейде психологиялық үрейдің салдарынан қауіпті әсер беруі мүмкін. Міндетті түрде имамға барып, Құран аяттарын оқып, намазға жығылып, қорғану керек. Рухани қорғаныс қорқынышты жеңдіріп, бойдан жынды шығаруға көмектеседі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар