Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Камера көлеңкесіндегі өмір

Камера көлеңкесіндегі өмір
smartnews.kz
Кейінгі бірнеше жылда өнер адамдары, оның ішінде әншілер мен блогерлер тойға да, тіпті жаназаға да арнайы мобилограф ертіп баруды әдетке айналдырды.

Бұл біреулер үшін заман талабына сай жеке бренд қалыптастырудың, аудиториямен байланыс орнатудың тиімді құралы саналса, екінші жағынан, адамгершілік пен әдеп тұрғысынан түрлі сұрақтар туындатуда. Осы ретте санамызда «Қайғы үстіндегі сәттердің де контентке айналуы қаншалықты орынды?» деген заңды сауал өздігінен туындайды.

Бұл туралы Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Роза Рымбаева баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде: «Қазір қарап отырсам, мобилографсыз жүрмейтін әртістер көбейіп кетті. Шынымды айтсам, кейбіреуіне жыным келеді. Қайда барса да қасында бір адам камера ұстап жүреді. Кіммен амандасты, кімге күлді, қайда отырды – бәрін түсіріп, жариялап жатады. Тіпті жаназаға барғанының өзін контентке айналдырып жібергенін көргенде еріксіз қынжыласың. Бұл енді шектен шыққан нәрсе ғой.

Әрине, заман өзгерді, әлеуметтік желі табыс көзіне айналды. Бірақ әр нәрсенің шегі болуы керек емес пе? Мәселен, қайғы жұтып отырған адамдардың жанында камерамен жүру адамгершілікке жата ма? Ондай сәтте тыныштық, сабыр, құрмет керек емес пе? Ал бізде кейбіреулер үшін, ең бастысы, кадрға түсіп қалу сияқты. Кейде тіпті «Осылар өздері үшін өмір сүре ме, әлде камера үшін бе?» деп те ойланасың. Себебі бәрі жасанды көрінеді. Шынайылық жоғалып бара жатқандай. Ұлы сөзде ұят жоқ, тек дәретханаға кіргенін көрсетпейтіні болмаса, қалғанының бәрін жариялап жатады. Бұл – енді өте ұят.

Меніңше, өнер адамы, ең алдымен, өнерімен бағалануы керек. Ал жеке өмірін осылай ашықтан-ашық жария ете беру кімге болса да абырой әкелмейді. Керісінше, халықтың көз алдында қадірін түсіреді. Сондықтан әркім өз әрекетіне бір сәт ойланып қараса екен деймін», – деп қынжылысын жеткізген болатын.

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева да осы мәселе туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, онда: «Өткенде бір танымал адамның тойында той ұйымдастыру орталығының қызметкерлері кәдімгідей тойхана есігінде тұрып алып, мобилографтарды кіргізген жоқ. «Үстінде сіздерге арнайы дастарқан жайылды» деп айтып жатқанын құлағым шалып қалды. Бұл – өте дұрыс. Ондай жағдайға түсіністікпен қарау керек. Себебі тойханада әр қонақтың орны белгіленіп, төленген. Тойға мүлдем шақырылмаған адамның сол жерде жүруі ыңғайсыз емес пе?! Соған қарамастан көп әншінің жанында мобилограф еріп жүрді, дастарқан басында отырды, – деді.

Тәжірибелі психолог Лаура Егембердиева қоғамда белең алған осы үрдістің бірнеше себебін атап көрсетті.

– Мұны бірнеше қырынан қарастыруға болады. Әнші-блогерлердің жанынан мобилограф тастамай жүруі – тек медиа тренд емес, адамның өзін-өзі қабылдауы мен психологиялық күйіне де әсер ететін әлеуметтік құбылыс. Біріншіден, үнемі камера алдында жүру адамның табиғи мінез-құлқын өзгертеді. Психологияда бұл «бақыланушы әсері» деп аталады. Яғни адам өзін бақылап тұрғанын білетіндіктен еркін әрекет етпей, өзін жақсы көрсететін образға бейімдей бастайды. Уақыт өте келе бұл шынайы «мен» мен жасанды «меннің» арасын алыстатып жіберуі мүмкін. Екіншіден, тұрақты контент түсіру қажеттілігі эмоционалдық шаршауға әкеледі. Адам демалып немесе жай ғана тыныштықта болудың орнына әр сәтін контентке айналдыруды ойлайды. Бұл психологиялық қысымды күшейтіп, ішкі тыныштықтың бұзылуына себеп болуы ықтимал. Үшіншіден, аудиторияның тұрақты бағасы мен реакциясына тәуелді болу өзін өзі бағалауға әсер етеді. Лайк, қаралым, пікір арқылы өзін бағалау қалыптасса, адамда сыртқы мақұлдауға тәуелділік күшейеді. Бұл ұзақ мерзімде мазасыздық пен өзін төмен сезінуге алып келуі мүмкін. Сонымен қатар жеке кеңістіктің шектелуі де маңызды фактор. Психологиялық тұрғыда әр адамға «жеке аймақ» қажет, ол жерде адам ешкімге есеп бермей, еркін бола алады. Ал үнемі түсірілімде жүрген өнер иесінде бұл кеңістік тарылып қалады. Дегенмен бұл үрдісті толық терістеуге де болмайды. Өйткені мобилография мен әлеуметтік желі қазіргі заманның коммуникациялық құралы екенін жоққа шығара алмаймыз. Мәселе оның бар жоғында емес, шегінде. Егер адам өз шекарасын сақтай білсе, демалыс пен жұмысты ажырата алса, бұл жүйе зиян емес, керісінше, кәсіби құрал бола алады. Бұл тұрғыда ең маңыздысы – шынайы «менді» жоғалтпау және сыртқы аудитория үшін өмір сүру мен өзің үшін өмір сүрудің арасындағы тепе-теңдікті сақтау, – дейді Лаура Құдайбергенқызы.

Түйіндей айтқанда, мұндағы мәселе технологияда немесе әлеуметтік желіде емес, оны қолданудағы мәдениетте жатқандай. Егер осы тепе-теңдік сақталса, медиа кеңістік даму мен байланыс орнатудың тиімді құралы болып қала береді. Ал керісінше жағдайда адамның ішкі әлеміне, кәсіби беделіне және қоғамдық сенімге кері әсер етуі мүмкін.

Дариға МЫРЗА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар