Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы бұл үдерісті одан әрі жылдамдата түсті. Қазір кез келген жаңа дүние санаулы күннің ішінде кең таралып, миллиондаған адамның назарын аудара алады. Бір қарағанда ұсақ көрінетін дүниенің өзі қысқа уақыт ішінде үлкен трендке айналып кетеді. Мәселен, бір кезеңде минимализм сәнге айналса, керісінше, енді бір уақытта жарқын, көзге түсетін стильдер алдыңғы қатарға шығып, көптің ынтықтығын арттырады.
Сонымен қатар трендтер тағам мәдениетін де түбегейлі өзгертіп жатыр. Әсіресе әлеуметтік желілердің әсерімен шетелдік ерекше десерттер мен өнімдер қысқа уақыт ішінде әлемдік деңгейде танылып, сұранысқа ие болуда. Бір қарағанда қарапайым тағамдардың өзі ерекше ұсынылуы, сыртқы көрінісі мен «вау-эффектісі» арқылы әп-сәтте трендке айналып кетеді. Бірақ тенденция арқылы танылған тауарлардың сапасы көңіл көншітпей, бағасы қалта көтертпейтіні де бар.
Нақтырақ айта кетсек, шетелден келген кез келген жаңа дүние өте жылдам танымал болып шыға келеді. Соның сұранысын дәл аңғарған делдал сатушылар да қарап қалмайды. Олар Қытай, Корея, Қырғызстан сияқты саудаға бейім елдерден түрлі тауарларды арзан бағада алып келіп, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану арқылы бірнеше есе қымбатқа әрі көп көлемде сатып жібереді.
Ең қызығы, бұл жерде сұранысты тікелей халықтың өзі қалыптастырып отыр. Жұрт трендтен қалмау әрі басқалардан кем көрінбеу үшін кейде бар ақшасын жаңа шыққан дүниелерге жұмсап жатады. Бір сәттік қызығушылықпен алынған заттардың көбі кейін қажетсіз болып қалса да, сол сәтте трендтің ықпалы бәрінен басым түседі.
Соңғы жылдары ерекше қарқын алып, көпшіліктің назарын өзіне аударған үрдістердің қатарында дубайлық шоколад, сублимацияланған жемістер мен балмұздақтар, сондай-ақ 3D форматтағы десерттерді ерекше атап өтуге болады. Жарқын түс, ерекше текстура, қалыптан тыс пішін мұның барлығы бір қарағанда көзге түсіп, қызығушылық оятады. Осындай десерттердің кеңінен танылуына да дәл осы факторлар әсер етіп отыр. Соның нәтижесінде адамдар оны тек жеп көру үшін емес, әсер алу, бөлісу, көрсету үшін де сатып алады.
Аталған бағыттың елімізде де қарқын алып келе жатқанын байқауға болады. Осыған байланысты біз шетелдік десерттерді әкеліп қана қоймай, оларды дайындаумен де айналысып жүрген, бір жағынан делдал, бір жағынан кондитер ретінде танылған Нұрила Мұсажанмен байланысқан едік. Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай десерттерге деген сұраныс айтарлықтай жоғары, әсіресе жастар арасында қызығушылық басым екен.
– Ең алғаш шоколадқа батырылған құлпынай десерті трендке айналған кезде осы кәсіпке қадам басқан едім. Әлеуметтік желінің әсерімен бұл өнім өте қысқа уақыт ішінде сұранысқа ие болып, көп көлемде әрі жоғары бағамен сатылды. Адамдар үшін бұл тек тәтті емес, ерекше әсер сыйлайтын, бөлісуге тұрарлық өнім болды. Сол кезеңде нарықта дәл осы десерт үстемдік етіп, көпшіліктің қызығушылығын толықтай өзіне аударды. Алайда уақыт өте келе халықтың қызығушылығы бәсеңдей бастады. Кеше ғана сұранысқа ие болған өнім біртіндеп өзектілігін жоғалтып, адамдар жаңа дәм, жаңа әсер іздеуге көшті. Дәл осындай сәтте нарыққа дубайлық шоколад келіп, қайтадан үлкен резонанс туғызды. Яғни трендтің басты ерекшелігі – оның тұрақсыздығында. Бүгін сұранысқа ие болған тәтті ертең-ақ ұмыт қалып, оның орнын мүлде жаңа өнім басады. Бұдан кейін әлеуметтік желілерде сублимацияланған тәттілер мен 3D форматтағы десерттер де кеңінен таралған болатын. Бұл өнімдердің басты айырмашылығы – олардың ерекше дайындалу тәсілінде және көз тартар сыртқы келбетінде. Әдеттегі десерттерге қарағанда бағасы да жоғары, себебі жасау процесі күрделі әрі көп еңбекті талап етеді. Мысалы, 3D десерттер арнайы жапондық техника арқылы дайындалады. Алғаш рет жасап көргенімде нәтиже көңіл көншітпеді. Десерттің дәмі үйлеспеді, пішіні де өз қалпын ұстай алмады. Бірақ бұл бағытқа деген қызығушылық мені тоқтатпады. Көп ізденіп, тәжірибе жасап, түрлі әдістерді байқап көре отырып, ақырында өз ойымдағыдай сапалы әрі әдемі өнім шығаруды үйрендім. Ал сублимацияланған жемістерге келер болсақ, бұл мүлде бөлек технология. Мұндай өнімдерді сауданың ірі орталығы саналатын Қытайдан арнайы барып алып келемін. Олардың дайындалу процесі де ерекше. Алдымен жаңа піскен жемістер іріктеліп, жуылып, туралады. Кейін олар өте төмен температурада мұздатылады, яғни ішіндегі су толықтай мұзға айналады. Одан кейін вакуумды ортада мұз сұйық күйге өтпей-ақ бірден буға айналып, жемістің ішіндегі ылғал толықтай жойылады. Бұл үдеріс сублимация деп аталады. Нәтижесінде жеміс жеңіл, қытырлақ күйге енеді, бірақ өзінің табиғи дәмі мен түсін жоғалтпайды. Осындай күрделі технологиямен жасалған өнімдерді шетелден әкеліп, елімізде сату – табысты бағыттардың бірі. Себебі біздің нарықта мұндай ерекше десерттер сирек әрі бағасы жоғары. Шетелден өте арзан бағада алынған өнімдер мұнда бірнеше есе қымбатқа өтеді. Мысалы, Қытайдан кептірілген жемістің 1 келісін шамамен 500 теңгеге алсақ, елімізде оны 17 000-20 000 теңге аралығында сатуға болады. Ал тұтынушылар көбіне толық көлемін емес, 100-200 грамын 6 000-8 000 теңгеге дейін сатып алуға дайын. Мұндай десерттер көбіне «Instagram» мен «TikTok»-та viral контент ретінде таралады, – дейді кондитер Н. Мұсажан.
Бұл, бір жағынан, адамдардың трендке деген қызығушылығының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Көпшілік жаңа, ерекше дүниені байқап көруге, басқалардан қалмауға тырысады. Ал екінші жағынан, нарықтағы мүмкіндіктердің де кең екенін аңғартады. Дегенмен кез келген трендтің уақытша екенін ескерсек, бұл салада тек сұранысқа сүйеніп қана емес, сапа мен тұрақтылықты да қатар ұстану маңызды. Бірақ бұл десерттерден дәм татқандардың пікірі екіге бөлінеді. Осы орайда Тараз қаласының тұрғыны Айсана Бекжанмен сөйлескен болатынбыз.
– Трендтердің түрі шексіз көп, әртүрлі жаңалықтар күнде пайда болып, қоғам назарын өзіне аударып отырады. Десерттердің де осындай трендтері бар, бірақ өкінішке қарай, қазіргі сұраныста жүрген барлық десерт бірдей көңілден шықпайды. Бірі тәтті болып, бағасы қолжетімді болса, тұтынушыны қуантады. Ал екіншісі сыртынан әдемі көрінсе де, дәмі көңілден шықпай, бағасы қалтаға ауырлық түсіреді. Яғни сыртқы келбет пен бағасы үйлескенімен, шынайы дәм мен сапасы әрдайым сәйкес келе бермейді. Менің ойымша, мұндай ерекше десерттерді әкеліп сататындар немесе өздері дайындайтын аспаздар бағаны қарапайым халыққа қолжетімді етуге көңіл бөлуі керек. Нарықтағы қымбат баға көптеген тұтынушыны кері қайтарып, тренд өнімін қолданып көруге мүмкіндік бермей қояды. Кез келген адам тәттіні тек өзіне ғана емес, үйде күтіп отырған балаларына, отбасы мүшелеріне де алып барғысы келеді. Сол себепті бағаның шарықтап тұрғаны бұл тілекті шектеп, қолды амалсыз байлайды. Сонымен қатар кейбір десерттердің бағасы жоғары болғанымен, сапасы мен дәмі соған сай келмей жатады. Ішкі құрылымы дұрыс емес, текстурасы әлсіз, дәмі үйлеспейді немесе тым тәтті, кейде тіпті тәбетті қашырып, тұтынушыны тыжырындырып жатады. Тренд өнімдер тек қысқа уақытқа сұранысқа ие болып қалмай, тұрақты тұтынушы аудиториясын қалыптастыруы мүмкін. Тұтынушы трендтің уақытша құбылыс екенін жақсы біледі, бірақ сапалы өнімді бағалайды. Сондықтан десерт сатушыларға жаңа өнімді әзірлегенде оның дәмі, текстурасы, сыртқы келбеті және бағасы тұтынушыға қолайлы болатындай етіп жоспарлау маңызды. Мұндай тәсіл арқылы ғана өнім ұзақ уақыт бойы сұранысқа ие болып, тренд болып қана қоймай, тұрақты нарыққа ие болар еді, – деді Айсана Саянқызы.
Бүгінде технологиялық трендтер де күн тәртібінен түскен емес. Жасанды интеллект, цифрлық өнімдер, онлайн білім алу, қашықтан жұмыс істеу – мұның барлығы қазіргі заманның ажырамас бөлігіне айналды. Бұрын тек болашақтың еншісінде көрінген дүниелер бүгінде күнделікті өмірге еніп, жаңа өмір салтын қалыптастыруда.
Трендтің бір ерекшелігі – оның тез өзгеруі. Бүгін сұранысқа ие болған дүние ертең өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Сол себепті трендке ілесу ғана емес, оны саралай білу де маңызды. Әр адам өзіне қажет, шынайы пайда әкелетін бағыттарды ғана таңдай алса, трендтің ықпалы да оң болмақ.
Сымбат ҚУАНЫШ




