Өткен аптада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын.
Жұмыс сапары аясында «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ өкілдері өңірлік волонтерлік фронт-офистерінің басшыларымен кездесіп, волонтерлік қызметті дамыту, тәжірибе алмасу және алдағы жоспарларды талқылау жұмыстарын жүргізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды «Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялады. Бұл маңызды бастама волонтерлік қызметтің қоғамдағы рөлін арттыруға, еріктілер қозғалысын қолдауға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Бүгінгі таңда өңірде волонтерлік қызмет қарқынды дамып, қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Волонтерлік қозғалысты жандандыру және халықтың белсенділігін арттыру мақсатында Тараз, Шу қалалары мен аудандарда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, әлеуметтік көмек, экология, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени іс-шаралар сияқты жалпы 22 бағыт қамтылды. Осы бағыттардың аясында 889 іс-шара өткізіліп, оған 12 476 адам қатысты. Бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының волонтерлік қызметке деген қызығушылығының жоғары екенін және азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әлихан Нарегеев.
Іс-шаралар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге, қоршаған ортаны қорғауға және жастардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды. Волонтерлік қозғалыстың осындай қарқынмен дамуы – өңірдегі бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі.
Жамбыл ауданында жүзеге асырылып жатқан «Pythagorean_math» математикалық курсы оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және пәнге деген қызығушылығын күшейтуге бағытталған тегін білім беру жобасы болып саналады. Аталған үйірме дарынды балаларды қолдап, оларды олимпиадалық деңгейге дейін дайындауды көздейді. Сонымен қатар жоба аясында жастарға әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдары үйретіліп, қысқа әрі мазмұнды бейнероликтер арқылы білім тарату қолға алынған.
Ал Меркі ауданында «Ізгі іс» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба мұқтаж жандарға көмек көрсетуді, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуды мақсат етеді. Ал Мойынқұм ауданында «Эко волонтер» жобасы табысты іске асырылып келеді. Жоба жастарды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Атаулы жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді. Бұл еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосатын болады.
Қазіргі таңда еріктілер экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ биыл «Volunteer FEST – 2026» республикалық волонтерлер фестивалі өтеді. Бұл фестивальға әрбір өңірден белсенді волонтерлер қатысады деп күтілуде.
Өңірде волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары ретінде әлеуметтік көмек, білім беру, экология, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу салалары қамтылып отыр. Волонтерлер қарттар мен жалғызбасты азаматтарға көмек көрсетіп, балалар үйлерімен, әлеуметтік мекемелермен тұрақты жұмыс жүргізуде.
«Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің Ұлттық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Айбек Аяпбергенұлының айтуынша, бұл игі іске ата-анасының рұқсатымен 14 жастан асқан жеткіншектердің қатысуына болады. Ал жалпы ел бойынша волонтерлікпен айналысу 18 жастан бастау алады және бұл жолда жасқа шектеу қойылмайды. Бүгінгі таңда еліміздегі волонтерлердің орташа жасы 42-ні құраса, ең егдесі 72 жастағы әжей екен.
Мемлекет басшысы атап өткендей, еріктілер – өз елінің шынайы патриоттары. Олар адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше рөл атқарады. Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән қасиет екенін Президентіміз бірнеше рет баса айтқан.
– Бүгінде барлық игі істің басы-қасында, халықтың ортасында волонтерлер еңбек етуде. 2020 жылы еліміз бойынша 224 волонтерлік ұйым болса, қазіргі уақытта 810 волонтерлік ұйымда 300 мыңнан астам ерікті қызметін жалғастырып келеді. Ұлттық волонтерлер желісі 12 бағытта, мысалы экология, білім, медицина, әлеуметтік салалар бойынша еліміздің дамуына елеулі үлес қосуда. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Алдағы уақытта да волонтерлікті дамыту мақсатында белсенді жұмыстар атқаратын боламыз, – деді Айбек Досымбетов.
Өз сөзінде Айбек Аяпбергенұлы волонтерліктің бағыттарына кеңінен тоқталды.
– Әр өңірдің географиялық орналасуына, табиғи ерекшеліктеріне және сол аймақтағы шешілмеген әлеуметтік мәселелеріне байланысты волонтерлік қызметтің бағыттары да әртүрлі болып келеді. Мысалы, Түркістан облысында «Асыл мұра» бағыты, яғни мәдени мұраларды сақтау, тарихи ескерткіштерді қорғау бағытындағы волонтерлік жұмыстар жақсы дамыған. Ал солтүстік өңірлерде бұл бағыт онша қарқынды дамымаған, өйткені ол жақта мұндай нысандар аз немесе басымдық басқа салаларға беріледі. Экологиялық бағытқа келетін болсақ, батыс пен оңтүстік өңірлерде ағаш отырғызу, көгалдандыру сияқты жұмыстар белсенді жүргізіледі. Ал Көкшетау, Өскемен, Қарағанды сияқты аймақтарда бұл жұмыстардың сипаты өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан барлық өңірді бірдей салыстыру дұрыс емес, өйткені әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар. Волонтерлік қызмет – ең алдымен, ақысыз, өз еркімен қоғам игілігі үшін жасалатын жұмыс. Дегенмен жобаларды жүзеге асыру үшін жол шығындары, ұйымдастыру жұмыстары сияқты қажеттіліктерге мемлекеттік гранттар қарастырылған. Волонтерлік ұйымдар осы гранттарға қатысып, өз жобаларын жүзеге асырады, ал еріктілерге жалақы төленбейді. Ең бастысы – мотивация. Әрбір волонтер белгілі бір бағытты өзінің қызығушылығына қарай таңдайды. Сонымен қатар «Жыл волонтері» марапаттары, шағын гранттар, республикалық және халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары да ынталандыру ретінде қарастырылған. Қоғамда волонтерлік тек жастарға тән деген түсінік қате. Бұл қозғалысқа ересек адамдар да белсенді қатысады. Мысалы, олар қарттар үйлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтарда, медициналық мекемелерде қызмет етеді. Сондай-ақ іздестіру-құтқару бағытындағы волонтерлар полициямен бірлесіп жоғалған адамдарды іздеуге көмектеседі. Соңғы жылдары еріктілер саны 50 мыңнан 300 мыңнан астам адамға дейін өсті. Алдағы уақытта волонтерлік қызметті дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі тұжырымдама қабылданбақ, – деді Айбек Досымбетов.
Волонтерлік – жүректен шыққан игі іс, қоғамға пайдасы зор, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын, жастар мен ересектерді біріктіретін іс-шаралардың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан да ортақ мүдде төңірегіне топтасқысы келетін жандардың қатары толыға беретіндігіне сенеміз.
Айжан ӨЗБЕКОВА




