Кеудесін күй кернеген бала Қайсар естіген әуендерін қос ішекке сыйдырып, жалғыз қалған сайын ыңылдап отыратынды шығарады. Кіп-кішкентай саусақтары пернеге тигеннен-ақ құлағына самал желдің уілі естіліп, артынша судың сылдырына, одан құстардың дауысына ұласып, күміс көмейі күмбірлеп қоя беретін күйге жетеді. Табиғаттың әр үніне осылай құлақ тосып жүріп, түрлі дыбыстардан әуен естіп өседі. Сол сәттен домбырасына қосылып, тамылжыта ән салуды армандай бастайды. Сөйтіп, ойлы баланың есіл-дерті әсіресе термеге ауып, теледидардан естіген әндерінің сөзін жазып алып, домбыраға қосылып айтуға ұмтылады.
Тау шыңынан төменге талып жеткен Қайсар салған ән тау-тасты аралап, жаңғырып жататын. Әкесі Қансейіттен тараған 11 баланың бірі қойшы болғандықтан Қайсар қозы бағып жүріп те домбырасын қолынан тастаған емес. Оның алғашқы тыңдармандары да сол қошақандар болатын.
Есейе келе домбыраның құлағында ойнайтын халге жетті. Кейін ауылдағы әрбір мерекелік кештерде ән салып, көрермендерінің көзайымына айнала бастады.
– Домбыраны алғаш рет бес жасымда қолыма алғанда саусақтарым пернеге әрең жететін. Күн сайын мектептен келген соң домбырамды құшақтап отыратынмын. Бірте бірте саусақтарым икемге келіп, дыбысы тазара бастады. Алғаш рет көпшілік алдында өнер көрсетіп, сахнаға шыққанда жүрегімнің дүрсілін естігендей қатты толқыдым. Бірақ домбыра мені тыныштандыратынын, рақат күйге бөлейтінін түсіндім. Қазақ ұлтының бар асыл қасиетін дәріптеген терменің әр сөзі мен үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Сол арқылы сөздің мәнін түсінуді үйрендім. Сондықтан ән айтар алдында тереңнен толғанып, әр сөзін жүрегіммен жеткізуге тырысамын. Уақыт өте келе байқауларға қатысып, тәжірибе жинадым. Әр жеңіс жігерлендірсе, әр жеңіліс шыңдады. Бүгінде домбыра жан досыма айналды десем болады. Қиын кезде де, қуанышты сәтте де домбыраның шанағына жүгінемін. Терме айту арқылы халқымның тарихын сезінемін, әрі ол мені тәртіпке, еңбекке және сабырға үйретті. Домбыра – айнымас серігім, мәңгі досым десем, еш қателеспеймін, – дейді Қайсар Қансейітұлы.
2007 жылдың тамылжыған тамыз айында термеші жігіт өз ауылындағы Әлібаевтар әулетінің Ғалия есімді қызымен сөз байласады. 2009 жылы қос ғашық отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Жас келін таң сәріден тұрып, ата-енесіне сәлем жасап, кішіпейіл мінезімен үйдің жылуын кіргізетін. Сиыр сауып, сүт пісіріп, май шайқап, құрт жасайды. Ғалия келін үлкендерге сәлемін үзбей, құрмет көрсетіп, олардың жағдайын жасап, парызын адал атқарды. Үйдің берекесі әйелге байланысты болғандықтан үнемі жадырап жүруді әдетке айналдырған.
Күнұзақ үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген келіншегіне арнап Қайсар әуелете ән салып, үй ішінің көңілін көтеріп жүретін. Оның әсем дауысы мектеп пен үйінің ортасында тынымсыз еңбек етіп жүрген педагог Ғалияға дем беріп, қолдауы үлкен күш сыйлады. Екеуі бір-біріне сүйеніп, барлық сынақтан бірге өтті.
Уақыт өткен сайын олардың отбасы нығайып, берекесі артты. Бүгінде үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған өнегелі ата-ана балаларына тәрбие мен мейірімді қатар беріп келеді.
Бұл жұптың көпке үлгі боларлықтай отбасы екенін байқаған ауылдастары 2014 жылы Талас аудандық «Өнерлі отбасы» байқауына қатысуларын өтінеді. Байқау барысында ерлі-зайыптылар қосылып ән салып, сын тезінің барлық кезеңінен мүдірмей өтеді. Сөйтіп, ауылдастарының үмітін ақтаған өнерлі жұп жарыстан бас жүлдені жеңіп алады.
Сол күннен бастап үйдегі ақ дастарқан басында ғана ән салып жүрген екеуі енді сахнада жұп болып өнер көрсете бастайды. Бүгінде Қайсар ауылдық клубтың меңгерушісі болса, жұбайы Ғалия ауылдағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі әрі ауылдық клубтың әдіскері қызметін атқарады.
– «Қосағыңмен қоса ағар» деген сөзді бала кезімізден естіп өстік. Жақсы көрген адамыңа тұрмысқа шығып, сол үйдің түтінін түтетіп отыру, әрі бір бағытта ойланып, бір бағытта еңбек етуді бақыттың шыңы деп ойлаймын. Қосағымен қоса ағарып отырған бақытты жұптардың ішінен біз өзімізді көреміз. Соған қуанамын. Мәдениет саласында жүрген соң балаларды өнерге баулимыз. Бір оқушыны «Қыз сынына» дайындасақ, енді бірін мүшәйраға қатыстырамыз. Бір баланың ән айтуына ықпал етеміз. Бір жақсысы, біз үміт етіп сайысқа қатысқан балалардың барлығы құр қол қайтқан емес. Дайындаған шәкірттеріміздің 80 пайызы бас жүлдемен оралып, үмітімізді ақтап келеді, – дейді Ғалия Бахытбайқызы.
Қарт Қаратаудың бөктерінен басталған қоңыр әуен бүгін тұтас бір әулеттің өмірлік үнімен жалғасты. Қайсардың бала күнгі домбыраға деген ынтасы уақыт өте келе тағдыр жолына айналып, оны биік белестерге жетеледі. Табиғатпен тілдескен баланың жүрегінде туған әуендер енді халыққа қызмет етіп келеді.
Ауыл мәдениетіне жан бітіріп жүрген Қайсар мен Ғалияның еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ жүрекке жететін асыл мұра. Балалары да ата-анасының ізін жалғап, өнер мен тәрбиені қатар бойына сіңіріп өсіп келеді. Осындай отбасылар барда қазақтың қоңыр үні ешқашан өшпейді. Бұл жұптың өмірі – шынайы еңбек пен адал махаббаттың, өнерге деген шексіз құрметінің жарқын көрінісі.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



